Бүгінде дрондар ауыл шаруашылығынан бастап төтенше жағдайларға дейінгі салаларда ауқымды міндеттерді орындап жатыр. Дәл осы технологияның аясында бүгінгі кейіпкеріміз Ержан Кенжеев өзінің бастамасын жүзеге асырып, Қызылорда қаласында дрондарды басқаруды үйрететін алғашқы орталықты ашқан еді. «FlyOrda» орталығының жұмысы туралы және басқа да сауалдарға жауап алу үшін Ержан Сұлтанбекұлымен байланысқа шықтық.
− «FlyOrda» орталығын құру идеясы қайдан келді?
− Шындығына келгенде қарапайым дронды басқаратын маман аз. Құрылғыны ұшыра алатын адам болғанымен, олардың басым бөлігі әуесқойлар болатын. Тіпті бірнеше мәрте құлатып алған оқиғаларды да көрдім. Мұндай мәселеге куә болғаннан кейін арнайы орталық ашуды қолға алдым. Ал жалпы идея фото-видео студиямен айналысып жүргенде келген еді. Уақыт өте дрондардың дәуірі келгенін, әр саламен байланысып жатқанын байқадым. Қазақстанда бұл бағытты қолға алған бірнеше компанияны білемін. Бүгінде олармен тығыз байланысып, Қызылорда қаласынан білікті әрі кәсіби мамандар даярлауды қолға алдық.
− Дрон басқару ақпараттық технологиялар саласына жақын. Жалпы бұл салаға қалай келдіңіз?
− Өзіңіз де білесіз, қазір ақпараттық технологиялар заманы. Біз қандай мамандық иесі болсақ та, әрдайым ізденісте жүруіміз қажет. Студенттік шақта өз мамандығымнан бөлек IT саласына қатты қызығатынмын. Оқытушылар мен студенттердің компьютерлеріне түрлі бағдарлама мен антивирус орнатататын едім. Фото-видео түсіруді де қосымша алып жүрдім. Сіздің сұраққа қарап, жастық шақтағы бір оқиға ойыма оралды.
«Студенттік көктем» сайысы болса керек. Байқау ережесіндегі видео түсіру бағытына сахнаның жоғары бөлігінен кадр қажет болды. Ол уақытта дрон деген түсінік жоқ. №6 оқу ғимаратының шатырына мініп, камерамен түсіргенім бар. Ол уақыт қызығушылық кезеңі еді. Ал қазір сол қызығушылық өмірімізден орын алып, үлкен мамандыққа айналып жатыр.
− Дронмен жұмыс істеу барысында кездесетін қиындықтар туралы айтып беріңізші. Ал оқыс оқиғалардан қалай сақтанған жөн?
− Әрине, кез келген адам дрон ұшыра алады деп айта алмаймын. Ол үшін білім керек. Тәжірибесіз ұшырылған дронның әсерінен түрлі қиындық кездесуі мүмкін. Құрылғы дұрыс басқарылмаған жағдайда ғимараттар мен автокөліктерге соғу, тіпті адам жарақатына дейін алып келеді. Ең бастысы ұшыру процесінде қауіпсіздікке ден қою қажет деп ойлаймын. Дрондардың басым бөлігі ауа райына тікелей тәуелді. Сол себепті жел, жаңбырлы және қарлы күндері ұшыруға кеңес бермеймін. Жұмыс барысында қиындықтар кездеседі. Бірақ оның барлығы тәжірибемен жөнделеді.
− Сұраныс пен қызығушылық… Дрон ұшыруды үйренемін деушілер көп пе? Орталықтың қосымша қызметтеріне де тоқталсаңыз.
− Иә, бұл салаға бет бұрушылар көп. «FlyОrda» орталығы, оқушылар сарайындағы үйірмеге қатысушылар, сонымен қатар жыл көлемінде аймақтағы мектептерден арнайы шақырту алып, оқушыларды дронның мүмкіндіктерімен таныстырып, қызығушылықтарын арттыру бойынша қарқынды жұмыс істеудеміз. Жуырда Drone Bootcamp ұйымдастырдық. Үйренсем, білсем, көрсем деген 20-дан астам жасқа арнайы шеберлік сағатын өттік.
