Дильназ Ержігітова – Сыр бойындағы айтыскер ақындардың ізін жал ғаған жас талант. Ат сүрінгенше сөз тауып үлгеретін айтыскер атану, дүйім жұрттың алдында ұтқыр ойд ы ұтымды сөзбен жеткізу жеңіл емес. Жастайынан жыр додаларында бақ сынаған Дильназ Асхатқызы жүзден жүйрік екенін дәлелдеп келеді. Жуырда ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұйы мдастыруымен өткен «Білімді қыздар – ұлттың ұйытқысы» атты республикалық студенттер айтысында бас жүлдені жеңіп алды.

– Дильназ, алдымен жас оқырмандарға өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қай жақтың тумасысыз? Айтыс өнеріне деген қызығушылық қалай туындады? Бойыңыздағы бұл дарын атадан балаға жалғасқан өнер ме?

– Мен Шиелі ауданындағы Жиделіарық ауылының тумасымын. Біздің отбасымызда атам мен әкем, бауырларым – Ержан Әміров пен Бекжан Ержігіт те айтыскер ақын. Ағаларым «Жүрсіннің жүйріктері» атанған өнер иелерінің қатарында болды. Бала кезімнен домбыраның үнін естіп өстім. Ал ағаларымның көптеген жыр додасында жүлделі орынға ие болып, жақындарымызды қуантуы маған ерекше әсер етті деп ойлаймын. Үйімізде Асанәлі Әшімов, Жүрсін Ерман секілді халыққа белгілі тұлғалардың қонақ болуы менің де айтыскер болуыма ықпал етті. Ақындық өнер өз жағыммен қатар нағашыларымда да бар, сондықтан бұл атадан балаға берілген өнер деп айта аламын.

– Алғашқы айтысыңыз есіңізде ме? Қандай әсерде болдыңыз?

– 3-6 сынып аралығында жазба ақын ретінде мектепте өтетін жыр мүшәйраларына қатысатынмын. Бірде сондай мүшәйраға қазылық етуге көптеген ақындардың ұстазы, айтыскер Кенжебай Жүсіпов келді. Ол кісі өлеңдерімізбен танысқан соң, 5 минуттың ішінде «Бұлт» деген тақырыпта жыр шумағын шығаруды тапсырды. Мен сол байқауда 5 минуттың ішінде 3 шумақ өлең шығарып, жеңімпаз атандым. Талабымды байқаған ақын содан кейін мені айтыстарға дайындай бастады. Жыл сайын Қызылордада өтетін «Көктем нұры» атты оқушылар айтысына қатысатынмын. 6-сынып оқып жүрген кезімде 11-сынып оқитын Майдакөлден келген оқушымен айтысқа түстім. Сөз бәйгесіне қазылық ету үшін үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов келіпті. Ақын сөз өнеріне деген беталысымды байқап, ағаларыма «бұл қыздан мықты айтыскер шығады. Дайындап, дамыта түсу керек» деген екен. Содан бастап айтыстарға қатысып келемін. Алғашында сахнада қобажитынмын. Ал жуырда Алматыда өткен студенттер айтысында ондай толқыныс болмады.

– Шеберлігіңіз шыңдала түсу үшін ұстаздың керек екені рас. Ұстазыңыз кім? Осы уақытқа дейін қандай жарыстарда бақ сынадыңыз?

– Алғашқы ұстазым әкем Асхат Әміров болды. Әкем бізге өлеңнің қалай құрылуы керек екенін үйретіп, тіпті сахнада өз-өзіңді ұстау бойынша да кеңес беретін. Одан кейін мені айтысқа баптаған ағаларым – Ержан Әміров пен Бекжан Ержігіт.

Оқушы кезде жоғарыда айтқан «Көктем нұрымен» қатар, «Желтоқсан желі» атты айтыста, аудандық, аймақтық, республикалық мүшәйраларда бақ сынадым. Ақтөбеде өткен «Ақберен» айтысында ІІІ орын иелендім. Ал республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» айтысына оқушы кезде 3 рет қатыстым. 8-10-сынып оқып жүргенімде екі рет арнайы жүлдесін иелендім. Одан кейін қатысқанымда бас жүлде бұйырды. Бұл – республика бойынша өтетін оқушылар айтысының ішіндегі ең ауқымдысы. Мұның алдында Қызылорда облысының атынан қатысқан Мейірбек Сұлтанхан бас жүлде алған екен. Шамамен 8 жыл өткенде мен де бас жүлде иелендім. Студент кезде мен қатысқан алғашқы сөз бәйгесі «Менің пірім – Сүйінбай» атты VІІІ халықаралық айтыс болды. Оған 5 мемлекеттен – Маңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытайдан келген жас ақындар қатысты. 40 қатысушының 16-сы финалға өтті. Оның ішінде мен де бармын. Осылайша ІІ орын иелендім. Ал екінші айтысым – осы айда Алматыда өткен айтыс.

– Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен өткен республикалық студенттер айтысы қалай өтті? Жыр додасында қандай тақырыптарды қозғадыңыз?

– Бұл айтыс өте жоғары деңгейде өтті. Республиканың түкпір-түкпірінен келген 14 ақын бақ сынады. Жыр додасында қыздардың білім алуы, студенттердің жай- күйі, шәкіртақы туралы сөз қозғадық. Студенттер өзара әзілмен сөз қағыстырған көңілді айтыс болды.

