Өнер мен білім – егіз қанат. Бірі – жүрекке рух сыйласа, бірі – ақылға жарық береді. Жас адамның осынау қос саланы қатар алып жүруі – жеңіл іс емес. Өнер шабытты талап етсе, білім табандылықты қажет етеді. Екеуін тең ұстай білген жан ғана ойы мен сезімін өрнектеп, қоғамға шын мәнінде пайдасын тигізеді.
Досбол Нұрылла – білім мен өнерді қатар алып жүрген жас дарын. Ол үшін математика – мамандық, ал ән – жүрек қалауынан туған хобби. Әннің де, сөздің де құдіретін қатар сезіне білген ол – ақылдың қазығын білімнен, жүректің азығын өнерден тапқан жан. Бір мезетте тақтаға теңдеу жазса, бір мезетте жүрекке әуен қондырып, ұстаздық пен өнерді бір арнаға тоғыстырған жас дарын Досболмен өрбіген сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
– Әңгімемізді бала күніңізден бастайықшы. Отбасыңызда өнерге жақын жандар бар ма? Ақындық қанмен келген қасиет пе, әлде қызығушылық пен ізденістен пайда болды ма?
– Отбасымда үш ағайындымыз. Екі қарындасым бар, өзім үйдің үлкенімін. Әкемде де, Нұрылла атамда да ақындық қасиет бар. Сол қасиет маған қанмен берілді деп ойлаймын. Бала кезден сөзге, өлеңге бейім болып өстім. Бірақ қанмен келгеннің өзі бір бөлек, оны шыңдап, заман талабына сай дамыту бір бөлек. Қазақ «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демей ме. Біз де замандастарымызға кейінгі ұрпаққа да туындымыз жетсе екен деген мақсатпен қалам тербеп келеміз.
– Халық бүгінде сізді хит әндердің орындаушысы ретінде таниды. Алайда талай әншінің бағын ашқан хит әндердің авторы ретінде біле бермейтіні анық. Осы жайлы өз аузыңыздан естісек. Қанша әнге сөз жазып, қандай әншілермен жұмыс істедіңіз?
– Ән, әнге мәтін жазып келе жатқаныма 4-5 жылдың көлемі болды. Осы жылдардың ішінде шамамен 250-ге жуық әнге сөз жаздым. Эстрадада жүрген әншілердің 70 пайызына мәтін жазып бергенмін. Бүгінде сан түрлі ортада, той-томалақта, кештерде, іс-шараларда, радио-телеарналарда шырқалып жүр.
Орындаушы әншілер қатарында Жандос Қаржаубай, Әлімжан Кеңес, Төреғали Төреәлі, Әділет Жауғашар, Мәлік Жамбылұлы, Есен Жүсіпов, Алмасхан Насыров, Нұрбай Атамұрат, Мейіржан Бақытбек және басқа да көптеген өнерпаз бар.
– Білуімізше өнерден бөлек, басты бағытыңыз білім саласы. Шәкірт тәрбиелей жүріп шығармашылыққа уақыт табу қиын емес пе?
– Иә, білім алған салам – математика пәнінің мұғалімі. ЖОО-ны тәмамдап, қазіргі уақытта ұстазбын. Бүгінде жоғарғы сыныптарға алгебра, геометрия пәнінен сабақ беремін. Уақытты үйлестіру шынында оңай емес. Кедергіге кездесетін уақыт болады. Дегенмен ынта болса, бәріне үлгеруге болады. Мектептен кешкі жетіде шығып, сегіз жарымда студияға жазылып, түнгі сағат онда бейнеклип түсірген кездерім болды. Әлі де солай барлығына үлгеруге тырысып келе жатырмын. Негізі, сан мен сөздің арасы алыс емес. Математикада есеп-қисап, дәлдік бар. Әнге мәтін жазғанда да белгілі бір ырғақ пен буынға бағыну керек. Әуеннің иірімін ескеріп, сөзді өлшеп-пішпей жаза салсаң, тыңдарманға өтімді дүние шықпайды. Сондықтан мен үшін математикалық ойлау жүйесі шығармашылықта да көмектеседі.
– Өлең жазу мен әнге сөз жазудың айырмашылығы бар ма? Осы жөнінде ойыңызбен бөліссеңіз.
– Ақынның бәрі бірдей әнге сөз жаза алмайды. Өлең жазғанда еркін, ойды қалағаныңша өрнектейсің. Шумаққа шектеу жоқ, буын санын да ақын өзі шешеді. Ал әнге мәтін жазу – мүлде басқа дүние, бәрі буынға, ырғаққа тәуелді. Музыканың мазмұнын ашып, әуеннің иіріміне сай жыр төгу керек. Ән мен сөз үйлесім тапқанда ғана тыңдарман жүрегіне жетеді.
