Әлеуметтік желі – бүгінгі күннің сахнасы. Біреу үшін ол тек көңіл көтерудің құралы болса, біреу үшін кәсіби мансапқа бастар жол. Солардың қатарында жас та болса талай жетістікке жеткен контент-мейкер, жас кәсіпкер Әлия Қабыл да бар. 20 жасында бизнес ашып, курстарын қалыптастырған ол бүгінде жүздеген шәкіртке бағытбағдар беріп жүр. Біз Әлиямен қазіргі контент индустриясы, кәсіпкерлікке қадам басу жайлы әңгіме өрбіттік.

– Бүгінде кез келген адам смартфон ұстаса – блогер, контент-мейкер болып кете алады. Бірақ кәсіби деңгейге көтерілудің басты шарты не?

– Иә, келісемін. Менің ойымша да солай. Яғни егер адамның қолында телефон болса, ол өзінің армандарын жүзеге асыруға, қалаған деңгейге шығуға, ауқымды нәтижелерге жетуге деген мүмкіндігін әлдеқайда арттырады.

Ал жалпы сұраққа оралатын болсақ, контент-мейкер мен блогер – екі бөлек ұғым. Контент-мейкер – әдетте көлеңкеде біреудің атынан контент жасайтын адам. Ал егер біз өзін-өзі дамытқысы келетін адамды алсақ, ол басқа әңгіме.

Әр адам блогер бола алмайды. Неге? Себебі үлкен аудитория жинау үшін, көпшіліктің сеніміне ие болу үшін ең алдымен харизма керек. Сондай-ақ белгілі бір таланттың болғаны маңызды: мейлі ол ән айту болсын, жақсы билеу болсын – айырмашылығы жоқ, бірақ бір ерекше қырың міндетті түрде болуы тиіс. Сыртқы келбет те рөл атқарады. Немесе адам өте әзілқой болуы мүмкін. Яғни нағыз блогер болу үшін бірегей қасиет қажет. Дүниежүзілік деңгейде танымал блогер болу – бір күнде келетін дүние емес, оған ұзақ уақыт еңбектену керек әрі аз да болса туа біткен қабілетің болуы шарт. Кем дегенде 1% талант қажет.

Ал контентмейкер бола алмайтын адам жоқ деп ойлаймын. Неге? Өйткені мұнда базалық білім, қарапайым қадамдар бар. Барлығымыз да видеоны монтаждап, әлеуметтік желіге жүктей аламыз. Тек дұрыс контент жасауды, оны табысқа айналдыруды үйрену қажет. Ол үшін дағдыны шыңдап, тәжірибе жинап, кәсіби деңгейге көтерілу керек.

– Контент жасауды көбіне жеңіл көретіндер бар. Ал іс жүзінде бұл мамандықтың психологиялық, шығармашылық және уақыт жағынан ең күрделі екенін бәріміз білеміз. Күйзеліспен қалай күресесіз?

– Шын мәнінде, күйзеліс пен шаршау – кез келген жұмыста кездесетін құбылыс. Мемлекеттік қызметте істесең де, фрилансер болсаң да немесе басқа мамандық иесі бол, бәрібір ол сенен айналып өтпейді. Неге? Өйткені ол қарапайым факторлардан туындайды: ұйқының жетіспеуі, дұрыс тамақтанбау, күнделікті тәртіп пен өмірлік баланстың бұзылуы. Мұндай кезде оның салдары өмірдің барлық саласына әсер етеді.

Дегенмен адамның әрқашан таңдауы бар. Өмірдің өзі қара мен ақтың үйлесімінен тұрады. Жақсы сәттер де, қиын сәттер де қатар жүреді. Ал адам өзі қайсысын таңдауы керек. Мысалы, біреу кішкентай жалақыдан қажиды, енді біреу фриланста моральдық тұрғыда шаршайды. Бұл – таңдау. Сен спортпен айналысқың келмеуі мүмкін, бірақ соның салдарына дайын болуың керек. Яғни екі жақта да қиындық бар, тек қай қиындығың өзің үшін пайдалырақ екенін таңдауың қажет.

Мен үшін де солай: жақсы табыс табу, танымал болу, көпшілікке белгілі есімге айналу – мұның бәрі оңай емес. Мұндай жағдайда да «күйзеліссіз» болмайды. Бірақ бұл – жұмыстың бір бөлігі. Маңыздысы – уақытылы демалып, қайта күш жинап, жаңадан жұмысқа кірісу.

Шын мәнінде контент жасау, түсірілім алаңына барып, жаңа дүние ойлап табу – кәдімгі тұрақты жұмыстан әлдеқайда қиын. Себебі мұнда сен өзің үшін жұмыс істейсің, ал табысың тікелей өз еңбегіңе байланысты. Бұл жай ғана кеңсеге барып, дайын еңбекақы алу емес. Марғұлан Сейсенбай айтқандай: «Миллиардер болудың жолы қандай? Біріншіден – үлкен жауапкершілікті алу, екіншіден – тәуекелге бару». Міне, осы екі нәрсе ғана адамның жақсы табыс табуына жол ашады.

