«Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» деген дана халқымыз үшін биылғы басты жаңалықтардың бірі – 20 миллионға жеткеніміз. Иә, әрине, немересіне «Тұқымың жайылғыр» деп ұрысатын ұлылықтың нышанындай әжелеріміздің тілегінің қабыл болып жатқаны шығар?! Хан Абылай тәрізді 30 ұл, 40 қызы болмаса да, бүгінгі қазақ бала санына баса мән беріп келеді. Әйтсе де, осы демография ғылымының маңызын ескерсек те, тереңіне бойлап жатқанымыз шамалы. Саладағы ойландырған сауалды елге белгілі демограф Аяулым Сағынбаевадан сұрағанды жөн көрдік.
– ЮНИСЕФ-тің мәлімдеуінше, әлемдегі кедейліктің 90 процентке жуығы көпбалалы отбасылардың басында болады екен. Біздің елде демографиялық өсімді қолдау жалғасқанмен, мемлекет бақытты балалық шаққа кепіл болып отыр деп айта аламыз ба?
– Демографияда туудың жоғарылауы кедейлікке ықпал ете ме, әлде кедейлік туу деңгейінің жоғарылауына себеп бола ма деген теория бар. Бұл қазірдің өзінде шешілмеген сұрақтардың бірі болып тұр. Сайып келгенде, көпбалалы отбасыларды алып қарайтын болсақ, олардың жартысынан көбі қиын өмірлік жағдайды бастан кешуде. Бұл екіжақты мәселеге қатысты деуге болады. Өйткені өңірлердегі демографиялық өзгерістер негізінен туу деңгейіне байланысты. Көпбалалы отбасылардың қиын жағдайға душар болуына себеп көп. Бірі табысы төмен болуы, тағы бірі отбасын жоспарлауға мүмкіндіктері деген тәрізді мәселелер бар. Статистикалық деректерге қарап, ЮНИСЕФ-тің мәліметімен келісуге болады. Өйткені туу деңгейі жоғары елдерді алып қарасаңыз, мысалы, Үндістан, Африка елдерінде кедейлік деңгейі жоғары. Бірінші кезекте ерте тұрмысқа шығады. Сондықтан кейбір контрацептердің бар екенін де білмейді. Бұл білімнің төмен болуынан да шығар… Екінші кезекте, біздегі қолжетімсіздік, ал үшінші кезекте ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінбеу, олардың ертеңін ойламаудан шығады. Халықтың наным-сенімдері көбейген сәтте біз осындай туу көрсеткіштерінің жоғарылауын байқаймыз.
– Жалпы, бала туу көрсеткішіне белсенді атсалысып жүрген әйелдер қауымына байланысты статистика не дейді?
– Тағы бір санасатын көрсеткіш – бала тууды жоспарлайтын әйелдердің саны. Санақ жүргізілгенде бұл сұрақ өте өзекті болды. Себебі көпшілік «Неге жасөспірім қыздарға мұндай сұрақ қояды?» деген тәрізді мәселе көтерді. Біз бұл көрсеткіштің қаншалықты маңызды екенін ақпараттандырып, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Осы жерде айта кетейік, бала тууды жоспарлайтын 15-49 жас аралығындағы әйелдер саны – 1 млн 24 мың 911 адам. Оның ішінде бір бала жоспарлайтындар – 35,9 процент, 2 баланы қалайтындар – 28, 3 баланы – 17,4, 4 баланы 12,3, 5 және одан да көп баланы жоспарлайтындар 6 процент болып тұр. Ал 15-19 жас аралығында баланы дүниеге әкелетіндер 12,9 процентке жетсе, 20-24 жаста – 11,9, 25-29 жас аралығында 17,8, 35-39 жас шамасында 22,9, 40-44 жас аралығындағылар 12,6 және 45-49 жас аралығындағылар 4,1 процент болды. Активті жасқа келетін болсақ, жасөспірімдерді негізге алмай, 20-29 жас аралығындағы әйелдердің 29,7 проценті дүниеге бала әкелуді жоспарлауда. 30 және 44 жас аралығында баланы дүниеге әкелу 53,4 процентке жетті. Ал енді қанша баланы жоспарлайсыз дегенге келетін болсақ, 15-19 жас аралығындағы әйелдердің 27 проценті – 1 бала, 32 проценті 2 баланы қаласа, 17 проценті өмірге үш бала әкелгісі келеді. Ал активті деп санайтын 20-24 жас аралығындағы аналардың 33 проценті бір баланы ғана қалайды. Ал 28 проценті 2 бала дүниеге әкелуді ойлайды, 18 проценті 3 баланы, 15 проценті 4 баланы қалайды. Бұл тенденциялар нені көрсетеді? Қазір жастардың дені аз баламен шектелуді қолай көретінін байқадық. Мәселен, 35-39 жас аралықтағы әйелдерді алып қарасақ, олардың 34 проценті 1 баланы, 28 проценті 2 баланы, 20 проценті 3 баланы, 12 проценті 4 баланы өмірге әкелуді жоспарласа, 6 проценті 5 және одан да көп балам болса деп армандайды. Біз бұдан не көреміз? Көпбалалы болуды 1980-1990 жылдары дүниеге келген әйелдер қауымы қалайды. Мұның өзі қазіргі кезде репродуктивті көзқарастың өзгергенін білдіреді. Негізінен әйелдердің басым көпшілігі бір немесе екі балалы болуды қалайтынын статистика көрсетіп отыр.
