Әдетте баладан не көріп жүргенін сұраймыз ғой. Ал бүгінгі кейіпкерлерден «Қандай шығарма оқыдың?» деп сұраған жөн. Себебі ағайынды Ақылжан мен Біржан Шереханның кітапқа деген қызығушылығы жоғары. Мысалы, былтырдың өзінде Біржан 46, ал Ақылжан 38 туынды оқыған. Сөзбен тоқылған әлемді ермек емес, серік еткен балалармен сұхбаттасудың сәті түсіп, біз де біраз ой түйдік.
Олар – қаладағы №7 мектеп-лицейінің оқушылары. Біржан 3-сынып, ал Ақылжан 5-сыныпта оқиды. Әңгіме барысында кіші болса да, ойы орнықты Біржанның әр сұраққа асықпай жауап беріп, ойланып сөйлейтінін байқадық. Мұны «Ойлануға, сұрақ қоюға мүмкіндік беретін сабақтар ұнайды» деген жауабынан да аңғаруға болады.
− Маған бірнеше пән ұнайды. Ал ең бастысы, ойлануға, сұрақ қоюға мүмкіндік беретін сабақтар қызық. Мысалы, маған ұнайтын математика мен әдебиет сабағын алсақ, осы пәндер арқылы жаңа дүние үйреніп, өзіме қажет ақпарат аламын, − дейді балақай.

Біржанның арманы да анық. Ер жеткенде футболшы болуды қалайтынын айтты. Бірақ болашақ доп шебері кітапты да қолынан тастамайды. Былтыр 46 еңбекті аяқтаған ол осы жылы бұдан да жақсы көрсеткішке жеткісі келеді.
− Биыл бұл көрсеткішті одан да арттырып, мүмкін болса, өткен жылдан да көп кітап оқуды жоспарлап отырмын. Бірақ мен үшін ең бастысы саны емес, одан түйгенім мен үйренгенім маңызды, − деп, әрі қарай кітап таңдаудағы ұстанымымен бөлісті.
− Әуелі сюжетке мән беремін. Егер оқиғасы тартымды болса, жалғастырып оқимын. Иә, авторы мен жанрының да маңызы зор. Бірақ кітап жалықтырмауы қажет. Бұл өте маңызды. Кейде Ақылжанмен ақылдасамын, кейде әкем ұсынған кітаптарды да оқып көремін.

Шыны керек, кітаптың кей бөлігін түсінбейтін сәт болады. Мұндай жағдайда дәл сол бөлігін асықпай, қайталап оқимын. Ал сонда да түсіне алмасам, әкемнен көмек сұраймын. Мысалы «Гулливердің Лилипуттар еліне саяхаты» атты туындының ықшамдалған түрін оқыдым, өйткені толық нұсқасындағы сөздер өте күрделі болды, − деді Біржан.
Біржанға қарап, «аз-аздан үздіксіз» деген сөзді ұққандай болдық. Себебі небәрі 3-сынып оқушысының қоржынында 2024 жылы 26, кейін 48 кітап, ал биыл оқитын 53 кітаптың тізімі бар. Олардың қатарында Джоан Кейтлин Роулинг, Джек Лондон, Артур Конан Дойл, Алан Александр Милн, Рүстем Сауытбай секілді авторлардың шығармалары бар.
Мұнан бөлек әңгіме арасында кітап сөресін сұрауды де ұмытпадық.

− Иә, Ақылжан екеуіміздің біріктірілген кітап сөреміз бар. Сөредегі туындылардың ішінде «Итбас» пен «Тентек балақай» деген кітап өте қатты ұнайды. Оларды таңдауыма оқиға желісі мен кейіпкерлер себеп болды.
Қазір Нил Гейманның «Коралайн» кітабын оқып жүрмін. Бұл кітапта Коралайн есімді қыз туралы әңгіме бар. Ол жаңа үйге көшіп келеді де, үйдің ішінде бір жұмбақ, ерекше әлем бар екенін байқайды. Алғашында барлығы жақсы болғанымен, кейін сол әлемнің қорқынышты тұсының да бар екенін түсінеді. Оқиғаны оқи жүріп, кейде өзімді сол әлемнің ішінде жүргендей сезінемін, − дейді ол.
Ал ағасы Ақылжан Стивен Кингтің кітабын бастаған көрінеді.
− Қазір «Төрт маусым» туындысын оқуды бастадым. Маған оқиғасы қызық, тез оқылатын және кейіпкерлері есте қалатын кітаптар ұнайды. Кейде күлдіретін, кейде ойландыратын шығармаларды таңдауға тырысамын, − деп әңгімесін бастаған Ақылжанның ең бірінші оқыған кітабы – «Гарри Поттер және пәлсапа тас».
− Шамамен 7 жасымнан бастап кітапқа қызығушылығым артты. Ал оған себеп – «Гарри Поттердің» киносы еді. Сиқырға толы әлем жайлы таспаланған фильмді көріп болған соң оның кітабын да оқығым келді. Оқи отырып, фильмде көрсетілмеген көптеген қызық сәт бар екенін байқадым. Кейде өзімді Хогвартста жүргендей сезіндім.
Джоан Кейтлин Роулингтың «Гарри Поттер», Джон Рональд Руэл Толкиннің «Сақиналар әміршісі» және Клайв Стайплс Луистің «Нарния шежіресі» топтамаларын ұнатамын, − дейді ол.
Ақылжанның айтуынша, кітап оқуға арнайы кесте жасамаған, бірақ күнделікті мақсат қояды.

