Әсел БЕКЗАТХАНҚЫЗЫ, «Балбұлақ» халықтық үлгілі би ансамблінің жетекшісі:

4 минут… Сахнадағы осындай қас-қағым сәтте олар бидің биік өнер екенін түсіндіріп үлгереді. Өздері сондай әдемі, талғамы биік, қимылдары көңіл пернесін дөп басады. Саусақтарына дейін сөйлеп тұрған олардың би ырғағына әлемдегі білікті хореографтар да  жоғары баға беріп келеді. Бұл – биші бүлдіршіндердің сахнадағы еңбегі.

Алайда сахна сыртындағы дайындық пен үздіксіз жаттығуға  екінің бірі тәуекел етпейді. Осы аптада “Балбұлақ” халықтық үлгілі би ансамблінің жетекшісі, Хореографтар одағының мүшесі Әсел Бекзатханқызымен әңгімелесу барысында үздік нәтиженің үлкен еңбектің арқасында келетінін тағы бір мәрте түсіндік. 

‒ Биыл «Балбұлақ» халықтық үлгілі ансамблінің құрылғанына ‒ 23 жыл. Осы орайда әңгімемізді ансамбльдің ең алғаш негізі қаланған уақыттан бастасақ…

‒ Алғашында бұл орталық музыкалық мектеп ретінде ашылған, арада біраз уақыт өткен соң Өнер мектебі болып ауысты. Себебі мұнда ән салу бөлімімен қатар ұлттық аспаптар, күйсандық, гитара, скрипка, сонымен қатар сурет бөлімі де жұмыс істейтін. Ал хореографиялық бөлім мектеп базасында 1998 жылы құрылып, «Балбұлақ» би ансамблінің негізін қалауға ықпал етті. Ансамбльдегі жалпы жүйенің қалыптасуына облысқа танымал ұстазымыз, белгілі хореограф Ақмарал Қойшығұлованың сіңірген еңбегі көп. Бұл кісі халықтық-сахналық биден сабақ беріп, мектеп қабырғасында жиырма жылға жуық уақыт қызмет етті. Ол кезде хореографиялық бөлімге келген оқушының бәрі ансамбльге мүше бола алмайтын, тек үздік, бойлары бірдей, келбетті оқушылар ғана қабылданатын. Сол үшін балалардың барлығы жақсы нәтиже көрсетуге талпынды, себебі тек ансамбль мүшесі ғана конкусқа қатысады деген талап болды. Бастапқыда хореографиялық бөлімге оқушылар 8-9 жастан бастап қабылданды. Бірақ қазір бұл жүйеге біршама өзгеріс енгізілді. Бүгінде би бөліміне балалар 6-7 жастан бастап қабылданады және бірден ансамбль мүшесі саналады. Бала хореографиялық бөлімде төрт жыл білім алғаннан кейін сахнаға шығып өзін биші, артист ретінде сезіну керек. Олар бізге осындай үмітпен келеді. Сондықтан оқушылардың бәрі ансамбль құрамында өнер көрсетеді деп шешім қабылдадық.

Бізде де орта мектептегідей төрт жылдық оқу бағдарламасы  қабылданған. Әдетте бір сабақ 40 минутқа созылады, бала аптасына үш рет  классикалық би, қазақ биі, халық биі, заманауи би пәндері бойынша  төрт сабаққа қатысады. Ал аптаның сенбі күні ансамбльдегі би қойылымына дайындық жүргізіледі, себебі сабақ үстінде ансамбльдің жұмысын орындауға рұқсат берілмеген. Ол концерттік әрі конкурстық бағдарлама болған соң оқушылар ансамбль биін бөлек жаттайды. Оқушылар тоқсан сайын бағаланып, әр жарты жылдық біткен соң есеп беру концертіне қатысады. Балалар мектепке келген сәттен бастап заңды түрде тіркеледі, сондықтан бәріне бірдей сабаққа қатысу міндеттеледі. Мектептің би үйірмесінен басты айырмашылығы да осы. Тағы бір айта кететін маңызды жайт, келер жылдан бастап оқушылар хореографиялық бөлімде бес жыл оқиды. Себебі хореографияда білім алушы 7-9 жыл сабақ алу керек. Алайда біз кәсіби хореографиялық мектеп болмаған соң, баланы ұзақ уақыт ұстай алмаймыз.

