«Бірлік болмай, тірлік болмас», – дейді дана халқымыз. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, осы ұлы ұстанымды айдай әлемге паш ететін ерекше мейрам. Бұл күн – әртүрлі этнос өкілдері татулық пен өзара сыйлас тықтың туын биік көтеретін ұлы дата. Қазақтың кең сахарасындай дархан жүрегіне сан ұлттың өкілін сыйдырған киелі жердің рухы бүгінде мың сан адамды бауырмалдықтың бесігінде тербетуде.

Халықтар арасындағы достықтың шынайы көрінісін өз өмірлерімен д әлелдеп жүрген жастар арамызда аз емес. Біз сөзге тартқан Бахар Милиярова мен Константин Луца – сондай алтын ұрпақтың жарқын өкілдері.

Ұлттарға үлгі болған қазақ елі

Бахар Милиярова – Қызылорда облыстық түрік этномәдени орталығының мүшесі, «Ассамблея жастары» ұйымының белсендісі. Кейіпкеріміз әңгімесін бастағаннан-ақ, оның Отанға деген шынайы сүйіспеншілігі пен махаббатын аңғармау мүмкін емес еді.

– Халықтардың бірлігі күні мен үшін ерекше маңызға ие. Бұл мереке әртүрлі ұлттардың бір шаңырақ астында татулық пен түсіністікте өмір сүріп жатқанын айқын дәлелдейді. Түрік халқында да қонақжайлық, үлкенді сыйлау, адалдық пен достықты қадірлеу сияқты қасиеттер ежелден бері сақталған. Сондықтан біздің дәстүріміз осы мерекенің мән-мағынасымен тамаша үйлеседі, – дейді Бахар.

Күллі әлемге үлгі болар қазақ жеріндегі ұлттар достығының қайнар көзі – ортақ Отанға деген адалдық, тілге деген құрмет.

Бахар қазақ тілін кішкентайынан меңгерген екен.

– Бала кезімнен қазақ тілінде сөйлей бастадым. Сол себепті маған қазақ тілін үйрену қиындық туғызған жоқ. Қазақтың сөзі – көңілдің айнасы, жүректің үні. Өз Ана тілімді де, қазақ тілін де жетік меңгергенім үшін өзімді бақытты сезінемін, – дейді ол.

Бахардың сөзінен қазақтың қасиетті дәстүріне деген ілтипат анық аңғарылады. Әсіресе оған қазақ халқының қонақжайлық салты ерекше ұнайды екен.

– Қазақта «Қонақ – Құдайдың бергені» дейді. Осы сөз маған ерекше әсер етеді. Бұл дәстүр адамның жүрегінің кеңдігін, пейілінің дархандығын білдіреді. Түрік халқында да қонақты құрметтеу аса маңызды. Сондықтани қазақтың бұл дәстүрі менің жан дүниеме жақын, – дейді ол шабытпен.

Бахардың алдағы мақсаты – медицина саласының білгір маманы болу.

– Дәрігер болу – жүректен туған арманым. Болашақта адамдарға денсаулық сыйлап, науқастардың жүрегіне үміт шуағын себуді мақсат етемін. Шипагер болуды тек мамандық деп емес, сауапты жол, адамға деген сүйіспеншіліктің көрінісі деп есептеймін, – дейді ол сеніммен.

Өнер мен спортты серік еткен сері

Өзге ұлттың өкілі болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатын келесі кейікеріміз – Константин Луца. Ол өнер мен спортты серік еткен дарынды жас. Сыр өңірінің тумасы және қоғам белсендісі. Бала кезінен қазақ тілін меңгеріп, қазақтың әндерін сахна төрінде әуелеткен ол – еліміздегі көпұлтты бірліктің нағыз үлгісін көрсетіп жүрген азаматтардың бірі.

– Ән мен спорт – менің өмірімнің қос қанаты. Ән маған сезімнің тереңдігін үйретсе, спорт табандылық пен ерік-жігерімді шыңдады. Әр қиындықты еңсеру арқылы мен бойымда сенім мен төзімділікті тәрбиеледім. Әрбір жетістігімнің артында еңбектің тері мен ұстаздардың ыстық ықыласы бар, – деп еске алады Константин.

Қазақ тілін меңгеру оңай болмаса да кейіпкерімізді кездескен қиындықтар тоқтата алмаған.

– Шыны керек, қазақ тілін меңгеру барысында белгілі бір қиындықтармен бетпе- бет кездестім. Өйткені бұл тіл мен үшін мүлдем беймәлім еді. Кейде қорқыныш сезімі бойымды билегенімен, ешқашан тоқтап қалған жоқпын, қайта алға ұмтылып, үйренуге талпындым. Бұл жерде қазақ тілі пәнінен сабақ берген тамаша ұстаздарымның еңбегін ерекше атап өткім келеді.

Уақыт өте келе тағы бір қызық жайтты байқадым: қазақ тіліне деген сүйіспеншілігімді музыка оятқан екен. Нақтырақ айтқанда, қазақтың ән-күйі жүрегіме жол тапты. Әлі есімде, алғаш рет сахнаға шыққаным музыка пәнінің мұғалімі Аниша Жантайқызы арқылы болды. Бір іс-шарада ол маған қазақ тілінде ән орындауды тапсырды. Ән, қателеспесем, туған жер туралы болатын. Ол кезде мен ән мәтінін жаттап алсам да, мағынасын толық түсіне бермейтін едім.

