Ең алғаш кино түсіру XIX ғасырда бастау алды. Сол кезде сирек кездестіретін камера бүгінде өміріміздің бір бөлшегіне айналып, ең ғажап сәттерді естелік етіп сақтауға мүмкіндік беретін құралға айналды. Бірі өз қызығы үшін камерамен дос болса, енді бірі бұл саланы өмірлік жолы етіп таңдаған. Осы орайда камерасын серік еткен сері Жомарт Кемелхановпен тілдескен едік.
– Көптеген бүлдіршін балалық шағында ұшқыш немесе дәрігер болуды армандайды. Ал сіз үшін бұл салада жұмыс істеу бала кезден бергі арман болды ма? Қай уақыттан бері кәсіби видеограф болып қызмет етіп келесіз?
– 2016 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Информатика мамандығы бойынша оқуымды тәмамдадым. Одан кейін туып өскен жерімде (Жаңақорған ауданы, Әбдіғаппар ауылы) жүк тасып, нәпақамды таптым. Аты жұпыны көрінгенімен, бір күнде табатын табысым 20- 30 мың теңге болды. Осылай жұмыстың ешқайсысын артық көрмей жасап жүргенімде «Ақмешіт» институтынан жұмысқа шақырту алдым. Жұмысқа түскен күннен бастап қолыма фотокамера берді, лезде іске кірісіп кеттім. Бұрын-соңды фотоаппарат ұстап көрмеген мен үшін бастапқыда сәл қиын болды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыстан тыс уақытта іздене бастадым. Ғаламтордан қолымдағы құралды қалай пайдаланып үйренуге болатынын іздестірдім. YouTube желісін ақтарып, шетелдік видеоблогерлердің монтаждарын көретінмін. Ізденіс пен тәжірибенің арқасында оң нәтижелерге жеттім. Айта кету керек, бұл мансабымның басында қолдау аз болмады. Бәлкім соның арқасында болар, бүгінде бұл мамандықтың шарапатын көріп жүргенім. Бұрынғы жұмыс орнымда Ержан Кенжеев есімді әріптесім болды, ол кісі де фото-видеоға қызығатын. Аға-іні болып араласып кеттік, күнде қызықты және әртүрлі идеяларды талқылайтынбыз.
Жұмыста алатын бір айлық жалақы – 30 мың теңге, ал ауылда жүк тасып-ақ мұны бір күнде табатын едім деген ой тыным бермеді. Десек те мен бір дүниені ұқтым: маған таңдау берілген сәтте қалаға баруды таңдап, осы өмірге бейімделуге бекінгенмін. Фотокамера ұстап, шығарған туындымнан ләззат алған қатты ұнайды.
Арада 2-3 ай өткен соң тағы да ұсыныс түсті, бұл жолы Ержан ағамнан. Ол фотостудия ашу туралы ниет білдірді. Мінекей, дәл осы сәттен бастап бұл салада кәсіби түрде жұмысқа кірістім.
Бұрынғы жұмыс орнымнан шығып, жаңадан ашылған «RedOrda» фото-видео студиясына жұмысқа тұрдым. Ол жерде универсал қызмет атқардым, яғни фотограф, оператор, видеомонтажер және дизайнер болып жұмыс істедім. 2 жыл тоқтаусыз еңбек етіп, өзімнің біліктілігімді арттырумен, қабілеттерімді дамытумен болдым. Бұл салаға қатты кірісіп кеткенім сонша, табатын табысым да мені қызықтырмады. Жүрегімнің қалауы сол болды. Сол себепті болар, екі-ақ жылдың ішінде «RedOrda» фотостудиясы өркендеді, дамыды, қаладағы өзге студиялардан кем болмады.
Көптеген іс-шараға инфографикалық жанрда дайындалған видеоға қажеттілік туындайтын. Ал мен бос отырмай, бұл жанрдың қыр-сырын үйреніп алған едім. Ірі компаниялар, мемлекеттік іс шаралар мен есеп беру жиындарында менің жасаған видеоларымды қолданатын еді, ұсыныс көп болды. Кейіннен шәкірт тәрбиелеп, оған бұл жанрды үйреттім.
– Бейнежазбаны өзің үшін түсіру – бұл қызығушылық, ал біреу үшін түсіру – үлкен жауапкершілік. Бұрыннан тойсүйер халықпыз. Бұл мейрамды жақсылап таспа беттеріне басу фотографтар мен видеографтар мойнында. Бір тойды атқару құны қанша және көп материалмен жұмыс істеу қаншалықты қиын?
