«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы». Әлемнің екінші ұстазы, ойшыл әл-Фарабидің осы бір сөзі адамзат баласының ұстанымына айналса, әлемде жамандық атаулы болмас па еді?! Кім білсін?! Адамгершілік жайлы Абайдың айтқан даналық сөздері де талайдың санасына сілкініс жасайды. Діни білім тұрғысында да бұл мәселе жетіп артылады. Осы ретте Қызылорда облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» аға маманы, теолог Бақберген Сәрсенбайұлымен сұқбаттасқан едік.

– Бақберген Сәрсенбайұлы, дін бағытындағы бүгінгі қауіп-қатерге тоқталып өтсеңіз. Діни білім алуда әркім әрқалай бағыт алып жүрген жайттар бар. Қай жерден қателестік?

– Дін саласы өте нәзік тақырыптарды қамтиды. Бұл бағыттағы мәселелердің басым көпшілігі – арнайы маманға жүгінбеуден болып жатыр. Мәселен, тісі ауырған адам ЛОР дәрігерге немесе травмотологқа бармайды ғой. Ол саналы түрде тіс дәрігеріне қаралады. Дәл сол тәрізді әр саланың мәселесін сол бағытта жұмыс істейтін маман арқылы шешіледі. Ал дін тақырыбына келгенде осы заңдылық бұзыла береді. Жастардың көбі туындаған сауалдарына жауапты интернеттен, ашық дереккөзден іздейді. Ал интернетте қарап отырсаңыз, бәрі ғұлама іспетті. Мәһр, төрт әйел алу тәрізді тақырыптарға қоғам болып, жабылып пікір білдіріп жатады. Арнайы діни сауаты жоқ адамдар белсеніп кірісіп кетеді. Біреуден естіп алғанын, өмірінде жаттап алған бір хадисті ауық-ауық айта беретіндер көп. «Дінді түлкіден үйренсең, тауық ұрлауды сауап деп білесің» деген бар. Бұл бағытта болып жатқан келеңсіздіктердің барлығының түбінде бір-ақ мәселе бар. Ол дін туралы арнайы теологтың өзінен сұрамағаннан туындайды. Мұның салдары ауыр. Ең алдымен, ел бірлігіне сызат түсіреді. Бір имам, бір құбыла, бір Мекке, бір Құдай, бір ұлт. Біріктіретін нәрсе, міне – осы.

– Ел бірлігіне тікелей әсер ететіні анық. Бірақ оны арнайы мақсат еткендер білдірмей, жанама әсер арқылы ықпал ететін болар…

– Иә, олардың басты әдісі қазір ұлт пен дінді бір-біріне қарсы қоюда болып тұр. Сол ел бірлігіне сызат түсіруді мақсат еткендердің бірінші сұрағы «қазақсың ба, әлде мұсылмансың ба?» деген сұрақ. Бұл – провакациялық сұрақ. Бір адам бір мезетте қазақ та, мұсылман да бола алады. Өйткені, бірі – ұлт, екіншісі – дін. Мұндай сұрақ болмайды. Адам қазақ бола тұра мұсылман бола алады. Олар біздің ұлттық құндылықтарымызды теріске шақырып, ұлтты діннен ажыратқысы келеді. Дін мен дәстүр – ықылым заманнан бір-бірінен ажырамаған ұғым. Біздің қазақтың даналығы да сонда жатыр.

Діни ұйымдардың мақсатында екі-ақ нәрсе бар. Біріншісі – байлық, екіншісі – билік. Бұл – әлемдік деңгейдегі мәселе. Олардың құрамына еніп кеткендер ұлтты керек қылмай кетті. Бұл жердегі үлкен саясат – ұлтты жойып, өздерінің билігін орнату. Яғни, Ислам мемлекетін құру. Дәлірек айтсақ, ислам мемлекетін құрамын деп жүргендердің өзі оған іштей дайын емес.

Біз – зайырлы мемлекетпіз. Мәселен, ислам дініндегі жазаларды алып қарайық. Олардың көпшілігі қазақтың «Жеті жарғысында» да бар. Мен осы тақырыпты зерттеп қарағанда салт-дәстүрге қарай да бағыт бұрдым. Сонда біздің ата-бабамыздан мирас боп келе жатқан салт-дәстүр ислам дінімен біте қайнасып жатқанын байқадым. Оларды бір- бірінен ажыратуға мүлдем болмайды, олар бір-бірін толықтырады.