‒ Мектепте хореографиялық білім алу ақылы екенінен хабардармыз. Солай бола тұра оқушыларды орталыққа қабылдамас бұрын алдын ала іріктеу бола ма?

‒ Иә, хореографиялық бөлімге түсу үшін алдымен шығармашылық емтихан тапсыру қажет. Тамыз айында балаларды қабылдамас бұрын екі апта классикалық және заманауи би пәні бойынша ақылы кеңес беріледі. Классикалық би баланың иілгіштігін, ептілігін анықтауға, ашық позицияны дұрыс ұстауға көмектеседі. Алғашында баланың биге икемін арнайы әдістер арқылы анықтаймыз, бірақ ол жеткіліксіз. Себебі оқушының музыканы тыңдап, оған ілесе алуы, келбеті, бойы, қимылды жаттап үлгеруі де өте маңызды. Осы екі аптаның ішінде балалар биді шынымен ұнататынын немесе қалмайтынын анықтай алады. Сонымен қоса биылдан бастап оқушыдан 086 медициналық анықтамасы талап етіледі. Өйткені биге қатысушы баланың дені сау болуы керек. Бізде жүктеме өте көп, сондықтан ата-анаға алдын ала ескерту жасаймыз. Балалар жаттығу жасап, секірген кезде басы айналып, тез шаршап қалады, кейде тіпті  денсаулығына байланысты  оқудан шығып жатады. Оқуға алғаш қабылданған бірінші жартыжылдықта бала үнемі шаршап жүреді, себебі төрт сабақты бірден үйрену олар үшін қиын. Сол үшін бірінші сыныпта оқушылар ешқандай концертке қатыспайды, сахнаға да шықпайды, олар бір жыл бойы би сабағына бейімделеді. Сондықтан біздің бөлімде оқып жатқан баланың басқа үйірмеге қатысуына рұқсат бермейміз. Тек өзінің мектептегі негізі сабағы ғана бірінші орында жүреді.

Қазір  мектепте 97 оқушы бар. Сабақ құны – айына 7500 теңге. Бір аптаның ішінде бірінші сынып 9 сағат, екінші сынып 10 сағат, үшінші-төртінші сынып 11 сағат жүктемемен оқиды. Осылайша оқушылар төрт аптаның ішінде 44 сағат биден сабақ алады. Меніңше, бұл – балалар үшін үлкен мүмкіндік. Қарап отырсаңыз, қалада 44 сағат биден сабақ үйрететін ешқандай үйірме де, мектеп те жоқ.

‒ Ансамбль бишіліері үздік нәтиже көрсеткені үшін «халықтық үлгілі» атағы берілген екен. Бұл жетістіктің жауапкершілігі де жоғары болар?!

‒ Дұрыс айтасыз. 2012 жылы мектепке арнайы мемлекеттік комиссия келіп, би ансамбльдерінің концертіне бағалау жүргізді. Сол сәтте «Балбұлақ» ансамблінің би қойылымдары көптің көңілінен шығып, халықтық үлгілі атағы берілді. Содан бері әр бес жыл сайын осы атақты қорғап келеміз. Осы деңгейге сай болу үшін жыл бойы бірнеше халықаралық, республикалық жарыстарға қатысуға міндеттіміз.

Әрі «Балбұлақтың» халықтық үлгілі деген атағы болғаннан кейін бізге сұраныс көп. Қаладағы барлық мәдени іс-шараларға арнайы шақыратын болған соң, біз қашанда жаңа  қойылымға дайындалып жүреміз.

‒ Ал өзіңіз бұл салаға, Өнер мектебіне қалай келдіңіз?

