Медицина – ғаламдағы күрделі әрі жауапкершілігі қатар келетін маңызды сала. Үкілеген үмітті арқалаған ақ халатты жандар таң атқаннан кеш батқанға дейін адам өмірін ажалдан арашалап, талайдың жанына демеу болады. Осы сала арқылы бас қосып, бүгінде отбасы болып отырған медицина саласындағы жұптан сұхбат алуды ұйғардық. Дәрігерлікпен қатар, отбасы құндылығын бір арнаға тоғыстырып, өз борышын адалынан атқарып жүрген Бауыржан Қуанышбаев және Әлия Мырзабаевамен тілдесіп қайттық.

– Медицина саласының маманы болу қаншалықты жауапкершілікті қажет ететіні бәрімізге мәлім. Оның отбасылық өмірге әсері қандай? Кәсіби өмір мен жеке өмірді ұштастыру қиын болды ма?

Бауыржан Қуанышбаев: – Еңбек жолымда түрлі медицина орталықта қызмет атқардым. Бүгінде жоғары санаттағы дәрігер-хирургпын. 2008-2023 жылдар аралығында облыстық медицина орталығының хирургия бөлімінде қызмет еттім. Еңбек жолымды қарапайым дәрігер-хирург болып бастап, одан кейін бөлім меңгерушісі, жоспарлы хирургия бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқардым. Уақыт өте келе облыстың штаттан тыс бас хирургы қызметіне дейін көтеріліп, 2023 жылдың тамыз айынан бастап Арал аудандық ауруханасында бас дәрігері ретінде еңбек етіп келемін.

Мамандықтың отбасылық өмірге әсер еткені рас. Өздеріңіз білетіндей, мен дәрігер-хирург болғандықтан, 24/7 кестесінде жұмыс атқарамын. Күн-түн демей, мейрам болса да, кез келген сәтте науқастың жанынан табыламыз. Отбасымызға осындай сәттерде кем көңіл бөліп қалатынымызды жасырмаймын. Кейде ағайын-туыстың басы қосылып, той томалақта отырған сәтте де көмегіміз керек жерге жүгіріп кетеміз. Физикалық тұрғыда кейде бұл мүмкін болмайды, себебі адам болған соң шаршайсың һәм жылдам өмір сүру біздің күнделікті рутинамызға айналып кеткен.

Кейде бірінші орынға жұмысты қойып, ал отбасыны екінші орынға ығыстыруға тура келеді. Бұл біреуге бұрыс көрінуі мүмкін, алайда бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Көпке топырақ шашпаймын, өзім осылай өмір сүрдім. Медицина – үнемі ізденісті талап етеді. Әркез біліміңді жетілдіруге міндеттісің һәм қателікке бойалдыруға болмайды. Осы тұста мен де әріптестерім секілді өз жиған-терген білімім мен біліктілігімді арттырып отыруға тырысамын. Семинар-тренингтерге, ғылыми жиындарға қатысамын. Осы сала жолында білім үшін қаражатымды да аямадым. Отбасыға, бала тәрбиесіне жарым жауапты болды. Оған сенемін.

Әлия Мырзабаева: – Кәсіби өмір мен жеке өмірді бірге алып жүру маған қиынға соқпады. Себебі менің медицина саласында өрлеуімнің, белгілі бір жетістіктерге жетуімнің негізгі тірегі – менің енем мен жолдасым. Енем балаларым кішкентай кезінде менің жұмысбастылығыма түсінік танытып, оларға қарайласты. Жарым айтып өткендей, «медицина білімге тоймайды». Осы тұста мен оқимын дегенімде енем еш қарсылық білдірмеді. Біріге бала тәрбиесіне де, үй тіршілігіне де атсалысты.

Дәрігерлер отбасы: "Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр"

– Күйзеліс – кез келген салада кездесетіні анық. Ал сіздер эмоциялық және психологиялық стрессті қалай жеңесіздер? Бір-бірлеріңізді қалай қолдайсыздар? Отбасылық кеңестеріңізбен бөліссеңіздер.

Бауыржан Қуанышбаев: – Расында өте орынды сұрақ. Ең бірінші біз физикалық емес, интеллектуалды тұрғыда шаршаймыз.

Жеңіс тек бізді жағымызда болмайды. Мәселен, науқасыңды емдеу үшін бар білімің мен күш-жігеріңді жұмсайсың, алайда нәтижесіз болуы мүмкін, тіпті кейде айырылып та жатамыз. Бұл кез келген дәрігер үшін ауыр сынақ.

Осындай күйзеліске толы күні отбасым – менің шипам. Табалдырықтан күлімсіреп әйелім күтіп алады. Қас-қабағымды бағып, түсіністік танытады. Алдымнан жүгіріп балаларым шықса, шаршағаным басылады. Олар да менің жүрегіме дауа.

Менің жан жарым да өз міндетін мүлткісіз атқару үшін беріліп жұмыс істейтін адамдар қатарынан. Оның да зауқы болмай, шаршайтын күні аз емес. Сондай сәтте үй тіршілігін оған ғана қаратып қоймай, тамақ-шайын дайындап күтіп аламын, балалардың сабағын реттеуге көмектесемін. Демалыстарда отбасымызбен серуенге шығып, бір уақыт өзімізге көңіл бөлеміз.

Мұнда отбасыдағы түсіністік жақсы рөл атқарып тұр. Бұл да махаббатың бір түрі.

