Ұстаз – ұлт болашағының темірқазығы, жас ұрпақтың жүрегіне нұр құйып, өмір жолына бағыт-бағдар беретін асыл жан. Халқымыздың «Алты Алаштың баласы басын қосса, төр – ұстаздікі» деуі де ұстаз еңбегінің қадірін айғақтайды. Ұстаздар күні – жас ұрпақты тәрбиелеу ісін өзінің өмірлік мұратына айналдырған жандарға деген ыстық ықыластың, шексіз құрметтің мерекесі.

Осы мерейлі күнге орай біз шәкірт тәрбиелеу ісінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ұстаз, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бексұлтан Рзаевпен сұхбаттасқан едік.

– Білуімізше, ұстаздық жолыңыз осыдан 11 жыл бұрын басталған екен. Балалармен алғаш жүздескен сәт есіңізде ме? Мұғалімдікті таңдауға не түрткі болды?

– Мен бала кезімнен спортқа жақын болып өстім. Әрқашан қозғалысты, жарыс пен белсенділікті ұнаттым. Сондықтан да жоғары оқу орнына түскенде таңдауым дене шынықтыру және спорт мамандығына түсті. Бұл мамандықты игеріп, мұғалім болуды саналы түрде қаладым. Мұғалімдік жолды таңдауыма отбасымдағы тәрбие де ерекше ықпал етті. Шешем ұзақ жылдар бойы балабақшада, кейіннен мектепте алты жасар бүлдіршіндерге сабақ берген. Уақыт өте келе анам басқа жұмысқа ауысқанымен, бұрынғы оқушылары оны көшеде көрсе де, түрлі жиын-тойларда кездессе де, әрдайым сәлем беріп, құрмет көрсетіп жүретін. Яғни мамандыққа қызықтырған адам менің аяулы анам. Сол сәттер маған ерекше әсер қалдырып, «мұғалім болу – үлкен мәртебе» деген ойды ерте санама сіңірді.

Студенттік кезімде де осы ой тереңдей түсті. Өзімнің куратор ағайымның қасында жүріп, талай азаматтың оған ізетпен иіліп, құрмет танытқанын көзіммен көрдім. Сол кезде мұғалім еңбегінің қадірін сезініп, бұл жолдың мән-мағынасын түсінгендей болдым. Оның үстіне өзім балажан болғандықтан, кішкентай шәкірттермен жұмыс істеу, олармен ойнап-күлу, бірге жаттығу өткізу маған айрықша ұнайды. Осы факторлардың барлығы менің жүрек қалауыммен ұштасып, мамандық таңдауда қателеспегеніме көзім жетті.

Әлі күнге жас маман кездерім кеше ғана болғандай көз алдымда. Ол кезде үлкен сынып оқушыларымен жұмыс істеу маған оңайға соқпады. Жасөспірім кезеңдегі мінез-құлықтары әртүрлі болғандықтан, кейде айтқан сөзіме құлақ аса қоймайтын. Ал бастауыш сынып оқушыларымен керісінше, барлығы өзгеше болатын. Олармен бірге жаттығу жасап, бірге ойнап, әр сабағымызды көңілді әрі қызықты өткізетінбіз. Балақайлардың кіршіксіз күлкісі мен шынайы ықыласы маған әрдайым күш-қуат беретін. Қазір де сол сезім өзгерген жоқ. Еңбек демалысына шықсам да, көп ұзамай оқушыларымды сағынып, қайта қауышуды аңсаймын.

Бексұлтан РЗАЕВ: Мамандыққа қызықтырған адам - анам

Барлығымыз білетіндей, адам өмірінде қателеспеуі тиіс екі үлкен таңдау бар: бірі – жар таңдау болса, екіншісі – мамандық таңдау. Себебі бұл екеуі де адамның болашақ тағдырына, өмірінің мәні мен мазмұнына тікелей әсер етеді. Өз басым, таңдаған кәсібімнен еш қателеспегеніме кәміл сенемін. Мұғалімдік – жүрегіме жақын, маған қуаныш сыйлайтын, өзгеге де пайдасы мол асыл мамандық.

– Жасанды интеллект дәуірінде ұстаздың орны қандай болуы тиіс деп ойлайсыз? Технологияның дамуы мұғалімнің қабілетін әлсірете ме, әлде керісінше, жаңа мүмкіндік бере ме?

– «Алты алаш баласы басын қосса, төр – ұстаздікі» деп халқымыз бекер айтпаған. Бұл сөздің астарында ұстазға деген халықтық құрмет пен биік баға жатыр. Шәкірт тәрбиелеп, білім нәрін дарытқан ұстаз әрқашан қоғамның тірегі саналған. Өйткені ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ол – ұрпақтың бағыт-бағдарын айқындап, болашағына жол сілтейтін тұлға.

