Нұржанна БАКУОВА,

Ұлыбританиядағы «Глазго» университетінің «биомедициналық инженерия» мамандығы бойынша магистранты:

‒ Қайырлы күн, Нұржанна! Қазіргі жаңа технологиялар күн санап өмірімізге өзгеріс енгізіп жатыр десек те, кейбірін түсініп үлгермейтініміз рас. Әңгімемізді биомедициналық инженерия саласының қоғамға әкелген жаңалықтарынан бастайықшы. Саланың негізгі зерттеу бағыты қандай?

‒ Иә, дұрыс айтасыз, қазір жаңа технологиялар саны күн сайын артуда, әсіресе, адам өмірінің сапасын арттыруға бағытталған технологиялар ғылымның басты назарында десек болады. Солардың бірі – биомедициналық инженерия бүгінде ең жылдам дамып келе жатқан ғылым саласының бірі. Молекулалық биологияның жетістіктері бірінші заманауи революция болды. Геномика – екінші революция. Адам геномының құрылымы және эволюциясы, сирек кездесетін иммундық аурулардың генетикасы, қатерлі ісік ауруларының иммунологиясы, бактериялық және вирустық аурулардың молекулалық-генетикалық негіздері, генетикалық мутациялардың скринингі және тағы да басқа адам өміріне өзгеріс әкелген ғылыми жетістік өте көп.

Ал осы аталған ғылымдардың, нақтырақ айтқанда, биологиялық және медициналық ғылымдарының инженериямен байланысы қазіргі таңда биомедициналық инженерия саласы ретінде үшінші революцияға әкелді, яғни биомедициналық инженерия – күрделі медициналық проблемаларды шешуде инженерлік әдістер мен дағдыларды қолдану саласы. Биомедициналық инженерия тарихында адам өміріне өзгеріс әкелген жетістіктер қатарында ең алдымен, рентгендік аппараттардың жасап шығарылуы денсаулық сақтау жүйесін айтарлықтай дамытты. МРТ және ультрадыбыстық технологиялардың вариациялары бүгінде диагностикалық қана емес, терапевтік емдеуде де қолданылуда. Тағы да бір ғасырлық-технология ЭКГ аппараттары биомедициналық  инженерияның тарихындағы үлкен жетістіктердің бірі. Биомедициналық инженерияның жаңашыл бағыттары көп.

Айта кетсек, нанотехнология, жасуша-ұлпа-ген инженериясы, биомеханика, биоматериалдар, медициналық құрылғылар және визуализациясы, имплантация, регенеративті медицина, нейроинженерия, ортопедиялық биоинженерия, чиптік биосенсорлар, жасанды орган, жасанды интеллект, 3D биопринтинг, бионика және тағы да басқа да қоғамға қажетті бағыттарды қамтитын ауқымды сала. Гендік деңгейден организмдік деңгейге дейін физиологиялық функциялардың жетіс­пеушілігін өтейтін немесе қайта қалпына келтіретін ғылымның «унив­ер­сал бағыты».

Облыстағы НЗМ түлегі атану, кейін шетелде білім алу кезеңдерін асықпай айтып беріңізші…

