Қарыс жерде қауіп бар… Табиғи апаттар, төтенше жағдайлар, өндірістік апаттар мен өрттер – мұның бәрі азаматтардың өміріне, денсаулығына, қала берді қоғамның тұрақты дамуына да тікелей әсер етеді. Осындай сын- қатерлердің алдын алу мен олардың салдарын азайтуда азаматтық қорғаныс саласының рөлі айрықша.

Азаматтық қорғаныс – халықты, аумақтарды және шаруашылық нысандарды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған мемлекеттік шаралар жүйесі. Бұл сала адам өмірін сақтауды, материалдық шығындарды барынша азайтуды және тұрғындардың тіршілігін қысқа мерзімде қалпына келтіруді көздейді.

Дәл осынау салада еңбек ететін құтқарушылар мен өрт сөндірушілер – нағыз ерлік иелері. Олар тәулік бойы кезекшілік атқарып, кез келген уақытта қауіп аймағына аттанады. Өрт ішінде, су тасқыны кезінде, жер сілкінісі мен жол-көлік апаттарында адам өмірін құтқару – олардың күнделікті қызметі. Антына деген адалдықпен жауапкершіліктің жүгін арқалаған Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті, Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, аға лейтенант Бақдәулет Елубайұлымен сұхбат құрудың сәті түсті.

Бақдәулет БИЖҰМА: Азаматтық қорғаныс - халық қауіпсіздігінің қорғаны

– Азаматтық қорғаныс саласына қалай келдіңіз? Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп?

– Азаматтық қорғаныс саласына келуіме адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген қызығушылығым себеп болды. Табиғи және техногендік төтенше жағдайлардың алдын алу, олардың салдарын азайту – үлкен жауапкершілікті талап ететін, бірақ қоғам үшін аса маңызды қызмет деп есептеймін. Осы сала арқылы елге нақты пайдаңды тигізуге болатынын түсіндім.

Мен 2018-2022 жылдар аралығында Ресей Федерациясы Мәскеу қаласындағы Азаматтық қорғау академиясында «Техносфералық қауіпсіздік» мамандығында оқыдым. Оқу барысында азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, басқару мен ұйымдастыру, сондай-ақ арнайы тактикалық және практикалық даярлық бағыттары бойынша кәсіби білім алдым.

Бұл мамандықты таңдауыма адамдарға көмектесуге деген ниетім, тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін қызметке бейімділігім әсер етті. Сонымен қатар азаматтық қорғаныс саласы үнемі даму мен кәсіби шыңдалуды қажет етеді. Қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдап, адам өмірін сақтап қалу мүмкіндігі мен үшін ең басты мотивация болды

Бақдәулет БИЖҰМА: Азаматтық қорғаныс - халық қауіпсіздігінің қорғаны

– Сіздің негізгі міндеттеріңіз қандай? Күнделікті жұмыс барысы қалай басталып, қалай өтеді? Осы жөнінде толық баяндап берсеңіз…

– Менің негізгі міндеттерім – азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу, халықты қорғау және ықтимал қауіп-қатерлерге жедел әрекет ету. Атап айтқанда, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын жоспарлау және ұйымдастыру, азаматтық қорғау күштері мен құралдарының дайындығын қамтамасыз ету, оқу-жаттығулар өткізу, сондай-ақ апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде басқару және үйлестіру жұмыстарын жүзеге асыру негізгі қызметіме жатады.

Сонымен қатар жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру, нормативтік-құқықтық құжаттардың орындалуын қадағалау және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Күнделікті жұмысым әдетте таңертеңгі нұсқаулық жиналыстан басталады. Бұл уақытта тәуліктік жағдай талданып, алдағы күнге қойылған міндеттер айқындалады.

Күн барысында жоспарлы жұмыстар жүргізіледі: құжаттамалармен жұмыс, азаматтық қорғаныс жоспарларын жаңарту, оқу-жаттығулар мен практикалық сабақтар өткізу, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтау. Қажет болған жағдайда төтенше жағдай орын алған аймақтарға шығу, жедел штаб жұмысына қатысу және жағдайды тұрақтандыру бойынша нақты шаралар қабылданады.

Бақдәулет БИЖҰМА: Азаматтық қорғаныс - халық қауіпсіздігінің қорғаны

Жұмыс күнінің соңында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, есептер дайындалады. Дегенмен азаматтық қорғаныс саласындағы қызметтің ерекшелігі – кез келген уақытта шақырту болуы мүмкін, сондықтан үнемі дайын болу талап етіледі.

– Төтенше жағдайлар кезінде ең бірінші қандай әрекет жасалады?

– Әуелі жағдай жедел бағаланып, қауіп деңгейі анықталады, халық пен жауапты қызметтерге дер кезінде хабар беріледі, адамдарды құтқару және эвакуациялау ұйымдастырылады, қауіпті факторлар оқшауланады. Апат аймағына шектеу қойылып, өрт, жарылыс, химиялық немесе басқа да зиянды әсерлердің алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылданады. Инженерлік және техникалық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады.

Барлық кезеңде жауапты қызметтердің үйлесімді әрі бірлескен жұмысы қамтамасыз етіледі. Азаматтық қорғау, құқық қорғау органдары, медицина қызметі, коммуналдық және өзге де салалар бір орталықтан басқарылып, нақты міндеттерге сай әрекет етеді. Осындай жүйелі әрі үйлесімді жұмыс қана төтенше жағдайдың салдарын барынша азайтып, ең бастысы – адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді.

