Қайырбек Отызбаев, облыстық «Ақмешіт Сырдария» мешітінің наиб имамы:

Жүректерді иман нұрына шомылдырып, кеуде сарайыңды ғибратқа толтырар айлардың сұлтаны – Рамазан айы төрімізге енді. Діни бағыттағы көкейкесті сауал мен ойландырған мәселелер тек осы күні ғана емес, қай уақытта болса да, мінберге шығады. Десек те, бүгінгі сұқбат тұғырына «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб-имамы Қайырбек Отызбаев мырзаны шығарып, қасиетті айда білуге керекті нәрселеріміз бен жалпы діни ахуал барысындағы сауалдарымызды жолдадық.

Қайырбек аға, ең алдымен мұсылман жамағатының қасиетті мерекесі – Ораза айы құтты болсын! Өзіңізбен айлардың сұлтаны Рамазан, күндердің сұлтаны жұмада тілдесіп отыр екенбіз. Осы қасиетті ай Рамазан айының қадір-қасиеті туралы айтып өтсеңіз…
– Иә айлардың сұлтаны атанған рамазанның күллі мұсылман қауымы үшін орны ерекше. Өйткені бұл айдағы ұстайтын оразамыз адам баласының тәнін, жан-дүниесін тәрбиелейді. Ізгі амалдар, сауапты істер артатын берекелі ай. Қасиетті рамазан айында жасалған әрбір жақсы амалдар елеусіз қалмай, сауабы еселеніп жазылады. Ол үшін ең алдымен ниетіміз түзу болу керек. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», – деп айтқан.
Рамазан – тура жолға үндейтін Құран түскен құтты ай. Сол қасиетті Құранда иман келтірген құлдарына ораза ұстауды Алла Тағала былайша бұйырады: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды… Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын…» («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар). Демек, Рамазан айы келгенде ораза ұстау бес парыздың бірі болып табылады.
Рамазан айы кезінде адамның мейірімі артып, бауырларына, ағайынға, жоқ-жітіктерге жанашыр­лығы артады. Қолындағысын бөлісіп, қайырымдылық жасайды. Сондықтан рамазан – қайырымды жандар үшін нағыз мүмкіндіктер маусымы. Оразада жасалған әрбір қайырлы іс – үлкен сауапқа айналады. Бірде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздан бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол кісі: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген жан», – деп жауап берген екен.
Рамазан барлық жақсы істердің бастауы. Рамазан айында ғана сауап іс жасау керек деген тар ұғымнан абай болу керек. Ислам ғұламалары: «Рамазан әрбір мұсылманның бір айлық тәрбие мектебі» деп баға берген. Қасиетті Рамазан айын тәрбие айы деуіміз де бекер емес. Ұстап жатқан оразамыз, ниетіміз қабыл болсын!
Сәресінің жеті берекесі бар деп жатады. Қазақ өзі жеті санын ерекшелеген ел. Осы жеті берекеге тоқталып өтсеңіз…
– Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сәресін ішіңдер! Расында сәресінде береке бар»,– деп айтқан. Қасиетті Рамазан айының берекеті де, сауабы да осы сәресі асын ішуден басталады. Сәресінің уағы дұғаның нағыз қабыл болар берекелі кезі. Қазақ жеті санын ерекшелеген ел деп жатсыз, десе де сәресінің берекесіне тоқталып өтейін. Біріншіден, сәресіге уақыт бөліп, ниеттеніп тұру – сүннет амал. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жасаған жақсы амалын жалғастырып, іске асырған болып табыламыз. Екіншіден, сәресіге тұру дініміздің көрінісі. Өйткені ораза кезінде сәресі асын ішу иісі мұсылманға нәсіп етілген нығмет. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Біздің ораза мен кітап иелерінің оразасының айырмашылығы сәресі ішуде»,– деп айтқан. Сол үшін сәресіге тұру берекет. Үшіншіден, сәресі асында құт болады. Біз Алладан асқа адалдық, басқа амандық, үй-ішіге құт-береке тілеген елміз. Ертедегі ата-әже­леріміз неме­ре-шө­бе­ре­лерін ұйқысынан оятып, сәресі асынан дәм тат­қыз­ған. Ұр­па­ғым­нан құт-береке кет­песін деген ние­ті. Төр­тін­шісі­не кел­сек, мұ­сыл­ман сәресі асынан кейін дұға-тілегін жасап, ниеттеніп ауыз бекітеді. Ардақты Пай­ғамбарымыз (с.ғ.с): «Сәресі уақы­тында Алла Таға­ла: «Сұ­рау­шы бар ма, бері­леді. Дұға етуші бар ма, қабыл болады. Истиғфар етуші бар ма, күнәсі кешіріледі», – деп айтады» дегенді жеткізген. Сол үшін мұсылман оразасының қабыл болуын, дүние және ақырет жақсылығына қол жеткізуін таң сәріден тілейді. Бесіншісі, сәресіге тұра білген адам Алланың рахым-мейіріміне бөленеді, ризық-несібесі артады. Мұсылман Рамазан айының әр күнін қадір біліп, сәресінің берекесінен құр қалмайды. Алтыншысына келсек, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Расында Алла Тағала және Оның періштелері сәресі ішушілерге рақым етіп, дұға етеді». Періштелердің сіздің дұғаңызға қосылып, «әмин» деуі де береке. Жетіншісі, сәресі ішіп жүрген адамның тәні қуатты болады. Ал сәресі ішкен адам ауызашар уақытқа дейін әлсіздікті сезінбейді. Алла оған күш-қуат беріп қояды. Сәресі жайында айта түссек, әрине оның біз біле бермейтін берекесі көп қой.
