Кез келген тіршіліктің тірлігі жалғасу үшін түрлі фактор әсер ететіні анық. Мәселен адамзат даму жолында білім алады, денсаулығын күтуде салауатты өмір салтын ұстанады. Сол секілді мұндай даму өсімдіктерге де тән. Бірақ сәл өзгеше. Жасыл түсті тіршіліктің өнуіне, топырағының құнарлы, жемісінің тәтті һәм шырынды болуына тыңайтқыштар әсер етеді. Олар өсімдікке киім де, күш те, денсаулық та бола алады.

Тыңайтқыш – өсімдіктердің өсуін, дамуын және өнімділігін арттыру үшін топыраққа қосылатын таза табиғи өнім. Оған қажетті қоректік элементтерді қамтамасыз етеді, топырақтың құнарлылығын жақсартады. Ал тыңайтқыштар негізгі үш түрге бөлінеді.

Минералды тыңайтқыштар химиялық қосылыстардан тұрады. Олардың құрамында негізгі қоректік элементтер бар. Келесі микробиологиялық тыңайтқыштар тірі микроорганизмдерден құралады, сонымен қатар топырақтың құнарын арттыру үшін микроорганизмдердің қызметін пайдаланады. Ал табиғи түрде пайда болатын, өсімдік және жануарлардың қалдықтарынан алынатын тыңайтқыштарға көң, компост және биогумус жатады. Оларды органикалық топқа жатқызамыз. Ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруда және экологиялық таза өнім алу мәселесінде органикалық тыңайтқыштар ерекше орын алады, соның ішінде биогумус – ең тиімді әрі қауіпсіз тыңайтқыш.

Мәселен 2020 жылы «Ботаникалық баққа» егілген алма ағаштары 4 жылдан кейін ғана жеміс берді. Себебі биылдан бастап ағаштардың топырағына биогумус қосылған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушылары калифорниялық шылаушындар мен органикалық қалдықтардан тыңайтқыш дайындап, егіншілікте пайдалануда. Қара күзде жұмысқа кіріскен студенттердің еңбегі ақталып, ботаникалық бақтың жағдайы жақсарғанын естіген соң ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «аграрлық технологиялар» білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры Раушан Нұрымовамен байланысқа шығып, бақтағы оң өзгерістерді көзбен көріп қайттық. Расымен де алаң жасыл желекке айналыпты. Әрине, мұның барлығы ізденіс пен еңбектің жемісі.

Ботаникалық бақта 1 гектар жерде 500 түп ағаш бар. Жалпы ағаш саны 2 мыңға жуық. Ал биогумус 15 түп алма ағашы, MM 106 ергежейлі алма ағашы, 18 түп «Ренет Симиренко» апорт жемісінің топырағына жайғастырылған. Қазір суғару арық арқылы жүзеге асуда. Жас ғалымдардың айтуынша, алдағы уақытта тамшылатып суғару барысында биогумусты сұйықтық ретінде сумен бірге таратуға болады. Бұл тиімді әрі оңтайлы тәсілдердің бірі. Жалпы тыңайтқышпен жұмыс өткен күзде басталып, биыл ерте көктемде қолданысқа енген.

Ботаникалық бақтың тыныс тіршілігімен танысу жапырағы мата тәріздес әрі жұмсақ катальпадан басталды. Кейін Раушан Дүйсенқызы қызық оқиғаларымен бөлісті.

– Орталыққа биылдан бастап «Ботаникалық бақ» атауы берілді. Бұған дейін агро-биологиялық орталық деп аталды. Білім ордасының сол кезеңдегі басшысы Қылышбай Бисенов және университет мамандарымен бірге ағаштарды өз қолымызбен ектік. Жалпы әр шөптің, ағаштың жеке хош иісі болады. Жұпар иіспен жұмыс істеу қатты ұнайтын, тіпті сол үшін біз мұнда ертерек келетінбіз. Менің арамшөптерді жұлатын уақытым таңғы 4 шамасында басталатын. Нағыз демалыс, терапия…

Ал командамыз сағат 5:00-де келіп, 6:00-ден өте үйге қайтатын. Бұл шамамен ковидке дейін, 2019-2020 жылдар еді, – деп қауымдастырылған профессор жылы естелігімен бөлісті.

Бүгінде бой көтерген алма ағаштарының егілетін уақытында университет ректоры лауазымына Бейбіткүл Кәрімова келген. Әңгіме барысында Раушан Нұрымова басқарма басшысының қолдауына және алма түптерін тегін әкелген бағбанға алғыс білдірді.

− Ботаникалық бақтың жұмысына Қылышбай Алдабергенұлы қолдау білдіріп, кейін Бейбіткүл Сәрсемханқызы жұмысымыздың дамуына зор ықпал етті. Жастардың қызығушылығын, еңбегін жоғары бағалап, жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасады. Университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Әбілтайқызы да әрдайым оқытушылармен, студенттермен тығыз байланыста, − деді Р.Нұрымова.