Бақберген СӘРСЕНБАЙҰЛЫ: Білім мен тәрбие қатар берілгенде ғана қауіпті жеңеміз

– Иә, түрлі амалға көшіп, ұлттық аспабымыз домбыраны харам дегендер де шықты ғой…

– Дінде музыка туралы нақты айтылмаған. Бірақ оны жат ағымның идеологтары діндегі қияс деген нәрсені жанамалап алады. Бір үкімді жанамалап алады. Құранда нақты музыка, домбыра деп нақты айтылмаған. Құранның өзі әуезді болып келеді. Пайғамбар дауысы керемет адамға сен оқы деп ұсыныс айтқан. Қара нәсілді Біләлді де азаншылыққа қойған емес пе?! Өйткені, оның дауысы керемет болған.

– Қалай қорғанамыз? Қауіптің бетін қайтару жолында не істемеу керек?

– Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Біз қауіптің алдын алуымыз керек. Қазір Ата заңымызда да ел арасына іріткі салушыларға жаза қатаң. Ал жеке адам ретінде қарсы тұру үшін бойымызда ұлттық иммунитет мықты болуы керек. Сонда ғана біз өзімізді нық көрсетеміз. Ұлттық иммунитетті балаға ең әуелі отбасы береді. Қазақтың өзіне ғана тән даналығы мұндай қауіпке қорғаныс. Біз осыны ұмытпауымыз керек.

– Жат ағымда жүрген жандармен пікірлескенде үрей болды ма?

– Біз алдыңғы толқындағы білікті мамандардан тәжірибе алып, олардың өмір мектебінен дәріс алдық. Оның үстіне арнайы алған біліміміз бар. Мұның барлығын топтастырып, бір мақсатқа жұмсаған кезде көп қиындықты жеңуге болады. Әрине, дін – өте терең тақырыптардың бірі. Сондықтан оқыған біліміңмен атқа жайдақ мініп алып, шаба беруге де болмайды. Алған біліміміз сол жүз пайыздың тек бір пайызына ғана жетуі мүмкін. Сол себепті, тоқмейілсуге болмайды. Бірақ сол алған білімді тәжірибе жүзінде іске асырып, жылдар бойы арттыра түсесің.

Олармен әр түрлі жағдайда сөйлесеміз. Бірде бетпе-бет, тағы бірде жазасын өтеушілермен жиындарда кездесеміз. Мысалы, «Жусан» операциясына қатысып, кейін ақылға келіп, дұрыс шешім жасап, тура жолға түсіп жатқан азаматтар бар. Біз олармен де кездестік.

Әрине, әдепкіде қорқыныш болғаны жасырын емес. Батыр Бауыржан атамыздың «Батырлық – мүлдем қорықпау емес, қорқынышты жеңу» деген сөзі бар. Тәжірибе жүзінде олардың алдау жолдарын меңгеріп, оған қарсы тұратын болдық. Бастысы, мен тағы да айтамын, жастар діни білімді арнайы білім алған тұлғалардан ғана алуы керек. Интернет пайдаланып, көкейдегі сауалыма жауап алдым деу дұрыс емес. Егер адаспаймын десеңіз, дін саласының мамандарына жүгінген жөн. Біз қоғам осыны дағдыға айналдыруымыз керек.

Бақберген СӘРСЕНБАЙҰЛЫ: Білім мен тәрбие қатар берілгенде ғана қауіпті жеңеміз

– Қазіргі тенденция қандай? Тоқталып өтсеңіз…

– Кез келген саналы адам дін тақырыбын айналып өтпейді. Қазіргі таңда діни жамағаттың жасаруы деген тенденция жүруде. Діни тақырыпты ізденіп, діни сұрақ қойып жүргендердің көпшілігі жастар қатарына жатады. Олардың ойлау деңгейі де, дінге көзқарасы да басқаша. Олар діни ақпарат алғысы келіп тұрады. Жастардың діни көзқарасы артқан сайын біздің жұмысымыз да белсенді болуы керек.

