Бүгінде халықтың басым көпшілігі сауда жасарда банк карталарын қолданады. Тіпті қазір ақшаны қолда ұстайтындар қатары азайды. Осы тұста көпшілік банк карталарының артықшылығын, қандай жағдайда бұғатталатыны жайлы біле бермейді. Осы мақсатта ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қызылорда қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы Ләззат Болатқызымен сұхбаттасқан едік.
– Жалпы төлем карталарын пайдаланудың артықшылығы қандай?
– Қазір еліміздегі банктердің басым бөлігі сауда-саттық жасауға арналған арнайы карталарды жасап шығарды. Бұл карталардың басты артықшылығы, бонустың көп берілуінде. Ал еңбекақы алатын төлем карточкасы ешқандай жеңілдіктер бермейді. Оның кәдімгі төлем карточкасынан еш айырмашылығы жоқ. Сондықтан еңбекақы алатын төлем карточкасын бұғаттау шартта белгіленген бұғаттау талабына сәйкес барлық картаға арналған ортақ негізде жүзеге асырылуы мүмкін.
– Бұғаттау демекші, күнделікті қолданып жүрген карталар қандай жағдайда бұғатталады? Банктердің картаны бұғаттауы қаншалықты заңды?
– Төлем карточкасын бұғаттау дегеніміз – төлем карточкасын қолданумен, оның ішінде тауарлар үшін ақы төлеу мен ақшаны шешіп алу операцияларына толық немесе ішінара тыйым салу. Қазақстан заңнамасының шеңберінде «бұғаттау» ұғымы төлем карточкаларына қатысты ғана қолданылады. Сондай-ақ «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР заңының 27-бабына сәйкес клиенттің банктік шотына шығыс операциясын тоқтата тұруына сондай-ақ банктік шотындағы ақшаға тыйым салынуы мүмкін. Шығыс операциясын жүргізуге шектеу уәкілетті мемлекеттік органдардың салық төлемеген жағдайда, тергеу жұмысы жүргізілген кезде, алаяқтық операцияға күдік болған кезде қолданылады. Яғни уәкілетті мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның клиенттің банктік шоты бойынша шығыс операциясын тоқтата тұру туралы тиісті өкімі немесе тыйым салу актісі болған жағдайда, карточка бұғатталады. Банктік шот бойынша шығыс операциясын тоқтата тұру немесе шоттағы ақшаға тыйым салу заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізіледі.
– Бұғатталған карточканы қалай қалыпқа келтіреміз?
– Егер төлем картаңыз бұғатталса, банктің қолдау қызметіне жүгіну қажет. Клиенттің банктік шотындағы ақшаны жұмсау уәкілетті мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның тиісті актісі негізінде шектелген жағдайда, түсінік алу үшін тиісті уәкілетті мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға жүгінген дұрыс. Төлем карточкасы бұғатталған жағдайда соған байланыстырылған банктік шот бойынша операция эмитент банктің бөлімшесінде касса арқылы жүргізіледі. Бұл ретте жеке басын куәландыратын құжатты көрсету қажет. Егер төлем карточкасын клиенттің өзі бұғаттаған жағдайда ғана оны банктің интернет-ресурсында жеке кабинетте бұғаттан шығаруға болады. Төлем карточкасы бұғатталған не банктік шот бойынша шығыс операциясы тоқтатылған кез келген жағдайда картаның иесі банкке сұрату жібере алады және банк түсініктеме беруге тиіс. Егер банк әрекетінің заңды екеніне күмәндансаңыз, өз құқығыңызды қорғау үшін сот органына да, сол сияқты қаржы реттеушісіне де жүгіне аласыз.
– Түсінікті. Жалпы банктер картаны бұғаттайтынын ескерте ме?
– Әрине, белгілі себептермен төлем карточкасы бұғатталатын болса, банк шартқа сәйкес клиентке тиісті хабарламаны жіберу тәртібі, тәсілі, жағдайы толық жазылуға тиіс. Банк пен клиенттің мұндай қарым-қатынасы шарттық қатынастармен реттеледі.
– Банк қандай да бір транзакцияны бұғаттауға құқылы ма?
– Иә, мүмкін. Мысалы, төлем карточкасы бойынша күмәнді операция жүзеге асырылса, карточкамен санкцияланбаған (алаяқтық) операцияның алдын алу үшін банктер олардың жекелеген түріне жүйелік шектеу қоюуы мүмкін. Оларды белгілеу талабы мен тәртібі төлем карточкасын шығару туралы шартта жазылған. «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңның нормаларында банктер осындай фактілердің алдын алу және жолын кесу мақсатында операцияны күдікті деп таныған кезде оны өткізгенге дейін дереу ҚР Қаржымині ҚМК-ға хабарлауға міндетті екені белгіленген.
– Қолданылмайтын банк карталарының зияны бар ма?
– Халықтың басым көпшілігі жұмыс ауыстырғанда жалақы және кредит картасын ауыстыруды ұмытады. Салдарынан қарыз пайда болып, ол несие тарихына әсер етеді. Қандай жағдай болсын кез келген банк картаға қызмет көрсеткені үшін оның мерзімі аяқталғанға дейін міндетті түрде комиссия алады. Себебі картаңыз клиенттер базасында бар. Төленбай қалған 50 теңгенің өзі несие тарихына әсер ететінін ескеру керек. Төлем картасын пайдаланбау картаға қызмет көрсету туралы шартты автоматты түрде бұзбайды, сондықтан клиенттің банк алдындағы және банктің клиент алдындағы құқығы мен міндеті жойылмайды. Сондықтан банктен картаның жабылғаны және базадан шығарылғаны туралы жазбаша анықтама алу керек.
– Балаларға арналған арнайы карточкалар барын естідік. Бұл қаншалықты рас?
– Елімізде төрт банк арнайы балаларға арналған карталарды ұсынады. Бұл бастама баланы кішкентайынан ақшаны дұрыс жұмсауға үйретіп, күнделікті шығынын мобильді қосымша арқылы бақылап отыруға үйретеді. Балалар үшін ашылған карта танымдық, ойын-сауықтық интерфейспен жасалып, әр төлем үшін арнайы бонустар да беріледі. 5-6 жасқа толған балалар бұл карталарды еркін пайдалана алады. Ең бастысы, балаңызға карта ашпас бұрын, сол банкте өз атыңызда шот болу міндетті. Картаны Altyn Bank, Jysan Bank, Сбербанк Қазақстан және Банк ЦентрКредиттен аша аласыз.
– Әңгімеңізге рахмет
Сұхбаттасқан Айгүл Қаржаубайқызы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!