Кейін оқиға орнында қоғамдық тәртіп сақталып, төтенше жағдайдың салдарын жою және қалыпты тіршілікті қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Бақдәулет БИЖҰМА: Азаматтық қорғаныс - халық қауіпсіздігінің қорғаны

– Жиі кездесетін төтенше жағдай түрлері қандай және сол кезде халық жиі жіберетін қателіктер бар ма?

– Жиі кездесетін төтенше жағдайларға өрт, су айдындарындағы адам қазасы, су тасқыны, жер сілкінісі, техногендік апаттар жатады. Мұндай жағдайларда халық көбіне дүрбелеңге беріледі, қауіп туралы ескертулерді елемейді, эвакуациялау талаптарын кеш орындайды Сондай-ақ алғашқы медициналық көмекті білмеу, қауіпсіздік ережелерін сақтамау және әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпаратқа сену салдарынан дұрыс әрекет етпей, өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп жатады. Осы себепті мамандар төтенше жағдай кезінде сабыр сақтап, тек ресми дерекке сүйеніп, жауаптылардың нұсқауларын қатаң орындаудың маңызын еске салып отырамыз.

Бақдәулет БИЖҰМА: Азаматтық қорғаныс - халық қауіпсіздігінің қорғаны

– Сіз қатысқан ең күрделі оқиға немесе есте қалған жағдай жайлы айтып бере аласыз ба?

– Су айдындарында қауіпсіздікке байланысты есте қалған оқиға ретінде түнгі уақытта бір баланың белгіленбеген орында суға түсіп кеткен жағдайын айтуға болады. Оқиға кезінде айналадағы адамдар дүрбелеңге беріліп, өз бетімен әрекет етуге тырысқандықтан жағдай одан әрі қиындай түсті. Бақытымызға орай, су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында рейдтік шара жүргізіліп жатқандықтан, құтқарушылар жедел әрекет етіп, баланы судан аман алып шықтық.

Зардап шеккен балаға сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлерге тапсырылды. Уақытылы әрі үйлесімді жасалған әрекеттердің арқасында баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болды. Бұл оқиға қауіпсіздік талаптарын сақтаудың және төтенше жағдайда тек кәсіби мамандардың нұсқауын орындаудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.

– Азаматтық қорғаныс бойынша оқу-жаттығулар өткізіліп тұра ма?

– Қазақстан Республикасында азаматтық қорғаныс жүйесі Төтенше жағдайлар министрлігі арқылы жүзеге асырылады. Оның қызметі «Азаматтық қорғау туралы» заңмен реттеледі. Бұл мамандық жоғары кәсібилікті, төзімділікті және батылдықты талап етеді. Сондықтан құтқарушылар арнайы дайындықтан өтіп, үнемі оқу-жаттығуларға қатысады.

Бақдәулет БИЖҰМА: Азаматтық қорғаныс - халық қауіпсіздігінің қорғаны

Оқу-жаттығулар жиі өткізіліп тұрады: мектептер мен оқу орындарында сабақтар мен практикалық жаттығулар жүргізіледі, мемлекеттік және өндірістік ұйымдарда төтенше жағдайларға дайындық ұйымдастырылады, қалалық және облыстық деңгейде өрт, жер сілкінісі немесе су тасқыны кезінде эвакуацияны пысықтау мақсатында жаттығулар өткізіледі, бұл адамдарды дұрыс әрекет етуге және алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеруге көмектеседі.

Нақтысына келсек, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 2 шiлдедегi №494 «Халыққа және азаматтық қорғау саласындағы мамандарға хабар беру, ілімді насихаттау, оқыту қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес 2024 жылғы 20 желтоқсанда Қызылорда облысы әкімімен «2025 жылы Қызылорда облысының аумағында азаматтық қорғау саласында оқу-жаттығулар мен жаттығулар өткізу жоспары» бекітілді.

Жоспарға сәйкес облыс аумағында ағымдағы жылдың басынан бастап әртүрлі тақырыпта 5337 оқу-жаттығу өтті. Ал 2024 жылы 3026 оқу-жаттығу өткізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 60,4 пайызға көбейгенін білдіреді.

Бақдәулет БИЖҰМА: Азаматтық қорғаныс - халық қауіпсіздігінің қорғаны

– Өз салаңызға қандай өзгерістер қажет деп санайсыз?

– Азаматтық қорғаныс саласында қажетті өзгерістерге халықты төтенше жағдайларға дайындыққа тұрақты түрде үйрету, заманауи технологияларды пайдалану арқылы ерте ескерту жүйелерін жетілдіру, оқу- жаттығулардың сапасын арттыру, әртүрлі қауіпті жағдайларға тиімді әрекет ету жоспарын жаңарту және азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету жатады.

Азаматтық қорғаныс – қауіп төнген сәтте халыққа тірек, бейбіт күнде сақтықтың кепілі болып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды қорған секілді. Алайда қауіп-қатердің алдын алу мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін ескерген жөн. Қауіпсіздік ережелерін сақтау, төтенше жағдай кезінде өзін-өзі дұрыс ұстау, алғашқы көмек көрсету тәсілдерін білу – адам өмірін сақтауда маңызды рөл атқарады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!