Төрткүл дүние көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәресіне жетті. Алты күнге созылған бәсекені Қазақстан 114 медальмен тәмамдады. Ел қоржынына жүлде салған спортшылар қатарында Сыр елінің мақтаныштары да бар. Соның бірі – тоғызқұмалақшы Бексұлтан Бостандықов. Азия, Әлем біріншіліктерінің күміс жүлдегері, Еуропа кубоктерінің жеңімпазы, Халықаралық дәрежедегі спорт шеберімен сұхбат құрып, аз-кем әңгіме өрбіттік.

– Бексұлтан Хасенұлы, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атануыңызбен құттықтаймыз! Әлем халқы назар аударған бәсекеде еліміздің көк байрағын көкке көтеріп, әнұранымызды шырқаттыңыз. Сол сәттегі алғашқы әсеріңізбен бөліссеңіз…

– Ықыласыңызға рақмет! Арқа төрінде өткен Ұлы дала дүбірі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында еліміздің намысын қорғау мен үшін үлкен мәртебе. Дүбірлі доданың ашылу салтанатынан бастап ерекше әсерде болдым. Ұлттық рух, ертедегі көшпенді ата-бабаларымыздың тарихынан хабар берген қойылымдар мені одан әрі шыңдап, жеңімпаз атануыма жетеледі десем қателеспеймін.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалаққа қатысқан мемлекет көп болды. Ойында 8 тур болған болса, барлығынан 8 ұпай еншіледім. Басты қарсыластарым Азиядан Қырғызстан, Моңғолия мемлекеті, ол Еуропадан Чехия, Латвия елдері болды.

Бірінші орын алып, әнұранымызды шырқатқан кезде олимпиада шыңын бағындырғандай күй кештім. Осы жарысқа қаншама еңбек, уақыт жұмсалды және соның барлығы ақталғанына қатты қуандым.

– Алтынға қол жеткізу үшін қанша жыл еңбек еттіңіз? Спорттың бұл түріне қалай келдіңіз?

– Тоғызқұмалақпен айналысып келе жатқаныма 20 жыл болды. 9 жасымнан бастап спорттың осы түріне ерекше көңіл бөліп, тұрақты шұғылданып келемін. 16 жасымда жастар арасында ҚР чемпионы атанғаннан кейін өзіме мақсат қойып, «Осы спорт түрімен кәсіби түрде айналысамын» деп шештім. Шүкір, сол уақыттан бері тоғызқұмалақтан кәсіби деңгейге көтеріліп келемін.

Бексұлтан Бостандықов: Мақсатым - әлем чемпионы болу

– Іріктеуден қалай өттіңіз? Әлде додаға қатысатыныңыз бұрыннан белгілі болды ма?

– Жоқ, жоспарланды деп айта алмаймын. Ең бірінші бұл жарысқа қатысу үшін іріктеу ойындары өтеді. Іріктеу – Қазақстан чемпионаты. Еліміздің әр өңірінен үздік 4 спортшыдан бақ сынайды. Біріншілікке 70-ке жуық спортшы қатысты. Іріктеуден өту үшін алғашқы үздік 4 орынның біреуінен көрінуің қажет. Ал одан соң сол 4 ойыншының арасынан тағы екі ойыншы іріктеліп алынады. Сондықтан көшпенділер ойынында ел намысын қорғау үшін ең алдымен іріктеуді бағындыруың керек.

– Қазір әлемнің 81 мемлекетінде тоғызқұмалақ ойыны жақсы дамыған. Қазір қай мемлекет бұл спорт түрінен көш бастап тұр?

– Тоғызқұмалақ ойыны Азия елдерінде жақсы дамыған. Кез келген додада тайталаса алатын, қарсылық көрсете білетін ол Қырғызстан мен Моңғолия ойыншылары. Ал Чехия мен Латвия елдерінің спортшылары мықты қарсылас бола алады. Осы жарыста Колумбия мемлекетінде тоғызқұмалақ ойыны қарқынды дамып келе жатқанын аңғардым. Неге десеңіз, спорттың бұл түрі онлайн платформаға шыққаннан бастап олар дайындық арқылы өздерін шыңдаған, дами түскен.

– Тоғызқұмалақ шыдамдылықты, сабырлықты талап ететін ойын. Ойын барысында жүйкеңіз сыр беретін сәттер бола ма?

– Осы уақытқа дейін ойын барысында басым ауырып, жүйкеме әсер еткен жағдайлар болған жоқ. Бірақ іріктеу уақытында көп дайындалғаннан психологиялық тұрғыда шаршайсың. Ал ойын кезінде өзімді алдын ала дайындап, ұйқыны ретке келтіріп, барынша ми еркіндігін назарда ұстаймын.

– Шәкірттеріңіз туралы айтсаңыз… Алдағы уақытта жеке үйірме ашу жоспарда бар ма?