Сұхбат барысында айтқандай, дрондар түрлі салада қызмет етеді. Ауыл шарушылығы, құрылыс, төтенше жағдай, әскер, өрт сөндіру, геодезия және фото-видео. Бұл тізім әрі қарай да жалғаса береді. Ал курс туралы айтсам. Орталықтағы оқыту процесі 3 деңгейде өтеді.
Біріншісі, оқушыларға қарапайым дрон ұшырып үйрету, жарысқа қатыстыру. Келесі әуесқойлар үшін. Олар фото- видео түсіру немесе ауылда жоғалған түліктерді іздеу деген секілді бағытта қолданатындар үшін болса, үшіншісі кәсіби мамандарға арналған бағыт. Мысалы құрылыс саласындағы мамандардың қолы, көзі жете бермейтін немесе ұзақ өлшеуді талап ететін жұмыстарды дронның қызметімен жасау. Сол секілді агродрондармен егінді тыңайтқышпен баптау, тұқым себу деген сияқты салалардағы мамандарға қосымша білім береміз. Ал үйрену уақыты деңгейге байланысты болмақ. Шамамен бір немесе екі апта көлемінде білім алып шыға алады.
Біздің Қызылордада дрон арқылы видео түсіретін адамдар бар. Бірақ барлығы мықты маман емес. Соның салдарынан дрондар қирап жатыр. Ал «FlyOrda»-ның қосымша қызметтеріне сұраныс бар. Ауылда жоғалған жылқыларды іздедік, тәжірибемде ұрланған автокөлікті іздеу жұмысы бар. Фото-видеоға келетін болсақ тапсырыс өте көп. Театр және кинорежиссері, кинодраматург, өнертану профессоры, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов ағамызбен бірге осы жылы наурыз және мамыр айларында Қызылорда жайлы деректі фильм түсіруге атсалыстым. Алла қаласа алдағы уақытта жарық көреді. Айта кететін жәйт, Талғат ағамен жұмыс жасаған қатты ұнады және де ол кісіге де менің жұмыстарым ұнады деген ойдамын. Сол себепті алдағы уақытта тағы да бірнеше жоба жасаймыз деген үміттемін.
− «FlyOrda» Қызылордадағы тұңғыш әрі жалғыз дрон ұшыруды, басқаруды үйрететін орталық. Басқа өңірлерде бұл бағыт қандай деңгейде дамыған?
− Иә, дұрыс айтасыз. Өңірдегі дрон ұшырып үйрететін алғашқы орталық. Қазақстанның барлық өңірінде жақсы дамыған деп айта алмаймын. Кей өңірлерде мұндай орталық жоқтың қасы. Ал Алматы, Астана және Оралда, әрине, қарқынды дамуда. Ол жақтағы әріптестермен тығыз байланыстамыз. Қызылордалықтарды заманның жаңа талабы, сұранысы, ақпараттық технологиялар саласының зор мүмкіндігі туралы хабардар етіп, әлемдік аренада кәсіби маман ретінде бәсекеге түсе алатындай ұрпақ жасақтау − менің де арманым һәм мақсатым. Біздің деңгей әлі де халықаралық жарыстарға қатысып, өз қабілетімізді көрсете алатын дәрежеге жете қойған жоқ. Бірақ курсқа қатысқан әр адам өз қажетіне қолданып, жұмысын оңтайландыруда біздің білімді, тәжірибені қолданып жатқанына куә болып жүрмін. Алдағы уақытта Қызылордадан мықты мамандар шығарамыз деген ойдамын.
− Сондай-ақ сіз «RedOrdа» студиясының директорысыз. Жалпы бұл орталықтар сіз үшін кәсіп пе әлде хоббиден басталған сүйікті іс пе?
− Кез келген кәсіптің басы сүйікті істен басталғаны дұрыс деп санаймын. Адам өзінің сүйікті жұмысын қолға алғанда ғана биікке көтеріліп, дамиды. «RedOrdа» фото-видео студиясы да, дрон ұшырып үйрететін «FlyOrda» орталығы да хоббиден басталып, жеке кәсіпке айналған іс.
− Жауабыңызға рақмет!
Әңгімелескен Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!