Әлия Мырзабаева: – Иә, расымен науқасыңа ем қонбаса құтың қашып, күйзеліске түсіп кетемін. «Қай жерден қателік кетті?» деген сұрақ мазалайды. Өзіңді қоярға жер таппайсың, өйткені бір адамның өмірі сенің қолыңда болады. Осындай сәтте ішімдегімен бөлісу үшін күйеуіммен сырласамын. Ол кісі де дәрігер болғандықтан ой қосып, кеңесімен бөліседі. Жылы-жылы сөйлеп, маған үлкен мотивация сыйлайды. Бұл мені күйзелістен шығарып, тіпті қанаттандырады.

Дәрігерлер отбасы: "Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр"

– Бала тәрбиесі – отбасы болудағы маңызды аспектілердің бірі. Үйдегі бүлдіршіндерге қаншалықты көңіл бөлесіздер? Бала тәрбиелеуде кәсіби өмір қиындық тудырмай ма? Уақыт тапшылығымен қалай күресесіздер?

Бауыржан Қуанышбаев: – Еңбек жолымды енді ғана ба- стап жатқан сәттен бастап менің бірнеше ұстазым бар. Тұрғанбай Маханұлы, Абдулла Сыздықұлы, Нұридин Егембердіұлы, Вероника Антоновна, Бекет Тайшыбекұлы, Мылтықбай Сағынбекұлы есімді үлкен ұстаздардың тәрбиесін алдым. Олардың барлығы «Біз балаларымыздың қалай өскенін білмей қалдық» деуші еді. Бұл дүние мені де айналып өтпеді, себебі балаларымның қалай ер жеткенін байқамай қалдым. Айтып өткенімдей, оқуда боламын деп, балаларымның қалайша тез өскенін аңқармадым. Жыл сайын оқуда жүрдім, арасында бейнеқоңыраумен сөйлесіп, видеоларын көріп тамсанушы едім.

Қазір үлкенім апталдай азамат болып өсті, 9 сыныпта оқиды. Одан кейін 13 жастағы қызым мен кішкентай ұлым 9 жаста. Отбасыма мүлде көңіл бөлмейді деп ойлап қалмаңыздар. Бос уақытымда балаларымды көлігіме мінізіп, бірге уақыт өткіземіз. Өзге кездерде ақыл айтуға мұрша болмай жатады, осы сәтті қолданып оларға бар ақылымды айтып отырамын. Асыл қасиеттерді дарытуға тырысып, адамгершілікке дәріптейміз. Білімге көп көңіл бөлеміз.

Әлия Мырзабаева: – Балаға көңіл бөлмеу дәрігерлер арасында көп кездеседі. Отбасы тәрбиесіне көбіне енем көмектесті. Әрине, әкесі екеуміз де шет қалмаймыз, әрқашан оларды қадағалап отырамыз. Дегенмен ата-әженің тәрбиесін алды десем де болады. Мен науқастарыма жұмсақ дәрігер болсам да, балаларым үшін «қатал ана» шығармын, себебі «құпияларын» әкелеріне айтқанды құп көреді.

Дәрігерлер отбасы: "Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр"

– Әйел – бір қолымен бесік, екінші қолымен әлем тербеткен жан. Білуімізше, Әлия, сіз кардиолог дәрігерсіз. Яғни, адам органындағы ең маңызды мүшені – жүректі емдейсіз. Ал бұл қызмет сіздің жар, ана болуыңызға нендей әсер етті. Отбасы мен кәсіби қызметіңіз үй тіршілігіне қалай әсер етті?

Әлия Мырзабаева: – Отау құрғанымызға 15 жылдың көлемі болды. Қиындықтардың болғаны рас, алайда бүгінде көп еңбектің арқасында оларды жеңе алдым деп ойлаймын. Отбасы мен жұмыс арасындағы компромиске жеттім. Жолдасым мені түсінеді. Мені тынықсын деп балаларды алып серуенге шығады, үй тіршілігіне де көмектеседі. Осы әрекеті үшін оны бағалаймын. Іргесі берік отбасы болғанымызға жақындарымның осы қасиеттері әсер етті деп есептеймін, шүкір.

– Бауыржан, медицинадағы жас мамандарға кеңес беріңізші. Әсіресе олар отбасын құруға дайындалса не айтар едіңіз?

Бауыржан Қуанышбаев: – Таңдаған мамандығыңызды сүйіңіз. Біліктілігіңізді арттырып, осы саланы приоритетіңізге айналдырыңыз. Отбасы мен жұмысты қатар алу қиын болуы мүмкін, алайда жауапкершілікті ұмыт қалдырмаңыз. Жұмыс өз ретімен, ал адамгершілік қашан да мәртебелі. Үлкен аға-буын әріптестеріңізге құрмет көрсетіп, бұл салаға жаңадан қадам жасағандарға қамқор бола біліңіз.

Ал отбасыға келетін болсақ, қызға ананың, ал ұлға әкенің берген тәлімі маңызды. Әрине, қарбалас өмірде отбасы құндылықтарын дәріптеугеуақыт жетпеуі мүмкін. Дегенмен ата-ана болудың жауапкершілігі жоғары. Ер баланы мәрт болуға, шынайылық танытуға баулу керек.

Тағы бір айта кететін жайт, қызмет бабында болған кез келген оқиға сол мекеменің қабырғасында қалуы тиіс. Сабыр мен түсіністік ұғымдарын ұштастыра білу керек. Бір-біріне қолдау болып, арадағы махаббаттың қадірін біліңіз дер едім…

– Сұхбат бергендеріңізге рақмет! Медицина саласында толағай табыстарға жете бергейсіздер!

Әңгімелескен Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!