Бүгінде кез келген сала біліктілікпен қатар икемділікті де талап етеді. Бұл – білім көшін алға сүйрейтін мамандарға да қатысты. Мұғалім де, мектеп директоры да оқушыға жақын, жаңашыл әрі қоғаммен үндес тұлға болуға тиіс.
№58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұртаза – дәл осындай жаңашыл басшылардың бірі. Ол – оқушымен трендтегі видеолар түсіретін, Instagram желісінде белсенді блог жүргізетін, білім мен тәрбиені ұлттық құндылықтармен ұштастыра білген заманауи көшбасшы.
Ақмоншақ Нұртаза «оқушылармен бір толқында болу – заман талабы» дейді.
– Себебі қазіргі ұрпақ басқаша. Олар еркін, ашық ойлы, эмоциясын жасырып қалмайтын тұлға ретінде қалыптасып келеді. Мұндай ортада бұрынғы «ескі әдістер» жүрмейді. Жаңа көзқарас пен жаңа тіл қажет. Менің қорқынышым – балалармен сөйлескенде көздерінен от көрмеу, – дейді ол.
Директордың бұл деңгейге бір күнде жетпегені анық. 2016 жылы Финляндиядағы тағылымдамасы оның ой-өрісін түбегейлі өзгерткен. Сол жақтағы еркін әрі нәтижелі білім беру жүйесі оған тың серпін берген. Фин елі баланы емтихан үшін емес, өмір сүру үшін тәрбиелейді. Онда стресс жоқ, сенім мен еркіндік бар. Соған қарамастан – білім сапасы әлемде көш бастап тұр. Нұртаза ханым да осы бағытты негізге алып, «еркіндік пен сенім арқылы үлкен нәтижеге жетуге болады» деген ұстанымды таңдаған.

Әрине, заманауи басшы болу оңай емес. Ол блог жүргізе бастағанда, қоғамның пікірі екіұдай болды. Бірі қолдады, екіншісі түсіне алмады. Бірақ Ақмоншақ Нұртаза әр елдің жақсы үлгісін алып, ұлттық болмыспен ұштастыруды мақсат етіп отыр.
Мектеп директоры лауазымына келгеніне 2 жыл енді толады. Ал ескі қағидаға үйренген ұжым бұл тәсілді қалай қабылдады?
Бұл оқырманды да қызықтыратын негізгі сауал. Әрине, әлеуметтік желіде «Осылай еркіндік бере берсең, тәртіп болмайды ғой», «Ұжым бытырап кетпей ме?» деген сұрақ көп болды. Еркіндік бар жерде тәртіп болмайды деген заң жоқ қой. Мен де талапшыл басшының бірімін. Егер сенім арта отырып, талап қойсаңыз кез келген маман жұмысын қорқынышпен емес, рақаттанып істейді. Бастысы – баланс. Сенім мен талаптың арасы дұрыс сақталу керек, деп жауап берді ол.
Сұхбаттарының бірінде директор миссиясы туралы айтқан еді.
– Менің миссиям – оқушылардың потенциалын байқап, өмірге деген көзқарасын өзгерту. Үлгерімі нашар, сабаққа қызығушылығы жоқ оқушыларға ерекше көңіл бөлемін. Сабаққа қызықпаған баланың, өнерге әлде басқа салаға икемі болу мүмкін, – дейді елордалық маман.
Бүгінгінің баласын ерекше дейміз. Оларды түсіну үшін жоғары буынның ерекше болғаны да дұрыс бәлкім.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!