Барбер сөзін көбіміз шаштараздың синонимі деп ойлайтынымыз рас. Дегенмен аздап ерекшелігі бар. Барбер – тек ер адамдардың сақал-шашын қысқартып, күтім жасайтын маман. Мұндай жоғары деңгейдегі барбершопқа бару үшін алдын ала хабарласып, кезекке жазыласыз.

Ерлерге арналған алғашқы шаштараз ХVІІІ ғасырда Америка мен Еуропада пайда болған. «Barber» атауы латынның «барба», яғни сақал сөзінен шыққан деседі.

Адам келбетінің тартымды көрінуіне стильді шаштың үлкен ықпалы бар. Сондықтан шашыңызды әсемдеу үшін өз ісінің нағыз маманын іздейтініңіз белгілі. Бір қызығы, бұл – қанша ғасыр өтсе де, жоғалмайтын мамандықтың бірі. Иә, адам бар жерде шаштараз да болады. Сондықтан осы кәсіп туралы толығырақ білу үшін сұранысқа ие барберлерді іздестірдік.

Өз жұмысын шеберлікпен орындайтын, креативті барбердің бірі – Раушан Русланқызы. Табиғатынан әдемілікке, ұқыптылыққа бейім жандар үшін бұл қызмет аса қиын болмас. Дегенмен тұтынушының таңдаған образы немесе шаш қию үлгісі оған жараспайтынын түсінсеңіз, қалай дұрыс боларын әдепті жеткізу, түрлі мінездегі адамдарға қызмет көрсету, сұраныс пен ұсыныстың сай келуі аса маңызды.

– Бала кезімнен сурет салу, мүсін жасау секілді шығармашылық жұмыстарға ерекше қызығатынмын. Бұл қабілетім бойжеткенде барбер болуыма әсер еткен секілді. Тіпті осы мамандықты таңдау идеясын ата-анам айтып, жұмысыма қолдау білдірді. 2016 жылдан бастап барбер ретінде кәсіби қызмет етемін. Бір күнде орта есеппен 10-12 адамның шашын алып үлгеремін. Қазір «бокс», «полубокс», «теннис», «кроп» және әрқашан трендте болатын «классика» шаш үлгісі сәнде.

Тұрғындар салонға келгенде алдымен тазалыққа мән береді. Барбердің сырт келбеті, киім үлгісінің стильді болуы және басқалармен сыпайы қарым- қатынас орнатуы тұтынушылардың тұрақты келуіне әсер етеді. Адамды тыңдай білуі, шаш үлгісін тиянақты жасауы сол барберге деген сұранысты арттырады, – деді ол.

Ел арасында шаштың әртүрлі энергияны жинақтайтыны турал айтылады. Сондықтан Раушанға «Адамдардың аурасы барберге әсер ете ме?» деген сауалды да қойдық.

– Иә, байқауымша, адамның аурасы айналасына өте қатты әсер етеді. Бірақ уақыт өте келе, оған тіпті үйреніп кетеді екенсің. Барлық келушіні жақсы, жаман деп бөлмей, бірдей дәрежеде қабылдауға тырысамын. Ең бастысы өзіме жақын қабылдамаймын, – деді ол.

Барберлердің де еңбек өтіліне қарай деңгейі болады. Бұл салада 5 жылдан астам уақыт қызмет етсе, жоғары санатты барбер болып саналады. Соған орай қызмет көрсету бағасы да жоғарылайды екен.

Алдағы уақытта Раушан Русланқызы жеке барбершоп ашуды мақсат етіп отыр. Кәсіптің қаржылық жағынан тиімділігіне келсек, жаңа барбершопта тынымсыз еңбек етіп, 1 жыл ішінде бөлінген қаржыны толық шығаруға болады.

Өз мамандығын жақсы көріп, ерекше құрметтейтін Раушан бұл кәсіптің мүлде қиындығы жоқ дейді. Сондықтан жұмыс барысындағы көңілді жағдайлар туралы да сұрадық.

– Жұмыс барысында қызық оқиғалар өте көп. Оның ішінде бір уақытқа 3 адамды байқамай жазып қойғаным бар. Адам ұялатын жағдай ғой ол деген… Бұл аз болғандай жарық өшіп қалмасы бар ма?! Ол қайта жанып болмай жатыр. Артымда бір уақытқа жазылып қойған 3 адам тұр. Мына жақта «не болар екен?» деп көзім бақырайып мен тұрмын. Тіптен жылағым келді. Содан үшеуіне қарап, «бірінші қайсыңыздың шашыңызды алайын?» деппін ғой. Өзім сол сәтте ұялғанымнан не айтып, не сұрап тұрғанымды білмеймін. Үшеуі де орынды бергісі келмей, бір-біріне қарайды. Содан еті тірілеу, пысықтауы шығып, «Мен шашымды алдыра берейінші. Қатты асығып тұрмын» деп орындыққа отыра қалды. Қалған екеуі ренжіген күйі шығып кетті. Бұл жағдай мен үшін өте ұят болды. Бір жағынан «Қайтем енді, пендеміз ғой, ондай-ондай болып тұрады» деп өзімді жұбатып, дым болмағандай жұмысымды жалғастыра бердім.

Қызық-ай, содан кейін ана екі жігіт салонға келмей кетті. Елмен тығыз жұмыс істегесін, мұндай келеңсіз жағдайлар болып тұрады, – деп жауап қатты ол.

«Барбер тек ер адам болуы керек» деген біздің қағиданы өзгерткен Раушан қазір сән мен стильді үйлестіріп, көптің көңілінен шығып үлгерді. Адамдарға деген ізгі ниеті және қабілеті арқылы ол бизнес әлемінде биіктерді бағындырары сөзсіз.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!