‒ Менің де бала күннен биге икемім болды, бірақ мектеп бітірер тұста айналамдағы адамдардың пікірімен өнерге қатысы жоқ басқа мамандыққа ақылы түрде оқуға түстім. Алайда бұл таңдауыма ата-анамның еш қатысы болған емес. Кейіннен бұл мамандықта оқуымды жалғастырғым келмеген соң, қайтадан хореографияда кәсіби білім аламын деп шештім. Бір жылға жуық уақыт дайындалып, шығармашылық емтихан тапсырдым. Осылайша Қорқыт ата атындағы университетке оқуға түсіп, хореография факультетін үздік бітіріп шыққан соң  «Алекс» жеке би мектебіне жұмысқа орналастым. Алайда отбасылы болған соң бала күтіміне орай қайта демалысқа шықтым. 2008 жылы күтпеген жерден Ақмарал Мұсағалиқызы хабарласып, Өнер мектебіне хореограф болуға шақырды. Шынымды айтсам, оған дейін бұл орталық жайлы мүлде білмейтін едім. Мектепке келген соң ол кісі мені өнерге қайта баулыды, баламен қалай жұмыс істеу керегін үйретті. 2017 жылы Ақмарал Қойшығұлова Асқар Тоқтамағамбетов атындағы мәдениет үйінен жеке би студиясын ашты да, хореографиялық бөлімнің жауапкершілігін бізге тапсырды. Алғаш ол кісі мектептен кетемін деген сәтте «бөлімді қалай ұстап қаламыз?» деген қорқыныш болғаны да рас. Бірақ уақыт өте келе жүйелі жұмысқа біз де бой үйрете бастадық. 

‒ Би ‒ өнердің ең әдемі түрі. Оны қою үшін, сахнаға шығару үшін қанша уақыт қажет? Бидің музыкасы, қимылы, ырғағы қалай таңдалады? Сахналық киімдерді кім дайындайды?

‒ Бір биге балалар әбден үйреніп, сахнаға сенімді шығу үшін кемінде 5-6 ай қажет. Осы сәтте ойыма мына бір оқиға түсіп отыр… (күліп) Қойылымға жетекшілік етуден қатты қорқатын бастапқы кезеңде Президент шыршасына екінші сынып оқушыларын дайындау керек болды. Сол жылы мешін жылы кіретін болған соң, балаларға маймылдардың қойылымын ұйымдастыру керек деген тапсырма берілді. Екінші сынып оқушылары сахнаға әлі шығып көрмеген соң, үшінші не төртінші сыныпты алғым-ақ келіп тұрды. Бірақ олар басқа мұғалімнің жауапкершілігіне берілген. Екінші сыныптың құрамында төрт ер бала бар, әрі қыздардың бойлары да біркелкі емес. Оған қоса бидің музыкасын табу да оңайға соқпады. Маймылдың дыбысын дәл сол күйі  беру қаншалықты қиын екенін өзіңіз де түсінесіз ғой… Себебі бимен қатар, музыка да баланың көңілінен шығу керек, болмаса олар көңілсіз әсерін сахнаға алып шығады. Балаларға «сен дәл қазір адам емессің, сен маймылсың» деп сан қайтара түсіндіріп, сол бейнені қайталаудың өзі біраз уақытқа созылды.  Әдетте жаттығу кезінде балаға омыртқа түзу болу керек деп талап қоямыз ғой, ал бұл қойылымда «жануар ешқашан арқасын тік ұстамайды» деп ескертумен болдық. Нәтижесінде қойылым біз ойлағаннан да жақсы шықты. 28 баламен жұмыс істеген сәттен сол қойылымнан бастап топпен би қоюды үйрендім. Қазір бір қойылымда 40-50 оқушы билейді. Бір өкініштісі, бізде ұл бала өте аз.

Сахналық киімнің де үлгісін өзіміз сызамыз. Түстер үйлесімді болу үшін суретшілермен ақылдасамыз, өзге ансамбльдердің костюмдерімен салыстырамыз. Себебі конкурста ансамбльдердің киімі бірдей болмау керек.

‒ Ансамбльдің халықаралық байқауларда бірнеше мәрте топ жарғанын байқадық. Сіздердің би топтарынан басып озған басты  ерекшеліктеріңіз неде?