‒ Ғылымға деген оң көзқарас пен қызығушылық Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түскеннен кейін қалыптасты. НЗМ­де химия мен биология сабақтары тереңдетіліп оқытылғаннан кейін ғылыми концепцияларды түсініп, оны талқылауға деңгейімнің жететіне көзім жетті. Биология пәнінің мұғалімі, әрі ғылыми жетекшім Сәуле Шажанбаева ұстазымның қолдауымен жобамен айналысып, нәтижесінде 2015 жылы Назарбаев Зияткерлік мектебі Малайзия елінде өтетін бір айлық «биотехнология» бағыты бойынша жаздық оқыту курсына жіберген болатын. Осы лагерьде алған тәжірибем әрі қарай жоғары оқу орнында биологиялық ғылым саласында өз бағытымды жалғастыруыма септігін тигізді. Биомедициналық инженерия бойынша бакалаврда білім алу мүмкіндігі аз әрі өте қиын, себебі, бұл биология, химия, физика, математика, инженерия бағыттарын қоса қамтитын күрделі ғылым саласы. Бұл ғылымға келмес бұрын аталған бағыттар бойынша терең білім мен тәжірибе болу керектігін сездім. Осылайша, бакалавр деңгейін «биотехнология» мамандығы бойынша оқып, тәжірибе жинап, әрі қарай, магистратураны «биомедициналық инженерия» бойынша жалғастыру дұрыс шешім деп қабылдадым. «Биотехнология» бағыты бойынша білім алу мен үшін «биомедициналық инженерияға» бастар жол болды.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «биотехнология» мамандығы бойынша түлегімін. 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында Кенбук Ұлттық университетінде «биотехнология» мамандығы бойынша бір академиялық семестр оқуды аяқтадым. Кореяда оқып жүргенде Тэгу Ұлттық Ғылым музейінің «білім» бөлімінде тағылымдамадан өттім. Тағылымдаманың мақсаты – мектеп оқушыларына биотехнология ғылымының маңызын түсіндіру және олармен бірге лабораториялық эксперименттер жүргізу арқылы тәжірибе жинақтау. Ал «биомедициналық инженерия» бойынша ғылыми тәжірибені былтыр Оңтүстік Корея астанасы – Сеулдің үздік ғылыми зерттеу институттарының бірі KIST-те алдым. «Интеллектуалды Биомедициналық Материалдар» лабораториясында медицинада қолданылатын биоматериалдардың қалай жасалатынын көзіммен көріп, практика жүзінде танысып, осы салаға деген қызығушылығым одан әрі артты. Бұл тағылымдама Корея үкіметінің стипендиясымен қаржыландырылған және тағылымдамадан соң магистратурада оқуды жалғастыру мүмкіндігі болды. Алайда, коронавирусқа байланысты елге оралып, тағылымдаманы тоқтатуға тура келді. Қауіпті індет жоспарларымның іске асуына әсер етпей қоймады. Елде қалып, оқуымды Назарбаев университетінде бастадым. Назарбаев университетінде магистратура оқып жүрген уақытта Ұлыбританиядан шақырту алдым. Мамандығым бойынша ең үздік оқу орнында білімді шыңдау мүмкіндігін жіберіп алғым келмеді. Сол себепті «Болашақ» бағдарламасының соңғы кезеңіне үлгеріп тапсырып, бағымды сынап көрдім. Нәтижесінде «Болашақ» бағдарламасын жеңіп алып, бүгінде Ұлыбританияның үздік оқу орындарының бірі ‒ «Глазго» университетінің «биомедициналық инженерия» мамандығы бойынша магистрантымын.

Әдетте еліміздегі технологияның дамуын өзге мемлекеттермен салыстыруға бейімбіз. Жалпы елдегі биоинженериядағы деңгейін сіз қалай бағалар едіңіз?

‒ Биомедициналық инженерия ‒ Қазақстанда енді ғана дамып келе жатқан ғылым саласы. Дегенмен де елімізде «Ұлттық Биотехнология орталығы» және «Назарбаев Университетінде» ғылыми жобалар жүргізілуде. Мысалы, нанотехнологияға негізделген функционалдық биоматериалдарды, сондай-ақ диагностикалық биосенсорларды жасап шығаруда. Негізінен Қазақстанда бұл саланың дамуына шетелде білім алып келген түлектердің үлесі көбірек тиюде. Жаңа перспективалар жаңа ғылыми жұмыстарға ықпал беріп, еліміздегі ғылым деңгейі салыстырмалы түрде бірнеше деңгейге өсті. Алайда, биомедициналық инженерия Қазақстанның оқу орындарында жаппай оқытылмайды. Бакалавр бойынша білім алу мүмкіндігі мүлде жоқ, тек магистратура және докторантура бойынша ғана ағылшын тілінде оқытылатын санаулы университеттерде ғана мүмкіндік бар. Назарбаев  университетінің өзінде «биомедициналық инженерия» бағдарламасының оқытылып жатқанына бар жоғы үшінші жыл. Юұл ғылым саласын елімізде дамыту үшін ең алдымен, оны жоғары оқу орындарында оқытуды бастау қажет, оны оқытатын мықты мамандарды даярлау қажет. Осылайша елімізде бұл ғылым саласының деңгейінің өсуіне ықпал жасай аламыз.