– «Жігітке жеті өнер де аз» дейді қазақ. Сізді спортқа да жақын деп естиміз. Досболдың біз білмейтін тағы қандай қырлары бар?
– Иә, жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер көп емес. Өзімнің өмірлік ұстанымым да осы. Таэквондодан және үстел теннисінен «спорт шеберіне» үміткермін. Республикалық жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткіздім. Сан түрлі спортта төбе көрсетіп келеміз. Дегенмен оқушы кезімде де, кейін мұғалімдер арасында да осы спорт түрлерінен жоғары нәтижелерге жеттім.
Спорт та, өнер де – тәртіп пен төзімділікті талап етеді. Жалпы қай салада да белсенді болуға тырысамын.
– Өнерде табысты болу үшін маңыздысы талант па, әлде еңбек пе?
– Бір пайыз талант болса, тоқсан тоғыз пайыз еңбек қажет. Жастық шақ – жарқырап, өзіңді танытатын ең үлкен мүмкіндік. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланған дұрыс. Бүгінде қаншама өнер иесі бар, бірақ дер кезінде еңбек етпеген соң олардың көпшілігі көрінбей қалады. Мүмкіндіктерден құр қалып жүр.
Табиғат сыйлаған дарыныңыз болса, оны шыңдамасаңыз, уақыт өте сол жарығыңыз сөніп қалуы әбден мүмкін. Шын мәнінде, өнер жолында да, ғылым-білімде де тек қана талпыныс пен еңбек адамды биікке жетелейді. Көпшілік сахнада жарқыраған сәтті көреді, бірақ сол сәттің артында күн-түн демей ізденіс пен тынымсыз еңбектің тұрғанын біле бермейді. Еңбекпен келген жетістік қана баянды. Демек, табандылық танытқан әрбір жанның бағы жанатынын қайталап айтқым келеді.
– Көңіліңізді толқытқан тыңдарманнан келген хат немесе сыйлықтар болды ма?
– Кәсіпкерлер қымбат сағат, костюм-шалбарлар сыйлаған кездер болды. Тіпті ат мінгізгендер де бар. Тыңдарман ықыласы – ең үлкен баға. «Халық айтса, қалып айтпайды». Әр сыйлықтың орны бөлек, дегенмен ішінде ерекше есте қалғаны жайлы айтайын. Жуырда ғана Арал ауда- нында жастар күніне орай орталық алаңда кеш өтті. Сахнадан түсіп бара жатқанымда кішкентай қыз соңымнан «ағалап» жүгіріп келеді екен. Шамамен 6-7 жастағы қыз «аға, бұл сізге жасаған сыйлығым» деп қонжық ұсынды. Қонжыққа есімімді арнайы жаздырған екен. Сәби жүрекпен, тап-таза ниет- пен сыйланған бұл сыйлық көпке дейін көңілімді толқытты.
– Бүгінде өз орындауыңызда қанша ән жарық көрді?
– Әннің нақты санын айта алмаймын. Дегенмен, тыңдарман жүрегіне жол тапқан туындыларым аз емес. Соның ішінде әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген «Қайдағы махаббат», «Қызғалдақ» сияқты әндерім бар. Бұл әндер әрбір тыңдарманның көңіл-күйін көтеріп, тынысын ашып жүр десем артық емес.
Жуырда ғана барлық музыкалық платформаларда жарық көрген «Ертегі» атты жаңа әнім аз уақыт ішінде-ақ тыңдарманын тауып, ютуб арнамда 1,5 миллион қаралым жинап, көш бастап тұр. Мұндай көрсеткіш – маған берілген ерекше қуат пен жаңа серпін. Әрбір шығарманың қабылдануы, халық жүрегінен орын табуы – нағыз шабыттың қайнар көзі.
Ал соңғы жаңалығым – бар болғаны бір апта бұрын ғана тыңдарманға жол тартқан «Егіз махаббат» атты туындым. Қазіргі таңда ол да өз тыңдарманын тауып, қаралымы күн санап артып келеді. Тыңдарманның ықыласы мен қолдауы – мен үшін ең үлкен жетістік, ең қымбат баға.
Әрине, аталғандардан бөлек те туындыларым жетерлік. Әр әннің өз тағдыры, өз тыңдарманы бар. Уақытына қарай әрқайсысы халыққа жол тартып, ойдағы жоспар орындалуда. Өнер жолында ешбір еңбек зая кетпейді, әр туынды – жүректен шыққан шынайы сыр, ал ол шындық түбінде өз бағасын алады. Барлығы үшін шүкір деймін.
– Болашақта қай әншімен бірлесіп жұмыс істегіңіз келеді?
– Дуэт орындау әзірге жоспарда жоқ. Десе де сырттан ұсыныстар түсіп қалуы әбден мүмкін. Бұйырса бас тартпаймын. Жұмыс істеуге әзірмін.
– Сұхбат үшін алғыс!
Әңгімелескен Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!