Аида ТАСЫМБЕТОВА,
облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы жанындағы балалар балет студиясының жетекшісі:
Дарындылардың барлығы балалық шақта өз жолын адаспай таңдаған. Олар кездейсоқтыққа сенбейді. Жүре келе адал еңбек, маңдай тердің арқасында шыңдалып, қалаған биігіне самғайды. Бойынан нәзіктікпен қатар қайсар рух есетін жерлесіміз Аида Тасымбетова солардың қатарында. Көл бетінде жүзген аққудай аяқтың ұшымен ғана билеп, елді тамсандырған балетмейстер Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын тәмамдаған. Туған жерге оралып, балалардың өнердің осы түріне терең бойлауына жол ашуда. Жақында жас талантпен тілдесіп, балет бишілерінің өнер көрсету үшін неден бас тартып, қандай жанкештілікке баратыны жайлы білген едік.
– Аида, алдымен сауалымызды мынадан бастасақ. Өнердің бұл түрімен айналысуыңызға ата-анаңыз ықыласты болды ма әлде болмысыңызда балетке деген ерекше бейім бар ма еді?
– Баламын, кез келген жаңа дүние, беймәлім өнер тамсандыратын. Теледидардан сұлулығы келіскен, құс қанатындай қолы қалықтаған балериналарды көріп, балетке деген ынтам күшейді. Алайда, біздің өңірде ол кездері балет студиясы болмады. Тек Оқушылар сарайына барып, би үйірмесінде шыңдалатынбыз. Мұнан соң Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне оқуға түсіп, хореография саласын таңдадым. Мұнда арманымдағы балетпен айналысуыма, классикалық биге деген құштарлығымның оянуына ұстазым, Сыр елінің өнер майталманы, балетмейстер Болат Қаржаубаев түрткі болды. Талантты биші өзі өмірден ерте кетсе де, өнері еш уақыт санамыздан өшкен жоқ. Тәжірибелі маман бар білгенін бойымызға сіңірді. Соның нәтижесінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында режиссер-хореограф мамандығы бойынша білім алдым. Айтпағым, балетке деген сүйіспеншілігім еш кеміген емес. Жақындарым жаныма жақын өнерді қолдады. «Таста» деп, шорт кескен кезі болған жоқ.
– Қатаң тәртіп, жоғары талап пен зор жауапкершілік. Балерина осы үдеден шығуы тиіс. Сіздің күн тәртібіңіз қандай болды?
– Балерина болуды әрбір қыз баласы армандайды. Бірақ, оның өз қиындығы бар. Бұл – екінің біріне бұйырмайтын бақ. Оған қол жеткізу үшін белгіленген шектеуге көніп, талаптан аттамауың қажет. Спорттағы секілді жаттығудан қол үзуге болмайды. Өзіме келер болсам, балет мені еңбекқорлыққа үйретті. Көп жаттықтым, 2 сағат үзбей дайындалған сәттер болды. Академияда жүргенде кейде ұстаздарымыз жаттығуларды қайталауды сұрағанда күшім сарқылып, шама жетпейтіндей көрінетін. Алайда, осы қатал талап кәсіби қалыптасуыма ықпалын тигізді.
– Сырт келбет қаншалықты маңызды? Артық салмаққа, дене бітімге байланысты шектеу бар ма және майтабан диагнозы анықталғандарға балетпен айналысуға мүмкіндік қарастырылған ба?
– Балетте икемге, музыканы тыңдай білу қабілетіне, ең бастысы, денсаулыққа мән беріледі. Көру қабілеті, фактура, яғни сырт келбет маңызды. Салмақ роль ойнайды, дегенмен дұрыс тамақтануға көңіл бөлінеді. Жаттыққан сайын жүктеме көп, бұл тұста артық салмақ жайлы ойлап, уайымға салынбауға болады. Жаттықса да салмақтан арылу қиынға соғатындар үшін диетаға отыруға кеңес беріледі. Ағзада дәрумен тез тарайтындықтан, дәрумен ішіп жүру қажет. Ал, майтабан диагнозы тіркелгендерге балетпен айналысу қиын. Аяққа артық күш түседі, мұны ескеру керек. Еңбекқорлық, талпыныс, жігер, жарақаттарға қарамай, өз-өзіңді аямай жұмыс істеу – балеттегі басты талап екенін ұмытпаған жөн.
