Нұрғали ИКРАМҰЛЫ,

PhD, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі:

Жасы ұлғая келе кейбір адамдардың есте сақтау қабілеті нашарлап,  ұмытшақ бола бастайды. Қарапайым өмірде елей бермейтін бұл ауру медицинада Альцгеймер ауруы деп аталады. Ал Паркинсон – ересек адамдардың орталық жүйке жүйесіндегі немесе орта мидағы нейрондардың бүлініп немесе өліп қалуынан пайда болатын созылмалы ауру.  Бір өкініштісі, 200 жылдан бері аталған аурулардың толық емі табылмай келеді, бірақ зерттеулер тоқтаған емес.  Енді осы маңызды мәселенің шешімін Horizon-2020 бағдарламасы бойынша Еуропалық Одақтың грантын жеңіп алған қазақтандық ғалымдар іздестіруде. Жоба жайында толығырақ білу үшін  химия ғылымдарының кандидаты Нұрғали Икрамұлымен әңгімелестік.

‒ Нұрғали, осыған дейін Альцгеймер және Паркинсон ауруларына қарсы дәрілер қолданыста болды ма және олардың тиімділігі қандай еді? Аурудың осы түрлеріне ем іздеулеріңізге не әсер етті? Жалпы елде осы ауру түрімен тіркелген науқастар көп пе?

‒ Иә, бұл ауруға қарсы дәрілер бұрыннан қолданыста бар, өйткені ауру түрі ХІХ ғасырдан бері зерттеліп келеді. Алайда осы кезге дейінгі шыққан дәрілер ауруды толықтай жаза алмауда, себебі дәрінің күші тек аурудың бастапқы сатысын емдеуге қауқарлы. Біздің елде де Альцгеймер және Паркинсон ауруларымен науқастар тіркелген, көп жағдайда осы дерт түріне 55-60 жастан асқан адамдар шалдығады. 

‒ Дәрілік препарат үшін түйежантақ өсімдігі пайдаланылады екен. Бұл шөптің пайдалы екенін қалай білдіңіздер? Түйежантақтан қандай биологиялық заттар алынады? Оның адам ағзасына әсері қандай?

‒ Осыған дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасында гранттық қаржыландыру негізінде жоба орындалды. Соның нәтижесінде түйежантақтың құрамындағы пайдалы қосылыстар болып саналатын флавониодтарды бөліп алып және одан атеросклероздың алдын алатын дәрілік қосылыстар бөлініп алынды. Осы алынған қосылыстарды біз әрмен қарай модификациялау арқылы  Альцгеймер және Паркинсон ауруын тежейтін препараттар жасауды жалғастырдық. Ал препараттың адам ағзасына әсері жайлы қазір нақты айта алмаймыз, тек клиникалық зерттеулерден кейін толық білетін боламыз. Сондай-ақ зерттеу қорытындысы Web of Science, Scopus базасындағы жоғары рейтингілі журналдарда жарияланады.  

‒ Дәрілік препарат шетел ғалымдарымен бірлесіп жасалатынынан хабардармыз.  Жалпы осы жұмыс барысындағы қазақстандық ғалымдар жайлы айтып беріңізші… Зерттеу жұмыстары қайда жүргізілуде? Осыған дейін де дәрілік заттар жасап шығардыңыздар ма?

‒ Жоба Португалия, Нидерланды, Дания, Ресей, Беларусь және Украина ғалымдарымен бірлесіп дайындалады. Дәрілік препаратты алу, оның физика-химиялық қасиетін анықтау ‒ біздің жауапкершілігімізде. Қазір бұл жұмыстарды университет зерханасында жүргізіп жатырмыз. Қазақстандық ғалымдардың құрамында жоба жетекшісі,  химия ғалымдарының кандидаты, профессор Нұрбол Орынбасарұлы, техника ғылымдарының магистрі Рахметулла Өмірбекұлы, Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетінің магистранты Баурат Мәлікұлы бар. Бұл зерттеуге  дейін  миркобтар мен зиянды саңырауқұлақтарға қарсы биологиялық қасиеті жоғары органикалық қосылыстар алдық.    

‒ Клиникалық зерттеулер қай кезде басталуы мүмкін? Дәрілік зат толық мақұлданса, өз елімізде өндіріле ме?

‒ Келісімшарт бойынша жобаның зерттелу уақыты төрт жыл деп белгіленген. Біз қазір дәрілік қосылыс алу мақсатында зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Алынған қосылыстардың биологиялық жоғары қасиеті белгілі болса, біз оны клиникалық зерттеуге жібереміз. Ал дәрілік зат толық мақұлданған жағдайда, өз елімізде өндіру жоспарымызда бар. 

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА