Наурыз мейрамы – күн мен түн теңеліп, тіршілік атаулы жанданатын мезгіл. Бұл мейрамды түркі халықтары жыл басы – жаңа жыл деп тойлайды. Самарқанның көк тасы еріп, жылы ауа-райымен бірге жайма-шуақ көңіл-күй қатар орнайтын мереке түркі халықтарының бәрінде дерлік тойланатыны белгілі. Сондай-ақ атаулы күнді шетелде туып-өскен немесе өзге елдерде өмір сүріп жатқан қазақтар да атап өтеді.

Қызылордалық Маржан Ердібек – АҚШ-тың Огайо университетінің студенті. «Ересектерге білім беру және адам ресурстарын дамыту» мамандығын таңдаған ол халықаралық «Болашақ» бағдарламасы арқылы тәжірибе алмасуда. Айта кетейік, 2020 жылдың қорытындысымен осы мамандықты оқыту бойынша бұл оқу орны АҚШ университеттері арасында І орынға ие болған. Білім қуып шетел асқан сырбойылық арудан Чикагода наурыз мерекесін қалай тойлайтыны, мұндағы қазақтардың дәстүрге көзқарасы жайлы сұраған едік.
«АҚШ-тың Чикаго қаласы Иллинойс штатында «Kazakh center» атты қазақ қауымдастығы орналасқан. Бұл штат халықтың тығыз ор­налас­қандығымен ерекше. Аталған қауымдастықтың ұйымдастыруымен кеше 430 адамға арналған дастархан жайылып, наурыз тойы өтті. Марат Омаров бастаған әншілер тойдың көркін қыздырып, әуезді ән салса, күйшілер домбырасын шертіп, ұлттық мерекеге сай әдемі көңіл-күй сыйлады.
Мейрамханаға чикаголық және барша Америкада тұратын қазақтар шақырылды. Ақ дастарханнан дәм татып, жыл басының сәттілік пен жақсы жаңалықтарға толы болуын тілеп, бата жасадық. Наурыз мейрамы қарсаңында халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, Құрманғазы атындағы консерватория түлегі Саят Ешматов бастаған бір топ өнерпаз келді. Қазақтың қара домбырасының қоңыр даусын Чикагоның төрінде күмбірлеткен, мерекелік отырысымызға арнайы келген өнерпаздарға ерекше алғыс айтқым келеді. Ұлттық мерекемізді тойлау барысында арқан тартыс, кір көтеру, қол күрес сынды ойындар ұйымдастырылып, әр штаттан келген қазақтар өзара бақ сынасып, көңілі көтеріліп қалды. Бауырлас түркі елінен, Вашингтондағы Қазақстан елшілігінен арнайы қонақтар келіп, наурыз тойына қатысты. Сонымен қатар тарихы тереңнен бастау алатын Тараз қаласынан шыққан қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылды.
Қазақстаннан 6 қанатты киіз үй әкелініп, мейрамхана ішіне құрылды. Мерекелік кеш басталмас бұрын барлығымыз наурыз көжеден дәм татып, бауырсақтан ауыз тидік. Ары қарай тойымыз жалғасын тауып кете барды», – дейді кейіпкеріміз.
Ал таусыз өлкеде туып, қазақтың кең даласында тыныстап өскен сырбойылық аруды Америка қалай қарсы алды? Техника мен өнер саласындағы әлемдік жаңалықтардың отанына айналған елден алған әсері қандай?
– Әлем көз тіккен озық мемлекет болғандықтан ерекше әсер алдым. Мұнда барлық ұлттың өкілін кезіктіруге болады.
Көптеген тіл және бизнес мектептері, колледждер мен ЖОО әлемнің түкпір-түкпірінен студенттерді тартуда. Америкалық университеттер теориялық әзірлемелер мен практикалық зерттеулерде де ең озық талаптарға сай болу үшін барын салып, тырысады. Мұнда оқу бағдарламаларындағы ең үздік техникалық жабдықтауы жаңадан келген зерттеуші үшін үлкен мүмкіндік береді және таңдаған мамандыққа деген қызығушылықты оятады.
АҚШ-та саяхаттау қолжетімді. Мәселен, әр адамның ай сайынғы табысы саяхат жасауына жетеді. Ал саяхат сөзсіз он сегіз мың ғаламға, өмірге деген көзқарасты өзгертіп, бойымызды жаңа энергияға толтырары анық. Әр штаты, әр қаласы – бір әлем. Маған әзірге әлем кереметтерінің бірі – Ниагара сарқырамасын көру бұйырыпты. Ешқандай камера, фотоаппарат ол сұлулықты жеткізе алмайды. Атлант мұхитының жағалауында орналасқан Майами де ерекше ұнады. Мұхиттан соққан самал желі, жағажайлары адамға ерекше жылылық береді. Десек те, қымбат қалалардың бірі.
Ал Мичиган көлінің жағасында орналасқан Чикаго – халықаралық қаржы, мәдениет, коммерциялық қызмет, индустрия, оқыту, технология, телекоммуникация, және транспорт орталығы. Ауа райы мұнда өте құбылмалы. Көбіне суық. Адамдарының тез өмір сүру ритмі Астананы еске салады. Жалпы, көбіне қазақтар осы қалада тұрақтауды жөн көреді. Алда басқа штаттарды аралау жоспарымда бар, – дейді Маржан Ердібек.

Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!