Адам қызметінің орнын жасанды интеллектінің басуы мүмкін бе? AI қандай салаларда жиі қолданылады? Мәселеге жан-жақты үңілу үшін DA digital агенттігінің директоры, UI/UX және графикалық дизайнер, нейрожелі бойынша эксперт Дәулет Әждармен әңгімелестік.

− Дәулет мырза, графикалық дизайн мен эксперттік салаға қалай келдіңіз?

− Сыр өңіріндегі жоғары білімнің қара шаңырағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегімін. Жоғары оқу орнында белсенді студенттің бірі болып, жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы ретінде қызмет атқардым. Осылайша, 2015 жылы жастар саясатының қыр-сырын меңгеріп, танысу үшін Еуропаға жолымыз түсті. Сапар барысында Қазақстан жастары конгресінің өкілдерімен таныстым. Студенттік өмір – мүмкіндіктер кезеңі демекші, білім ордасын тәмамдаған 2016 жылы жастар конгресі Астана қаласына түрлі жобалар жүргізуге жұмысқа шақырды. Жұмыс барысында жастарға бағытталған 3 әлеуметтік жоба жаздым. Соның бірі – «Өмірлік таңдау» жобасы өзіме жақын болғандықтан, жетекшілік жұмысын өз қолыма алдым. Негізі мақсаты – оқушыларға мамандығын дұрыс таңдауды үйрету. «Өмірлік таңдауда» біз ауқымды кәсіби бағдарлау тесттерін сатып алдық. Сол тесттен мен де өтіп, жоба аяқталған соң мамандығымды жастар саясатынан веб-дизайн саласына ауыстырдым.

– Өзіңіз ашқан DA digital агенттігі туралы айтсаңыз…

– DA Digital агенттігі – сандық технологиялар, UX/UI дизайн, графикалық дизайн және маркетинг саласында қызмет көрсететін агенттік. Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлер мен мекемелердің жұмысын сандық технологиялар арқылы оңтайландыру және тұтынушыларымызға сапалы, тиімді шешімдер ұсыну. Былтыр кәсіпкерлер мен маркетологтардың жұмысын жеңілдететін бағдарламамен айналыстым. Бұл кәсіпті 2022 жылдың жаз мезгілінен бері жүргізудемін. Биылдан бастап бизнеске жасанды интеллект құралдарын енгізу қызметтерін ұсынуды қолға алудамыз.

− Президенттің сайлауалды штабында дизайнер ретінде жұмыс істеген екенсіз. Жұмыс барысы туралы айтып берсеңіз, қандай да бір қиындықтар болды ма?

− 2018 жылы веб-дизайн және фриланс бойынша курстар өтіп, өткен жылға дейін веб, графикалық дизайн мен маркетинг салаларында түрлі жобамен айналыстым. 2022 жылдың күзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабында графикалық дизайнер ретінде мансаптық жолымды жалғастырдым. Жұмыс барысында үгіт-насихат материалдарын әзірлеп, инфографика, презентация, әлеуметтік желіде жарияланатын ақпараттың дизайндарын жасадық. Жасанды интеллектінің кенеттен дамуы да осы кезеңге сәйкес келді. Сол уақытта әріптестерімнің арасынан алғашқылардың бірі болып MidJourney, кейін chatGPT нейрожелісін қолдана бастадым. Бұл екі нейрожелі бүгінде әлем бойынша ауқымды әрі кең таралған жасанды интеллект құралдары. MidJourney арқылы кез келген сурет түрін жасай аламыз, ал chatGPT көмегімен мәтін жазу, құжатты өңдеуге қатысты түрлі жұмысты атқаруға болады.

− «AI адам орнын алмастырады» деп дабыл қағушылар көп. Сіз не дейсіз?

− Жасанды интеллектінің адам орнын басуы фантастика емес. Дәл қазіргі жағдай қайтарымсыз процесс. Астаналық және Алматылық кәсіпкерлер SMM, копирайтер тіпті дизайнер мамандарын қысқартып, нейрожелілерді меңгерген бір ғана адамға жұмыс ұсынатын деңгейге жеткен. Себебі жоғарыда айтылған chatGPT өзі мәтінге қатысты кез келген тапсырманы еш қатесіз, жас SMM,копирайтер мамандарынан әлдеқайда сапалы өнім ұсынатынына кәсіп иелерінің де көзі жетуде.

Адамдардың басым бөлігі «АІ әзір орнымызды баса қоймайды» деген түсінікпен жүр. Дамыған технологияның бұл түрін фантастика санатындағы әңгіме деп ойлайды. Алайда қазірдің өзінде екі- ақ нейрожелі бір баспасөз бөлімін жабатындай дәрежеге жетіп отыр. Шынымен де қорқынышты естілуі мүмкін, бірақ келесідей нәрселерді түсінгеніміз абзал. Біздің орнымызды жасанды интеллектінің өзі емес, оны ерте меңгерген адамдар басады. Сондықтан жаңа технологияны үйренуден, жаңашылдықтан қорықпауымыз қажет. Роботтар қара жұмысшыларды алмастырады деген де түсінік бұрыннан қалыптасқан. Олар шығармашылық мамандықтарды ауыстыруы мүмкін емес екені жиі айтылатын. Тіпті киноларда физикалық үлкен пішіні бар роботттарды көрсететін. Ал шын мәнінде барлығы керісінше болды. Креативті ойлауды қажет ететін мамандықтардың орнын басу қаупі соңғы 1 жылда күрт өсіп кетті.