– Ендігі мәселе, жат ағымдағылардың алдыңғы нысанасы кімдер? Олар мақсатқа жетуде әлбетте өзгелерді қолданады…

– Ең бірінші мәселелердің бірі – әлеуметтік қамтылу жағы. Оған қоса, жастардың діни көзқарасы қалыптасып, жан-жақтан ақпарат іздеуіне толық емес отбасы да әсер етеді. Отбасындағы дау-жанжалдар да бала психологиясына ықпал етіп, ізінше біздің тақырыптағы мәселелерге душар болуы мүмкін.

Бала кішкентайынан ұрыс-керіс, дау-жанжалдың ортасында өссе, өсе келе ол рухани орта іздейді. Рухани ашығады десек те болады. Осы кезде діни сұрақтары пайда болады. Сол кезде смартфонды пайдаланып, сол сауалды ғаламтордан іздей салады.

Мен осы себептердің ішіндегі ең маңыздысы діни сауатсыздық екенін нықтап айтамын. Біз студенттермен, оқушылармен кездесу өткіземіз. Сол уақытта оларға «дәл қазір алаяқ көп қоғамда қаржылық сауаттылық керек пе? Иә, алаяқтарға алданып қалмас үшін бізге қаржылық сауаттылық керек. Дәл сол сияқты діни сауаттылық та керек» деп көп айтамын. Өйткені, жат ағымға еріп кетіп жатқандардың көбі – сауатсыз адамдар. Діни сауат ашып көрмегендер. Олар бір-екі жерден естіп алған бір ауыз мәліметі мен тақырыптарын алға тартады. Оның өзін толық білмейді.

– Сіздіңше, адамдардың барлығы діни білім алуы керек пе?

– Мен олар араб тілін меңгеріп, діни білім алып, барлығы молда болып кетсін деп отырғаным жоқ.

Осы кезде айтып кеткен жөн, мен кездесулерде «егер сұрақтар туындап жатса, бізге жолдаңыздар, тіпті болмаса ата-анаңызға айтыңыз» деп жиі айтамын. Сондай бір кездесуде бір қыз бала «Мен ата-анаммен дін тақырыбында сөйлескім келеді. Бір-екі рет сұрап едім, олар маған ұрысып тастады. Неге сұрай бересің деп жекіді» деді.

Енді ойлаңызшы, сол қыз ойындағы сауалына жауапты ата-анасынан ала алмады. Сол үшін интернеттен қарай салды. Ал интернетте фильтр жоқ. Не сұрайсың, соны табасың. Ол дұрыс бағыт па, әлде бұрыс бағыт па, барлығын алдына шығарып салады. Ал баланың діни сауаты болмаған соң, ол қателесуі де мүмкін. Міне, қауіп осылай басталады. Дәл осындай оқиғалардың соңы өкінішті жағдайларға әкеп соғып жатқаны да жасырын емес.

Бақберген СӘРСЕНБАЙҰЛЫ: Білім мен тәрбие қатар берілгенде ғана қауіпті жеңеміз

– Әрине, мәселе өте өзекті. Ең жақыны – ата-анасынан жауап таппаған бала интернеттен немесе көлденең келген көк аттыдан жауап алып, бұрыс бағытқа кетіп қалуы әбден мүмкін. Сондай кезде қоғамның, біздің міндетіміз – оның алдынан шығып, алдап-арбайтын жат ағымнан қорғау, олардың жолына кедергі болу. Енді осы қауіпті қалай сейілтеміз?

– Біз – зайырлы, демократиялы мемлекетпіз. Кім қандай дін ұстанса да өзі біледі деген тәрізді ұғымдар бар. Кезінде етек-жеңімізді енді жинап, ел болып қалыптасып жатқан уақытта дін саласында да нақты жүйе болмаған еді. Сол уақытта ашық түрде үгіт- насихат жүргізді. Бұл енді 2010 жылдарға дейінгі жағдай. Кейін діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң енгізілді. Бұл заң бойынша елімізде біраз кісі жауапқа тартылды. Тіпті олардың арасында қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар болды. Әкімшілік айыппұл салынғандар да болды. Міне, осы кезде біраз тоқтам болғанын айта кету керек. Тоқтағанымен, бұл нәрсе толығымен жоқ болып кеткен жоқ. Бұрын ел аралап жасалатын үгіт-насихат енді интернетке көшті. Цифрлық дамуға елмен бірге олар да бет алды.

