Шетелде білім алу қолжетпейтін арман емес. Амалын тауып, ізденгенге жол ашық. Тіпті тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинағандар жетерлік. Мәселен бүгінгі кейіпкеріміз әлемнің 7 университетінде оқыған. Осы ретте «Болашақ» түлектері қауымдастығының Алматыдағы директоры, сарапшы Арайлым Болатқызымен тілдестік.

– «Болашақ» және «Эразмус» бағдарламасы арқылы Лондонда, Италияда білім алдыңыз. Қос елдің білім берудегі айырмашылығы қандай? Жалпы бағдарламаның тиімділігі жөнінде сөз қозғасаңыз…
– Иә, Ұлыбританияда бакалавриатты математика және қаржы мамандығы бойынша оқыдым. Елге оралып, еңбек жолым халықаралық аудит компаниясынан басталды. Кейін есеп және аудит саласын меңгеру үшін Италияда магистратурада оқуға шешім қабылдадым. Екі бірдей ел белді университетімен танымал. Оксфорд, Кембридж жоғары оқу орындары сөзіме дәлел. Лондонда бағалау жүйесінің 20%-ын оқу, 80%-ын емтихан құрайды. Дайындық үшін кітапханаға барып, таласып оқитынбыз. Кітапты 3-4 күнге ғана береді, тіпті орын табылмай қалады. Емтиханда қай партада отыратынымызды нөмірмен белгілеп, студенттердің алшақ орналасуын қадағалайды. Су алып кіргеннің өзінде сыртындағы жазуын алғызып тастайды. Тексеріс мұқият жүргізіліп, 3-4 адам бақылайды. 2 сағат ішінде жауап беріп үлгеру керек, ондай да көшіруге де мүмкіндік жоқ. Егер нұсқаулық пайдаланғаныңды көрсе, бірден оқудан шығарады. Тіпті есеп шығарғанда шешімін ғана жазбай, әр есептеу тәсілін көрсету керек. Әйтпесе төмен баға қойылады. Тесттен гөрі сұрақ-жауап көп. Эссе жазу, сұрақ қою арқылы талдау жүргізіледі. Меніңше, мұны біздегі білім жүйесіне де күшейту керек секілді. Өйткені мәселені зерттеп-талдамақ түгілі, өзі туралы жаза алмай, қиналатындар бар. Италияда да білім беру процесі жақсы. Мұнда сән мен дизайн, архитектура жақсы дамыған. Әсіресе халқы ашық әрі көңілді.
«Болашақ» – әлемдегі теңдесі жоқ бағдарлама. Шетелдік достарым «Оқудың ақысын
төлеп, айына шәкіртақы да тағайындайды, тек сабаққа ғана көңіл бөлесіңдер» деп таңқалатын. Бұл бағдарламаның ықпалымен Бразилияға, Оңтүстік Африкаға, Еурапоның барлық қаласына бардым. 5 тілді меңгердім. Дамуда даңғыл жолымды қалады десем артық емес.
Қазір жастарға шетелде оқу бойынша бағыт-бағдар беріп жүрсіз. Мастерклассқа қатысып, сізден кеңес алғандардың саны қанша? Нәтиже қандай?
– Англия, Америка, Канада сынды шет мемлекетке оқуға түсуге жол көрсетемін. Негізі көп агенттік гранттармен жұмыс істемейді. Оқуға түсіру үшін қомақты қаражат сұрайды. Әлеуметтік желілерде контент жүргізіп, керекті кеңеспен бөлісемін. Арзан әңгімеге қарағанда білім контентін қалыптастыру керек. Бұл әр жасқа пайдалы деп ойлаймын. Мастеркласстарды тегін өткіземін. Онлайн және офлайн сабаққа кемінде 150 адам қатысады. Тіпті қайта өткізуімді сұрайтындар бар. Сондай топтың біріне қазір 250-ден аса қатысушы жазылып қойған. Сұраныс бар. Шетелде оқу бойынша ата-аналар мен балалар сұрақ қойып, байланысқа шығады. Венгрияға тапсыруға жыл сайын студент саны көбейіп отыр. Мәселен, өткен жылы 20, биыл 50 адам тапсырады. Тіпті мұғалімдер де келіп, қызығушылық білдіреді.
