Тоқсан жылдан астам тарихы бар іргелі оқу орнының дамуында іркіліс байқалмайды. Ірі тұлғалардың табаны тиген ордадан түлеп ұшқан түлек көп. Ұлағат ұясында білім іргетасы бекіп, тәртіп пен тәрбие тоғысып жатыр. Осы ретте М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледж директоры Жақсыгүл Тоғановамен сұхбат құрдық.

– Білім ошағына оқуға тапсыратын талапкер саны артып келеді. Студенттердің сыйымдылығы жайында сөз қозғасаңыз. Қосымша корпус салу жоспарда бар ма?
– Иә, жыл сайын оқу орнына түсуге ниет білдіретін жас көп. Бүгінде 2440 білім алушы бар. Қарым-қабілетін шыңдау мақсатында 24 үйірме жұмыс істейді. Таңдауы мен қалауына сай қатысып, бейімін арттыруға зор мүмкіндік бар. 17 мамандық, 25 біліктілік бойынша сапалы білім беруді жолға қойғанбыз. Сенім үдесінен шыққандықтан болар оқуға құжат тапсыруға асық оқушы қатары аз емес.
Негізі типтік ғимаратымыз 1200 адамға шақталған. Сондықтан студенттердің 2 ауысымда оқуына тура келеді. Егер аудитория жеткілікті болғанда бір мезгіл оқуды жоспарлауға болады. Осы орайда облыстық білім басқармасына колледж ауласынан студенттер сарайын салуға өтінім бердім. Үш қабатты етіп, қосымша құрылыс есебінен жаңа ғимарат салу жоспарда бар.
Кейде көпшілік-мәдени шараларды өткізу үшін орынды сырттан іздейміз. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйі немесе облыстық Нартай Бекежанов атындағы драма театрына алдын-ала хабарласып, бос уақытын күтеміз. Сондықтан колледждің 200-400 орынды қамтитын акт залы болса, уақыт жағынан да ұтылмас едік. Бірінші қабатына асхана мен спорт залын салып, шаршы метрін ұлғайтсақ, студенттер де емін-еркін жүреді. Бәрі уақыттың еншісінде.
– Технология мен техниканың дамыған дәуірінде алға жылжу маңызды. Оң өзгеріс болмаса нәтижеге қол жеткізу қиын-ақ. Осы ретте, колледждің жабдықталуы қалай жүзеге асуда?
– Заман ағымына ілесу көштен қалмауға түрткі. Түлекке түзу жол нұсқап, кәсіби бағдар беру үшін жұмысты жандандырып келеміз. Колледж қызметінің негізгі бағыттарын белгілеуіміздің де себебі сол. Қолданбалы бакалавр дәрежесінде маман даярлайтынымыз көпке мәлім. 9 сыныптан кейін 3 жыл 10 ай, 11 сыныптан кейін 2 жыл 10 ай оқу мерзімі бекітілген. Құжаттарды қабылдау «College SmartNation» электронды платформасы арқылы жүзеге асады. Талапкер табалдырық аттап, оқуды тәмамдаймын дегенше оқу процесіндегі ақпараттар осында сақталады. Яғни платформаның қолдану ауқымын кеңейтудің бір жолы осы.
Екінші бағыт – дуалдық білім беру жүйесін дамыту. Егер теория мен тәжірибе ұштаспаса қағылез баланың қабылдауы да баяу болуы мүмкін. Сондықтан тұтас тақырыпты меңгертудің тиімді тетігі десек артық емес.

«Жастар KZ» жобасы аясында көшбасшы жастар ортасын қалыптастыру да біздің мақсат. Бүгінде бетке ұстар жастар колледждің айнасы болып отыр. Озық ойлы студенттердің оза шабуына қолдау білдіреміз. Бағыт айқын, жоспар жүйелі. Бұдан бөлек үйлестіріп отырған жұмыс жетерлік.