Пітір-садақа қалай пайда болған, кімдерге беру керек, биылғы көлем қандай?
– Пітір-садақа – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, жоқ-жітікті қуантатын әрі Аллаға шүкіршілік ету үшін берілетін жан садақасы. Хадисте: «Алла Елшісі (с.ғ.с) ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі кедейлерді тамақтандыру үшін пітір садақаны міндеттеді. Кім пітірді (айт) намаздан бұрын берсе, ол пітір садақа болып қабылданады, ал намаздан кейін берсе, жай ғана садақа болып есептеледі», – делінген. Пітір садақаны беру мұсылман жыл санауымен һижри екінші жылы жария етілген. Басқа садақалар мал-мүліктен берілсе, бұл садақа кісі басына беріледі. Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп амал. Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Алайда садақаны өзінен де жағдайы төмен адамға бергені дұрыс. Пітір садақа Рамазан айы кіргеннен бастап, Ораза айт намазына дейін беріледі. Биылғы пітір садақа – жан басына 535 теңге болып бекітілді.
– Байқап отырсаңыз, қазір осы ораза құлшылығын ұстанатындар қатары жасарды. Жастардың діни білім алуына деген құлшынысы мен жұма намазға, мешітке келуінің артуы көңілге сенім ұялатады. Жалпы, жастардың белсенділігіне себеп қандай? Түсіндірме жұмыстары мен отбасындағы тәрбиенің де белсенді болғаны­нан ба?
– Бұл – ең алдымен тәуелсіз ел болғанымыздың жемісі. Тәуелсіздіктен бері қарай дүниеге келген жастардың имандылыққа бетбұрысы жақсы. Қазір бес уақыт намазын оқып, Рамазан айында ораза ұстап жатқан жастардың қатары артып келеді. Шүкір ғой, жүрегінде иманы бар жастар жат әдеттерден өзін тыйып қоймай, ата-анасына қамқорлық етіп, Отанын сүйіп, еліне жанашыр азамат болып өседі. Еліміздегі мешіттерде адам баласын әдептілікке, ізгілікке, имандылыққа тәрбиелейтін, білім-парасатқа үндейтін жұмадағы уағыз-насихаттар жастарға жақсы жол нұсқауда. Әрбір жұмаға келген жастар өзінің жаратушы алдындағы парыз міндеттерін біліп, оны шама-шарқынша орындап келеді. Ең бастысы, отбасындағы беріліп жатқан тәрбиенің орны ерекше. Үйдегі ата-анасы баласын жаман істерден тыйып отырса, жақсы нәрселерге бағыттап, жүрегіне иман дәнін ексе, демек оның жемісі тек ізгілік болары сөзсіз.
Шетелден діни білім алып келу жағы мінберден түскен жоқ. Бұл ретте, шетелден діни білім алудың қаупі мен артықшылығына тоқталып өтсеңіз…
– Діни білім алу жөнінде ең бірінші айтар кеңесіміз, діни білімге талап қойған жас өз елінен діни сауат ашу керек. Құдайға шүкір, қазір мешіттеріміздің жанында діни сауат ашу курстары жұмыс жасауда. Қаншама жастар мешіт табалдырығын аттап, Құран-намаз үйреніп, діни сауаттарын мешіт ұстаздарынан ашып келеді. Әрі қарай діни салада білім алғысы келген жастарға елімізде Діни басқарманың арнайы медреселері қызмет көрсетеді. Сонымен қатар «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті – еліміздегі шоқтығы биік діни оқу ордасы. Бұл оқу орындарын бітірген түлектер білімін онан әрі жетілдірсем деген ниет білдірсе, ҚМДБ-ның Діни білім және кадр даярлау бөлімі шетелдегі келісім жасалған, бағыты дұрыс оқу орындарына ғана бағдар беретін болады. Ал енді өздігімен шетелде діни білім аламын деп кеткен жастар оң-солын танымағандықтан, діни білімнің іргетасы әуелден дұрыс қаланбағандықтан теріс бағыттағы жолдарға ілесіп кету қаупі әбден болады. Ал, Діни басқарманың бағыттап жіберген оқу орнына түскен жастар әрине теріс ағымдарға еріп кетпейді, пайдалы білім алып, туған еліне-халқына адал еңбек ететін болады.
Дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қоятындар көп. Бірақ қазір басылған тәрізді. Бұл ретте қандай пікіріңіз бар?
– Иә дін ұстандым деп өз дәстүрінен безінген жандар бар. Әдепкідей емес, түсіндірме жұмыстарының, дін қызметкерлерінің насихат жұмыстарының нәтижесінде біршама қалыпқа келді. Мынаны жақсы білуіміз керек. Қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығару, ұлттық құндылықтарымызды ислам құндылықтарымен ұштастыра алмау – діни адасушылыққа әкеп соқтырары сөзсіз. Дәстүрлеріміз дінмен ұштасып жатқан рухани құндылық екенін ескерген жөн. Сондықтан дін мен дәстүрді қатар алып жүрсек иманымыз да, ұлттығымыз да берік болмақ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл бес бағытпен жұмыс жасауда. Соның ең біріншісі де осы – «Дін мен дәстүр» бағыты. Өйткені дін мен дәстүр ұлттың қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Қазақ халқының салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылманшылықтан басталады. Тіпті Діни басқарма «Дін мен дәстүр» кітабын шығарып, бұқара халыққа әр жыл сайын кеңінен насихаттап келеді.
Уақыт тауып, сұқбаттасқаныңыз үшін алғыс білдіреміз.

Әңгімелескен
Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!