Қазіргі заманда технологияның қарыштап дамуы мұғалімдерге де үлкен мүмкіндік әкелді. Заманауи құрал- жабдықтар, цифрлық платформалар мен жаңа әдістемелер ұстаздың қабілетін арттырып, оқыту үдерісін әлдеқайда қызықты әрі нәтижелі етуге жол ашты. Дегенмен қандай заман, қандай технология болса да, ұстаздың жүрек жылуы мен шәкіртке деген сүйіспеншілігі ешқашан ескірмек емес.

Білім – адамға өмір бойы серік болатын қазына. Сондықтан ұстаз да, шәкірт те тоқтамай ізденіп, уақыт талабына сай үнемі жетілдіріліп отыруы қажет. Балаға сапалы білім беру үшін ең алдымен өзіміз үнемі үйреніп, оқып, тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыда шыңдалып отырамыз. Бұл – әрбір мұғалімнің парызы әрі қоғам алдындағы жауапкершілігі.

– Қазіргі балалардың зердесі мен білімге құштарлығын бұрынғы ұрпақпен салыстырғанда қалай бағалайсыз? Балалар жеткілікті түрде білімге зейін қояды ма, әлде кемшін тұсы көп пе?

– Әрине бұл дүниеде ешнәрсе де жүз пайыз идеал болмайды. Әр заманның баласы өз уақытына сай, өз дәуірінің талабына бейімделіп өседі. Бұрынғы кезеңде білім алуға мүмкіндік аз болды: бірінің жолын отбасылық жағдай тежесе, енді бірінің қолын материалдық қиындықтар байлады. Соған қарамастан, сол уақыттың балалары «оқысам, білсем, көрсем, жоқшылықтан құтылсам» деген асқақ арманмен өмір сүрді. Олардың білімге деген құштарлығы мен талпынысы бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай еді.

Бексұлтан РЗАЕВ: Мамандыққа қызықтырған адам - анам

Қазір жағдай мүлде басқа. Бүгінгі оқушылардың мүмкіндігі әлдеқайда кең. Олар түрлі тілдерді еркін меңгеріп, әртүрлі ақпарат көздерінен қажетті мәліметтерді оңай таба алады. Әлемдік білімге, жаңа технологияларға, заманауи құралдарға жол ашық. Соның арқасында балалардың ой-өрісі де кеңейіп, дүниетанымы дамып келеді.

Алайда осы жетістіктермен қатар кейбір кемшіліктер де жоқ емес. Әсіресе жоғарғы сынып оқушыларының кітап оқуға деген ынтасы төмендеп барады. Көбіне бос уақытын телефонға арнап, «TikTok», «Instagram» сияқты әлеуметтік желілерде өткізеді. Әрине технологиядан қашып құтылу мүмкін емес, бірақ оны орнымен пайдалану маңызды. Өкінішке қарай, көпшілігі уақыттың қадірін жете түсінбей, қолында бар мүмкіндікті дер кезінде кәдеге жарата бермейді. Ал шын мәнінде, жас кездегі уақыт – баға жетпес қазына. Арман-мақсатқа жетудің ең басты кепілі де – осы уақытты тиімді пайдалана білу.

– Сіз үшін бала деген кім? Оқушыларға сабақ беруден бөлек, олардан сабақ алуға да болады емес пе? Кейінгі онжылдықта мектеп оқушыларымен жұмыс сізге не үйретті?

– Бала – біздің болашағымыз ғана емес, ең үлкен инвестициямыз. Әрбір адамның алған білімі ешқашан далаға кетпейді, қайта өмірінің түрлі кезеңінде пайдасын тигізіп отырады. Сол секілді біз бүгін балаларға берген біліміміз бен тәлім-тәрбиеміз ертеңгі күні олардың да, тұтас қоғамның да игілігіне қызмет ететіні сөзсіз.

Жас маман кезімде үлкен сынып оқушыларымен жұмыс істеу маған біраз сабақ болды. Олар әр қадамымызды жіті бақылап, жүріс-тұрысымызға, сөйлеген сөзімізге мән беретініне көзім жетті. Бұл маған үлкен тәжірибе болды: мұғалім ең алдымен өзіне сенімді болуы керек, дауысы анық шығып, сөзі нық айтылуы шарт. Сонда ғана бала сенің сөзіңді қабылдайды. Кейде әзілдеп жеткізу, кейде қатқылдау талап ету – бәрі де педагогикалық шеберліктің бір қыры екенін түсіндім.

Осылайша әр күнгі тәжірибе мені шыңдап, ұстаздық жолымда өсуге мүмкіндік беріп келеді. Жалпы адам теория арқылы білімін толықтырып, практика арқылы дағдысын қалыптастырады, ал тәжірибе арқылы кемелденеді. Кез келген маман иесі үнемі ізденісте болуы тиіс. Өйткені мүмкін еместей көрінген дүниенің өзі әрекет етсең, қол жеткізетін мақсатқа айналады. Халқымыз «Әрекетке – берекет» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, кім еңбектенсе, Алла соған жемісін береді.

