Заман талабына сай білім мен ғылым жаңару үстінде. Тың технология, ғылыми жаңалықтар адамзат өміріне өзгеріс әкелген сайын табиғат ананың қыр-сырына қаныға түсесің. Жуырда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары күріш қауызынан биочар, кремний диоксидін алу технологиясын жасады. Мұның өзі ақмаржанның тағы бір пайдасын дәлелдеді.
Бұрын егін жиналып, дәнді өңдегеннен кейін мыңдаған тонна күріш қауызы пайдаланылмай, өртелетін. Ғалымдардың арқасында күріш қауызы мен сабанынан қағаз, белсендірілген көмір және биочар әзірленуде. Биочар әлемде топырақ қасиетін жақсартып, оның тұздылығын айтарлықтай төмендететін биотыңайтқыш ретінде кеңінен қолданылады. Бұл туралы университет профессоры Нұрбол Аппазовтан сұрағынымызда ғалым кремний диоксиді алу технологиясымен бөлісті.
‒ Кремний диоксиді шыны, керамика, абразив, бетонды жабдықтар, тіс пастасы, косметика, оптоталшық өндірісінде жарамды. Әдетте кремний диоксидін құмнан алады, біз күріш қауызынан, яғни қалдықтан алу технологиясын жасадық. Күріш қауызын майдалап, кептіріп, микротолқындық сәулелендіру жағдайында тұз қышқылымен өңдейміз. Осылайша бейорганикалық қоспаларды бөліп алу үдерісін жылдамдатып, күріш қауызын муфельді пеште сатылап 300 ºС-дан 800-ге дейін күйдіруді іске асырамыз. Нәтижесінде тазалығы 100 процент кремний диоксиді алынады», – дейді ол. Айта кетейік, ғалымдар күріш қауызын қолданудың басқа да рационалды жолдарын іздестіруде.
Ғылымның дамуына білім ордасындағы жобалардың табысты жүзеге асуы әсер ететіні белгілі. Осы тұста университеттегі тағы бір жағымды жаңалықты оқырманға жеткізуді жөн көрдік. Әлемдік білім және ғылым қауымдастығына ену мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті шетелдік оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Осы орайда Ресей, Түркия, АҚШ, Корея, Англия, Канада, Швейцария, Болгария елдерінен келген 15 ғалым білім алушыларға дәрістер сериясын жүргізді. Дәріс барысында бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламаларында білім алушылар шетелдік ғалымдармен бірлесіп, ғылыми-зерттеу және ғылыми-тәжірибелік кеңес беру жұмыстарын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Айталық, Канададағы Лейкхед университетінің профессоры, философия докторы Сет Агбо докторанттарға SCOPUS және Web of Science шетелдік басылымдарына мақала жариялауға байланысты дәріс өткізді.Сабақ барысында докторанттар тақырыпты құрылымдау мен тірек сөздерді дұрыс жазуды меңгерді.
– Шетелдік дәріскер импакт факторы жоғары peer-reviewed журналдарға мақаланы рәсімдеп, жариялаудың қыр-сырын үйретті. Докторанттар профессордың кеңесі бойынша мақала тақырыбын құрылымдап, тірек сөздерді тиімді пайдаланып, редакторлар мен рецензенттердің назарын аудартуға арналған бөлігін, яғни аннотацияны жазу бойынша тың ақпараттармен танысты. Келешекте peer-reviewed шетелдік басылымда жариялайтын мақаламыздың тақырыбын дайындап қойдық. Дәріс кезінде кіріспенің әр сөйлеміне сілтеме міндетті түрде жасалу қажет екенін білдік. Зерттеу барысында сапалық талдау жасау керек. Бұл сабақта осылай қажетті дүниелерді үйренгеніме қуаныштымын, – дейді «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша докторант Эльмира Ибрагимова.
Ал «Бухгалтерлік есеп және аудит» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, Қазан мемлекеттік аграрлық университетінің профессоры Гузалия Клычова «Желілік (қос дипломды) оқыту шеңберінде магистрлерді дайындау бағыттары бойынша негізгі білім беретін кәсіби бағдарламаны (БББЖ) әзірлеу» тақырыбында біліктілік арттыру курсын өткізді. Екі университеттің білім беру бағдарламаларын салыстыру, ресейлік тәжірибені зерделеу мақсатында өткен курс жайлы университеттің білім беру бағдарламаларын басқару бөлімінің бастығы, физика-математика ғылымдарының кандидаты Айсұлу Мұхамбетжан келесідей пікір білдірді.
– Қазір «Академиялық ұтқырлық», «Қос диплом» бағдарламасы білім беру қызметтері нарығында жоғары сұранысқа ие. Мұндай курстар білікті оқытушылар мен жұмыс берушілер тарапынан кадрларға қойылатын талапты күшейту үшін қажет. Ал «Қос диплом» бағдарламасы бойынша екі ел университеттерінің білім беру бағдарламаларын салыстыра отырып, жүзеге асыру мамандарға септігін тигізері анық, – дейді ол.
Ғылым саласында тәжірибесі мол шетелдік ғалымдар білім алушыларға курсты онлайн және офллайн форматта жүргізді. Айта кету керек, университетке Г.В.Плеханова атындағы Ресей экономикалық университетінен Наталия Фоминых, Англияның Суррей университетінен Вячеслав Филимонов, Ресей ғылым академиясының «Информатика және менеджмент» Федералдық ғылыми-зерттеу орталығынан Елена Софронова, Ресейдегі Санкт-Петербург мемлекеттік университетінен Татьяна Лыпкань, Гарвард университетінен Нұрлан Кенжеахмет, Корея Республикасының Каннам университетінен Фил Ким, Ресей халықтар достығы университетінен Давид Казарян келді.
Гүлдана ЖҰМАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!