ЖИ − өзін өзі оқытатын жүйе. Тіпті қазақ тілін де меңгеру жылдамдығы артуда. 6 және 1 ай бұрынғы қазақ тіліндегі хабарламада жақсы өзгерістер бар. Қазір сіз жасанды интеллектіні меңгермесеңіз, кейін олар сізді меңгеретін болады.

Бұл үдерісті Instagram желісінің дамуымен салыстыруға болады. Осыдан 10 жыл бұрын бұл әлеуметтік желіні тек фото жүктейтін қосымша ретінде қабылдайтын. Қазір Instagram − Қазақстандағы бизнес жүргізуге арналған №1 құрал. Мұндай мысалдан шығатын қорытынды, әлеуметтік желіні менсінбегендей, жасанды интеллектке де бейжай қарауға болмайды.

Дәулет Әждар: Жасанды интеллектінің өзі емес, оны ерте меңгергендер орнымызды басады

− Жасанды интеллект қандай салаларда жиі қолданылады?

− Бүгінде ЖИ барлық салаға мықтап енген. Әсіресе IT, SMM, маркетинг бағытында жиі қолданылады. HR және рекрутинг, медицина, қаржы және кей кезеңдерде психологтардың орнын толығымен алмастыра алады. Мәселен қазіргі таңда ChatGPT 4 бағдарламасы копирайтерлердің 90%, контент менеджерлердің – 70%, SEO мамандарының – 50%, веб-дизайнерлердің – 40%, арт директор мамандарының – 20%-ын алмастырып жатыр.

Дәулет Әждар: Жасанды интеллектінің өзі емес, оны ерте меңгергендер орнымызды басады

– Жас фрилансерлерге қандай кеңес, лайфхак айтар едіңіз?

− Менің фриланстағы алғашқы тәжірибем сәтсіз аяқталды. Оған себеп, фрилансқа шығар алдында ескеретін кей тұстарға мән бермегенім.

Жаңа салаға аяқ басқанда қаржылық сауаттылық маңызды рөл атқарады. Әсіресе фриланста 3-6 ай аралығына жететін артық ақша болуы қажет. Бұл − «қаржылық жастық» деп аталады. Тапсырыс аз немесе мүлде болмаған айларда сізге нан болатын ақша. Мен фрилансқа отбасылы болар алдымда шығып, «қаржылық жастығым» той шығындарына кеткен еді. Осылайша жарты жылға созылған тұрақсыз табыстан «өртеніп» кеттім.

Келесі қателік − үйден жұмыс істеу. Үйдегі тоңазытқыш та, жылы көрпе де сені жалқаулыққа шақырады. Егер сен тым болмаса кофеханада жұмыс істесең, айналаңдағы келушілер немесе кофехана қызметкерлері сенің жұмыс процесіңе куә болады. Бұл психологиялық тұрғыдан жұмысыңа құндылық беретіні дәлелденген. Келесі қателік жеке брендіңді дамытпай, ауадан тапсырыстар түсетініне сену. Ең бастысы − мықты дисциплина, күнделікті өз-өзіңді жұмыс істеуге итермелейтін тәртіп қажет.

− Қызылордада 1 күндік тренинг өткіздіңіз. Интенсив қалай өтті? Сіздің ойыңызша жалпы сырбойылықтардың ақпараттық технологиялар саласындағы қарқыны қандай?

− Иә, Қызылордада AI революция тақырыбында нейрожелілер бойынша интенсив өтті. Семинар-тренингті қолдаған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Жасанды интеллект институтының мамандарына алғысым шексіз.

Қызылордада ЖИ-ға арнайы институттың ашылуы өңірдегі ақпараттық технологиялар саласының даму қарқыны мықты екенін көрсетеді. Мен Сыр бойындағы ІТ қауымдастықтың құрамында бармын. Коммьюнитиде түрлі тақырыпта талқылау жүргізіледі. Бірақ жасанды интеллект жайлы тек осы ортада жүрген санаулы адамның білетініне таңқалдым. Кәсіпкерлер мен басқа да сала өкілдері жасанды интеллектінің пайдасы туралы толық білмейді екен. Астанада мемлекеттік қызметкерлер, журналистер, маркетинг және басқа да сала мамандары жұмыс процесінде жасанды интеллектіні оңтайлы қолдануда. Басқа аймақ тұрғындарының да қызығушылығы жоғарылап, AI аясының мүмкіндіктерін толығымен білсе екен деймін.

Дәулет Әждар: Жасанды интеллектінің өзі емес, оны ерте меңгергендер орнымызды басады

− Биылғы жоспарыңызбен бөліссеңіз…

− Дизайн эксперті ретінде біршама жерде төбе көрсетіп, нәтижелі жұмыс атқардым деп ойлаймын. Осы жылдағы мақсат − жасанды интеллект саласындағы біліктілігімді арттыру, даму. Бизнеске әсері мен көмегі туралы көбірек айту, ақпараттандыру.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!