Жуырда талантты жастарды қолдайтын «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары анықталып, үздіктер белгілі болды. Республика көлемінде кіл мықтыларды саралайтын байқауда «Классикалық музыка» номинациясын жерлесіміз Бибарыс Әліш иеленді. Ақжолтай жаңалықты естіген бойда жеңімпазбен байланысқа шығып, азды-көп әңгімелесуді жөн көрдік.

Бибарыс Сәукенұлы – опера әншісі, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, Қазалы ауданының тумасы. Бүгінде Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің магистрі, сонымен қатар Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясында «Классикалық вокал» бөлімінің әкімшісі ретінде жұмыс істейді.

Сұхбат басында ол жастар үшін тағайындалатын дәрежелі сыйлықтың лауреаты атанғанына қуанышын жасырмады.

− Бұл − мен үшін үлкен мәртебе. Республикалық байқауға әр саладан дарынды жастар қатысады. Мұндай алаңда үздіктер қатарынан табылу мені әрі қарай еңбек етуге шабыттандырды, − деді ол.

Бетховен мен Моцартты естігенде көз алдымызға фортепиано елестейді. Бейбарыс та өнерге бет бұрған шағында фортепиано сыныбында білім алған.

− Қазалы ауданындағы Қорқыт ата атындағы балалар музыка мектебінің фортепиано сыныбында оқыдым. Классикалық бағыттағы қазақ және шетелдік композиторлардың шығармаларын орындау арқылы музыканың тереңдігін сезіне бастадым. Кейін опера өнеріне деген қызығушылығым оянды. Опералық музыканы алғаш тыңдап, сахналық қойылымдарды көрген кезден бастап бұл өнерге ғашық болдым. Сол қызығушылықтың арқасында Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түстім. Қазір магистратураға қадам басып, білімімді жетілдірудемін.

Классикалық музыкаға келуіме опера әншісі Ермек Серкебаев түрткі болды. Кішкентайымда теледидардан Ермек аға ойнаған «Севиль шаштаразын» көріп, қызығушылығым оянды. Сол кезде операның ғажайып әлемі мені баурап алды. Отандық өнер өкілдерінен бөлек әлемдік деңгейде маған шабыт беретін тұлға өте көп. Мысалы, Дмитрий Хворостовский, италиялық Лучано Паваротти сияқты даңқты орындаушыларды ерекше бағалаймын.

Әр адамның ұстазы болары хақ. Маған жолкөрсетіп, бағыт бағдар берген ұстазым – қазақ опера әншісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Азамат Қайратұлы, – деді Бибарыс Сәукенұлы.

Иә, музыка арқылы адамның жүрегіне де жол табуға болады. Кейіпкеріміздің айтуынша, классикалық музыканың хәлі бүгінде жақсарып келеді.

− Елімізде опера, драмалық және музыкалық театрларының көбейіп келе жатқанына қуаныштымын. Қазірдің өзінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында опера театрлары бар. Бұл халықтың мәдениетке, өнерге деген қызығушылығының арта бастағанын көрсетеді. Театр өнерінің дамуы – қоғамның рухани өсуінің белгісі. Біз де осы өнерді дәріптеп, халыққа сапалы әрі мазмұнды дүниелер ұсыну үшін оқып, ізденудеміз. Көрермендердің саны да күннен-күнге көбейіп жатқаны қуантады, – дейді ол.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, классикалық музыка орындаумен қатар талантты жастың композиторлық қыры да бар көрінеді.

− Композиторлық қабілетім бар, бірақ жоғары дәрежеде дамыттым деп айта алмаймын. Кейде шабытым келгенде фортепианомен эстрадалық жанрдағы әуендер шығарамын, – деді Бибарыс Әліш.

Әңгіме барысында Бибарыс классикалық музыканы шексіздікке теңеді.

− Классикалық музыка – мен үшін мәңгілік құндылық, шексіздік іспетті. Қазір түрлі жанр мен бағыттың пайда болып жатқанына қарамастан, ол өзінің ерекше орны мен маңызын сақтап келеді. Сол үшін де классикалық музыканы шексіздікке теңеймін. Ол ешқашан жоғалмайды, – деп кейіпкеріміз ой бөлісті.

Жұртшылықтың, өнер сүйер қауымның алдына шығып ән айту тыңғылықты дайындықты талап етеді. Бибарыстың көбіне қандай туындыны орындайтыны бізге қызық болды.

− Қазақ композиторларының туындылары жоғары деңгейде. Оның ішінде Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди жазған «Абай» операсындағы «Қай талқы» деп басталатын Абай кейіпкерінің ариясын жиі орындаймын.

Ал байқауларда көбіне ария немесе халық әнін орындаймыз. Себебі опера – классика. Мысалы, «Абай» мен «Евгений Онегин» операсындағы арияны орындасақ, қазақ романсының да орны ерекше. Мұхаммеджан Сыздықовтың «Өзгеге көңілің тоярсың» романсы жүрегіме, көңілімежақын. Репертуарымнан тастамай, қалдырмай айтып жүремін.

Әуелде алдағы жоспарым туралы сұрадыңыз. Жоспар да, мақсат та өте көп. Ең бастысы қазақ елінің туындыларын шетел сахналарында орындап, ұлттық өнерімізді әлемге танытсам деймін. Қазақтың туы желбіреп, өнер арқылы еліміздің абыройын асқақтатқым келеді. Сонымен қатар кәсіби деңгейімді шыңдап, жаңа биік белестерді бағындыру үшін аянбай еңбек етуді мақсат еттім, – деп Бибарыс Әліш әңгімесін қорытындылады.

Шынымен де, опера – адам жан тербететін ерекше өнер. Бүгінде жастардың осы салаға бет бұрып, үлкен жетістіктерге жетуі көңіл қуантады.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!