«Қарты бар үй қазыналы» демекші, бүгінде сол қарттарымызға құрмет көрсететін жас аз. Қамшының сабындай ғана ғұмыры қалған жандарды қарттар үйінің қамқорлығына өткізетіндердің саны көп. Өкінішті-ақ. Десек те, тағдырдың мұндай сынына төтеп беруге көмектесіп, оларға жанашырлық таныта білетін орын бар. Ол «Қарттар үйі». Осы орайда Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мейірбикесі Мөлдір Қонысбаевамен тілдескен едік.
– Бастапқы жылдары балаларға арналған интернат үйінде қызмет еткен екенсіз. Біле білсек, ересек адамдарға қарағанда баламен жұмыс істеудің машақаты көп. Осы сәттердегі қызметіңіз қаншалықты қиын болды?
– Мансабымдағы алғашқы тәжірибемді «Балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында» бастадым. Бұл орталықтың қамқорлығындағы бүлдіршіндер «ерекше» болатын. Сол себепті оларға аса қамқорлық таныту қажет. Олар әр қызметкердің көзіндегі мейірім отының ұшқынына мұқтаж еді. Кез келген бала инеден сескенеді емес пе? Сол секілді бұл бүлдіршіндер де емдік шара кезінде инеден қорқып, психологиялық тұрғыда түрлі агрессиялық мінез көрсетуі мүмкін. Осы сәтте оларды баппен тынышталдырып, жылулықпен, еркелете отырып ем-шараларды орындайтын едік. Әрине, сырт көзге балалармен жұмыс істеу ересектерге қарағанда қиын болып көрінуі мүмкін. Дегенмен бұл ойларыңызды жоққа шығарғым келеді. Себебі адам қартайған сайын да ерекше көңіл аударғанды қалайды, махаббат пен сүйіспеншілікке бөленгісі келеді.
– Қарттар үйінде 2015 жылдан бері қызмет етесіз. Бүгінде қанша ата-әже бұл мекеменің қамқорлығында және оларға көрсетілтін медициналық көмек туралы айта өтсеңіз…
– 2015 жылы жұмыс істеу орнымды қарттар үйіне ауыстырдым. Ол кездегі атауы «Қарттар мен мүгедектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» еді. Сол кездегі атауынан байқасақ болады, қарттар үйі тек егде жастағы жандарға ғана емес, одан бөлек 1-ші және 2-ші топ мүгедектігі бар азаматтарға қамқорлық көрсетеді. Қазір 4 – тыл ардагері осы жердің қол астында. Сондай-ақ жасы ең үлкен қария – 91 жаста, ал ең жасы – 41-де.
Мекемеміз 263-ші стандартқа сәйкес медициналық-әлеуметтік көмек көрсетеді. 280 орын қарастырылған, оның 180-і – стационар, 100 орны күндіз көмек алатын қарияларға арналған. Медициналық көмек ем-шара кабинеті, физиотерапия кабинеті, парафин кабинеті, галотерпия (тұзды бөлме) кабинеті, массаж, оңалту, емдік дене шынықтыру кабинеті арқылы көрсетіледі. Қарттар үйі паллиативті емдеу палатасымен камтылған. Бұл бөлмеде ылғалданған кислород беретін аппараттан бастап, алғашқы көмек көрсететін, емдік шара жасайтын дәрі-дәрмектермен қамтылған. Осы аталған процедураның барлығын атқару үшін медициналық бөлімде 9 дәрігер, 27 мейіргер күндіз-түні үздіксіз қызмет етеді.
