Қазақ күресі – өр рух пен жүректілікті талап ететін ұлттық спорт түрі. Осы спорттан ел мерейін асқақтатып жүрген белді балуан, 2022 жылғы «Қазақстан барысы», «Сыр барысы», «Алтын белбеу» иегері Мақсат Исағабылов – ұлттық құндылықтарымыздың шын жанашыры. Осы орайда спортшының өміріндегі жаңалықтармен танысып, емен-жарқын сұхбат құрған болатынбыз.
– Алдымен бала Мақсат туралы айтып берсеңіз. Қазақша күрес емес, әуелде самбо, дзюдомен айналысқан екенсіз…
– Кішкентайымнан спортқа бейім болдым. Бала күнімде үлкен ареналарда өнер көрсететін Азия, Әлем, Олимпиада чемпиондарына, әлемнің мықты спортшыларына қызығатынмын. Сол спортқа құмарлығымды байқаған әкем Аманбай Нұржанов, жаттықтырушым Болатбек Кенеевке апарып, болашағыма үлкен сенім білдіріп, күрес үйірмесіне табыстады.
– «Қазақстан Барысы» атанған Мақсат қазір немен айналысып жүр?
– Қазір бұрынғыша спорт саласындамын. Қазақ еліне әліде көптеген жеңіс сыйласам деймін. Сыр еліне тағы бір мәрте «Қазақстан барысы», «Әлем барысы» белдіктерін тарту етсем деген ниет бар, Алла қаласа. Осы арман, тілектерімді орындағаннан кейін басқа саладағы жоспарларыма ауысуға болады.
– Қандай салада кәсіби біліміңіз бар? Болашақта сізді басқа саладан көре аламыз ба?
– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі біліктілігін иелендім. Одан кейін осы оқу орнында заңгер мамандығында білім алдым. Әзірге қай салаға баратыным белгісіз, барлығы уақыт еншісінде. Үлкен спортты аяқтағаннан кейін Сыр спортының дамуына өзіндік үлесімді қоссам деймін.
– Спортта қазіргі басты қарсыласыңыз кім?
– Қазіргі спортымыздың төңірегінде жүрген барлық спортшыларды қарымды қарсылас деп айта аламын. Себебі әрқайсысының орны бір төбе, барлығы «сен тұр, мен атайын» дейтін балуандар. Соның ішінде мықты деп бөліп қарастыруға болатын балуандардың басым бөлігі Сыр елінен шыққан. Олар – достарым әрі қарсыластарым. Атап айтсам Еламан Ерғалиев, Нұрым Сәлімгереев, Айбек Серікбаев. Осы жігіттер байрақты бәсекелерде кемінде үштіктен көрінеді деп сенемін.
– «Мектеп бағдарламасына қазақша күресті қосу үшін әдістемесі әзірленуде» дейді мамандар. Жалпы облыстағы қазақ күресінің даму деңгейі көңіліңізден шыға ма?
– Қазақ күресі Астана қаласында бірнеше мектептің оқу бағдарламасына енгізілді. Бүгінде қазақ күресі ассосациясы мектеп бағдарламасына ұлттық ойындарды енгізу бойынша көптеген жұмыс атқарып жатыр. Алдағы уақытта барлық мектепте қазақ күресін арнайы пән ретінде бағдарламаға енгізу жоспарда бар. Қызылорда облысында да қазақ күресі жақсы дамып келеді. Жаттықтырушылар көптеп тартылып, жасөспірім балуандарды баулу үстінде.
– Балуандарға көрсетілетін қолдау туралы не айтасыз?
– Спорт басқармасы ұлттық спортымызды дамыту жолында жұмыс жүргізуде. Оқу-жаттығу жиындарына, жарыстарға ерекше көңіл бөлінеді. Бірақ кей сәттерде облыста қазақ күресі балуандары көлеңкеде қалып кетіп жататын жайттар аз емес. Сол олқылықты жою үшін арнайы «қазақ күресі» клубтары ашылса деген тілек бар. Қазақ күресі – ұлттық құндылығымыз. Сол құндылығымызға көрсетілер қолдаудың артықшылығы жоқ.
– Сұхбатыңыз үшін рақмет!
Мақсат ҚОСЫМБАЕВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!