Контент жасау да, блогер болу да – күн сайын тәуекелге бару. Бұл – ең алдымен өзіңді таңдау, өз атыңды алға шығару, басымдықтарыңды дұрыс қою. Жұмыс істеп қана табыс табасың. Сондықтан блогерлер жетістікке жетеді. Өйткені өмірде ештеңе кепілдендірілмеген, тұрақтылық деген ұғым жоқ.

– Қазақстандағы контент индустриясының болашағын қалай елестетесіз? Бұл сала тұрақты кәсіпке айнала ма, әлде уақытша тренд болып қала бере ме?

– Менің пікірімше, жеке бренд, блогерлік, есім қалыптастыру – бұл құбылыстар бізбен әлі ұзақ уақыт бірге болады. Неге десеңіз, одан бұрын да әлемде әншілер, бишілер, әртістер болған. Олар да әлеуметтік желіде емес, өзге алаңда жеке брендін дамытқан адамдар еді. Дәл сол сияқты, қазір бұл үдеріс әлеуметтік желі арқылы жүзеге асып жатыр. Әлеуметтік желілер болашақта қаншалықты өзгерсе де, оның мәні жойылмайды, өзектілігін жоғалтпайды.

Егер бұрын «ең жақсы уақыт – ағаш отырғызатын немесе акция сатып алатын уақыт» делінсе, қазір ең дұрыс уақыт – бүгін. Себебі бұл сала күннен-күнге дамып келеді. Мәселен, Қазақстанды ТМД елдерімен салыстырсақ, Ресей бұл бағытта бізден әлдеқайда алда. Олар блогерліктің барлық қырын байқап көрді, түрлі монетизация тәсілдерін сынап үлгерді. Ал біз енді ғана қадам жасап жатырмыз. Бірақ менің ойымша, бұл тенденция тоқтап қалмайды, керісінше күшейе береді.

Сондықтан Қазақстанда блогинг пен жеке брендті дамыту өте маңызды. Неге? Өйткені отандастарымыздың шығармашылығы, идеялары арқылы біз әлемдік нарыққа шыға аламыз, елді таныта аламыз. Өкінішке қарай, Қазақстанның жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында екенін көпшілік біле бермейді. Ал біз қарапайым смартфон мен тегін әлеуметтік желілердің көмегімен елдің беделін көтеріп, оны жаһанға таныта аламыз. Бұл сала әрқашан сұраныста болады және пайда әкеледі. Сондықтан оны дамытуды бүгіннен бастау қажет.

Мысалы, егер сізде блогер болуға қажетті харизмаңыз болмаса да, қолыңызда телефон бар және жақсы табыс тапқыңыз келсе – сіз эксперт бола аласыз. Инстаграм жүргізіп, одан табыс табу үшін міндетті түрде контентмейкер болу шарт емес. Бұл үшін ең әуелі өміріңізде жақсы көретін бір істі табу және соны аудиторияға жеткізе білу қажет.

Айталық, сіздің мақсатыңыз миллиондаған аудитория жинау емес, бірақ өзіңізге сенетін 100 мыңдай жазылушыңыз болса да жеткілікті. Солар үшін сіз белгілі бір саладағы блогер әрі эксперт бола аласыз. Яғни Инстаграмда адамдар екіге бөлінеді: біріншісі – эксперттер, екіншісі – блогерлер.

Блогер – үлкен аудиторияға ұмтылады. Ал эксперттер өз саласында білімін, тәжірибесін бөлісетіндер. Әрине қазір бәсекелестік өте жоғары. Бірақ соған қарамастан, эксперт ретінде де, блогер ретінде де өз орнын табуға болады.

Мәселен, сіз дәрігерсіз. Мемлекеттік қызметте істейсіз, қоғамға қажет мамансыз. Бірақ сонымен қатар қосымша табыс табуды, онлайн арқылы бірдеңе сатуды немесе өз тәжірибеңізді көпшілікке жеткізуді қаласаңыз, Инстаграм сізге де мүмкіндік береді.

Бір ғана телефон арқылы парақшаңызды жүргізіп, дәрігерлік жұмысыңыз жайлы айта аласыз. Күнделікті тәжірибеңізден пайдалы кеңестермен, адамдар жиі кездесетін мәселелер мен олардың шешімдерімен бөлісе аласыз. Осылайша өзіңіздің эксперт ретіндегі беделіңізді қалыптастырып, аудитория жинайсыз. Ал аудиторияңыз сенім артқан сайын, одан табыс табудың да жолы ашылады.

– Жас кәсіпкер үшін ең үлкен сынақ – қорқыныш пен сенімсіздік. Сіз ол кедергілерді қалай жеңдіңіз?

