Алаңда ала допты қағыта теуіп, ақыл мен шеберлікті қолдана білу бірінің қолынан келсе, бірінің тек арманы. Тынбай жаттығып, ырқыңа көне қоймас допқа өз билігін жүргізетіндерді бүгінде біз футболшы деп атаймыз. Көбіне олар қақпаға гол салып, командасына жеңіс әкелуі тиіс деп білеміз. Десек те өз қақпасын торуылдай отыра, өзге қақпаға гол сала білетін футболшылар туралы аз айтамыз. Мәселен, танымал Зинедин Зидан, Андрес Иьнеста, Хави секілді футболшылар соккер тарихындағы «ең мықты жартылай қорғаушы» деген атақты иемденгендер. Мұндай ала доп тебушілер тек шетелде емес, қазақ футболында да бар. Сыр елінің тумасы Асхат Тағыберген, 8 дүркін Қазақстан чемпионы Аслан Дайрабаев, үздік 10 футболшы қатарындағы Бауыржан Исламханды атасақ болады. Осы орайда «Қайсар» командасының вице-капитаны, қызылордалықтардың мақтанышы болып жүрген Думан Нәрзілдаевпен әңгімелескен едік.
– «Қайсар» клубына осыдан 14 жыл бұрын қосылған екенсіз. 2022-2023 жылдары «Каспий Ақтау», «Ордабасы» секілді клубтарда ойнап, Қазақстан чемпионы болдыңыз. Десек те 2024 жылы қайтып келдіңіз. «Қайсарға» оралуға не түрткі болды?
– Өмір өзгерістерден тұрады. Әр спортшы мұнымен кез келген уақытта бетпе бет кездесуі мүмкін. Футболшылардың да команда ауыстыруы қалыпты жағдай. Мәселен, жуырда ғана Килиан Мбаппе Пари Сен-Жерменнен корольдік Реал Мадридке ауысты. Жақсы командадан ұсыныс түссе, мұны біз мүмкіндік деп қабылдаймыз. Менің де «комфорт зонадан» шығып, алаңда доп тебу тактикасы бөлек құрамда ойнап көргім келді. Солай 2 жыл қатарынан «Каспий Ақтау» және «Ордабасы» секілді азулы командаларда тәжірибе жинақтап қайттым. «Қайсар» командасында 2012 жылдан бері ойнап келемін, сол себепті ұсыныс түскеннен кейін кері қайтарудың мәні болмады. Ол үшін ойланып та жатпадым, дереу Қызылордама оралдым. Қайта келуім мені де, көптеген қызылордалық жанкүйерді де қуантты.
– Клуб туралы айта өтсек. Бүгінде сіз «қасқырлардың» вице- капитанысыз. Бұл рөлді атқару қандай жауапкершілік жүктейді?
– Команданың негізгі капитаны Руслан Сақалбаев. Екеуміз біріге жүріп, команданы ауызбіршілікте ұстауға тырысамыз. Жалпы қай жерде болмасын, бір дүниені мойныңа алу үлкен жауапкершілік. Ал мұнда облыстық футбол клубының абыройы жатыр. Яғни, күллі Қызылорда жұртшылығы Руслан екеуміздің жауапкершілігімізге үміт артады. Одан бөлек, клубтың мүшелері, алаңдағы әріптестер сенім білдіреді. Осы үміт пен сенім – жауапкершілігімді мүлткісіз атқаруыма, алаңда көшбасшылық қасиеттерімді айқын көрсетуге, қайсарлық танытуыма қанаттандыратын бірден бір күш. Вице- капитан болғаным кеше ғана емес, біраз уақыт өтті. Сол себепті жанкүйерлер мен командаластарымның сенімін ақтаудамын деп ойлаймын.
– «Қайсарлықтардың» ойнау қабілеті туралы не айтасыз? Бұл клубтың сапынан Қазақстанның қай футболшысын көргіңіз келеді?
