Қазіргі таңда отандық өнімге деген сұраныс артып, жергілікті өндірістің маңызы күннен-күнге күшейіп келеді. Әсіресе күнделікті ас үйде қолданылатын тамақ пісіруге арналған май өндірісі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды салалардың бірі.
Бұл бағытта өңірлерде әйел кәсіпкерлердің белсенділігі байқалып, олар күрделі өндірістік салада да табысты еңбек ете алатынын дәлелдеп жүр.
Бүгінгі кейіпкеріміз – тамақ пісіруге арналған май өндіру ісін қолға алған іскер әйел. Өніммен танысып, оның ерекшелігін білу үшін Маржан Батыржанқызымен әңгімелестік.
Әңгіменің басы бірден жұмыс жайында болды. Сандармен, құжатпен жұмыс істеуге әбден үйренген Маржан ханым мемлекеттік қызметтен кәсіпке бет бұрудың қиын болғанын айтты.
− Тұрақты жұмыс, жалақы, тұрақты уақыт. Таңертеңгілік жұмыстасың, уақытылы түскі үзіліске шығасың, ал кешке үйге қайтасың. Міне, біз дәл осындай кестеге үйренген адамбыз. Кейін май өндірісін қолға алғанда, әрине қиын болды, − деді ол.

Кейіпкеріміздің өнімімен де таныстық. Ол «Табиғи» деп аталатын кулинарлық май шығарады. Тамақтың кез келген түрін әзірлей аласыз. Ал бұл «Табиғи» май біздің ас үйдегі майлардан несімен ерекшеленеді?
− Дұрыс айтасыз, қазір әрқайсымыздың үйде сұйық май бар. Бауырсақты да, палауды да, жалпы барлық тамақты сол сұйық майда дайындаймыз. Бұл біздің үйдің де дәстүрі еді. Себебі оның зиянын көзбен көрмеген соң үздіксіз қолдана береміз.
Карантин уақытынан, яғни 2020 жылдан кейін қызымның денсаулығы күрт нашарлады. Түрлі анализ тапсырып, дәрігерлердің де есігін тоздырдық. Сол уақытта әзірлейтін тамағымызға дейін зерттеп, біраз іздендік. Біз кейде «дұрыс тамақтану керек», «майлыны азайту қажет», «енді нанды да жемеймін» дейміз. Бірақ мәселенің барлығы дайын тамақта емес, мәселе тамақтың дайындалуында екенін ұмытып кетеміз. Ал әр тағамның әзірленуі ол майдан басталады.
Біз күнделікті тұтынатын майлардың көбінде жасанды қоспалар бар, олар химиялық өңдеуден өтеді. Тіпті табада, қазанда қыздырғанда оның бойынан түрлі зиянды элемент бөлінеді. Ал сіздің «аз ғана майға қуырдым» дегеніңіздің өзі денсаулықа өте зиян. Қанша жерден сұйық майдың көлемін азайтсаңыз да, оның зиянды қоспалары ешқайда ұшып кетпейді.
Міне, осыдан кейін күнделікті қолданатын майдың орнын алмастыратын өнім іздедім. Қазір дүкен сөрелерінде ГХИ секілді майлар бар. Оларды да қолдандық. Бірақ көңілім толмайтын.
Бір жылдары бұрын әжемнің қолданатын майы есіме түсті. Тоң май. Бүгіннің балалары білмейді, ал біз үшін бұл таныс өнім. Кезінде аналарымыз, әжелеріміз осы май арқылы тамақ әзірлейтін. Бірақ сәл дәмі болатын, тамақ суығанда тоңлап қалады. Сол май еске түсіп, алғашында тек үйге жасап көрдім. Басында балалар дәмін түсінбейтін. Кейін жасау жолын реттеп, түрлі эксперимент жасадым. Нәтижесінде тоңламайтын, артық дәмі жоқ май шықты. Осылай өте жақсы рецептін әзірлеп, үй ішімізбен қолдандық.
Бауырсақтарым құрғақ, жүректі айнытпайды. Осы секілді өзгешеліктерді байқаған көршілерім, туыстарым қандай сұйық май қолданатынымды сұрайтын. Осылайша таныстарға дайын жүрдім. Ол уақытта кәсіпке айналдырамын деген ой да болмады, − деп кейіпкер кеңінен түсіндіріп берді.