− Кітапты әдетте бос уақытымда, ал кейде кешкі уақытта оқимын. Күніне бір сағатымды оқуға арнауды нақты мақсат етемін. Егер туынды қызық болса, бірнеше күнде аяқтаймын. Кейде бір кітапқа екі апта уақыт кетеді.
Өткен жылы 38 еңбек оқыдым. Олардың ішінде шытырман оқиға да, қиялға толы да, ой салатындары да болды. Биыл да осы дәстүрді жалғастырамын, әкеммен 40-тан астам кітаптың тізімін жазып қойдық. Менің 2026 жылдағы басты мақсатым – барлығын оқып бітіру, − дейді ол.
Өткен жылдары Бердібек Соқпақбаев, Чарльз Диккенс, Анна Сьюэлл, Антуан де Сент Экзюпери, ал кейін Йоханна Спири, Шыңғыс Айтматов, Зира Наурызбай, Лиля Калаустың, былтыр Жюль Верн, Ыбырай Алтынсарин мен Жефф Киннидің туындыларын оқыған. 2023 жылы 33, 2024 жылы 69, былтыр 38 кітаппен дос болған. Міне, ғажап! Міне, нағыз оқырман!
Қандай кейіпкермен дос болғың келеді? Сұхбат барысында Ақылжан мен Біржанға бірдей сұрақ қойдық. Ақылжан үшін бұл кейіпкер − Гарри Поттер.
− Өте қызық сұрақ. Бұл жайында ойланбаппын, десе де жауабым анық. Мен Гарри Поттермен дос болғым келеді. Оның өмірі сиқырға, түрлі шытырманға толы. Ал ондай кейіпкермен дос болу да, расымен қызық, − деді.
Ал Біржан болса:
− Огуст. Иә, Огуст. Егер де шын өмірде кейіпкерлермен дос болу мүмкін болса, «Ғажайып» деген шығармадағы Огуст есімді кейіпкермен дос болатын едім. Себебі ол өте ақылды, батыл. Ал ең бастысы досқа адал. Оның бойындағы осы қасиеттер ұнайды, − деп жауап берді.

«БАЛАНЫҢ АЙНАЛАСЫНДА КІТАП
БОЛСА, ОЛ ДА КІТАПҚА ҚЫЗЫҒАДЫ»
Міне, балалармен сөйлесіп, пікір алмастық. Сүйікті шығармасын білдік. Биылға жоспарын тыңдадық. Ал баланың кітапқа деген қызығушылығы мен әдеттерін қалыптастыруда отбасы маңызды рөл атқарады. Осы орайда Ақылжан мен Біржанның әкесі Олжас Шереханұлымен де сөйлесудің сәті түсті.
− Балаларыңыздың кітапқа қызығушылығы қалай қалыптасты? Бұл ата-ананың ықпалы ма, әлде олардың табиғи бейімі ме? Ал осы әдетті қалыптастыруда қандай қиындық болды?
− Ақылжанның жасы 7-де, ал Біржан 5 жаста болған кезде отбасымызбен «Гарри Поттер» фильмінің топтамасын толық қазақ тілінде көріп шықтық. Киноның сиқырға толы оқиға желісі балаларға ерекше әсер етті. Кейін Ақылжанға бұл фильмнің кітап нұсқасы да бар екенін айтқанымда, ол бірден қызығушылық танытып, алып беруімді сұрады. Сөйтіп, алғашқы бөлім «Гарри Поттер және пәлсапа тасы» алынды. Ақылжан бұл кітапты бір апта ішінде оқып бітіріп, артынша екінші, үшінші бөлімдерін оқуға кірісті. Нәтижесінде, бар болғаны үш айдың ішінде ол серияның жеті бөлімін де толық оқып шықты.
Осыдан кейін Ақылжан «Сақиналар әміршісі» мен «Нарния шежіресі» сияқты әйгілі шығармаларға қызығып, олардың фильмдерін көріп, кітаптарын да оқи бастады. Қиял-ғажайып жанрындағы бұл туындылар оның ой-өрісін кеңейтіп, кітапқа деген ынтасын одан әрі арттырды.
Ағасының кітапқа құштарлығын көрген Біржанның да оқуға деген ықыласы оянды. Алайда жасы әлі жетіге толмаған соң, мұндай көлемді кітаптар оған ауыр еді. Сондықтан оның жас ерекшелігін ескере отырып, мазмұны жеңіл, тілі түсінікті, көлемі 100-150 беттен аспайтын кітаптарды таңдадық. «Айдаһарлар әміршілері», «Сыңармүйіз ханшайымдар» секілді балаларға арналған шығармалар Біржанның кітапқа деген қызығушылығын арттыруға сеп болды.
− Қазіргі гаджет дәуірінде үйде кітап пен телефонның тепе-теңдігін қалай сақтап отырсыз? Осы тәжірибеңізге сүйеніп, баласын кітапқа жақындатқысы келетін ата- аналарға қандай кеңес бересіз?
− Балаларды кітапқа баулудағы ең басты дүние – орта мен үлгі. Баланың айналасында кітап болса, ол кітапқа қызығады. Ал біздің қолданатын негізгі әдістерге тоқталсам:
- Үстел ойындары немесе отбасымен кино көру уақытын белгілеу арқылы смартфон мен гаджеттердің орнын алмастыру;
- Балаларға арнайы кітап сөресін жасап, оны түрлі кітаппен толықтыру. Кітап сөресі – баланы қоршап, қызығушылығын арттыратын басты құрал;
- Кітап оқу мен сол кітап желісіндегі фильмдерді бірге көру. Мысалы «Гарри Поттер», «Сақиналар әміршісі» немесе «Нарния шежіресі» сияқты туындыларды оқып, фильмдерін қарау арқылы бала қиялын дамытады;
- Кітап дүкендері мен жәрмеңкелерге жиі апару, баланы жаңа еңбектермен таныстыру;
- Отбасымен күнде бір сағат кітап оқу дәстүрін қалыптастыру. Ата-анасының да оқып отырғанын көріп өскен бала, өзінен-өзі кітапқа қызығады;
- Оқылған туындыларды талқылау, түсінбеген тұсын түсіндіру, не түйгенін сұрау;
- Бір жылдық жоспар құру. Мақсатты жоспар балаға тәртіп пен қызығушылық береді;
- Кітаптарды міндетті түрде сатып алу. Жеке кітапхана құру. Электронды кітапқа жол бермеу – бала үшін кітапты құндылық ретінде қабылдаудың кепілі.
− Кітап оқып бастағаннан кейін Ақылжан мен Біржанның бойында, мінезінде, қылықтарында қандай да бір өзгерістер болды ма?
− Иә, әрине. Мұндай өзгерістер кітаптың бала дамуына тигізетін әсерінің көрінісі. Кітап арқылы бала тек білім алып қана қоймай, ойлау қабілеті дамып, эмоциялық интеллекті де жетіледі. Кітап оқитын бала – тек білімді емес, өмірді терең түсінетін, тапқыр әрі шығармашыл тұлға болып өседі. Менің балаларым да сондай.