 ‒ Ұлыбританиядағы білім беру саласының артықшылығы қандай? «Бізге де осы әдіс қажет» дейтіндей озық тұстарымен бөліссеңіз…

‒ Әрине, Ұлыбритания білім беру жүйесі көптеген ғасырлар бойы дамыған, және бүгінгі күні ол ең жоғары сапа стандарттарына сай білім жүйесімен ерекшеленеді. Мысалы, мен оқып жатқан Глазго университетінің «Джеймс Уатт атындағы Инженерия» мектебі сонау 18 ғасырларда атақты физик Джеймс Уаттың өзі қалап кеткен мектеп. Ғасырлар бойы қалыптасқан классикалық біліммен заманауи ғылыми әдістерді бірге қамтитын мықты академиялық жүйе қалыптасқан. Ұлыбританияның оқу орындарында білім алу жүйесі студенттің жан-жақты сыни тұрғыдан, критикалық ойлау қабілетінің дамуына, кез келген проблеманы жан-жақты зерттеп, шешу жолдарына үйрететін оқу әдістемесіне бағытталған. Біздің академиялық жүйеде кейде «сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» стратегиялары жетіспей жатады. Мысалы, емтихан сұрақтарында нақты дұрыс не бұрыс жауаптың бағалануы баланың ойлау кеңістігін шектейді. Ал британдық жүйеде баланың сұраққа жауап бере алу қабілетін бағалайды, яғни «сіздікі дұрыс, немесе сіздікі бұрыс» деген жоқ, өз жауабыңызды дәлелдей алсаңыз, ұпай сіздікі. Біздің де білім жүйесіне осындай бір әдіс қажет деп ойлаймын.

 ‒ Инстаграм әлеуметтік желісіндегі суреттеріңіз шуақты, көңілді, позитивті күйге толы. Газет оқырмандарына да мотивация болсын деген ниетпен жетістіктерге жетуге көмектесетін бірнеше лайфхак айтып өтіңізші…

 ‒ Шетелге оқуға тапсыру үшін аса бір ерекше қабілет керек емес. Тек уақыт бөліп дайындалып, еңбектену қажет. Көп адамдар жүрексінеді, бірақ тапсырып та, бағын сынап та көрмейді. Әрине, барлығы бірден бола қоймайды, бірінші қадамнан соң бірден ешкім шетелдің маңдайалды оқу орнынан шыға келмейді. Мектеп бітірер жылы тәжірибенің аздығынан тапсырған шетелдік университеттерден толық шәкіртақы ала алмай немесе мүлдем түсе алмаған сәттерім болды. Бірақ  сол тәжірибе кейіннен шетелдік тағылымдамаларға және магистратураға жан-жақты оқу орындарынан толық шәкіртақы алуыма көмектесті. Барлығына еңбек, тәжірибе және уақыт қажет. Қазіргі кезде кез келген салада, кез келген білім аламын деген адамға мүмкіндік мол. Оқу орнына берілетін шәкіртақы, үкіметаралық гранттар, шетелдік тағылымдамалар, 100 пайыз тегін білім алуға мүмкіндіктерді әлемнің кез келген жерінен табуға болады.

Алайда, шетелде оқып қана қою  мақсат емес, ең бастысы, өмірлік тәжірибе болатын қажетті дағдыларды үйренуге, нағыз маман иесі болуға, қорықпай әрекет етуге, тәуекелге бел буып, биік мақсаттарға жетуге ұмтылу керек. Ғылым мен технологияның дамыған заманында бізге берілген барлық мүмкіндіктерді пайдалану керек деп санаймын. Адам сүйікті ісімен айналысып, сол салада еңбектене берсе, мақсатына қол жеткізетіні анық. Өзінің арманына сенетін адам үшін өмірде бәрі де мүмкін.

‒ Сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет!

Әңгімелескен

 Гүлдана ЖҰМАДИНОВА