– Балет аяқ киімі – пуантенің аяққа әсері қандай?
– Балеринаның аяқ киімін көріп, көбісі мұнымен қалай қозғалуға болады деп таңданады. Бірақ, біз оны кимес бұрын аяқты дайындап, бұлшықеттерді босатамыз. Алғаш кигенде қорқыныш билейтіні жасырын емес. Алайда, уақыт өте қалыптасып кетесің. Бірақ, аяққа әсері айтарлықтай. Кейде қажау, қандай да бір ауырсыну болуы мүмкін. Мұндай кезде зақымдалған жерді таңып, әрі қарай жаттығуды жалғастыру біз үшін үйреншікті жайт. Сондықтан көбінде өзімен бірге дәрі-дәрмек қобдишасы жүреді.
– Өзіңіздің жетекшілігіңізбен Сыр өңірінде балалар балет студиясы жұмысын бастады. Естуімізше, балалардың қуанышында шек жоқ. Шынында, бізде баласын балеттен көргісі келетін ата-ана көп пе?
– Жоғарыда айтқанымдай, біздің бала кезімізде Сыр өңірінде балет студиясы жабылып қалды. Ойымыздағы дүниеге қол жеткізе алмадық, арман алыстағандай көрінді. Академияда алған білімнен кейін мен Алматыдағы спорттық гимнастика мектебінде, «Coppelia» балалар балет мектебінде дәріс беріп, қажетті тәжірибе жинақтаған едім. Содан соң карантин уақытында елге оралдым, сол сәтте «Өзім кезінде қол жеткізе алмаған балет студиясын неге туған жерде ашпасқа?» деген ой келді. Бар білгенімді балаларға үйретуім керек деп шештім. Алайда, өз күшіммен жалға ғимарат алып, бастаманы жүзеге асыруға қанша тырысқаныммен, карантиннің кері әсері тиді. Жақында облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы жанынан көптен күткен балалар балет студиясын ашып, жұмысты жандандырудамын. Басты жауапкершілік – ата-анада. Қазір 12 бала балеттің қыр-сырын үйренуде, дарынды оқушылардың болашақта жетістік төрінен табылардай қабілеті қалыптасып келеді. 4 жастан бастап қабылдаймыз, өйткені ерте жастан жан-жақты дамыту балалардың физикалық дамуы мен талантын анықтауға көмектеседі. Мұнда балалар арқасын тік ұстауға қалыптасады, икемі артады, тәртіпке үйренеді. Ой-өрісінің кеңеюіне, балеттің сиқырлы әлемімен, классикалық музыкамен танысуына мүмкіндік мол. Бір сөзбен айтқанда, балет – бекзат өнер, мәдениеттің, эстетикалық тәрбиенің көзі.
– Балет өнерінің негізін қалаушылар ретінде кімдердің есімін атай аласыз? Сондай-ақ, қазір көрермен сұранысы қандай деңгейде? Соның ішінде қазақы ортаның…
– Қазақ балетінің тарихында өшпес ізі бар, ҚР Мемлекеттік академиялық би театрының негізін қалаушы әрі тұрақты жетекшісі, ҚР Халық артисі, әйгілі хореограф Болат Аюхановтың есімін ерекше атар едім. Өткен жылы Джузеппе Вердидің музыкасына орындалған бір актілі балетті Қазақстанның Мемлекеттік академиялық би театрының артистері сахналаған еді. Соған жетекшілік етіп, хореографиясын қойған 83 жастағы Болат Аюханов. Сондықтан да жұртшылық бұл аңыз адамды үлкен өнер иесі ғана емес, танымал тұлға ретінде құрметтейді, әдемі қартаюдың, өз ісіне шын берілген азаматтың үлгісі деп біледі. Бұдан бөлек, олардың қатарында би падишаһы Дәурен Әбіров, ұлттық балет репертуарын байытып, қазақ сахнасын салтанатқа бөлеуге атсалысқан Рамазан Бапов бар. Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында еңбек ететін ұстазым Гүлжан Асанбекқызының да мен үшін орны бөлек.