Бексұлтан РЗАЕВ: Мамандыққа қызықтырған адам - анам

Білімге, өзін-өзі жетілдіруге жұмсалған әрбір қаражат пен уақыт ешқашан зая кетпейді, қайта бірнеше еселеніп қайтып келеді. Сондықтан жас кезде энергия барда аянбай еңбек ету қажет. Уақытында жасалған еңбек түбі берекеге жеткізеді, ал демалыс пен рахаттың өз сәті кейін міндетті түрде келеді.

– Бүгінгі білім бұрынғы кезге қарағанда біраз жаңғырды деуге толық негіз бар. Алайда балалардың ақпаратты тез қабылдауы мен кейде үстірт меңгеруі көп кездесетін жағдай. Осы мәселені шешуге арналған ұсыныстарыңызбен бөлісе кетсеңіз.

– Біздің басты мақсатымыз – ата- анамен бірлесе отырып балаға қолайлы орта қалыптастыру, оны қоғамға пайдалы етіп тәрбиелеу, сапалы білім беру және заман талабына сай тұлға ретінде жетілдіру. Өйткені тәрбие мен білім – егіз ұғым. Екеуі қатар жүрсе ғана ұрпақ саналы болып өседі.

Қазіргі заман – ұйықтайтын емес, білім алатын, үздіксіз оқитын уақыт. Бүгінгі бәсекелі қоғамда озат болудың жалғыз жолы – тәрбиелі әрі білімді болу. Халқымыз «Білікті бірді, білімді мыңды жығады» дейді. Сол секілді мыңды жеңу үшін де ең алдымен ақыл, парасат және терең білім қажет. Сонда ғана біз озық елдермен тереземізді теңестіріп, өркениет көшінен қалмаймыз.

Балаға дайын дүниені қолына ұстата салу жеткіліксіз. Дайын балта бергенмен, ол өмірдің барлық қиындығын жеңе алмайды. Ал егер біз оған дұрыс жол көрсетіп, сапалы білім мен жақсы тәрбие берсек, кез келген биікті өз еңбегімен бағындыра алады. Шәкірттің қолына қару емес, білім беру – ұстаздың да, ата-ананың да ең үлкен міндеті. Өйткені нағыз байлық та, нағыз күш те – білімде.

– Ұстаз ретінде болашақтағы арманыңыз қандай?

– Қарап отырсам, өз отбасымнан да артық уақытымды шәкірттеріме арнайтын кезім көп екен. Себебі олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – менің басты міндетім. Жарыстарға бірге дайындаламыз, әртүрлі серуенге шығып, ойындар ұйымдастырамыз. Күнделікті сабақ үстінде де, сабақтан тыс уақыттарында да олардың уақытын тиімді әрі көңілді өткізуге тырысамын. Өйткені әрбір баланың күлкісі – мен үшін шексіз бақыт, ал олардың қуанышы – менің шабыт көзім.

Арманым көп. Тәуелсіз еліміздің көк байрағын желбіретіп, халқымыздың болашағы үшін еңбек ететін, парасатты да білімді азаматтарды тәрбиелесем деймін. Себебі мәңгілік ел құндылықтарын қастерлеп, ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын жас ұрпақ өсірсек – ұстаз үшін одан асқан мәртебе жоқ.

Бексұлтан РЗАЕВ: Мамандыққа қызықтырған адам - анам

Шын мәнінде, «Ұстаз болу – өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялау» деген қанатты сөздің түп-төркіні өте терең. Мұғалімнің еңбегі – оның шәкірттерінің жетістігімен өлшенеді. Баланың өмір жолындағы әрбір жеңісі мен табысының артында ұстаздың төккен тері, шыдамы мен мейірімі жатады.

Әрине мұғалім болу – қызығы мен қиындығы қатар жүретін ерекше мамандық. Басшылықтың талаптары, ата-ананың аманаты, балалардың қылығы, отбасың мен жеке өмірің, құжаттар мен есептер – бәрін бір арнаға тоғыстырып, үйлестіріп алып жүру оңай емес. Бірақ жауапкершілікті сезінген жан үшін бұл – қиындық емес, керісінше өмірлік мектеп.

Бес күн жалғанда бар уақытын сізге арнап, білім нәрімен сусындатқан, адам болуға бағыт берген сүйікті мұғалімдеріңіз болса, міндетті түрде уақыт тауып, хал-жағдайын сұрап, көңілін көтеріп қайтқаныңыз жөн. Бір кесе шай ішіп, шынайы ықыласпен амандасу олар үшін зор қуаныш болатыны анық.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!