‒ Меніңше, би қойылымдарының сапасында  болар. Өйткені біз әр қойылымға қатаң көзқараспен қараймыз. Мысалы, қойылымның 95 пайыз сәтті шығуы музыкалық материалға байланысты, ал қалған бөлігін би қимылдарымен толықтыруға болады. Сондықтан бидің тақырыбы анықталған соң, соған сай музыканы ұзақ іздеймін, бірнеше әуенді тыңдай отырып, жаңа бір дүние құрастыруға тырысамын. Мұның өзі тәжірибемен келетін жағдай. Бұрын бір қойылымға бір ғана музыканы таңдасам, қазір бірнеше музыканың жиынтығын ұсынуды әдетке айналдырдым. Содан кейін ғана күндіз-түні ойланып, би қимылдарын шығара бастаймын. Оны балаларға жаймендеп үйретіп, жаттатқызудың өзі машақатты жұмыс. Алдымен топты екіге бөліп дайындық жүргіземіз, бірі жаттығу жасағанда келесі топ биді жаттап, іштей қайталап тұрады. Осылайша баланы бос отырғызбай, дамылсыз дайындық жүргізуді де Ақмарал апайдан үйрендім. “Кім алда тұру керек, кім сахнаның қай бағытынан шығады, кім биді тез жаттайды?” Осының  бәрін ескеріп, бишілердің бірдей билеуін ұйымдастырудың өзі оңай дүние емес. Осындай үздіксіз еңбектің арқасында ғана біз биіктерден көрінеміз деп ойлаймын.

Қойылымнан бұрын бидің алдын ала сызбасы жасала ма?

‒ Жоқ, барлық қимылды ойда сақтауға тырысамыз. Кейін қойылым толық дайын болған соң ғана бейнежазбаға түсіреміз. Соны қайталап көрген бала қателігін түсініп, би ырғағымен қайта жұмыс істейді. 

‒ Аймағымызда бишілер үшін барлық жағдай қарастырылған ба? Жалпы ансамбльдер арасындағы би бәсекесі жайында не айтар едіңіз?

‒ Өнер мектебіндегі би бөлімінің қазіргі жағдайы жақсы, себебі дайындыққа қажетті құрылғылар толығымен қамтылған. Ал аудандардағы би мектептері жайлы ешнәрсе айта алмаймын. Би бәсекесіне келсек, қазір бізбен бірге Арал аудандық «Ақтолқын» би ансамблі бір деңгейде келе жатыр. Оларға әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау көп. Ансамбль жетекшісі Жансаяның тиянақты әрі жан-жақты жұмысына сүйсінуге болады.

Бір назар аударатын жайт, біздің бишілер үшін қаржылай қолдау жоқтың қасы. Біз қандай конкурсқа қатыссақ та, шығынның бәрін ата-ана көтереді. Себебі олар үнемі баланың жетістігін бірінші орынға қояды. Бір республикалық жарысқа қатысып, бақ сынау үшін қаншама баланы алып жүруге тура келеді. Өйткені топ болып жұмыс істемейінше, үздік нәтиже көрсету мүмкін емес. Мысалы, 2018 жылы «Бозторғай» халықаралық байқауына жолдама алып тұрған сәтте бес бала отбасында қаржылық жағдайы болмаған соң конкурсқа бара алмай қалды. Балалардың еңбегі зая кетпесін деп, қаладағы барлық мекемеге қаржылық көмек сұрап хат жаздық. Бірақ бірде-бірі жауап берген жоқ.

‒ Ал осы уақытқа дейін халықаралық жарыстарға шығып көрдіңіздер ме?

‒ Ақмарал Мұсағалиқызы жетекшілік еткен тұста «Балабұлақтың» бишілері басқа елдерге бірнеше рет барып қайтты. 2013 жылы Ново-Сібірде өткен Дельфий ойындарына, оған дейін Түркия елінде ұйымдастырылған фольклорлық фестивальге қатысты. Ал бізге осы жылы республикалық байқаудан Өзбекстанда өтетін халықаралық конкурсқа жолдама берілген еді. Алайда көктем айларында карантиндік талаптар күшейтілген соң, ол жаққа жолымыз түспеді. Халықаралық жарыстарға менің де, балалардың да барғысы  келеді, бірақ қаржылық қолдау болмаған соң көп жағдайда онлайн жарыстарға қатысудамыз.  

Жақында Білім және ғылым министрі Асқар Аймағамбетов ақылы конкурстардың дипломдары біліктілік үшін дайындалатын мұғалім портфолиосында есептелмейтінін айтты. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлықтың алдын алады десек те, қазір тегін би конкурстарының  жоқ екенін де ескерген дұрыс. Өйткені байқауды ұйымдастырушы үшін де қаржылай қолдау қажет. Мейлі біз ақылы конурстарға қатыспаймыз дегеннің өзінде,  бала сахнаға шығып үйрену керек. Байқауда бәсекеге түсіп, тәжірибе алмасқан кезде ғана биші кәсіби өседі. Сондықтан біз әзірге онлайн конкурстарға ақылы түрде қатысуға мәжбүрміз.