− Өз сөзіңізде талқылау деп айтып қалдыңыз. Балалармен бірге кітап талқылаудың пайдасы жайлы айтсаңыз.
− Кітап талқылау маңызды қадамның бірі. Себебі баланың оқылған кітапқа қайта оралуына деген қызығушылығын арттырады, қиялын ұштайды және шығармашылық ойлау қабілетін дамытады. Сонымен қатар тіл байлығын, ойларын нақты жеткізу қабілетін, өз пікірін дәлелдей білу дағдыларын шыңдайды. Кітапқа деген сүйіспеншілік тек оқумен шектелмей, пікірталас арқылы тереңдей түседі: кейіпкерлердің таңдаулары мен әрекеттері, сюжеттік желілер, автордың ойы – барлығы бірге талқыланып, бала ойының кеңеюіне септігін тигізеді.
Біздің отбасыда қалыптасқан талқылау дәстүріміз балаларға кітапты тек оқу емес, сонымен бірге түсіну, ойлану және өз көзқарасын қалыптастыруға көмектеседі. Мысалы балалар кітап әлеміне қайта оралып, әр оқиғаның жаңа қырын көргісі келетін болды, ал бұл олардың шығармашылық қабілеті мен ой-өрісін дамытудың ең тиімді жолы.
− Жауабыңызға рақмет!
Әкенің сөзінен аңғарғанымыз – кітапқа деген қызығушылық кездейсоқ қалыптаспайды. Ол тыйыммен де, талаппен де емес, күнделікті орта арқылы, бірге өткізген уақытпен, үлгімен сіңеді. Баламен бір кітапты оқып, бірге талқылау, түсінбеген жерін сабырмен түсіндіру, асықтырмау – осының барлығы Ақылжан мен Біржанның оқырман болып қалыптасуына негіз болғандай.
Ал бүгін сол еңбектің нәтижесі көрініп тұр. Балалар жас ерекшелігіне байланбай, қызық тақырыпты өзі таңдайды. Бір жылда бір ғана жанрмен шектелмей, түрлі авторды, түрлі әлемді оқып көреді. Бірі қиял-ғажайыпқа бойласа, бірі шытырманға толы туындыға бет бұрады. Олар үшін кітап – тапсырма да, міндет те емес, күнделікті өмірінің бір бөлігі, ойлануға, армандауға, өз әлемін тануға мүмкіндік беретін серік. Мүмкін, ең маңыздысы да осы шығар. Ақылжан мен Біржан кітапты оқу керек болғаны үшін емес, қызық болғаны үшін оқиды. Ал дәл осындай қызығушылықпен басталған әдет баламен бірге өсіп, уақыт өте оның мінезіне, ойына, өмірге деген көзқарасына айналатыны анық.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!