Жұмыс процесі төрт жыл алдын басталған. Қазір жайқалған ботаникалық бақта түрлі формаға икемді туя өсуде. Бұлай деуімізге себеп оны төртбұрышты, жылан тәріздес, дөңгелек секілді өсіруге болады. Бастысы пішініне жастайынан үйреткен дұрыс. Біз бақта домалақ туяны көрдік. Бірақ мамандар пішінін әлі де өзгертуге болатынын айтты. Ал жас ғалымдар оның формасын аспаннан түскен кометаға теңейді.

– Туяның сырғалары да бар. Айналасындағы арамшөптерді жұлып жатқанда иісінің өзінен кең демаласың. Ол иісті дүниеден табу мүмкін емес. Сондай-ақ өткен жылы бүркемелеу әдісін қолдану арқылы арпа егілген еді. Биыл ерте көктемде катальпа отырғызылды. Ал павловния ағашының тамырын 40 бөлшекке бөліп, топыраққа салып, биогумус арқылы көшет өндіруге болады, – деп оқытушы биогумус туралы айтып бастағанда біздің назарымыз тыңайтқыш пен қасында тұрған студенттерге ауды.

Тыңайтқыштарды қолдану кезінде «Жас агроном» үйірмесінің мүшелері, осы мамандықтың білім алушылары Баянсұлу Асылбекқызы мен Сәкен Абызбай жетекшілерімен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізіп, түрлі ғылыми байқауларға қатысып, бақ сынаған.

Баянсұлу Төлеген – биылғы оқу жылының түлегі, болашақ магистрант. 2022 жылы «Үздік студент» номинациясын иемденіп, сонымен қатар арпа дақылының «зарина» сортын зерттеген. Ғылыми зерттеулері арқылы университетішілік байқауларда үздік нәтиже көрсеткен. Ал сәтті кейстерінің бірі – калифорниялық шылаушын. Бұл құрттар өте тиімді деседі. Олар қыстай өмір сүре береді. Өлсе де қайтадан тірілетін қызметтері бар екен, тіршіліктің құдіреті…

– Калифорниялық қызыл құрт – үй жануары сияқты зияны жоқ шылаушын. Оны өсірудің еш қиындығы жоқ, арнайы жәшіктерді немесе ені 1-2 метр болатын, бүйір қабырғалары мен түбі бар науаларды қолданып, бау бақша телімінде айналысуға болады. Екі шаршы метрден жылына 1 тонна биогумусқа дейін алуға болады. Жәшікті дайындағанда астына дренаж қызметін атқаратын құм салады. Кейін 1-2 см топырақ, артынан 3-5 см тамақ қалдықтары, қайтадан 1-2 см топырақ салады. Арасына жұмыртқа қабығының ұнтағын салу керек. Себебі құрттар қышқыл ортаны ұнатпайды. Қыста жылы жерде ұстап, күн жылығанда бақшаға жіберуге болады. Өсімдік қалдықтарының барлығымен қоректеніп, оны қара шіріндіге айналдырады.

Шылаушынның өнімі – биогумус кез келген егін мен бау-бақшаны жайқалтады, нәтижесінде диқан өнімді еселеп алады. Әсіресе жылыжай шаруашылығы мен үй өсімдіктеріне қолдану өте пайдалы. Мұндай тыңайтқыш берілген жер үш жылға дейін өзінің жоғары құнарлылығын сақтайды. Биогумус өңдеуде пайдаланған калифорниялық қызыл шылаушындарға қызығушылық алғаш АҚШ-та ХХ ғасырдың 50-жылдарында дами бастаған. Калифорниялық қызылқұрттың ұзындығы 10 см, диаметрі 3-5 мм, дене салмағы шамамен 1 грамды құрайды. Кәдімгі жауынқұртына қарағанда 150 есе тез көбейеді. 21 күнде жаңа ұрпақ пайда болады, ал 90-120 күнде ересек күйге өтеді, – деді Баянсұлу Асылбекқызы.

Бұл зерттеуде 1-курс студенті Сәкен Абызбай университетте органикалық тыңайтқыштардың авторы ретінде жұмыс істеген. Жас ғалым тыңайтқыштың оң әсерін дәлелдеу үшін ботаникалық бақтағы жеміс, алма және туя ағаштарына қолданып, тәжірибе жүргізген. Сұхбат барысында қызықтырған, білсек екен деген сауалдарымызды қойып, биогумустың жасалу процесін де біліп қайттық.

Биогумус – арнайы құрттардың көмегімен органикалық қалдықтарды өңдеу арқылы алынатын тығыз, иіссіз, қара және қоңыр түсті өнім. Оның құрамында өсімдіктердің өсуі үшін қажетті барлық элемент бар.