Әрине, бәсекеге қабілетті маман даярлауда бас бұғып қалуға болмайды. Сондықтан жыл сайын материалдық-техникалық базаны заманауи үлгіде толықтырып отырамыз. Сайып келгенде, сапалы білім алуға мүмкіндік беру әрбір студентке мотивация. Колледж студенттер жатақханасы, әскери-спорт кешені, электронды кітапхана, дыбыс жазу және фото-видео студиялары, «Технология» шеберханасы, «Робототехника», «Цифрлық 3D», «Цифрлық білім беру» және «Мектеп физикасының цифрлық зертханасы», «Студенттерге электрондық қызмет көрсету» және Coworking орталықтары, «Схематехника», «Электроника және электротехника» кабинеттерімен жабдықталған.
Студенттер сабақ уақытында да ізденісін жалғап, белсенді болу керек. Тиісінше оқытушылар да технология тілін меңгеріп, білім беруде тың тәсіл қолданса құба-құп. Бүгінде оқу процесінде 444 компьютер бар. Соңғы үлгідегі интерактивті тақталар мен панельдер, мультимедиялық – сандық подиум, «BILIMBOOK» жеке мультимедиялық компьютерлері пайдаланылып жүр.
Жұмысты жандандыру үшін әр бастаманың маңызы зор. Оқығаны көңілге тоқуға әзір жастар барда жайлы жағдай жасаған ләзім.
Білім саласындағы өзгерістер сан қилы. Қазір «жаңартылған бағдарламада оқулық – жай ғана құрал» деген пікір бар. Мұғалім сабақты тың ақпарат пен жаңа тех­но­логия арқылы өтуі керек. Сонда оқулықтың маңызы қандай болмақ?
– Оқулық – маңызды ресурс. Инновациялық әдістің түр-түрі пайда болып, тың ақпарат тапқанымен теориялық білімнің орны айрықша. Жоспарды жүйелеп, тақырыпты түгендеп беретін де оқулық. Әрине қазір мұғалімнің сабақ беру тәсіліне өзгерістер еніп жатыр. Десе де ақпарат көзі көп деп, оқулықты шетке ысырудың жөні жоқ. Бұл салада 23 жылдық еңбек өтілім болса да әлі теорияға жүгінемін. Теория жоқ жерде тәжірибе жинақтау жеңіл болмайды. Демек оқулық – мәнін жоғалтпайтын құнды құрал.
Білікті ұстаз шеберлігін арттыруды дағдыға айналдыру керек. Айтыңызшы, педагогтың инновациялық қызметке дайындығы қандай параметрлерге байланысты деп ойлайсыз?
– Шынтуайтында, еңбек маңдай тердің мөлшерімен өлшенеді. Колледж ұстаздары білім берудің озық үлгісін үйреніп, жаңашылдықты жат көріп жүрген жоқ. Оқытушымен қатар өзім де арнайы жетілдіру сабақтарын жібермеймін. Әр педагогтың қысқа мерзімді курстан өтуін назарға аламын. Өйткені кәсіби тұрғыдан деңгейді арттыру негізгі міндет. Бізде 208 оқытушы бар. 3 жыл сайын оқуға жіберу бойынша перспективалық жоспар жасаймыз. Жаңа оқу жылында да 67 мұғалім педагогикалық шеберлік орталығынан білімін жетілдіріп үлгерді.
Шәкірті шыңға шығып, жеңіс тұғырынан көрінсе ұстаздың ұлық қызметті абыроймен атқарып жүргені. Студенттің білім биігін бағындыруға үлес қосып, өзі де марапат мінберінен көрінуі кім-кімнің қолынан келе бермейді. Оқытушылар қатарында ғылым кандидаттары, білім магистрлері, «Ы.Алтынсарин» және «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі иегерлері, Мәдениет қайраткері, Суретшілер Одағының мүшелері, республикалық «Үздік педагог» байқауының жүлдегерлері қызмет атқарады. Сондай-ақ, халықаралық «Шоқан оқулары» байқауында, «Менің инновациялық сабағым» конкурсында, ағылшын тілі мұғалімдерінің «Modern English teacher» сайысында, облыстық «Үздік топ жетекшісі» және «Үздік оқу-әдістемелік кабинет» байқауларында жеңімпаз атанып, облыстық «Жыл ұстазы» номинациясын иемденуі колледж мәртебесін көтеріп келеді.
