Ұстазға шәкірт танымын ашып, талғамын қалыптастыру оңай іс емес. Сондықтан жан-жақты даму, білім-білігіңді жетілдіру жүйелі жүруге тиіс. Сыр өңірінде де білім беру саласында өзіндік қолтаңба қалыптастырып, ізденіс арқылы көпке танылған педагог жетерлік. Соның бірі – Фархат Досаев. Жуырда білікті маманмен сұхбаттасып, салаға қатысты ой-пікірін білген едік.

Еңбек жолымды 2008 жылы Қызылорда қаласындағы №3 гимназияда дене шы­нықтыру пәнінің мұғалімі болып бастадым. Сонымен қатар 2014 жылдан осы жылдың тамыз айына дейін №144 Сақтапберген Әлжіков атындағы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқардым.
Білім беру саласында ұзақ жыл тәжірибе жинадыңыз. Бүгінде аталған салада ең басты жаңалық ретінде қай өзгерісті атар едіңіз?
– Еңбек жолымдағы 15 жыл үлкен тәжірибе және өмір мектебі десем болады. Байқағаным, тәрбиенің тамыры ұлттық негізде екен. Сондықтан министрлік тарапынан қолға алынған отансүйгіштік бағытындағы бағдарламалар – тың өзгеріс. Мәселен, «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» оқу-тәрбие бағытының тәрбиелік әлеуетін дамытуға бағытталған басты жаңалық деп ойлаймын.
Білуімізше, қазіргі таңда қосымша білім беру орталығында еңбек етесіз. Оқу орталығы қашан құрылды? Негізгі бағыты қандай?
– Облыс әкімінің бастамасымен білім алушылардың патриоттық, азаматтық, жоғары моральдық сезімін қалыптастыру және жасөспірімдер арасындағы бұқаралық спортты дамыту жобалары жүзеге асуда. Осыған орай облыстық білім басқармасы шілде айынан бастап «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығын ашты. Мекеменің негізгі мақсаты – ұлттық мұраға құрметпен қарайтын, зияткерлік тұрғыда бәсекеге қабілетті өрендерді қалыптастырып, балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыруға тәрбиелеу.
Білім мекемелері жаңа оқу жылының алдында өткенін сараптап, алдағы кезеңге жоспар жасайды. Біздің орталық та 2023-2028 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын жасады. Осыған орай тәрбиелік бағыттағы шаралар айқын­далды.
Ғы­лыми жетістік пен тәжі­рибе ал­масу ба­ғытта көр­сеткіш қай дең­гейде?
– Бі­лім беру деңгейі – эконо­микалық және ғылыми техникалық прогрестің бастау көзі. Сол себепті соңғы жылдары білім саласындағы реформаларды игеру ең оңтайлы шешім болмақ. Бастамашыл мекеме ретінде тәжірибе алмасуды жұмыс жүйесіне енгізу, нақты нәтижеге жету жоспарын құру негізге алынған.
Оқушыға сапалы білім берудің белгілі бір алгоритмі бар ма?
– Нақтылап айтатын болсам, қоғамды дамыту білім, ғылымның құзырында. Сонымен қатар әр кезеңнің күн тәртібінде өзекті мәселелер, тіпті қай кезеңде болса да өзектілігін жоймайтын мәселелер бар. Қазіргі таңда түйіткілдер қатарында рухани жаңғыру, қоғамдық сананы өзгерту, цифрландыру секілді мәселелер орын алып отыр. Сондықтан осы бағыттарға басымдық бере отырып, инновациялық әдістерді дер кезінде енгізіп отыру басты талап.
– Алдағы жоспармен бөліссеңіз…
– Жоспар өте көп. Басты мақсат – теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру, еңбекке баулу, экологиялық мәселелерді шешуге ықпал ету. Бұл оқушылардың мамандық таңдауына да әсер етеді. Экожүйе арқылы оқушылар табиғи, сапалы өнім алу үшін топырақтың құнарлығын, су құрамын, табиғат бедерін зерттейді. Оны ғылыми жобаға айналдырып, проблемалық мәселелерді шешу жолын ұсынады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Е.ЯКУДАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!