– Қазір Тереңөзек кентіндегі балалар-жасөспірімдер мектебінде жаттықтырушымын. Жақсы дамып келе жатқан шәкірттерім бар. Олардың алды 11 жаста. Қазір де толыққанды жұмыс үстіндемін десем болады. Алдағы мақсатым – шәкірттерімнің арасынан жасөспірімдер бойынша Қазақстан жеңімпазын шығару. Ал, жеке үйірме ашу жақын арадағы жоспарымда жоқ.

Бексұлтан Бостандықов: Мақсатым - әлем чемпионы болу

– Тоғызқұмалақтан Еуропа мен Азияның алып елдерінде болдыңыз. Өзге елдердің тоғызқұмалақтағы айырмашылықтары қандай?

– Аса бір қатты айырмашылық бар деп айта алмаймын. Бірақ жеңімпаз анықтау, жеребе тарту барысында айырмашылық байқалады. Сонымен қатар әртүрлі тақталар кездеседі. Мәселен, Қырғызстан мемлекетінің ережесі бір болғанымен орналасқан қазандықтардың екеуі екі түрлі болады. Оған қоса ойнау барысындағы шабуылдау, қорғану барысы біздікінен өзгешелеу. Кейде оның да пайдасы тиеді. Сондықтан өзіме керегін алып жүремін.

– Сізді келесі Қырғызстан мемлекетінде өтетін көшпенділер ойындарынан көре аламыз ба?

– Әрине, жоспарда бар. Ол үшін тағы да тынбай еңбек етіп, көп уақыт бөлу қажет. Қазақстан чемпионатында үздіктер қатарынан көрініп, осы деңгейімді ұстап тұрсам, әлі талай байрақты бәсекеде еліміздің намысын қорғайтыныма сенемін.

– Бір сұхбатыңызда «Тоғызқұмалақ шахматтан артық болмаса, кем емес» деген екенсіз. Айырмашылығы қандай? Тоғызқұмалақ күрделірек пе?

– Ол рас. Тоғызқұмалақты шахматтан артық көрмесем, кем санамаймын. Айырмашылығы – ойын материалдарының сақталуында. Ойын өте күрделі. Мәселен, шахматтағы фигуралар ойыннан шығып қалғанда, тақта үстіндегі тартысын жалғастыра алмайды. Мұнда бүкіл тастар соңына дейін ойын процесінде болады. Оның үстіне қазандықта сақталып, сол 162 құмалақ бүкіл ойын бойы өзінің қызметін атқарады. Тоғызқұмалақтың әлі зерттелмеген тұстары бар деп есептеймін.

Чехияда жылына екі рет тоғызқұмалақ турнирі ұйымдастырылады. Швейцария, Түркия, Венгрия секілді елдерде халықаралық турнирлер өтіп жүр. Жыл өткен сайын олардың қатары да, деңгейі де өскені байқалады. Енді ол жақта арнайы мектептер ашылып, жастарды баулыса деген ойым бар. Бүгінде әлемдік жарыстарда қырғыздар, моңғолдар бізге жап-жақсы қарсылас. Бұл сол жердегі мектептердің әсері болса керек.

Бексұлтан Бостандықов: Мақсатым - әлем чемпионы болу

– Білуімізше, тоғызқұмалақ ойыны блиц, рапид және классика болып үш түрде ойналады. Сіз үшін ең ұзақ және қысқа болған ойын қанша уақытқа созылды?

– Жарыс әр кезде әртүрлі ұйымдастырылады. Мысалы, кешегі өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ойын классика түрінде өтті. Мұнда әр ойыншыға 1 сағат беріледі. Сонда жалпы ойынға екі сағат уақыт кетеді.

Ал бұған дейінгі жарыстарда ұзақ ойын Қазақстан чемпионатында болды. Шамамен 4 сағат уақытты ойынға арнадық. Ал, қысқасы, блицте 7 минут болғаны бар.

– Сегіз қырлы, бір сырлы жансыз. Тоғызқұмалақтан басқа қандай хоббиіңіз бар?

– Кітап оқумен айналысқанды жақсы көремін. Ғылыми, спорттық кітаптарды көп қараймын. Көбіне өзімді дамыту үшін спорт психологиясы туралы оқимын. Сол арқылы өзімді шыңдаймын.

– Алдағы жоспар қандай?

– Болашақта ұлттық спортымыздың дамуына өзімнің үлесімді қосып, шәкірттер дайындап, деңгейін көтергім келеді. Ал мақсатым – Әлем чемпионы болу және тоғызқұмалақтан Қазақстанға еңбегі сіңген спортшы нормативін орындау.

– Ашық сұхбатыңыз үшін рақмет! Алдағы бәсекелерге сәттілік тілеймін!

Әңгімелескен Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!