Ана атанған әрбір нәзік жанның бойында жауапкершілік пен мейірім артып, бала тәрбиелеумен қатар, өз армандары мен мақсаттарын жүзеге асыруға ұмтылады. Солардың бірі «Flamingo» балаларға арналған дүкеннің негізін қалаушысы – Динара Серікбаева. Ол – бала күтіміне байланысты демалыста отырып, кәсібін де қатар алып жүрген, қайсар да еңбекқор жан.
– Flamingo – қаладағы танымал сауда орындарының бірі. Балаларға арналған заттар дүкенін ашу идеясы қалай пайда болды? Оған дейін қандай дайындықтар жүргіздіңіз?
– Дүкен ашу туралы ой қажеттіліктен туындады. Яғни балаларға қамқорлықтан басталған кәсіп деп ойлаймын. Өзім тұрмыс құрып, перзент сүйгеннен кейін балаға арналған барлық затты бір жерден таба алмадым. Мені аналар түсінетін шығар, ана атанған соң сәбиіңе көп дүниені алып бергің келіп тұрады. Алайда іздеген затымды қаладан таба алмай, басқа қаладан тапсырыс беруге тура келетін. Бұл да бір уақытты талап ететін шаруа болды.
Бизнесті бұл бағытта бастамас бұрын, жарты жыл көлемінде терең талдау жүргіздім. Аймақтағы балаларға арналған дүкендерді аралап, нарық жүйесінің қалай жұмыс істейтінін зерттедім. Толық дүкен ашардың алдында, кішігірім бастама ретінде балаларға арналған жөргектерді сатумен айналыстым. Бүгінде «Yokosun_Kyzylorda» жөргек өндіретін дистрибьютор компанияның тең құрылтайшысымын.
Ең алғаш дүкен ашуға бел буған сәтте, ешқандай қарызға кірмеймін деген мақсат қойдым. Кейіннен 20 квадраттық, кішігірім жерді жалға алдым. Бұл ұтымды шешім болды.
– Бизнесті бастаған кезде кез келген кәсіпкер қиын кезеңді бастан кешіреді. Оларды қалай еңсердіңіз? Декреттік демалыста бола тұра, бизнес бастау оңай емес болар…
– Кез келген бизнес бастапқы 3 жылда не өседі, не өшеді. Мен де бұл кезеңді бастан кештім. Өзім декреттік демалыста болдым. Қолымда шақалақ сәбиім мен екі жасар қызым бар. Екеуін бір елі тастамай, тапсырыстар қабылдап, сатуға арналған тауарларды қабылдап жүрдім. Одан қалды сабақ та оқыдым.
Алғашқы кәсібімді бастарда әлеуметтік желі қатты қарыштай қоймаған еді, ал қазір барлығы дерлік дамыды. Осы орайда маркетинг саласын меңгеру керек болды. Instagram-дағы парақша, таргет жүргізу арқылы өз бизнесіңді аудиторияға кеңінен танытуға болады. Білімімді кеңейттім, ізденіс үстінде болдым. Ал қазір, шүкір, өсіп келеміз.
– Әдетте жаңа туылған сәбиге арналған заттар сапалы болуы тиіс. Сатылымға тауарларды қайдан алдырасыз? Дүкендегі тауар ассортиментін қалыптастыру кезінде қандай принциптерді ұстанасыз?
– Жалпы өзіме тауар таңдау қиындық тудырған емес. Ең әуелі «бұл затты балама пайдаланамын ба?» деген сұрақты өзіме қоямын. Осы сауалдың жауабына жүгіне отырып, тауарды таңдаймын. Дүкеніміздегі тауарлар ассортиментінің 80%-ы сертификацияланған, жоғары сападағы өнімдер. Сертификацияланбаған тауарлар деп велосипед, балаға арналған арбаны атасақ болады. Яғни бала тікелей қолданбайтын дүниелер. Ал баланы тамақтандыруға немесе денесіне тиетін кез келген тауар міндетті түрде сертификацияланған болуы тиіс. 3 жылдан бері сенімді серіктеске айналған жеткізушіміз көп.
– Отбасыңызға ойыссақ, бизнес пен отбасыға уақытты қалай үйлестіріп жүрсіз? Бизнесті жүргізу сіздің өміріңізге қандай оң өзгерістер алып келді?
– Әр адам кез келген жерде өзіне шектеу қоя білуі керек. Мәселен, мен таңғы 9-дан кешкі 19:00-ге дейін уақытымның барлығын жұмысқа арнаймын. Ал қалған уақытымды отбасыма бөлемін. Бірыңғай жұмысқа беріліп кетпеймін, олай істеуге қарсымын. Беріліп еңбектене берсең де, «жанып» кетуің мүмкін. Күйзелістен жұмысқа деген ынтаңнан айырылып қалуың да ықтимал. Осы ұстанымымнан таймаймын.
Кәсіпкерлер тәуелсіз жұмыс істеп, ақшаға тәуелді болмауды мақсат тұтады. Мен де қазір тынымсыз еңбектің арқасында тек өзіме жұмыс істеудемін. Материалды тұрғыда ешкімге тәуелді емеспін.
– Ұжымыңызда қанша адам еңбек етеді? Алдағы уақытта бизнесті кеңейту туралы жоспарыңыз бар ма?
– «Flamingo» дүкенінің ұжымында 5 адам жұмыспен қамтылған. Бизнесті кеңейтіп, тағы да бір дүкен ашсам деген жоспарым бар. Қазір осы бағытта таным көкжиегімді кеңейтіп, оқу үстіндемін.
– Балаларға арналған заттар нарығында бәсекелестік қаншалықты жоғары? Кәсіп бастағысы келетін жастарға кеңесіңізбен бөліссеңіз.
– Атап өткенімдей, бұл кәсіпті бастауыма балаларға арналған дүкеннің тапшылығы түрткі болды. Сол себепті аса қатты бәсекелестік бар деп айта алмаймын. Ал бизнес ашуға жүрегі дауаламай жүрген жастар болса, оларға айтар кеңесім: білім алыңыздар, батылдық танытыңыздар. Қазір бәрі қолжетімді. Бизнес өкілдерінің сұхбаттарын тамашалап, солар секілді ойлауға бейімделіңіздер, тәуекел етіңіздер. Ал кері тартып, кез келген келеңсіздікті сылтау етсеңіз, өсу мүмкін болмайды.
– Сұхбатыңызға рақмет, Динара ханым! Ісіңіз өрге жүзсін!
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!