– Иә, әр тойдың материалын дайындау алдында жалғыз мақсат болады, ол – тұтынушыны риза ету. Сапалы әрі креативті дүниені беру. Себебі бір риза тұтынушы өзге он тұтынушыны әкеле алады.
Материалдарды жойып алудан құдай сақтасын. Мұндайға өте тиянақтымын, мен үшін басты жауапкершілік осы. Бұл өте майда жұмыс, орысша айтқанда «щепетильная работа». Тойдың бейнематериалының монтажына ұзақ уақыт кетеді. Кейде көзің талып, шаршап та қаласың. Түсірілген материалды компьютерге көшірудің өзіне ұқыптылық керек. Техникаға сенім жоқ, ақаулардың алдын алуға тырысасың. Бұл жерде дер кезінде шешім қабылдап та үйрену керек. Шыдамдылық танытып, креативті ойлармен жұмыс істейміз. Көңілден шығу үшін материалдың әр бөлігіне жіті назар аударамыз. Көп жағдайда миымды әр дүниемен шаршатқым келмейді, мұның бәрі фокусқа кері әсер етеді.
Бір тойды атқару құны 50 мың теңгеден бастау алады, дегенмен оның жүгірісі көп болғандықтан әртүрлі бағаға өзгеруі мүмкін.
– Қазір саны көп, сапасы жоқ фотограф, видеографтар көп. Жалпы қызылордалық фотограф, операторлардың біліктілігі қандай деңгейде деп есептейсіз? Мұндай маман болу үшін арнайы білім қажет пе? Қызылордада бәсекелестік деңгейі қаншалықты жоғары?
– Қызылордада видеографтар өте аз, тіпті алдағы уақытта видеографтардың тапшылығы кәдімгідей сезілетін болады. Мұны қазірдің өзінде байқасақ болады. Қалай дейсіз ғой? Маған айына жұмыс ұсынау мақсатында 1-2 мекеме хабарласады. Әрине, айлығы мардымсыз болғандықтан көбінің баруға құлқы болмайды. Неге аз десеңіз, қазір жастардың дені мобилографияға қызығушылық танытады. Олардың айлығы жоғары, жұмысы да жеңіл әрі жылдам.
Ал бәсекелестікке келетін болсақ, ол кез келген салада бар. Алайда әркімнің ойлау деңгейі әртүрлі. Яғни кез келгеніміз бұл саладан топ жарып шығуымыз мүмкін.
– Технология дамыған заманда кәсіби камера тысқары қалып жатады. Мәселен, iPhone-ның модельдері жаңарған сайын, туындының сапасы мен сәні артып келеді. Десек те бұл кәсіби фотоаппаратпен түсіргенге жетпейді. Қазір бұл салаға қызығатын тұтынушылар көп пе?
– Видеограф пен мобилографтың айырмашылығы жер мен көктей. Мобилографтар жеңіл дүниелерді ұялы телефон арқылы тез жасай алады. Содан болар бұл салаға ден қойғандардың саны көп. Дегенмен мобилографтарға үлкен жобаларды атқару қиын, олар телефонның камерасымен, оның шағын жадымен (памятьпен) жұмыс істейді. Ал бұл ауқымды жобаларды атқаруға жеткіліксіз. Сондықтан мен қазір шәкірт тәрбиелеп, оларға осы саланы үйретудемін. Бұған дейін тәлім алған оқушыларым қазір нәпақасын тауып, үлкен қалаларға жұмыс істеуге кетті. Мен үшін бұл үлкен жетістік.
Бұл мамандықтың тағы бір ұнайтын тұсы – әртүрлі саламен бірлесіп жұмыс істейсің. Әртүрлі мамандықтың қызық тұстарын біліп отырасың.
– Шығармашыл тұлғаның музасы, өзіндік стилі және сүйікті жанры бар. Өзіңіздің шығармашылық шабытыңыз туралы сөз етсеңіз…
– Шынын айту керек, 2022 жылдан бері шығармашылықтан алыстап кеттім. Себебі сол уақыттан бастап «ELEVEN» фото-видео студиясын ашып, кәсібімді дөңгелетудемін. Осы бастамамды бірізді қылған соң өз шығармашылығыма көңіл бөлсем деймін. Себебі кез келген адамның өмірге келгендегі мақсаты – өшпес із қалдыру. Шүкір, қазірдің өзінде мақсатыма талмас қанат бітіргендеймін. Бүгінгі фокус тек жұмыста.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!