Көрермен сұранысына қатысты сауалға тоқталсам, батыс елдерінде балетке бару рухани демалысқа баланады. Ал, бізде балет театрына билет алу енді қалыптасып келе жатыр. Нұр-Сұлтан, Алматы секілді үлкен қалаларда балетсүйер қауымның қатары қалың. Бұл – артистердің көрермен мәдениетін қалыптастырып, балетті мойындауына әсер ете білгенінің арқасы. Олардың бас киім шешіп, классикалық өнер ошағына сай киініп, балет солистерін үздіге күтіп отыруы қанаттандырады, шабыт сыйлайды. Әлемдік жауһарларды қазақ баласының билегенін көріп, марқайғанда келген шетелдіктердің де бізге деген құрметі еселене түседі. Балетті түсінудің бір ғана жолы бар. Ол – театр табалдырығын аттап, қойылымдарды көзбен көру.
– Медицина мамандары бұл өнермен шұғылданушылардың 40 жасқа қарай денсаулығында әсері байқалатынын айтады. Сондықтан болар, балет артисінің карьерасы қысқа. Бұл пікірмен қаншалықты келісесіз және сіздің ойыңызша елімізде мәдениетке, балет секілді бекзат өнердің дамуына қолдау жеткілікті ме?
– Карьера қашан бітетіні артистің өзіне қандай күтіммен қарайтынына байланысты. Бұған дейін балет бишілерін зейнет демалысына ерте жіберу туралы мәселені өнер майталманы Болат Аюханов көтерген болатын. Ол «Қырық бес жасымда соңғы рет Гамлетті алқынып, әрең билеп шыққанмын. Ал, 45 жастағы әйел қандай кәсіби биші болсын? Бұл – үлкен сұрақ» деген еді. Соңғы мәліметке сүйенсем, бишілерге 20 жыл еңбек өтілінен соң айлығына белгілі бір процент көлемінде қосылады деген жаңа заң шыққан. Бишілердің шамасы келгенше сахнадан түспеуге, зейнетке басқа ел қатарлы шығуға құқығы бар. Негізі, бишілер физикалық құрылымы жағынан, өмірлік ұстанымы, жеке денсаулығы тұрғысынан әртүрлі. Мәселен, аты әлемге әйгілі Майя Плисецкая 90 жасқа келгенше билеген. Қытайдың атақты бишісі Янь Ли Пин 58 жаста, әлі де сахнада жүр. Табиғат адамзатты әртүрлі етіп жаратқан, дегенмен гимнастика үлкен салмақ түсіретіні белгілі. Сондықтан бұл ойлантатын мәселе болып қала бермек және оның шешім табуы уақыт еншісінде. Ал, жалпы елімізде мәдениетті дамытуға деген қолдау зор. Президенттің жақында жариялаған Жолдауын оқып шықтым, мұнда жас таланттарды қолдау мәселесі қолға алынатыны мені қуантты. Қолға алған үйірмем – балет студиясы да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Балалар үйірмесі» қызметін жандандыру тапсырмасы негізінде сәтті жүзеге асып отыр.
– Бір жылдары «Мисс Қызылорда» сұлулық байқауында топ жарып, республикада аймақ абыройын қорғағаныңызды білдік. Бұл сіздің жан-жақтылығыңызды көрсетеді. Әмбебап Аиданың болашаққа жоспары қандай? Балетті басқа салаға айырбастауыңыз мүмкін бе?
– Кейде менен «Жаттығу залына барып, күнде бір нәрсені қайталай бергеннен жалықпайсың ба?» деп сұрайтындар кездеседі. Шын мәнінде балаға бір нәрсе үйретуім үшін өзім күні-түні жаттығуым қажет. Балет бүгін келіп, ертең кете салатын нәрсе емес, балетке келдің бе, тұтастай өміріңді соған арнау қажет деген ойдамын. Бұған қоса бала кезден бойымда қалыптасқан жан-жақтылықтың арқасында басқа бастамаларымды шет қалдырған емеспін. Бос уақытымда театрда режиссерлік етемін, фитнес орталықта жаттықтырушы қызметін атқарамын. «Жастық шақта жалында!» – менің ұраным осы.
– Сұхбатыңызға рахмет!
«АЖ» ақпарат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!