Көркем гимнастика шұғылданушылардың дене сұлулығын қалыптастырып, эстетикалық тәрбие береді. Қазіргі таңда қыздардың бұл спорт түріне қызығушылығы жоғары. 12 жасар бүгінгі кейіпкеріміз – «Қазақстан Республикасының Спорт шеберіне кандидат» қана емес, республикалық сайыстардың жеңімпазы. Сүйікті ісі мен спортты тоғыстырып, талай биікті бағындырып жүрген Айша Исамен көркем гимнастика жайында тілдескен едік.

«Бір жарым минут өнер көрсетуге бір жыл дайындық керек»

Көркем гимнастикаға қалай келдің?
– Кішкентайы­мыз­дан нағашы әжем немерелерін «Мұз айдыны» спорт кешеніндегі хоккейге қатыстыратын. Өзі апарып, бауырларымды күтіп, жаттығуы аяқталған соң алып қайтады. Мен әжемнен бір елі қалмайтынмын. Сөйтіп жүргенде 2014 жылы аталған спорт кешенінде көркем гимнастика үйірмесі ашылып, жаңадан құрам жинақталып жатты. Ол кезде 3 жастамын. Әжем бұл спорт түріне қатты қызығатын. Себебі, көркем гимастикамен айналысатын қыздардың дене бітімі мен жүрісі әдемі, арқасы тік болады. Бірнеше рет жаттықтырушының алдына ертіп апарды. Ол гимнастика үшін жасымның кіші екенін айтып, қабылдаудан бірнеше рет бас тартты. Алайда әжем қоймастан менің қабілетімді көруін өтінді де, шпагатқа отырып, өзім білетін түрлі қимылдарды көрсеттім. Ынта мен қабілетімді байқаған жаттықтырушы жасымның кішілігіне қарамай қабылдады.
Бір жыл бойы облыстағы аға жаттықтырушы – Гүлмира Әбсултанқызынан кәсіби білім алдым. 2015 жылы 4 жасқа толған соң Шымкент қаласында өткен «Әкім кубогы» жарысына қатысып, алғашқы жеңісіме жеттім. Қазір көркем гимнастикамен айналысып жүргеніме 9 жылдан асып барады.

«Бір жарым минут өнер көрсетуге бір жыл дайындық керек»


Сіздің ойыңызша спортшы бойында қандай қасиеттер болу керек?
– Ең алдымен шыдам болу қажет. Мен айналысатын спорт түрі сабырды талап етеді. Дене қыздыру мақсатында «Мұз айдыны» кешенінде қыста да, жазда да 30 айналымнан жүгіреміз. Жаттығу барысында денеміз түрлі бағытта созылып, тартылады, жарақат алып қалатын сәттер де болады. Содан кейін тәртіп пен ұқыптылық керек. Әр қимылды орындап жатқанда бір қателік жіберілсе, төбеге лақтырылған шеңбер немесе доп құлап, лентамыз оралып қалуы мүмкін. Спортшының бойында осы аталған қасиеттер болса, қандай кедергі болмасын, жеңіп шығады.
– Спорт пен мектептегі білім жеке-жеке ізденісті, уақыт бөлуді қажет етеді. Оларды қалай біріктіруге болады?
– Негізінде сабақ пен спортты бірге алып жүру оңай емес. Бірақ барынша тырысамын. Өзім үшін сабақ қиын. Спортқа 3 жасымнан барған соң шығар ондағы тәртіп пен ережелер оңайырақ. Әр күні 7-де оянып, таңғы ас ішіп болып, жаттығуға барамын. Келген соң түскі ас ішіп, мектепке жол тартамын. Келісімен түнге дейін сабақ оқимын. Әсіресе, жарыс уақытында, басқа қалаға 1-2 апталап кеткенде біраз тақырыптан қалып қоямын. Барлығына үлгеру үшін жарыстан келе салып, өткен тақырыптарды қайталаймын.
– Спорт сізге не берді?
– Ең алдымен спортпен тынбай шұғылдануымның арқасында денім сау, шымырмын. Дене шынықтыру сабағында түрлі жаттығулардың барлығын оңай орындаймын. Сонымен қатар әдемі дене бітім мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Түрлі сайыстарда топ жарып иемденген 40 шақты медаль, марапатым бар. Спорт маған жаңа орта берді.
Барлық спорт түрінің өзіндік қиындығы бар. Бір жарым минут өнер көрсету үшін 1 жыл бойы дайындық болады. Жеке және командамен өнер көрсетеміз. Командалық сайыста түрлі оқиғалар орын алып жатады. Доп немесе шеңберді лақтырғанда қағып ала алмау, қолдан түсіп кету сынды. Тағы бір қиындық тудыратыны өнер көрсеткенде киетін костюмдер мен жаттығуға арналған арнайы спорттық киімдерге таңдаудың жоқтығы. Әрбір сайысқа 50-100 мың теңге арасында Алматы, Шымкент қалаларынан арнайы тапсырыспен спорттық костюм алдырамыз. Тіпті, ойдағыдай шығуы үшін арнайы тіктіртеміз.
Болашаққа қандай мақсат, жоспарларыңыз бар?
– Алға қойған мақсатым – «Қазақстан Республикасының Спорт шебері» дәрежесін алу. Қазіргі таңда сол үшін тынбай еңбек етудемін. Негізі көркем гимнастикада мансап 15 жаста тоқтайды. Сол уақытқа дейін барлық дәрежеге қол жеткізу қажет. Сонымен қатар болашақта жеке гимнастика залын ашқым келеді. Аға жаттықтырушы кызметін атқарып, қызылордалық қыздарға бар білгенімді үйретіп, жарыстарға дайындағым келеді. Қазақстанда көркем гимнастика спортының дамуына өз үлесімді қоссам деймін.
– Сәттілік тілейміз!

Сұқбаттасқан Шаһизада АБИБУЛЛАҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!