Бүгінде аттестация сынынан сүрінбей өтіп, «Зерттеуші», «сарапшы», «шебер» санатына ие болуда. Мұның бәрі ұшан теңіз еңбектің нәтижесі, ұжымның ұйымшылдығы. Бәрі жоғары дәрежеде білім бере алатын мамандар.
Физика-математика бағытындағы бөлімнің жабылатынын естідік. Мұның себебі неде? Басқа қандай өзгерістер болуы мүмкін.
– Рас, қазір бұл бағытта бітіруші топтар оқып жатыр. Енді физика-математика бойынша оқуға қабылдау аяқталды. Оқу ағарту министрлігінің жоғары оқу орындары қандай маман даярлайтыны туралы тізім бар. Сонда көрсетілгендей жаратылыстану бағытын жоғары оқу орны оқытады деп шешім шығарылған. Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мен негізгі орта білім беру мамандықтарын қамтып отырмыз.
Жаңа оқу жылында колледж базасы екі «Логопедия» және «Сандық технология» мамандығымен толықты. ІТ-ге сұраныс басым. Сондықтан өңірден істің көзін танитын, жаңашылдықтың жалауын жықпайтын маман көбейсе нұр үстіне нұр.
Мұғалімдердің сағаты аз, жұмыс тапшы деген мәселе туындайтыны жасырын емес. Соған қарамастан жастар мұғалім болуға ынталы. Жалпы қай бағытқа сұраныс көп?
– Иә, педагогикалық мамандарға сұраныс көп. Негізі мониторинг жасап отырамын. Мәселен, бастауыш білім беру мамандығына 1 орынға 10 талапкер таласады. 25 орынға грант тағайындалса, 250-400 студент құжат тапсырып, оқуға түсуге ниетті болады. Демек сұраныс тым жоғары.
Дей тұрғанмен «масыл боламын» деген оймен мамандық таңдау дұрыс емес. Баланың ішкі дүниесіне үңіліп, қалауына құлақ түру керек. Талапкерді қабылдайтын уақытта сұхбаттасу өтеді. Комиссия құрамында міндетті түрде отырамын. Әр баладан «Мұғалім болғың келе ме? Әлде ата-анаңның таңдауы ма?» деп сұрақ қоямын. Әрқайсысы әрқалай жауап береді. Қазір педагог мәртебесі көтеріліп, жалақысы артқаннан кейін баласына мұғалім болуды ұсынатындар көп. Бірақ салмағы басым салаға қателесіп келуге болмайды. Турасын айтқанда жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек. Қазір қуантатыны, мамандыққа махаббатпен қарайтын, өз ықтиярымен келетін жас көп. Салада сіңімді еңбек етіп, мұғалім боламын деген баланың көзінен ұшқын көрсем ұстанымы мықты екенін аңғарамын.
Мамандық бойынша жұмысқа тұруды қиындатпау керек. Білікті маман жерде қалмайды. Егер адам мен қоғамды егіз ұғым десек, мемлекет барда мектеп саны ешқашан кемімейді. Тек маман даярлайтын жеке оқу орындарына лицензияны сұрыптап беру керек.
– Колледж формасына тоқталайықшы. Басқа оқу орындарында міндеттелген киім үлгісі жоқ. Ал мұнда студенттер классикалық үлгіде киінеді. Бұл «болашақ мұғалім даярлаймыз» деген ұстаным ба?