– «Неге мен барлық кедергілерге қарамастан, Қазақстанда өз агенттігімді ашып, компаниямды дамытудамын?» – осы сұраққа жауап іздегенде ең алдымен бір нәрсені түсінемін: тәуекел етпей, ештеңе бастамай, қателеспей өмір сүрген адам ертең өкінішпен өмір сүреді. Ал мен ондай жолды қаламаймын.

Қазір жаспын, күш-қуатым бар. Үлкен отбасым жоқ, балаларға жауапкершілігім жоқ, яғни қателесуге, үйренуге, қайта тұруға мүмкіндігім мол. 40 жасқа келгенде «Неге ештеңе байқап көрмедім?» деп өкінгім келмейді. Өмірдің мәні – батыл қадам жасап, өзіңді сынаудан тұрады.

Қорқыныш – қалыпты сезім. Бірақ оның күші бар: адам ненің алдында қорқса, сол жерде оның өсу мүмкіндігі жатыр. Бизнес ашудан қорқасың ба? Демек, сол бағытта қадам басуың керек. Камера алдында сөйлеуден қысыласың ба? Олай болса, дәл сол жерге бет алу қажет. Өйткені ол сенің жаңа деңгейіңе бастайтын есік.

Ал сенімсіздіктің себебі білмеуден шығады. Қалай есік ашуды білмесең, сол сәтте сенімсіздік пайда болады. Сондықтан білетін адамнан үйрену – ең дұрыс жол. Компания ашар алдында мен де тәжірибелі кәсіпкерден кеңес алдым. Әлеуметтік желінің артықшылығы да осында: кім немен айналысып жүргенін көріп, тікелей жазып, уақытын сатып алып, баға жетпес кеңес алуға болады.

– Өз қатарластарыңызға не айтар едіңіз?

– Біз, жастар, қазір қанымыз қызу, ойымыз ұшқыр, арманымыз асқақ шақтамыз. Бұл кезеңде ең бастысы – жауапкершілік аз, ал уақыт пен күш-қуат мол. Түн ұйықтамай еңбек етуге дайынбыз, барымызды салып беруге әзірміз. Сондықтан дәл осы шақ тәжірибе жинап, үлкендерден үйреніп, алған білімді іске жарататын ең қолайлы мезет.

Қазір ақша басты мақсат болмауы керек. Ақша кейін де келе береді. Үйді де аласыз, көлікті те аласыз, ата-анаңызға да жағдай жасайсыз. Шынымды айтсам, мен 30-40 жаста көлігі жоқ бірде-бір адамды білмеймін. Бұл – база, оған ұмтылудың қажеті жоқ. Бүгінгі ең қымбат қазына – тәжірибе мен адамдардан алған сабақ. Тек қаржыны ойлап жүрсеңіз, аз жалақысы болса да мол білім беретін жобадан айырылып қаласыз. Ал тәжірибе мен әлеуметтік капиталдың құны өлшеусіз. Ақша – құрал ғана, ең төменгі деңгей.

Мен бір нәрсені байқадым: бүгінгі жастардың көпшілігінде «аштық» жоқ. Иә, табысқа, жетістікке деген аштық. Көпшілігі жай ғана орташа өмірге қанағат етеді. Ал неге орташа болу керек? Өмір мүмкіндік беріп тұрғанда, неге биікке ұмтылмасқа? Ата-анамыздың дәуірінде интернет жоқ еді, білімге қол жеткізу қиын болатын. Ал қазір мінсіз уақыт: ғаламтор бар, тегін кітаптар бар, шабыт сыйлайтын адамдар бар. Барлық мүмкіндік ашық тұр.

Әркім блогер болуы шарт емес. Егер жазғанды ұнатсаңыз – кітап жазыңыз. Сурет салуды сүйсеңіз – сурет салыңыз. Ақшаға байланып қалмаңыз. Ата-ана «тұрақтылық» дейді, «неге аз табасың?» деп алаңдайды. Бірақ олар басқа дәуірдің адамдары. Олардың кезінде тұрақтылық құнды болды. Қазір өмірдің өзі тұрақсыз: бір жұмысқа кіріп, қырық жыл отыру мүмкін емес. Сіз дамымасаңыз, сізді бір сәтте алмастырады. Сондықтан ең дұрыс шешім – өзіңізге инвестиция салу. Яғни біліміңізге, қабілетіңізге, тәжірибеңізге.

Әрине нақты мамандық иелеріне (дәрігерге, заңгерге) диплом қажет. Бірақ кәсіпкерлік пен маркетинг секілді салаларда бастысы тәжірибе мен біліктілік.

Сондықтан жастық шақты босқа өткізбеу керек. Ішімдікке, темекіге, мәнсіз қыдыруға уақытты рәсуә етпеңіз. Әр күніңізді дамуға, арманға қарай бір қадам жасауға арнаңыз. Өмірді өзгерткіңіз келсе – әрекет етіңіз. Армандап қана қоймай, сол арман үшін қимылдаңыз. Сонда ғана сіздің жолыңыз ашылады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!