Музыка – нағыз терапия. Жан сарайын тыныштыққа бөлеп, терең тыныстауға сеп болатын құдірет. Шартараптың да сырлы сазбен, үйлесімді үнмен тілдесетіні шын. Себебі бұл мәдениеттің ажырамас бөлшегі. Қазіргі таңда қабілетімен қасиетті өнердің байыбына барып, сахнаның киесін ұғынған жас көп. Осы тұста рухани кемелдіктен сая тауып, тыңдарман қошеметін құрмет тұтатын Берік Батырханмен музыка жайында әңгіме өрбіттік.

«Дирижердің бар міндеті – әрдайым дұрыс темпті көрсете білуі» деген Ричард Вагнер. Демек, мүлт кету ырғақтың ыңғайын бұзады. Сіздің ше, бұл мамандықтың машақаты қандай?
– Дирижер – қызық әрі түсініксіз мамандық. Себебі, көптің санасында «ортада таяқшаны оңды-солды сілтейді. Мұның маңызы қандай?» деген сауал туындауы мүмкін. Егер оркестрді тұтас ағза десек, оның жұмысын жүйелеп, иіріммен біріктіру тікелей дирижерге байланысты. Сондықтан маман иелері ортада құр бекер ақ тер, көк тер болмайды. Дирижер болу терең білімді меңгерген, дипломатиялық қатынасты игерген, коммуникацияға келгенде күмілжімейтін қабілетті қажет етеді. Келіссөз жүргізуде кейін тартпасы үшін ұйымдастырушылық деңгейі де жоғары болуы тиіс. Бұрын дирижер тек жасы үлкенге сай мамандық деген тар түсінік бар еді. Бірақ, талапты әрі талантты жастар бұған бейімделе түсті. Олардың ерік-жігері оркестрді өрге сүйрейтіні анық.
Күйді симфонияға айналдыру үрдісі жүйелі қалыптасқан ба? Кәсіби маман ретінде музыка саласында сізді не алаңдатады?
– Жалпы классикалық музыканың өзіндік жанры болады. Мәселен, симфониялық поэма, симфония және опера деп жіктеледі. Симфониялық күйді композитор Еркеғали Рахмадиев қалыптастырған. Яғни, бұл симфония мен күйді синтездеуден тұрады. Осы бағыт бойынша қазақ композиторлары қарқынды еңбек етуде. Әлбетте «әп» дегеннен ойлағанның бірден іске асуы қиын. Сондықтан жарқын жолды жалғастырып, ілгері дамуда ілкімді іс атқара алсақ, өнер жолында бекер жүрмегеніміз.
8 жыл Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі болдым. Сол кезеңде қазақтың сырлы сазгерлерінің бірсыпыра туындысын орындадық. Алдағы уақытта да симфониялық күй жанрын репертуарға енгізіп, халыққа ұсынбақ ниеттеміз.
Өзіңіз жетекшілік ететін «BN Team» симфониялық оркестрі көпті тәнті етуде. Тағы қандай әлемдік сахнада өнер көрсету ойда бар?
– Бұл жобаның Қазақстан нарығына шыққанына 1 жылдан аса уақыт болды. Талантты музыкант Ернар Нұртазинмен ақылдаса отырып, осы жобаны қолға алдық. «BN Team» атауы серіктесім екеуміздің тегімізден құралған. Билет сатылымға шыққан бойда тез өтеді. Аншлаг. Сондықтан тыңдарманның ыстық ықыласы мен риясыз көңілі һәм сенімі бізді шабыттандырады. Қошеметке лайық болғанымыз, әрине, қуаныш. Бішкек, Ташкент, Бакуде өткен концерт те сәтті өтті. Енді Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан мемлекетінде де өнер көрсетудеміз. Бұл еңбегіміздің ақталғаны деп білемін.
Жалпы оркестр құрамында 100-ге жуық адам бар. Кейде өзге қалада өтетін концертке 50-60 адамды жинақтаймыз. Сол себепті бағдарлама бойынша құрам іріктеліп отырады. Барлығы жақсы музыканттар, өз ісіне мығым солист пен ұйымдастырушы топ та бар. Яғни, жекеменшік жоба болғандықтан ұйымдастыру, оркестрдің шығуы, аспаптардың арендасы барлығын өзіміз шешеміз. Миссиямыз – қазақ музыкасын дамытуға үлес қосу.
Ізденіс ізін жалғап, Еуропада біліміңізді жетілдірдіңіз. Шығармашылықта қандай жағымды жаңалық, жаңа бағыт болуы мүмкін?
– Жақында Еуропаның ең ежелгі оқу орындарының бірі «Jagellonian University» білім ордасын тәмамдап, диплом алдым. «Мәдени музыкалық ұйымдар мен бизнес арасындағы ынтымақтастық» тақырыбы бойынша диссертацияны сәтті қорғадым. Бір жылғы оқу мерзімінде ағылшынымды жетілдіріп, поляк тілін үйрендім. Түрлі концертке қонақ ретінде шақырту алып, шеберлігімді шыңдадым. Дітттеген мақсат-мұратыма жету үшін аянып қалмаймын. Жинаған тәжірибем бойынша елде игі бастама бастап, шығармашылыққа тың серпіліс әкелуге ниеттімін. Өнер жолында үзбей іздену керек.
– Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан
Замира ДАСТАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!