– Өзіңіз айтып отырған сандық деректерге қарап, көп жайтты аңғаруға болады. Болашақта демографиялық ахуал қай бағытқа ойысуы мүмкін? Маман ретінде пікіріңізді білсек…
– Бұл сұрақ маған жиі қойылады. Санақ бойынша көп нәрсеге көз жеткізуге болады. Енді мысал айта кетейік, 1999 жылы отбасы көлемі – 4,0, 2009 жылы 3,5 ал 2021 жылы 3,2 көрсеткішін құрады. Елімізде 2 адам тұратын отбасы 2009 жылы 30,1 процент болса, бұл көрсеткіш 2021 жылы 41,2 процентке өскен. Отбасы мүшелерінің азаюы – отбасы құндылықтары мен неке инстиутының жеткілікті санаға сіңбеуінің нәтижесі. Бұл өз кезегінде туу көрсеткішінің төмендеуіне әкеледі. Елімізде 10 баладан астам перзенті бар 163 отбасы бар. Есесіне, 5 578 947 отбасының 2 300 013-інде екі-ақ адам тұрады.
– Қазақта «сүр бойдақ» және «кәрі қыз» ұғымдары бар. Бұл ертеректен бар нәрсе. Тіпті бойдақтарға салық та салынғанын көз көрді. Қазір ондай қысым жоқ. Осы бағытта қазір жасы жетіп, отбасын құрмай жүргендер жайлы статистика не дейді?
– Сандық мәліметтерге жүгінсек, 2021 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда ер азаматтардың 30,4 проценті, ал әйел адамдардың 25,7 проценті некеге тұрмаған. Әйелдердің 58,9, ерлердің 63,2 проценті отбасын құрған. Ал олардың ішінде әйелдердің 52,4, ерлердің 57 проценті ресми түрде некеге тіркелсе, тіркелмегендері ер азаматтарда 6,1, әйелдерде 6,5 процент деңгейін көрсетіп отыр. Ал дәм-тұзы жараспай айырылысып кеткендердің үлесі ер азаматтарда 4,5 процентті құраса, әйелдерде 7 процентке жеткен. Азаматынан айырылған әйелдер үлесі – 8,4 процент, ал зайыбынан айырылған ерлер саны 2 процент. Иә, отбасы құрғандардың үлесі айтарлықтай өскен, 38,7 процентке өсім бар. Бірақ отбасы мүшелері саны айтарлықтай азайды.
– Қазір бала сүйгісі келмейтіндер жайлы не айта аламыз? Жалпы, чайлдфри иедологиясының танымал болуына не себеп?
– Чайлдфри – саналы түрде баланы қаламау. Мүмкін, түрлі травма, ауруларға байланысты балалы болу мүмкіндігі жоқтар болуы да ғажап емес. Бұл – баласыз адамға қарама-қарсы ұғым. АҚШ-та бұл ұғымына қарама-қайшысы пайда болған. Түптеп келгенде бұл – бала сүйе алмайтын адамдардың құқығын қорғау үшін пайда болған ұғым. Кең етек алуы, әйел адамдардың эмансипациясының жоғары болуымен, жеке эгоистік, индивидуалды көзқарастарының кеңеюімен байланысты. Біздің елде қаншалықты дамығанын айта алмаймыз. Өйткені статистика бұл ұғым белгіленбейді. Негізінен бұл субкультура ретінде көбіне жастардың арасында да бар болуы мүмкін. Балалы бола алмайтын адамдардың арасында болады. Біз мүмкін бұл мәселені біз жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайдан, жеке ментальдық көзқарас бойынша қарастырғанымыз дұрыс болуы мүмкін. Әлі өз адамын таппай, тұрмыс құрмай жүрген адамдардың арасында да бұл үрдіс кең тарауы мүмкін. Бұл – терең зерттеуді қажет ететін мәселе.