Алғашқы кезеңде Шымкентте білім алатын Даниал Болысбекпен айтыссам, финалда Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті Санжар Даярбекпен айтысып, бас жүлдені қанжығама байладым.

Менің айтысқа қатысуыма қолдау көрсеткен университет басшылығына, сондай-ақ Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары басқармасының басшысы Жанар Бимұратқызына уақыт бөліп, осындай үлкен додада жанымда болғаны үшін алғыс білдіремін.

– Осы кезге дейін сізді сөзбен жеңуге тырысқан, ерекше қарсылас деп кімді айтар едіңіз?

– Павлодар облысының айтыскер ақыны Бексұлтан Қайдаровты айтар едім. Бұл айтыс ерекше есте қалды. Мектеп оқитын кезімде өзім қатарлас бұл ақынды жыр додаларынан көріп жүретінмін. Бірақ халықаралық айтыстың финалында Бексұлтанмен алғаш рет айтысудың сәті түсті.

– Қазіргі студенттік айтыстардың деңгейі туралы не айтасыз? Жастар арасында бұл өнердің орны қандай?

– Бүгінде студенттік айтыстардың деңгейі өте жоғары. Халықаралық айтыстарға барар кезімде оқу орны менің барып-келуім үшін қаржы бөліп, барлық жағынан қолдау көрсетті. Бұл айтысқа дейін өзіңді сенімді ұстауға, басқа дүниелерге алаңдамауға көмектеседі. Оқушы кездегі айтыстарда қарсылас аз болатын. Ал студенттік айтыстарға жан-жақтан тәжірибелі жас айтыскерлер жиналады. Қазылар алқасы қабілетіңді байқаса, үлкен деңгейдегі айтыстарға да жолдама беріп, дами түсуіңе көмектеседі.

– Сіздің ойыңызша, нағыз айтыскердің бойында қандай қасиеттер болу керек?

– Ең алдымен керегі – еңбекқорлық. Халық ауыз әдебиетін оқып, көркем әдебиетке ден қойған адамның сөз саптауы бөлек, ойы жүйрік болады. Мыңдаған адамның алдында өнер көрсетіп, көп емес, дөп сөйлеу үшін айтыскер жігерлі, өзіне сенімді, табанды болуы керек. Қобалжығаныңды білдірмеу үшін әртістік шеберлікке де саласың. Айтыскерге керегі – суырыпсалмалық өнер.

– Елге белгілі қай ақынды үлгі тұтасыз?

– Ең алдымен ағаларымды үлгі тұтамын. Ал алты Алашқа танымал аға буынға келсек, Мұхтар Ниязовты, түркістандық Бекарыс Шойбековты, қыздардың ішінен Жансая Мусинаны ерекше құрметтеймін. Өзім болашақта Айнұр Тұрсынбаева секілді айтыскер болғым келеді.

– Айтыстан бөлек қандай шығармашылық жұмыстармен айналысасыз?

– Қазір физика салысында білім аламын. Бірақ бұл саладағы ұстаздарым да өлең шығаратынын айта кету керек. Сондықтан болар, «физиктер – лириктер» деген ұғым қалыптасқан. Мысалы, бізге білім беретін Бақыт Қалиев, Бақытхан Әбдікәрімов, Айгүл Алмағамбетова, Тоғжан Қарабала сынды оқытушыларымыз – ақындық жолды жалғаған ғалымдар. Басқа да шығармашылық жұмыстарға келсек, айтысқа қатысудан бөлек, домбыра шертіп, күй тартамын, гитарада ойнаймын, сурет саламын. Бірақ қазір көп уақытымды білім алуға арнаудамын.

– Айтысқа барарда ұстанатын ырым-нанымдарыңыз бар ма?

– Ең алдымен үлкендердің батасын алып, ата-анамның ақ тілегімен аттанамын. Осы кезге дейін ұстанған тағы бір ырымым бар. Жыр алыбы Жамбыл мен Сүйінбай Аронұлы кесенесінің басына барғанда бір апа білезік берген болатын. Зергерлік бұйымды осы кезге дейінгі айтыстарға үнемі тағып шығатынмын, бірақ кешегі өткен айтыста тақпадым.

– Сахнада айтар ойыңызды ұмытып қалған кезіңіз болды ма?

– Мұндай жағдай болмады. Менің сахнадағы басты мақсатым – ойымды толық дұрыс жеткізу.

– Қазіргі уақытта физика саласына қатысты мамандықта білім аласыз. Алдағы уақытта қандай салада еңбек етуіңіз мүмкін?

– Бүгінде физика пәні мұғалімдерін даярлау мамандығының 2-курсын аяқтап жатырмын. Қажетті балды жинап, бұл мамандықты өзім таңдап, грант иелендім. Физика саласында білім алуым, ақындық өнеріме кері әсер етпеді. «Асыл домбыраның» иегері Хазірет Бердіхан деген айтыскер бар. Оның «Асыл домбыраны» ұтуына да физика саласының мұғалімі мамандығында оқуы кедергі болған жоқ. Алдағы уақытта екі салада да еңбек еткім келеді. Айтыскерлік туабітті талант болса, физика – үздіксіз үйренуді, зерттеуді талап ететін ғылым. Алдағы уақытта бойымда бар талантты дамытып, ізденісті тоқтатпай, өзімді дамытсам деймін.

– Сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!