Қоғам пікірін дөп басу, айтылған сынды түзегуге септесу — депутатқа артылған жүктің бірі. Халықтардың қалаулысы аталған бағытта жұмыс жасау арқылы мемлекеттің дамуына, жергілікті биліктің тиімді жұмыс істеуіне септесері анық. Сыр өңірінде де жемісті нәтиже көрсетіп, әлеуметтік мәселені көтеруде белсенді жас депутаттар аз емес. Аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің редакторы, Сырдария аудандық мәслихатының депутаты Ақтөре Ибрагимұлы сол белсенді азамат қатарында. Жуырда депутатпен сұхбаттасып, өзекті мәселелер төңірегінде ой-пікірін білген едік.
– Ақтөре Ибрагимұлы, қоғам үшін маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуде депутаттық мандаттың нендей көмегі бар деп ойлайсыз?
– Бұл сұраққа жауап беру үшін, әуелі депутат ұғымының анықтамасы қандай екеніне тоқталу керек шығар. Меніңше, депутат – халық сенім білдірген және өзі де белсенді жұмыс істеуге ынталы адам. Сондықтан мандат иесі үшін сенім, оның ішінде халықтың сенімі маңызды рөл атқарады.
Өзіңізге белгілі, депутаттардың жұмысы заңмен реттеледі. Құқығымен қатар міндеттері де бар. Сырдария аудандық мәслихатының VII және VIII шақырылымдағы депутаты ретінде бірнеше жылдық тәжірибеме сүйеніп, депутаттық мандатқа ие болу үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтқым келеді. Мен депутаттық мандатымды – сайлауалды бағдарламада айқындалған жоспарлар мен халық алдында берілген уәделерді орындау үшін берілген мүмкіндік деп есептеймін. Бұл бағытта аянып қалып жатқан жоқпыз. Аудандық мәслихаттағы әріптестерімізбен бірге түрлі мәселелерді көтеріп, тұрақты комиссия отырыстары мен сессияларда ұсыныстар айтып, пікір білдіріп, депутаттық сауалдар жолдап келеміз. Жергілікті атқарушы орган біз ұсынған мәселелердің бірде бірін назардан тыс қалдырған емес. Мұны атқарушы орган мен өкілді орган арасындағы үйлесімді әріптестік байланыстың көрінісі деуге болады.
– Қызметтік сапармен ауылдарды жиі аралайсыз, тұрғындармен тілдесесіз. Ауыл тұрғындарының басты мәселесі қандай? Ауылдағы ағайынға ең керегі қандай көмек?
– Мемлекет басшысының саяси реформаларының іске аса бастағанының нәтижесінде бұл жолғы мәслихат депутаттарының сайлауы ерекшелікке толы болды. Біз өткен шақырылымда праймериз арқылы сайлансақ, бұл жолы бір мандатты сайлау округінен сайлауға түстік. Яғни, әр сайлау округінде белгіленген көшелер болады. Сол көшелердің тұрғындары ғана дауыс береді. Мен Тереңөзек кентінің №3 сайлау округінен түстім. Нақтырақ айтқанда, Тереңөзек кентінің Ғ.Мұратбаев, Сырдария, М.Әуезов, И.Тоқтыбаев, Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, К.Байсейітова, Д.Керейтбаев, Қ.Дәдікбаев, С.Усабаев, О.Әбілпаттаев, Тоғанас батыр, А.Оразбаева, Қ.Қазантаев, Ш.Құндызбаев, Қ.Асанов көшелері мен тұйықтарының тұрғындары дауыс берді. Яғни, менің сайлауалды бағдарламам осы аумақтың, осы көшелердің мәселелерін шешуге арналды.
Жеке және заңды тұлғалардың өкілдеріне арналған қабылдауымда тұрғындар бірінші кезекте жол жөндеу жұмыстарын жүргізу, «Майжарма» каналын абаттандыруды, балалар ойын алаңын салу, көркейту-көгалдандыру, жұмысқа орналасу және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы түрлі мәселелер көтереді. Оны шешу жолын екіге бөліп қарастырамын. Біріншісі – жергілікті жерде шешілетін мәселелер. Оны аудан әкіміне ұсынып, тиісті бөлім, мекемелермен зерделеп шешеміз. Екіншісі – ауданның мүмкіндігі жетпейтін, көп қаржы талап ететін мәселелер. Оны облыстық мәслихаттың депутаттарымен, облыстық басқарма, департамент басшыларының ауданға жасаған жұмыс сапарларында кездесу арқылы шешіп келеміз. Жалпы, қазір тұрғындар үшін аса өзекті мәселелер жұмыссыздық пен кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында мемлекеттік қолдау шаралары.