– Бұл тыңайтқыштың артықшылығы көп. Ең бастысы ол топырақты қалпына келтіріп, өсімдіктердің өсуін және өнімділігін арттырады. Сонымен қатар тыңайтқыш экологиялық таза, яғни қоршаған ортаға зиян тигізбейді. Құрамында өсімдіктерге қажет азот, фосфор, калий сияқты биологиялық белсенді заттар молынан кездеседі. Бұл элементтер топырақта ұзақ уақыт сақталады.

Биогумус өндірісі үшін негізінен мал қалдықтары, сабан, үгінділер, қураған шөптер, азық-түлік және басқа да органикалық қалдықтар пайдаланылады. Өндіріс процесінде калифорниялық қызыл шылаушын «Eisenia fetida» қолданылады. Ол – Lumbricidae тұқымдасына жататын шылаушын. Латыншадан аударғанда «fetida» деген сөз «сасық» деген мағынаға ие. Бұл құрттар органикалық қалдықтарды тез өңдеп, нәтижесінде жоғары сапалы тыңайтқыш алуға мүмкіндік береді.

Ал өндіру процесіне келсек, алдымен төрт түліктің қиын тазалау жұмысы басталады. Қидың құрамындағы қышқылды азайту үшін көңді сумен шаю қажет. Содан кейін ғана шылаушындарды субстратқа жібереміз. Бұл кезеңде де ұқыптылық қажет. Себебі қалдықтың құрамындағы қышқыл белгілі нормаға азаймаса, шылаушындар көңге кірмейді. Мұндай сәтте қалдықты тағы шаямыз. Шылаушындар сәтті жіберілгеннен кейін олар 7-8 айдың ішінде қалдықты демалыссыз өңдеп, тыңайтқыш шығарады. Өнімді кез келген өсімдікке қолдануға болады. Ол топырақтағы макро, микроэлементтерді байытып, өсіп жетілуіне әсер етеді. Жалпы биогумус бойына ылғалды ұстап тұрады. Ең бастысы өнімнің мол шығуына әсер етеді. Тыңайтқыштың есебінен жеміс 15-20 күнге ерте піседі.

Ең қиын кезең – көңді сумен шаю, оның қызуын қадағалау. Көңді биіктеткен сайын ол қызады. Сондықтан биіктігін 25-30 сантиметрден асырмауға тырысамыз. Олардың терісі жылтыр әрі нәзік болғандықтан шылаушындар суықтан емес, ыстықтан қорқады және қышқылға сезімтал келеді. Ғалымдар биогумустың зиянын зерттеп, артық ештеңе таппаған. Бұл тыңайтқыштың әлемде ешқандай баламасы жоқ. №1 тыңайтқыш десем қателеспеймін, – дейді Сәкен Саматұлы.

Сондай-ақ, «тыңайтқыш әзірлеуде жылқы мен қой малының да қалдығын қолдануға болады. Қазір шет елдерден биогумусқа сұраныс өте жоғары» – дейді Сәкен. Қытай және Араб әмірліктерінен тапсырыс түскен. Шетелде бұл тыңайтқыштың құны қара алтынмен пара-пар деседі.

– Биогумуста әсер ету инерттілігі жоқ, өсімдіктер мен тұқымдар оған бірден әрекет етеді, тұқымдардың өсу мерзімін қысқартады, өсімдіктердің өсуі мен гүлденуін жеделдетеді, жемістердің пісу мерзімін екі-үш аптаға қысқартады. Сондай-ақ өнімнің өнімділігін едәуір арттырады және дәмін жақсартады, топырақта ауыр металдар мен радионуклидтерді байланыстырады, өсімдіктердің нитраттарды жинауына жол бермейді, − деді Баянсұлу Төлеген.

Бұл бастама университет аумағында жүзеге асқан тиімді әрі нәтижелі жобаның бірі. Раушан Дүйсенқызының айтуынша, биологиялық, табиғи жолмен өнім өсіруді өткен оқу жылында ойлаған.

– Идея болды, бірақ «қалай, кіммен жүзеге асырамыз?» деген ойлар мазалады. Себебі басталған істі соңына дейін жеткізсек қана нәтижесі болады емес пе?! Бұйырғаны дейін бе, осы салаға қызығушылығы бар, білсем, көрсем, үйренсем деген жастармен тоғысып, профессор Лаура Әнуарқызымен бірге жұмысты бастадық. Осы орайда студенттеріме жылы лебізімді білдіргім келеді. Ауа райына да қарамастан оң нәтижеге жету үшін еңбектенді. Болашақта кәсіби маман атанатындарына сенімім мол,– деп Р.Нұрымова бүкпесіз сырласты.

Қауымдастырылған профессор әңгіме барысында адамзат фотосинтезге қарыздар деп айтты. Келесі сауалымыз осыдан басталды.

– Жақсылық жасау керек. Ал оның барлығы өсімдіктен басталады. Тек бағбан емес, адамзат фотосинтезге, жасыл желекке қарыздар. Ағашқа асыл тастай қараса, алтын жүзікті алаңдағаны секілді өсімдіктерді де уайымдаса екен деймін. Міне сонда ғана бізде жайқалған бақ болар еді.

Жақсы өнім алғысы келетін жандар биогумус арқылы нәтижелі жұмыс істейді. Өздері өндіріп, кәсіп бастағандары да бар. Тіпті әлеуметтік желіде Қазақстан бойынша ортақ чат арқылы вермефермерлер тәжірибе алмасады. Бұл өте жақсы. Бізге де ақшасына алғысы келетіндер хабарласады. Бірақ мен студенттерімді осы бастан ақшаға әуестендіргім келмейді, – дейді ұстаз.

Мектеп табалдырығынан студенттік өмірге жақында ғана қадам басқан Сәкен Шиелі ауданының тумасы. Агрономия саласына ерте жастан қызыққан. Тіпті бала Сәкеннің арманы дейді. Алғыр жаспен сөйлесу барысында жоспары туралы сұрадық. Ол кампос туралы тілге тиек етті.

– Мақсатым – кампос дайындау. Бактерия есебінен жұмыс істеп, тыңайтқыш әзірлеу. Өнімді елеп, өсімдікке қолдана аламыз. Алдағы уақытта тәжірибе жасауға дайындалып жүрмін. Тіпті оны шылаушындарға беріп, 4-5 ай аралығында дайын биогумус алуға да болады. Керемет емес пе? Тыңайтқыш жасау уақытымыз қысқарады.

Биогумусты кез келген жерге қолдана отырып, кез келген жерден өнім шығаруға болады. Өлі деген жердің өзінен өнім алуға мүмкіндігі бар. Гумус негізінде 30-40 жылда жердің бетінде 1 см ғана пайда болады. Ал біз 7-8 ай ішінде биогумус өндіріп, жерді қалпына келтіре аламыз, – деді Сәкен Абызбай.

Катальпалармен танысу барысында Баянсұлу Төлеген павловния ағашын көрсеткен еді. Бұл өсімдікті адам ағашы деп те атайды екен. Кейде салмағының ерекшелігіне байланысты алюминий ағашы дейді.

− Павловнияға еш зиянкес қастандық жасай алмайды, вирустарды жоюға қауқарлы. Ең қызығы бұл ағаш жиһаз, ыдыс-аяқ, құмыра, музыкалық аспап, дәрі-дәрмек, тіпті иіссу өндіруде қолданылады. Ал гүлдеген уақытында аралар үшін бал тасуға керемет гүл. Сондай-ақ жаһандық жылынудың алдын алады. Кессең тез қалпына келеді, биіктігі 20 метрге дейін өседі. Ауадағы көмірқышқыл газын 20 есе көп сіңіріп, сәйкесінше оттегіні көп бөледі, – деген еді.

Павловнияның пайдасын зерттеген болашақ мамандар осы ағашты көбейту жұмысын қолға алуды жоспарлауда.

– Қызылорда − шаң мен желге ашық мекен. Бұл жел бізге бетпақ даладан келеді. Сол үшін қаладағы жол бойына, Батыс-Еуропа тас жолына және өзіміздің транзиттік көлік жолдарына павловнияларды ексек деймін. Жаңа Баянсұлу айтқандай, бұл ағаш 20 есе көп оттегі бөледі. Жол бойына орналастыру жел мен шаңды ұстап қалуға, ауаны тазартуға және туристердің оң көзқарасын қалыптастыруға ықпал етер еді,− деді С.Саматұлы.

Сол күні «Ботаникалық баққа» жөндеу жұмыстарына келген үлкен көліктермен жағаласып біз де ішін толық аралап, әр өсімдігімен таныстық. Биогумус арқылы өскен алмаларды да көрдік. Алайда «әттеген-айы» жоқ емес. Әр түп ағашта домаланып өскен жемістер қолды болған. Өз қолымен тыңайтқыш әзірлеп, күн сайын уақытын арнаған студенттер алмалар туралы айтып, қапаланды. Бұл қиянат кімнен һәм неден келгені белгісіз. Жоғарыда айтылған өсімдіктерге деген жақсылық мәдениеті біздің ортада әлі қалыптаспағаны ма деген ойда қалдық.

Жастардың ғылымға бет бұрып, ізденіс жолында еңбек етіп жүргені баршаны қуантары хақ. «Болар бала жасынан» демекші, «болам деген баланың бетін қақпай, белін буған» абзал.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!