Бір уақ ой елегінен өткізсек, кәсіп бастаймын дегендерге мүмкіндік көп. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек пен қолдау шаралары да аз емес. Дотация мен жеңілдетілген несиеден бастап тегін курстарға дейін қарастырылған.

Бұл ретте кәсіпкерлерге қажетті кеңес беріп, жобаларды сүйемелдеу бағытында өңірдегі «Бизнеске арналған үкімет» КММ де қарқынды жұмыс істеуде. Мәселен, орталық ақысыз негізде облыс кәсіпкерлеріне 7 бағыт бойынша 70 қызмет түрін көрсетеді. Ал мұндағы тыныс тіршілікпен танысып, биылғы көрсеткіштерді саралау үшін мекеме директорының орынбасары Нұржан Тоқмұрзамен сұхбаттастық.

− Нұржан Жәнібекұлы, «Бизнеске арналған үкімет» мекемесі бірнеше жылдан бері жаңа фор- матта жұмыс істейді. «Бір терезе» қағидаты да бар. Кейінгі жылдағы нәтижелермен бөліссеңіз.

− Иә, 2020 жылдың мамырында мекеме «Бизнеске арналған үкімет» КММ ретінде аталып, жобаға сай жаңа форматта жұмысын бастады. Себебі сол жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде барлық өңірде «Бизнеске арналған үкімет» жобасын жүзеге асыру туралы тапсырма берілді. Ал ол уақытқа дейін «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы», кейін 2017 жылдың 30 қаңтарынан бастап облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жанынан кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ретінде қызмет атқардық.

Жыл сайын ұсынылатын қызмет көлемі артып келеді. Мәселен, 2017 жылы 4 бағытта 40 қызмет түрі көрсетілсе, 2017 жылы бағыттың саны 7-ге артып, 60 қызмет бойынша 6070 жұмыс атқарылды. Кейін қызмет саны 10546, 13488, 16763, 19592-ге жетті. Былтыр 70 қызмет қолға алынып, 20525 қызмет көрсетілді. Ал биыл қоржында 7 бағыт аясында іске асқан 19951қызмет бар. Облыс бойынша 86 мемлекеттік мекеме, квазимемлекеттік ұйым және монополист субъектілерімен жұмыс істейміз. Ал барлығы 109 374 қызмет көрсетілді.

Өзіңіз айтқандай, қазір «бір терезе» арқылы кәсіпкерлердің түрлі жұмыстары дер кезінде оң шешімін тауып жатыр. Бұл қызмет түрімен Ұлттық экономика министрлігінің бас сарапшысы Ербол Жұмабай танысып, оң бағасын берді.

"Бизнеске арналған үкімет": тиімді қызмет пен қолдау

− Білуімізше, мекеме мен монополия субьектілерінің арасында арнайы келісім бар. Бұл меморандум кәсіпкерлерге қаншалықты тиімді?

− Мекеменің негізгі бағыттарының бірі – техникалық шарттар алу бой- ынша монополист мекемелермен бірге жұмыс істеу. Атап айтқанда ШЖҚ «Қызылорда су жүйесі» МКК, «Қызылордажылуэлектрорталығы», «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Сыр суы» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы, «QazTransGazAimaq» АҚ секілді монополия субьектілерінің барлығымен меморандум жасалған. Ал бұл бастама аясында мекеме кәсіпкерге керекті техникалық шарттарды 5 күн ішінде алып бере алады. Бұған дейін монополистерге барған кәсіп иесі кәсіпкерлік нысанын іске қосу үшін қажетті техникалық шартты алуға бір айға дейін уақыт жұмсайтын. Бұл бірлескен жұмысымыз монополия мекемелерінде тиімді. Ал республика көлемінде бұл бағыттағы қызмет бойынша «Бизнеске арналған үкімет» мекемесі үздік үштіктің қатарында.

− Орталықта ұсынылатын қызметтің ауқымы кең екенін байқадық. Бір ғимаратта бірнеше ұйымның бірге жұмыс істеуі де жұмыстың қарқынды жүруіне әсер ететіні сөзсіз.

− Бүгінде мекемеде 23 адам қызмет етеді. Облыс орталығы мен барлық ауданда арнайы өкілдеріміз жұмыс істейді. Біз – қызмет көрсетуші мекемеміз. Облыстың барлық кәсіпкеріне сапалы қызмет көрсету – ұжымның басты мақсаты мен міндеті. Жыл басынан бері мекеме 20 мыңға жуық қызмет көрсетті. Тіпті жарнама эскизін жасау бойынша да біршама жұмыс атқарылуда. Дизайнерлік қызметіміз де ақысыз негізде жүзеге асады.

Сонымен қатар кәсіпкер біздің мекемеге келіп, өзінің атынан сенімхат бере алады. Біз сол кәсіпкердің өкілі ретінде мекеменің қызмет көрсету бағыттары бойынша тиісті органдарға барып, сүйемелдеу жасаймыз. «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай офисінде кәсіпкерлер өз бизнесін дамыту, құзыретін арттыру мен қаржыландыру мәселесі бойынша барлық қызмет пен кеңес ала алады.

"Бизнеске арналған үкімет": тиімді қызмет пен қолдау

Кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету жолында жасалған қадамдардың бірі – қажетті мекемелердің бір алаңда жиналуы. Яғни кәсіпкерлікті қолдау саласындағы «Бизнеске арналған үкімет», Өңірлік инвестиция орталығы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Аграрлық несие корпорациясының» филиалы бір ғимаратта жұмыс істеуде. Соның арқасында бизнес өкілдері бұрынғыдай мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмайды. Бұл – бизнесті қолдаудың басты тетігі.

− Сұхбат барысында түрлі қызмет түріне тоқталдыңыз. Ал сұраныстағы қызмет қайсы?

− Ең танымал қызмет түрі – бизнес-жоспар. Түрлі мемлекеттік бағдарламаға, мемлекеттік грантқа қатысу үшін бизнес жоспарды тегін жасаймыз. Ал егер кәсіпкер өзге ұйымға ақылы қызметке жүгінсе ең қарапайым бизнес-жоспардың өзі орта есеппен 50 мың теңгеге жасайды. Біздің тарапымыздан бұл қызмет тегін көрсетіледі. Мысалы биыл қараша айына дейін біздің қызметкерлер 1434 бизнес-жоспар жасады. Олардың ішінде кәсіпкерлер де, қызметін енді бастағандар да бар.

Тағы бір айта кетерлігі, біз арқылы кәсіп бастағысы келгендер кәсібін тіркей алады. Салық саласына қатысты 17 қызмет түрін ұсынамыз. Бастысы сүйемелдеу жұмысы да жалғасады. Мысалы бірнеше жыл бұрын тіркелуге келген кәсіпкер кейін техникалық шарт алуға, жаңа нысан құрылысын бастауға келеді. Біршама азамат бүгінде үлкен жобалармен жұмыс істеп, қызмет аясын кеңейтіп жатыр.

− Жауабыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!