Атадан балаға қалатын басты мұра – білім. Өз ұлтының тарихын, өзінің кім екенін таныту, сауатын ашып, он сегіз мың ғаламның ғажайыбын өзінше тануына жол сілтеу ұстаздықтың бір тармағы ғана. Шәкіртін баласынан артық көрмесе, кем көрмейтін, барын, білімнің нәрін беретін ұстаздардың мәртебесі мемлекет бекітетін заңмен өлшенбейді.
Қоғамда соңғы жылдары мұғалім мәртебесі қалай жоғарыласа, оған қойылатын талаптар да көбеюде. Жалағаш ауданындағы №31 мектеп-гимназия директорының оқу -ісі жөніндегі орынбасары Нұржамал Еркебаевамен бүгінгі білім жүйесі жайында сұқбаттасқан едік.

– Нұржамал Аманбайқызы, бүгінгі білім саласының бұрынғыдан айырмашылығы көп. Өзгерістер енгіземіз деп сапаны жоғалтып алмаймыз ба?
– Менің ойымша, өзгеріс міндетті түрде қажет. Қай салада болмасын ондағы жұмыстың нәтижесі сапамен өлшенеді. Сапалы оқыту және өздігінен оқып білім алуға баулу негізінде ғана оқушылардан парасатты азамат тәрбиелей аламыз. Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның білім дәрежесі мен іздену шеберлігіне байланысты. Сапаны көтерудегі ең өзекті мәселелердің бірі – мұғалімдерді даярлау және кәсіби шыңдау мәселесі болып отыр. Жаңа заман мұғалімі «дайын» білім көзі ғана болмай, оқушылардың танымдық іс-әрекетінің ұйымдастырушысы және үйлестіруші бола білуі, білімнің құндылық ретіндегі сипатына терең мән беруі, нәтижеге бағытталған білім беруде жаңа жолдар мен әдістер табуға дағдыланған маман болуы қажет.
– Ұстаз мәртебесіне қатысты көзқарасыңыз қандай?
– Ұстаздық – терең әрі қадірлі ұғым. Ал ұстаз мәртебесін қоғам жауапкершілігін анықтайтын өлшем десек, артық емес. Ұстазына қарап, қоғам мен мемлекеттің хәл-жағдайын білуге болады. Қай мемлекет ұстазына қатысты қандай саясат ұстанса, болашағы мен беделі де соған сай қалыптасады. Сондықтан еліміздегі мұғалім беделін арттыра түскен заң жобасының қабылдануы ұстаздар мерейін өсіре түсті. «Алты алаштың басы біріксе, төрдегі орын – ұстаздікі» деген халқымызда мұғалімді қадірлеуге байланысты тамаша дәстүр бұрыннан бар.
– Президент бастамасымен «Оқуға құштар мектеп, оқуға құштар ел» жобасы іске асырылды. Әдебиет пәнінің мұғалімі ретінде оқушылардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру үшін қандай әдіс қолдану керегін айтсаңыз…
– Оқырман белсенділігін қалыптастыру үдерісі мектепте заманауи тиімді технологиялар мен оқыту әдістері қолданылған жағдайда тиімді болады. Мектеп оқушысының кітап оқуға деген құштарлығын арттырып, кітап оқитын ұрпақ қалыптастыру Қазақстандағы білімді жаңғыртуда басым бағыттардың бірі болып табылады. Ұлттың рухани және интеллектуалды ілгерілеуінің құралы ретіндегі оқылым іс-әрекетіне балаларды және жастарды тарту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасының үлесі маңызды болмақ.
Кітап оқу білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің бір түрі ретінде, тұлғаны тәрбиелеу және білім беру адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейіне әсер ететіні айқын. Әр сабақ сайын бес минут кітап оқу әдісі тиімді болмақ. Ұйықтар алдындағы оқуды әдетке айналдыру – кітапқа құштарлықты оятудың алғышарты. Аз-аздан бірақ үздіксіз оқыту арқылы балаға арасында қысқа мерзімдік демалыс береміз. Балалары кітап оқуды қаламайтын ата-аналарға осы әдісті ұсынамын.
– Мұғалімдер жалақысының жыл сайын көбеюі еңбегінің бағаланып жатқанын көрсетеді. Алайда таяқтың екінші ұшы бар. Осыдан 6-7 жыл бұрын ЖОО бітіріп, жұмыс істеп көрмеген, тәжірибесі жоқ, бірақ дипломы бар адамдар мектепке кіруге тырысады. Аттестация, біліктілік тесті болғанмен, тәжірибесіз мамандардың саны артып жатқан жоқ па?
– Президент қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде сапасыз, білімсіз педагогтер бар екенін айтты. Сапасыз мұғалімнен білім алғандар сапасыз оқушы, енжар педагогтен білім алғандар енжар оқушы санын көбейтеді. Несін жасырамыз, жалақы үшін келіп-кетіп жүретін, оқушыға дұрыс білім, тәрбие бере алмайтын мұғалімдерді байқауға болады. Ондай ұстаздар алдында отырған оқушыға көңіл бөлмейді. Оқушының көңіл-күйін ұқпайды, жан дүниесіне бойламайды. Ел ретіндегі ендігі міндет – педагог қызметіне қойылатын талапты күшейту. Әр мұғалім өзіне қойылған талапқа сай жауапкершілігін күшейтуді, яғни, болашақ ұрпақты дайындауда арының алдында, қоғамның алдында, Отанның алдында өз мамандығына жан тазалығы – ұждан керек екенін ұмытпауы тиіс. Оқушылардың бойына отансүйгіштік пен жан тазалығын, сапалы білімді сіңіру педагогтерге тікелей байланысты.
Әдемі әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!