– Сіздің атқарып жүрген жұмысыңыз маңызды. Күтпеген жағдай орын алып қалуы мүмкін. Қарттармен өзіңіз де әңгімелесетін шығарсыз. Яғни, оларға тек медициналық көмек қана емес, психологиялық та тұрғыда жәрдем беруге тырысасыз. Осы туралы баяндасаңыз…
– Әлемді жаулаған коронавирус індеті кезінде мекеміздегі бір қарт кісі осы дертке шалдықты. Жағдайы мүшкіл болды. Ол кісінің стационардан кейінгі оңалту жұмыстары қарттар үйінде жүргізілді. Құдайға шүкір, барлық ем-дом шараларынан кейін дертінен айығып, аяққа тұрды. Ұзақ уақыт емделген соң өзінің отбасына деген сағынышы басым бола бастады. Осы орайда оның туысқандарымен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, өзінің бауырлары алып кетті. Осындай бір жайттардың бірі мекеме қамқорлығындағы 2 топ мүгедектігі бар азаматпен болды. Қант диабетімен, сондай-ақ өзге де қосалқы ауруларының әсерінен ол кісі жүре алмайтын хәлде болды. Десекте азаматтың тізесіне эндопротез салынуына байланысты медициналық көмек көрсетіліп, сырқатынан айығып кетті. Кейіннен мүгедектігі 3-ші топқа ауысып, карттар үйінен өзінің шаңырағына қайтты. Сырқат кезінде отаға, өзге медициналық көмекке жүгінетін жағдайы болмаған. Әлі күнге дейін бізге дән риза екендігін мейрам сайын жеткізіп отырады. Шынына келгенде мұндай жағдай көп болады. Кез келген көмек қолын сұраған жанға біздің мекеме жәрдем етуге дайын. Менің ұзақ уақыт осы жерде қызмет етуіме осындай жетістіктер себеп. Судың тамшысындай көмек берсемде, олар үшін бұл қызметімнің пайдасы мұхиттай болып көрінеді. Сондай-ақ бұл орталықта жұмыс жасағалы сапалы қызмет көрсету мақсатында білімімді жетілдіріп отырамын. Сол еңбектің арқасында қазіргі таңда жоғары білімді денсаулық сақтау бакалавры атандым.
– Медициналық дәрі-дәрмектер тегін бе? Олар қариялар үшін тапшылық тудырмайды ма? Орталыққа мемлекеттен көрсетілетін жәрдем жеткілікті ме?
– Қариялар дәрі дәрмекпен жеткілікті қамтамасыз етілген. Орталық тарапынан және емханада негізгі ауруларына сәйкес есепте тұратын қариялар толықтай ГОМПБ негізінде дәрі-дәрмек алады.
– Қарттар үйінен тек қана сол жақтағы қариялар ғана емес, одан бөлек те ардагер кісілер ем алады. Өзге де қария жандар ол жерден медициналық және психологиялық көмек алу үшін қандай критерийлер бойынша құжат тапсыруы керек? Ал жастарға қарт ата-аналарын тастамас үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Қариялар орталықтың күндізгі бөліміне келу үшін Қызылорда қалалық әлеуметтік қамсыздандыру ісін басқаратын мекемесіне жүгінсе болады. Ал бейімделу орталығының берген жолдамасы арқылы қарттар үйінің стационар бөліміне келе алады. Лайым тек медициналық көмек алу үшін ғана жүгінсе жөн болар еді. Себебі әр ата-ана баласының өсіп-өнгенін, отбасы құрып, бақытты болғанын қалайды ғой. Қартайды екен деп, қадірі қашқандай қарттар үйінде жәутеңдетіп еш қарияның қалғанын қаламас едім.
Жалпы сұрағыңызға «Бақыттың кілті – жанұя» кітабының үзіндісімен жауап бергім келіп тұр. Онда былай жазылған: «Адамдар қартайған сайын жас балаға ұқсайды. Осы себепті кейбір келеңсіздіктері болуы мүмкін. Бұларды түсіністікпен қабылдауымыз керек. Кез келген жағдайда адам өзін сол адамнын орнына қойып көрмейінше, өзара түсіністік, құрмет азая береді. Шыдамсыздықтардың басты себебі де осы. Олар біздің жастық шағымызды өткермейді, бірақ ертең біз олардың кәрілік шағын өткереміз, осыны ұмытпауымыз керек. Дүние кезек, бүгіннің ертесі де бар. Кейбір нәрселерді артқа қайтару мүмкін емес. Перзент ретінде мойнымыздағы борышты дұрыс атқарсақ мәселе калмайды. Өмір бойы «әттең, былай еткенде ғой» деген уайым жемейтін болады». Расымен де, өмір алма-кезек болғандықтан, ата-анамыз бар кезінде қадірін біліп, уақытында сый көрсетуіміз керек. Барлығы уақытша екендігін ұмытпайық. Десек те неше түрлі тағдыр бар. Ата-ана болу бақыты бұйырмаған жандар үшін бұл мекеменің берері көп.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!