– Өзіңіз басылым редакторысыз. Өзекті мәселені газет бетіне жариялауда қалыс қалған кезіңіз жоқ. Депутаттық міндеттің бір ұстыны да – мәселені тиісті органға жеткізе білу. Екі саланың өзге қандай ортақ тұсы бар?
– Журналистика қай кезеңде де саясаттан тысқары болған емес. Сондықтан да журналистердің біразы саясатта төбе көрсетіп келеді. Бұл бұрыннан бар үрдіс, қазір де жалғасып келеді. Өйткені, екі саланың ұқсастығы көп. Мен де бірінші журналист ретінде танылып, халықпен тығыз байланыс орнатып, ашықтық, жариялылық қағидатын жұмысымның басты негізі еттім. Кейін сол белсенді еңбегім депутаттық қызметпен ұштасты.
Ел тарихында депутат болып сайланып, халыққа көп көмегін тигізген журналистер аз емес. Журналист-депутаттың басқа депутаттан жөні бөлек. Себебі журналист-депутат өзіне сенім білдірген халықтың жайына басқалардан бетер алаңдайды. Оның дәлелі – кешегі Ш.Мұртаза, Ф.Оңғар-сынова, М.Шаханов, Ж.Сүлейменов, Қ.Сұлтанов, секілді қабырғалы қаламгерлердің еңбегі. Журналист-депутаттар өз ұсыныстарын тек айтып қана шектелмейді, оны
сараптап жазып, зерттеулер жүргізеді, шығармаларына арқау етеді. Сондықтан депутат
та, журналист те – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Ал, Сыр өңірінде депутаттық міндетін адал атқара білген Ш.Әбдікәрімов, А.Оңғарбаев, С.Бихожа секілді аға-апаларымыздан үлгі алсақ
болады.
– Депутатқа деген халық сенімі туралы не айтар едіңіз? Депутаттар
«сенім лимитін» қаншалықты тиімді пайдалануда?
– Бұл сұрақ депутаттардан гөрі сайлаушыларға бағытталғаны дұрыс секілді. Өйткені, депутаттардың тәжірибесі, еңбек ету қабілеті, белсенділігі, жұмыс өнімділігі бірдей емес. Әрқайсысы түрлі саланың өкілі. Сондықтан сенім лимитін қай депутат қаншалықты ақтап жүргеніне халық баға беруі қажет. Халықтың ұсынысы, тілегі орындалса, сайлауалды бағдарлама уақытылы жүзеге асса, сол сенім лимиттің ақталғаны деп білемін. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, халықтан асқан сыншы да, әділ таразы да жоқ. Сондықтан әріптестерімнің халық сенімін ақтау жолындағы еңбегіне сәттілік тілеймін.
– Жастардың белсенділікке, еріктілікке ұмтылысына қандай баға берер едіңіз?
– Сырдариялық жастар түрлі салада белсенді еңбек етіп жүр. Олардың белсенділігі елімізде пандемия болғанда көрінді. Еріктілер індет жұқтырған халыққа жан-жақты көмек көрсетіп, көптің алғысына бөленді. Сонымен қатар, ауданда жалғызбасты жандарға, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, төтенше жағдайға түскен отбасыларға көмек көрсету жұмыстары да жүргізілуде. Осы тұста, ауданда құрылған жастар бригадасының қолдауын атап айту қажет. Мәселен, Айдарлы ауылындағы жастар бригадасы елді мекенде тұрғын үй салып беруді жүзеге асырды. Бұл жұмыстарға «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері де атсалысуда. Түйіндей айтқанда, ерікті болу – жүректің ісі. Сондықтан волонтерлік жастардың өмір салтына айналуы керек деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!