‒ Эпидемиологиялық ахуал күрделенген сәтте ансамбль жұмысын қалай жалғастырды?

‒ Короновирустың алғашқы толқынында бізде үлкен қорқыныш болды. «Хореографиялық сабақты қалай онлайн ұйымдастыруға болады?» деп ұзақ ойландық. Оның үстіне оқушылардың мектептегі сабағы да бар, ата-аналары түскі 17.00-ге дейін балалардың “Балапан” арнасындағы сабақты қарайтынын айтты. Уақыт өте келе осы жағдайдың бәрін ескеріп, Do бағдарламасымен жұмыс істедік. Бұл платформаға 8-11 қатысушыдан қосылып отырды. Біз оқушылардың әрбір қимылын осы жерден қадағалап, тапсырма бердік. Оған қоса карантин кезінде онлайн концертттер мен конкурстарға, шеберлік сағаттары мен семинарларға да қатыстық. Тіпті ансамбльдің би қойылымдарын да онлайн өткіздік. Нәтижесінде карантин талаптары жеңілдеп, бишілер қайта бас қосқанда бәрі өз қалпында болды. Тіпті олардың билерін бейнежазбаға  түсіріп, Украинада, Болгарияда, Израильда, Қырымда өткен онлайн конкурстарға да жібердік. Израиль мен Қырымда ұйымдастырылған онлайн байқауда ансамбль гран-приді жеңіп алды, ал Украина мен Болгариядағы жарыста І орынды иемденді. Алматыда өткен «Жеті өнер» халықаралық онлайн конкурсында да екі гран-приді қанжығамызға байладық. Одан кейін Нұр-сұлтан қаласында өткен «Жұлдызды би»  халықаралық конкурсында «Ұлы дала рухы» биі бойынша І орын, «Қуат ырғағы» биімен ІІ орынды жеңіп алдық.

«Ұлы дала рухы» биі сондай бір жақсы қойылым болып шықты. Оған дейін де, кейін де менің репертуарымда мұндай сәтті қойылым болмаған. Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына орай шығарылған бұл қойылымға елу биші қатысып, аймақтың тарихы мен жетістіктерін көрсетеді.

Әзірге біз карантин салдарынан ерекше туынды жасай алмай жатырмыз. Қазіргі таңда оқушыларға тек жартылай онлайн, оффлайн форматта білім берудеміз.

‒ Университет қабырғасындағы студенттердің биге қызығушылығы қандай?

‒ Қорқыт ата атындағы университетте биылдан бастап сабақ берудемін. Әзірге білім алушылардың бұл салаға қызығушылығы жоғары деп айта алмаймын. Мүмкін бұл жағдайға аймақтағы қазақы менталитет әсер ететін болар. Мысалға алып қарасақ, солтүстік, батыс аймақтарда биге ешқандай шектеу жоқ. Ал бізде «биші болып секіріп, қалай жұмыс істейсің?» деп үлкендер бұл мамандықты жаратпай жатады. Ұлдардың билегенін тіпті қаламайды. Ел арасында бидің, өнердің деңгейі енді ғана көтеріліп келе жатыр ғой, сондықтан бүгінгі буын болашақта жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын.

‒ Қазір би ансамблінің репертуарында қанша қойылым бар?

‒ Бізде әртүрлі тақырыпта қойылған би түрлері өте көп. Әзірге ансамбль қорында халықтық-сахналық би болмай тұр. Бірақ ол да  жуық арада жарыққа шығуы мүмкін.        

Мұғалім болған соң балаға педагогикалық, психологиялық тәрбие беру негізгі парызым деп есептеймін. Орта мектеп мұғалімдерімен бірге балаға сапалы тәрбие берсек, жақсы тұлға болып қалыптасары анық. Кейде оқушылардың «Әсел Бекзатханқызы, менің сіз сияқты ұстаз болғым келеді» деген жылы сөзін естігенде еңбектің нәтижесіз болмайтынын түсінемін .

Бүгінде хореографиялық бөлімнен басқа Alem Dance атты жеке студиямда сабақ беремін. Өнер мектебінде бес жылдық бағдарламаны бітірген оқушылар  биді әрі қарай осында жалғастыра алады.

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!