– Статистикадан тыс біздің елде қандай демографиялық зерттеулер жүріп жатыр?
– Демографиялық мәселелерді қарастыратын не өкілетті орган, не зерттеу институты жоқ. Елде біз айтып отырған тақырыпта гранттық зерттеулер болған. Соның бірі – Қазақстанның демографиялық қауіпсіздігінің деңгейін бағалау. Негізі өлшемдердің индикативті жүйесін және Қазақстанның демографиялық қауіпсіздігі деңгейін бағалаудың алгоритмін әзірлеп, оған сай өңірлік және республикалық деңгейлерде демографиялық тәуекелдер мен теңгерімдерді бағалау бағытында зерттеу жасалды. Бұл өткен жылы аяқталды. ҚР Жоғары білім және ғылым министрлігінің гранттарының арқасында осындай зерттеулер жүргізіліп жатыр.
– Салаға қатысты қандай өзекті мәселелер бар?
– Алдыңғы кезекте демографиялық саясаттың жүргізілмеуін айтар едім. Яғни, бізде не концепция, не заң жоқ, не бір бағдарлама жоқ. Екінші кезекте – өкілетті органның жоқ болуы. Демографиялық процестер түрлі мемлекеттік органдар арасында бөлініп қарастырылады. Тағы бір мәселе – бірыңғай зерттеу институты жоқ. Барлық жүргізіліп жатқан зерттеулер гранттың есебінен жүзеге асуда. Олар тұрақты емес, бір реттік зерттеулер. Бізде альтернативті сценарийлік демографиялық болжамдар жоқ. Мемлекеттік басқаруда демографиялық ахуалды негізге алмайды. Соның салдарынан қазіргі таңда өңірлерде инфрақұрылымдық проблемалар көптеп кездеседі. Әсіресе, мұндай түйткіл Астана қаласында бар. Сонан соң мемлекеттік субсидия алу арқылы түрлі бағдарламалардың эффективті емес болуы сол жерлердегі демографиялық ахуалды, жұмыс күшінің деңгейін қарастырмаудан туындайды.
– Жұмыс күші деп айтып қалдыңыз. Елдегі азаматтардың орташа жасы қандай және ол қай салаларға әсер етеді?
– Басқа елдермен салыстырмалы түрде біз жас мемлекет болып есептелеміз. Халықтың орташа жасы зерттеулер нәтижесінде 32 жас болып белгіленді. Ал әлемге көз салсақ, бұл көрсеткіш әрқилы. Мәселен, Еуропа елдерінде, Корея, Жапония, Қытай мемлекеттерінде қартаю деңгейі өте жоғары. Олардың жасы әлдеқайда үлкен. Орта жастың ұлғаюы алдымен туу деңгейіне әсер етеді. Әсіресе әйел адамның жасы үлкейген сайын бала тууға қабілеттілігі төмендей бастайды. Сонымен қатар Латын Америка елдерінде қартаю деңгейі жоғары. Бұл жағдайлар туу көрсеткіші төмен елдерде көптеп кездеседі. Туу деңгейі жоғары елдерде әсіресе, Азия, Африка елдерінде орта жастың ұлғаюы кішірек болады. Ең әсер ететін жерлерін алып қарасақ, бұл еңбек күшіне, демографиялық көрсеткіштерге әсері жоғары. Орта жас ұлғайған сайын халықтың көші-қон қабілеті де азая түседі. Жалпы алған кезде экономикалық өнімділікке әсері жоғары болады. Әлеуметтік салалардың дамуына да кері ықпалы болады. Бұл жағдайда біздің елдегі көрсеткіш көңіл көншітерлік. Орта жастың ұлғаюы денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет саласына да орасан зор ықпал етеді.
– Уақыт тауып, сұқбаттасқаныңыз үшін алғыс білдіреміз.
Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!