Міне, денсаулық жолында пайда болған өнімді бүгінде қызылордалықтардан бөлек Алматы, Астана, Павлодар, Қостанайдың тұрғындары да пайдаланатын көрінеді.
− Сұраныс сартқан соң барлық құжатты реттеп, тексеруден өткізіп, заңдастырып, дүкен сөрелеріне қоюды қолға алдық. Майдың атауы − «Табиғи». Құрамында сиырдың іш майы мен мақта майы бар. Шикізатты да арнайы келісімшарт жасалған, заңдастырылған жерлерден аламыз.
Алғашында 400, 800 және 920гр салмақта шығардық. Бірақ тұтынушыларға 920гр салмақтағы май өте ыңғайлы болды. Себебі біреуін толық 1 ай немесе одан да көп уақыт қолданады. Осылайша қазір тек үлкен ыдыстағы май шығарамыз, − деді ол.
Бұл − отбасылық бизнес. Десе де биыл жұмысқа адам алу жоспарда бар. Кейіпкеріміздің айтуынша, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының көмегі зор.
− Кәсіп бастау, оны дөңгелету жолы әр адамда әр түрлі. Бастапқыда қиын болды. Бірақ облыстық кәсіпкерлер палатасындаға білікті мамандардың арқасында жұмысымыз бір ізге түсті. Түрлі грант, конкурс пен байқау, көрмелер жайлы ақпарат алып, семинарларға қатысып, білмегенімді біліп, жаңа дүние үйрендім.
Жақында қайтарымсыз грантқа қатысып, қомақты қаржы жеңдік. Ал ол жолға дейін «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, финалист атандық. Дәл осы жоба біздің өнімнің одан әрі жұмыс істеуіне, дамуына, дүкен сандарын көбейтуге, өзге қалалармен жұмыс істеуімізге септігін тигізді. Енді ғана кәсіп бастап келе жатқан адамдарға қолдау, бағыт-бағдар көрсететін кәсіпкерлер палатасына, мамандарына, қызметкерлеріне алғыс білдіремін.
Осы «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жайлы да мекеме қызметкерлерінен білдім. Финалист атанып, грантқа қатыстым. Енді жоспарда жұмыс орнын ашып, қолымыздан келгенше жұмысқа маман алу бар, − деп жоспарымен бөлісті.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы XX ғасырдың аяғында Жапон елінде басталғанын айта еткен жөн. Жобаның үйлестірушісі Морихико Хирамацу «Бір ауыл − бір өнім» қозғалысының көшбасшысы ретінде ауылдың экономикасын жақсарту үшін әлеуетті табиғи ресурстарды пайдалану арқылы шешімін тапқан. Қырғызстандағы JICA БАБӨ жобасының жетекшісі Харагучи Акихиса «Бір ауыл − бір өнім» тәсілін қолдана отырып, қолда бар жергілікті ресурстарды пайдаланып, тауарларды өндіру әдістері, өнімді жылжыту және сапаны бақылау техникасы, брендинг секілді бастамаларды қолға алған.
Жобаның басты міндеті – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, яғни қолда бар жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елді мекендерде жұмыс орнын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыру. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қазақстандық моделі өңірлерде неғұрлым перспективалы жобаларды анықтауға бағытталған.

Маржан Батыржанқызы сұхбат барысында кәсіпкер әйелдердің саны артқанын айтып, қуанышын жасырмады. Расымен, бүгінде кәсіп басында көш бастап жүрген әйел кәсіпкерлер аз емес. Тіпті өңірлерде де саны артқан. Бұл ретте өңірдегі кәсіпкерлер палатасы жұмысының жемісі деуге де болатын секілді. Бір ғана мысал айтсақ, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында 2023 жылы республика көлемінде «Мен кәсіпкер» жобасы жүзеге асты. «Мен кәсіпкер» жобасы негізгі екі бағытта жүргізіледі. Атап айтқанда «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» және «Кәсіпке бағыт» бойынша шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру мақсатындағы салалық оқытуларды қамтыған. Осындай бастаманың Қызылорда да іске асқаны көңіл қуантады.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!