«Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінде қызмет атқаратын Нұрасыл Бекматов жазуда да жауапкершілік танытты. Жаңа романы оқырман назарынан тыс қалмай, сұраныс пен ұсыныс көбейе түскен. Сәті түсіп кітап авторымен әдемі әңгіме өрбіткен едік.

– Роман жазуды қыркүйек айында қолға алыпсыз. Бір ай көлеміндегі шығарма шикі болуы мүмкін деген күмән болды ма?
– Кітаптағы жазбамда романның қысқа ғана уақытта жазылғаны жөнінде айттым. Идея келіп, қолыма қалам ұстағанша мазасыз күй кешіп, ішкі әлемімде бір құбылыстың шыға алмай жатқанын сездім. «Шығармам шикі болып қалмаса екен» деген ойдан гөрі оқырманның қалай қабылдайтыны алаңдатты. Шыны керек, әлі танданысымды жасырмаймын. Романды желіге салған уақыттан бастап кең таралып, өзі оқырмандары пайда болды. Бір сәтте сұранысқа ие болғанына қарағанда қоғам осындай шығармаларға зәру.
«Отан – отбасынан басталады». Қоғам дертінің тамырын тап басыпсыз. Бұл тақырыпта қалам тербеуге не түрткі болды және романның иесі сізге қаншалықты жақын?
– Отбасы от басудан басталмаса екен. Статистика ажырасу мен тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткішіне толы. Қазір бізге жетпейтіні жылулық пен адалдық қана. Роман арқылы адалдықтың кіршіксіз көрінісін көрсетуді мұрат еттім. Кітапты тілге жеңіл, миға қонымды әрі көз талмайтын сөздерді құрау арқылы жаздым.
Романды жазуға бір жан себепкер болды. Екі адам арасындағы жылы диалогтан кейін осындай байламға келдім. Роман иесі қалам тербегеннен бастап қолдау білдіріп, соңына дейін өзі де күтті.
– Бақытжанның қилы тағдыры жүректі қозғағаны рас. Бірақ ол анасымен қауышты ғой, сонда да бақытсыз болуы мүмкін бе? Роман атауына тоқталып өтсеңіз…
– Меніңше, әр адам бақытты болуға лайықты. Бақытжанның кейіпін ала отыра жастарға үндеу тастағым келді. Анасы шақалақ сәбиінен бас тартса да, Бақытжанның ер жеткенде анасын іздеп шарқ ұруы зор сүйіспеншіліктен. Бірақ роман атауының Бақытжанға ешқандай қатысы жоқ. Асыл мен Жан есімді екі кейіпкердің өмірін бас аяғына дейін суреттедім. Роман атауы осы Жанға тиесілі. Жанның таңдаған шешімінен кейін тағдыр шиеленісі бақытқа ұласты. Асылында таңдау мен шығарған шешімімізге сәйкес бақытты немесе бақытсыз болатынымызды айқындап аламыз ғой.
24 сағаттың ішінде 200-ден астам адам оқыпты. Қандай ұсыныстар түсіп жатыр?
– Таңнан кешке дейін келіп түскен хабарламалар мен ізгі тілегін жаудырған жандар аз болмады. Хабарласқан адамдардың басым бөлігі кітапты сатыңыз деп ұсыныс білдірді. Әу баста «Кітап сатылмайды. Білім тегін. Жаратқанның жүректен шығарған сөздері сіздерге сый» деп желіде жазба қалдырдым. Шығарманы пайда табу үшін жазбадым. Алғысөзде «Бақытсыз Жан» романы әр қазақтың қолына берілетін құрал дедім. Сол құралды қазақ баласының барлығы тегін пайдаланғанын қалаймын. Міржақып Дулатұлы әйелі Ғайнижамалға: «Жазған материалым білімімнің зекеті болсын» деп айтқаны бар. Бұл – менің де ұстанымым. Кітапты сатылымға қоймауымның себебі осында.
Романның аз уақытта танымал болғаны еңбектің нәтижесі деп білемін. Қазір романның 2 басылымын әзірлеу үшін баспамен келісім-шарттар жүргізілуде. Сонымен қатар мәдениет саласының кәсіби мамандары байланысып, романды сахналауға ұсынысын жеткізді. Қазір пьеса форматына көшіріп, театрға ықшамдап өзгертіп жатырмыз. Жыл соңына дейін премьерасы да болуы мүмкін.
«Әр адам өз өмірінің кейіпкері. Сонда суретші сенің қазіргі образыңды қате салды ма?» деген ойды меңзейсіз. Айтыңызшы, жазушы ретінде кейіпкерлерді қалай сурет­тедіңіз? Ол қиялдан өрбіді ме, әлде шынайы өмірдегі адамның прототипі ме?
– Оқиға­лардың барлығы айна­ламыздағы ша­ңырақта болып жатыр. Олардың бірін білсек, екіншісі жасырын. Роман эпизодындағы кейіпкерлер өмірден алынған. Жазу барысында қиялдан гөрі шынайылыққа аса мән бердім.
Кітаптың мұқабасы ерекше. Дизайны танымал дораманың бейнесіне ұқсас. Айтыңызшы, дизайнға да өзіңіз мән бердіңіз бе?
– Негізі түпнұсқасы дорамадан алынды. Бірнеше нұсқаның ішінен осы таңдау бұйырды. Кішкене әрлеп, эскиздерін өзіміздің бағытқа қарай бұрдық. Оның да өзіндік мәні мен мағынасы бар. Жауын – сырттан келетін қатер. Қолшатыр – қорған. Қолшатыр ұстаған жігіт бақыты үшін күреске даяр жан. Мұқаба қандай тартымды болса, іші де сондай мазмұнға толы. Екеуін үйлесімді етіп жасадық.
– Алдағы уақытта қандай мақсат-мұратыңыз бар?

– Ағартушылық бағыттағы жұмыстарымды әрі қарай жалғастырамын. Бұл шығарманы жарыққа әкелуімді жай ғана жаттығу жасағанмен тең дегім келеді. Нағыз сыналар уақыт алда. Тарихи бағыттағы ата-бабамыз бен әулет шежіресі үшін зерттеу жұмыстарын істеп жатырмыз.
Иса Байзақтың бір сөзі ойға оралып отыр. «Мезгілсіз, мерекесіз кеткендердің әруағы бізді де айт деп сыбырлайды». Уақытында қыршын, мезгілсіз, аты аталмай кеткен бабаларды зерттеп, есімдерін жаңғырту сіз бен біз секілді ұрпақтың мойнында. Қазіргі қоғамда жұлдыз көп. Жұлдыз болу бір ғана сәт. Қазаққа от пен жарықты қатар беретін күн болайық! Мың жұлдыз бір күн секілді нұрын шашпайды.

Сұхбаттасқан
Замира
ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!