– Заң үстемдігі қазір де бар. Енді олардың әдісі ғаламторға ауысты дедіңіз. Оған да тоқтам бар шығар…

– Заң бойынша миссионерлікпен кез келген адам айналыса алмайды. Арнайы адамдар бар. Дипломы бар, оқыған, білімі бар адамдар айналысады. Онда да олар кез келген жерде үгіт-насихат жүргізе алмайды. Арнайы ғибадатханалар мен құлшылық орындарында ғана үгіт-насихат айта алады.

Мен кездесулерде осы заң туралы сұраймын. Көп адам білмей жатады. Міне, сол білмегеннің салдарынан олардың заң бұзып жүргенін аңғармайды.

– Қауіпті сейілту бағытына қайта оралсақ. Нақты қадамдар бар ма?

– Біз енді онымен күресте ең бірінші қадам – ұлттық құндылықтарымызды насихаттауымыз қажет. Бұл мәселеге қарсы иммунитет қалыптастыруымыз керек. «Нұр-Мүбәрак» университетінде оқып жүргенде ұстазымыз «адам тал сияқты. Ал оның ұлттық құндылықтары сол талдың тамыры іспеттес. Тамыры су алып, қоректенбесе, ол тал да тамырынан бастап қурайды» дейтін. Мен мұны неге айтып отырмын?! Діни ағымдардың тиісетін ең алдыңғы нысанасы – ұлттық құндылықтар. Олар осы құндылықтарымызды жоққа шығарғысы келеді. Неге екенін білесіз бе?! Өйткені, тамырынан шапсаңыз, талдың өзі қурайды. Ал адамды құндылығынан айырсаңыз, ол мәңгүртке айналады. Сол себепті, біздің ең үлкен күшіміз – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу. Жастардың санасына біз осы ұлы халқымыздың құндылығын сіңіруіміз керек. Біз солай ғана қарсы тұрамыз.

Бақберген СӘРСЕНБАЙҰЛЫ: Білім мен тәрбие қатар берілгенде ғана қауіпті жеңеміз

– Қазақ – ұлы халық. Оның әрбір құндылығында үлкен иммунитет бар. Солай емес пе?!

– Әрине, қазақ өзі баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Ұят болады, обал болады және жаман болады. Бұл – қазақ халқының бала тәрбиесіндегі ең негізгі үш ұғымы. Бұл сөздер ұрпақты ар-ұятты биік ұстауға, жамандықтан аулақ болуға, әр нәрсенің (табиғат, адам, мал) қадірін білуге, ысырап жасамауға және мейірімділікке баулитын терең тәрбиелік мәні бар қағидалар. Әсіресе, біздің өңірде бұл үрдіс жақсы сақталған. Біз де осы тәрбиемен өстік. Кейінгі толқынды құндылықтарды сіңіре отырып, тәрбиелегенде ғана біз олардың бойында ұлттық иммунитет қалыптастыра аламыз.

Ырым-тыйымдарды білесіз ғой. Солардың әрқайсысында ата-анамызға неге деп сұрақ қойсақ, оларда бір-ақ жауап еді. Жаман болады деген. Кейін діни білім алдық, арабша оқыдық, сонда жаман боладының артында не тұр деп іздендік. Менің дипломдық жұмысым да осы тақырыпта болады. Сонда менің бір ұққаным, қазақтың ұлттық құндылығын дәріптегеніңіз – дінді дәріптегеніңіз. Бұл екеуін бөліп қарауға болмайтынын тағы да айтамын. Бұл екеуі бір-бірін толықтырып тұр. Жоғарыда біз айтып өткен «қазақсың ба, мұсылмансың ба?» деп сұрақ қоятындар алдымен осыны түсініп алсын. Ислам ешқашан ұлтқа бөлінбеген.

Дінде тағдырға иман келтіру деген бар. Егер біз тағдырға иман келтірсек, қазақ екенімізбен де мақтануымыз керек. Ұлтын да, отбасын да таңдау бұйырмаған пендеге. Біз екеуміз осы кезде қытайша сөйлесіп отыруымыз мүмкін еді. Бірақ біз Құдайдың қалауымен екеуіміз де қазақ болып туып, қазақша сөйлесіп отырмыз.

– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!