– «Қайсардың» екі командасы бар: «Қайсар» және «Жас Қайсар». Әр команданың ойыншылары талантты, шымыр, тәжірибелі және мықты жастарға толы. Футболшылар осы маусымда өздерінің жақсы ойындарын көрсетуде. Қазір Қазақстан футбол лигасының тізімінде 8-ші орынға тұрақтап тұрмыз, алдағы уақытта бұл нәтижені жақсартуға тырысамыз. Біздің бапкер Виктор Кумыков. Футболшыларды өзінің кәсібилігі арқылы жаңа тактикаларға дағдыландыруда. Әрине, егер футболшылардың қабылдауы және логикалық ойлау қабілеттері нашар болса, керемет нәтиже көрсете алмайды. Дегенмен біздің ойыншылар жасыл алаңда қырағылық танытып, маусымда өз біліктіліктерін көрсетуде.
Атап айтсам, осы маусым басында ауысып келген 55-ші нөмерлі Валерий Громыко, 6-шы нөмерлі Руслан Юденков айрықша голдарымен қызылордалық футболсүйер қауымның көзайымына айналып отыр. Қақпашы Степан Сикачта өз қызметін жақсы атқаруда. Алдағы уақытта өзге футболшылар алдыңғы қатардан бой көрсетіп, жақсы нәтиже танытады деген үміттемін.
Ал «Жас Қайсарға» тоқталатын болсақ, ол командада бізден жас, шаршағысы жоқ футболшылар көп. Мәселен, Аян Құлмағанбетов, Мағжан Бауыржан, Саят Бақтыбай секілді ойыншылар әр кездесу сайын өз біліктіліктерін көрсетіп отырады. Жақсы ойын тамашалауға мүмкіндік беріп жүрген інілерімді «Қайсардың» негізгі құрамасында көремін деп үміттенемін.
– 2022 жылы Қазақстанның футболдан ұлттық құрамасына шақырту алып, жақсы ойын көрсеттіңіз. Бұл – көптеген футболшының арманы. Ұлттық құрамаға қайта оралғыңыз келе ме?
– Кез келген футболшы өз елінің туын желбірету үшін ұлттық құрама сапында ойнағысы келеді. Ұлттық құрамаға кіру – әр футболшының арманы мен мақсаты. Мен ұлттық құрамада ойнаған сәт мансабымдағы керемет кезеңдердің бірі болды. Қайтадан ел намысын қорғауға шақырса екен деймін. Себебі ұлттық құрамада ойнап, тек қана өзімнің емес, командама да мықты ерік-жігер сыйлағым келеді.
– Ең қиын және бәсекелестікке толы болды деп қай маусымды айтар едіңіз?
– Кәсіби футболшы ретінде мансабымда кездестірген есте қаларлықтай ең қиын, шынайы эмоцияға толы, сондай-ақ ауыр кезең деп 2019 жылғы маусымды атар едім. Оған себеп көп. Ол кезде біздің құрам салыстырмалы түрде Қазақстан бойынша мықты команданың бірі болды. Сол жылы жоғары деңгейде ойын көрсеттік. Тынымсыз еңбектің арқасында ол жыл нәтижесіз аяқталмады. 2019 жылы «Қайсар» футбол клубы Қазақстан кубогын жеңіп алды. Мақсатымыз кубокты ұту еді, оған да сенімді жеттік.
– Матчтарда көрерменнің сізге деген ықыласын ерекше байқаймыз. Ала доппен алаңда сырғытып, кәсібилігіңізбен тәнті етесіз. Дегенмен болашақтың жоспары бөлек. Осы орайда мансабыңызға қатысты қандай өзгерістер болуы мүмкін?
– Өздеріңіз білетіндей, өткен аптада ғана бұрын өзім ойнаған Шымкенттік «Ордабасымен» алаң бөлістік. Ол командада елімізге белгілі футболшылар, ұлттық құрам сапындағы жігіттер ойнайды. Мықты қарсылас – бізді ширақ болуға, үздіксіз шыңдала беруге жетелейді. Алдағы уақытта көптеген матч күтіп тұр. Бұйырса мансабымды жалғастырып, футболсүйер қауымды әлі де керемет голдарыммен қуантатыныма сенемін. «Қайсар» клубына деген қолдау мықты болса, бізде қошемет пен құрметке лайық ойын көрсетеміз.
– Сұхбатыңызға рақмет, Думан Ахметтиллаұлы!
Әңгімелескен Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!