Шетел университеттерінің қайсысы көп грант бөледі? Сарапшы ретінде айтыңызшы, құжат тапсырмас бұрын оқуға түсерде нені ескеру керек?
– Венгрия 250, Қытай 155 грант бөледі. Италияға да көп орын бөлінеді. Көбі Польша мен Чехияда оқу бо­йынша сұрайды. Бірақ ол жақта поляк және чех тілінде оқу міндетті. Өйткені ағылшын тілінде оқу ақылы, 1 млн 200 мың және 1 млн 400 мың теңгені құрайды. Әркімнің таңдауына сай оқуға тапсыруға бағыт береміз. Біріншіден сабақ үлгерімі жақсы болу керек. Бакалавриатта оқып, 2.5 GPA-мен келеді. Бұл төмен көрсеткіш. Ағылшын тіліне де 8 сыныптан, тіпті одан ерте дайындалған
дұрыс. Сабақтан тыс шараларда белсенділік танытып, олимпиадаға қатысып дипломсертификатты көбейту артық етпейді. Оның бәрі оқуға түсерде рөл ойнайды. Бұдан соң өмірбаян, ұсыныс және мотивациялық хаттарды кезеңкезеңімен жазу басталады. Университеттің қарауы 2 аптадан 8 аптаға дейін созылады. Орташа есеппен 1 айда шақырту келеді. Болашақ бағдарламасына тапсыру әлі ашылған жоқ. Сол себепті ерте қамданып, жан-жақты дайындықты күшейту керек. Техникалық мамандықтарға IELTS көрсеткіші 6 немесе 6.5, ал гуманитарлық мамандыққа 6.5-нан жоғары болу тиіс.
– Елімізде техникалық мамандықтар бойынша кадр тапшылығы бары рас. Содан болар инженерия сынды бағытта грант та, квота да бөлінуде. Бұл салада оқуға жастардың құлшынысы қандай? Басым бөлігі қай мамандықты таңдайды?
– Көбі гуманитарлық мамандықты таңдайды. Бірақ бұл техникалық бағытта сұраныс аз дегенді білдірмейді. Қазір көп грант пен квота бөлініп жатыр. Алдағы уақытта техника мамандары көбеймесе азаймақ емес. Мен оқуға түскен жылы 100 бала оқысақ, соның 40-ы қазақ болды. Барлығы техникалық мамандықта оқыды. Қазір олар Air Astana мен ҚазАвтоЖол сынды ірі мекемеде қызмет етіп жүр. Сондықтан кадр тапшылығын қалыпқа келтіруге болатын сияқты.
Алғашында «Болашақ» бағдарласымен оқуға барып, Отанға оралмағандар жайында көп айтылатын. Бұған шетелдегі жақсы жалақы мен жайлы өмірден басқа не себеп болуы мүмкін. Ал қазіргі қарқын қандай? Түлектер елімізде тірлік етіп жүр ме?
– Елге қайтып келмейді деген стереотип ғана. Кейбірі ғана оралмауы мүмкін, соның өзінде ол мемлекетке тиесілі ақшаны қайтарады. Оқуға кетерде кепілге жылжымайтын мүлік қойылады. Бұдан бөлек ата-ананың артқан үмітін ақтауға тырыстық. Оқу үлгерімді төмен түсірмей, шет мемлекетте жүрсек те ел мәртебесін биік қойдық. Патриот болу арқылы Қазақстанның қандай ел екенін көрсетуге атсалыстық. Шетелде тұрақтап қалды десек те, бәрібір елге бүйрегі бұрып тұратыны анық. Өйткені әрқайсысы ел дамуына үлес қосуға әзір. «Болашақ» бағдарламасымен бай-бағланның баласы ғана оқуға түседі деген де қате түсінік. Ауылда, қарапайым отбасында дүниеге келдім. Ата-анам мектепте мұғалім. Талпынысым мен талабым жетістікке жетеледі. Сондықтан қасаң көзқарастан арылып, алға ұмтылған абзал.
Сұхбатыңызға рақмет!


Әңгімелескен
Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!