– 9 сыныптан кейін 15-16 жастағы жасөспірімдер оқуға келеді. Яғни кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Ерік берсең, қысқа белдемше киіп, шаш жіберуі мүмкін. Әлбетте педагогикалық маман даярлап отырғанымызды да алға тартамыз. Сондықтан киім-киісін қадағалау қисынды. Оның үстіне білім туралы заңда «бірыңғай форма» жайлы айтылған. Осыны да негіз етеміз. Жасыратыны жоқ, білім ошағында хиджаб, тобықтан түсетін шұбатылған көйлек киюге қатысты туындаған дау көп. Ал бірыңғай форма мұндай келеңсіздіктің алдын алады. Қыз баланың ақ жейде мен тізеден төмен түсетін белдемше кигені орынды. Ер балаға да классикалық стильді бекіттік. Бұл жинақы жүруге қалыптастыратыны сөзсіз. Сапалы тәрбие мен саналы тәрбиенің тоғысуы өскелең ұрпақты өрге жетелейтініне сенім мол.
Ізгі істердің басы-қасында жүресіз. Жастардың шығармашылық әлеуетін қолдауда ықпалыңыз зор. Колледж студенттері сізбен ашық пікірлесе ме?
– Белсенді әрі көшбасшы студенттің көптігі рас. Сондықтан кездесуді еркін форматта өткізіп, ылғи ашық әңгіме айтудан қашпаймын. Жастардың креативті ойы мен ұсынысын жасқанбай айтатыны ұнайды. Кейде жатақханаға да барып, емен-жарқын пікір алмасамыз. Білім беруде қандай кемшін тұс бар, қандай қолдау керегін әкімшілік құрамнан, яки оқытушылардан емес өздерінен сұраймын.
Жастар ресурстық орталықтарымен тікелей байланыстамыз. «Ассорти» жастар театрының мүшелері өте белсенді. Кез келген шараның ұйымдасуында ұтқыр ойымен ерекшеленеді. 4 курс студенттері қойылымның сценарийін жазып, «Осындай бастама бар. Қолдау көрсетесіз бе?» деп келгенде ой-пікірімді айтып, ортаға қарай ойысамын. Таудай талпынысы бар жастың белін буу қашанда маңызды. «Басшымын» деп қақиып жүрудің қажеті жоқ.
Білім алушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, колледж қабырғасында мемлекеттік жастар саясатын жүргізу мақсатында «Жастар ісі жөніндегі» комитет жұмыс істейді. Комитет жетекшісі – Шернияз Жалғасбекұлы. Түрлі бағытта ұйымдар құрылып, танымды кеңейтетін жобалар жүргізіледі. Студенттерді саяси сауатылыққа бастайтын «Жастар рухы» Жастар қанаты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Sanaly urpaq» клубы, әзілкештерден құралған «Manshuk.kz» жайдарман клубы, пікір-сайыс және шешендік өнерді үйретіп, ораторлардың ортасына айналған «Шаңырақ» дебат клубы, «Мейірім акселераторы» еріктілер ұйымы, Студенттік Парламент, Студенттік Альянс ұйымы, «Manshuk Business Startup» бизнес клубы сөзіміздің айғағы. Жиылған жастар сан қырын танытып, еркіндіктің есігін именбей ашады.
Өнерімен өрге шыққан студенттер жеңіс жолын жалғап келеді. Үздіктердің үздіксіз дамуы колледждің оң имиджін қалыптастыруға негіз. Әр жетістігі мақтануға да, мақтауға да лайық. «Шетел тілі» бөлімінің студенттері Аружан Сақтағанова мен Назым Сембиева «ТОП – 20 студент» жобасының жеңімпазы атанды. «Нұргүл» халық ән-би ансамблі – қазақ өнерін халықаралық дәрежеде дәріптеп жүрген шығармашыл ұжым. Колледждің «Япурай» хор ұжымы «Жұбановтар әуені-2022» халықаралық хор музыкасы фестиваль-байқауында арнайы дипломмен марапатталды.
Тек білім мен өнердің төңірегінде емес, спортта да еншілеген жеңіс жетерлік. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Болашақ» университетінің ұйымдастыруымен футзалдан қалалық жарыста I орын бұйырды. Жоғары және орта оқу орындары білім алушыларының ерлер арасындағы волейболдан өткен жарыста колледж командасы III орынға ие болды.