Алайда осы сәттер мені терең ойға жетеледі: өз бетімше тіл меңгеру керектігін ұғындым. Кейін маған ата-анам компьютер сатып алып берген соң, интернетті меңгере бастадым. «You-Tube» платформасына кіріп, қазақ әндерін іздеп тыңдайтын болдым. Сол кезде қазақтың халық әндері жаныма ерекше жақын екенін аңғардым. Осыдан кейін қазақ тіліне деген қызығушылығым одан әрі арта түсті, – дейді ол тебірене.

Константин үшін бірлік пен татулық – құр сөз емес, өмірлік ұстаным.

– Өз өмірлік тәжірибемнен түйгенім – әр адам ерекше, әрқайсысының өз ойы, өз көзқарасы, дүниетанымы мен идеологиясы бар. Сондықтан адамдар арасында өзара құрмет, төзімділік, түсіністік пен жағымды қарым-қатынастың болуы аса маңызды. Бүгінде мұндай қасиеттерсіз өмір сүру мүмкін емес. Заманауи қоғамда әр адам дипломатиялық қасиеттерді де бойына сіңіруі тиіс.

Мен ешқашан адамды ұлтына қарап бөлген емеспін. Адамды оның адамгершілік қасиетімен бағалаймын. Қазақстанда туып-өскенімді мақтан етемін. Бұл Отан – менің жүрегімнің төрі.

Шын мәнінде, мен өзімді елімнің ең шынайы патриоттарының бірі деп санаймын. Қазақстанның әр азаматына зор құрметпен қараймын. Қазақ ұлтының дәстүрлерін, ұлттық құндылықтарын, тіпті асханасын жақсы көремін. Осындай рухани байлық арқылы өмір сүру, әлемді танып-білу арқылы өмір жанданатын іспетті.

Менің ойымша, әр дүниенің позитивті қырын көруге ұмтылу керек. Адам жан-тәнімен қандай энергия таратса, сол энергия өзіне қайта оралады. Сондықтан біз бүгінде бірлігімізді сақтап, ынтымақ пен достықты нығайтуымыз қажет. Ұлтаралық араздық туғызғысы келетін арандатушылар, өзге де «тырнақ астынан кір іздеген» жандарға мән бермеу керек. Ең бастысы – адам болып қалу, – дейді ол жүрекжарды ықыласпен.

Сұхбат соңында кейіпкеріміз жастарға арнап бірнеше кеңесімен бөлісті.

– Әр адамның бойында қайталанбас қабілет пен ерекше күш бар. Ең бастысы оны уақытында танып, дамыту. Өз жолыңды тапқанда ғана адам шынайы өмір сүре бастайды. Жүректен туған істі атқарғанда ғана адам өзін толық іске асырады және таңдаған саласында үздік болуға ұмтылады.

Адам болу да – үлкен өнер. Бүгінде көпшіліксыртқы бейнеге мән береді, алайда шынайы адам болу – ішкі тазалық пен рухани дамуды талап етеді. Бұл – әр күн сайын өзіңмен жұмыс істеу деген сөз.

Өмірде тәуекелден қорықпау керек. Қиындықтар мен белгісіздік көбіне мақсатыңа жетудің тиімді жолы болады.

Өз-өзіңді тыңдап, ішкі қалауыңды түсіну – адаспауға көмектеседі. Өз-өзіңді таныған кезде ғана адам еркін болады. Уақытты бағалау, ішкі тыныштықты сақтау және өз-өзіне құрметпен қарау – бақыттың басты негізі.

Сондықтан дамудан ешқашан бас тартпаңыз. Себебі өмір тек сыртқы жеңістермен емес, ішкі жеңістермен өлшенеді, – дейді ол сөзін қорытындылап.

Бейбіт күннің бағасын білейік

Екі кейіпкеріміздің әңгімесінен ұққанымыз – тіл мен мәдениетті қастерлеу, өзара құрмет пен түсіністік – шынайы бірліктің алтын діңгегі.

«Тіл – ұлттың жаны» десек, әр ұлт өкілі қазақ тілін меңгеруі арқылы қазақ халқына, қазақ жеріне деген шынайы құрметін көрсетеді.

«Бақ қайда барасың?» – десе, «Ынтымаққа барамын», – дейді екен. Бүгінде дүние жүзінде бейбіт өмірді аңсап отырған халық қаншама?! Ал біз бейбіт күннің шуағында, бірліктің бесігінде тербеліп келеміз. Сондықтан бабалар аманатына адал болу – әр азаматтың парызы.

Мақаламыздың кейіпкерлері – Бахар мен Константиннің өнегелі жолы бүгінгі жастарға үлгі. Олар жүректерімен тіл үйренді, өнерімен достық көпірін салды, армандарымен Отанға адал қызмет етуді мақсат етті.

Бірлікті сақтау – ұлы мұрат. Ол үшін біз әрдайым бір-бірімізге сыйластықпен қарап, тілімізді құрметтеп, Отанымызды ортақ құндылық деп қабылдауымыз керек. Сондықтан бірліктің бағын бағалап, тілімізді төрге оздырайық, құрметті оқырман!

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!