Қарышты қадамы жеңіске бастаған буынның еңбегін ескеретін жобада төбе көрсеткен таланттар бар. «Қазақстан колледждерінің ТОП 100 студенті» жобасында Дидар Өмірзақ, Ақбөпе Жақсылық, Аружан Мамзада, Гүлжан Мустафаева, Аяжан Серікова жеңімпаз атанды.
Атап айтар, жіпке тізер жетістік мұнымен толастамайды. Әрқайсысы бір-бір саланың тізгінін ұстап, қызмет атқарып жүр. Кешегі күні 380 бітіруші түлектің 200-і грантқа түсті. Қалғаны жұмысқа орналасып, адал несібесін табуда. Түлектер көкке құлаш жайса, серпінді дамудан серпіліс сезілгені.
«Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер». Талай шәкірттің қанатын қомдап жібергеніңіз анық. Ойда-жоқта жолыққанда құрмет көрсететін болар?
– Ұстаздық – бала жанын баптау деген сөз. Сөгіс пен сын айтсақ та, астарында аналық мейірім жатады. Бітіруші түлектерді бірнеше жылдан соң көрсем де, ұмытпай, сәлем береді. «Маған сабақ бердіңіз ғой» деп жылы шырай танытқанда марқайып қаламын. Бұл – ұстазға көрсетілген құрмет. Тек аймақта ғана емес, іс сапар бойынша көптеген қалада бо­ламын. Бәрі жоғары лауазымда, бір-бір қызметте жүр. Қазір әріптес те болдық. Оқытқан, тәлім берген шәкіртім ретінде көзіме оттай басылады, балаларым сияқты жақсы көремін. Сондықтан көрісіп қалсақ, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысымыз анық аңғарылады. Содан кейін ғана «әріптес» ретінде сыйласып, кеңесеміз. Әр студенттің ілтипаты ыстық.
Басшылық қызметтегі ұстанымыңыз қандай?
– Ұстанымым – сапалы кадр даярлау. Талапкердің оқуға ынтасын жоймай, мықты маман жасақтау. Ұжымды ұйымшыл етіп, ынтамақпен ымыраға келуін жүйелейтін басшы екені анық. Сон­дықтан білікті оқыту­шы­лармен бірлесе отырып жемісті еңбек ету маңызды. Бес саусақ бірікпесе бірлік те, береке де болмайтыны белгілі ғой. Тамырын тарихтан алған оқу орнымыздың айтулы жетістігі ортақ еңбек, тындырымды тірліктің нәтижесі.
Әрқашан жалынды жастарды қолдауда аянып қалғым келмейді. Бос уақытымда жас буынға байланысты мәселелерді қарап, демеу беру, ықпал ету негізінде ізденемін. Бұдан бөлек нор­мативтік-құқықтық құжаттарды қарап, кітап оқуға да көңіл бөлемін. Қысқасы, оқу орны болғандықтан біліммен қамтамасыз етіп қоймай, қызығушылығына сәйкес қабілетін шыңдауда қолдау көрсетуді құп көремін.
Студенттер күніне орай жылы лебізіңіз болса, мархабат!
– Студенттік шақ – жаңа өмірге дайындайтын кезең. Кейбірі ата-анадан алшақ, қала, тіпті ел асып кетеді. Мұндайда өзіне ғана сеніп, тірлік етуге тура келеді. Өзгенің қолына қарап жалтақтамас үшін зейінін де оқуға салады. Жаңа өмірге бейімделе бастайды. Сондықтан тартынбайтын табанды, белсенді болыңыздар. Мұның бәрі кемел келешектің кірпішін қалайды.
Әрбір шақ, сәт, уақыт көңіл көкжиегінде, жүрек түкпірінде сақталады. Студенттік кезең де еске алатын естелігімен ерекше. Қайрылса да қайта келмейтін уақытты босқа өткізбеу маңызды. Айтарым, таңдап түскен мамандықтың майталманы атанып, елге елеулі тұлға болыңыздар!
Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!