Жас ата-ана мен көпті көрген үлкендердің пікірі бала денсаулығына келгенде үйлеспей қалатыны рас. Бұрынғы мен бүгінгі сәби күтімінің не айырмашылығы бар?
Ал баланы екпеге апарарда ата-аналар неге ойланады? Бұл сұрақтардың жауабын білмек үшін өз ісінің маманы, балалар дәрігері Айнұр Өтегеновамен сұхбаттастық.
– Айнұр Бауыржанқызы, кейінгі жылдары ата-аналар балаларына екпе салдыруға келгенде көп ойланатыны байқалады. Бұған не себеп болуы мүмкін? Екпенің пайдалы екені белгілі, ал зияны ше? Екпе туралы мифтерге тоқталып өтсеңіз…
– Бұған бірнеше себеп бар. Алғашқысы медицина қызметкерлері, яғни мейірбике не дәрігердің ата-анамен, пациентпен дұрыс қарым-қатынас құра алмауы деп ойлаймын. Денсаулық сақтау саласының өкілі адамның екпеге не себепті қарсы екенін нақтылап, дәлелді ақпарат көздеріне сүйене отырып, екпенің маңыздылығын жеткізе алуы керек.
Мұнан кейінгі себеп медицина қызметкерлерінің білімінің төмендігі дер едім. Өйткені медициналық жоғарғы оқу орнын оқыған кезде, өкінішке қарай, вакцинация бойынша толыққанды сабақтар өткізілмейді. Бірнеше апта «амбулаторлық емхана» деген сабақ өткізілгенімен, вакцинация туралы аз айтылады. Бір-екі күндік оқу білім болып сіңбейді ғой. Сондықтан дәрігерлерге екпе жұмыстарына байланысты білім жеткіліксіз әрі олардың көбі университеттен кейін қосымша ізденбейді деуге болады.
Тағы бір себеп медицина қызметкерлері тарапынан ақпараттандыру жұмыстары өте нашар. Байқадыңыз ба, әлеуметтік желіде кімдердің контенті басым? Медициналық білімі жоқ блогерлер мен биологиялық белсенді қоспа (БАД) сатушы адамдар жүргізіген контенттің қаралымы көп.
Екпенің маңызын дәлелді ақпаратпен, қарапайым тілмен түсінікті жеткізе алатын дәрігер аз. Екпелеу тақырыбын дәрігерлер аса қозғамайды. Себебі бұл көп ата-ананың қарсылығын тудыратын, хейт жинайтын ақпарат. Сондықтан аулақ жүреді. Бірақ ол дұрыс емес. Қазір пайдалы ақпараттан гөрі, екпеден бас тартқызатын контент көп.
Медицина қызметкерлерінің вакцинаға қатысты білімі төмен болғандықтан, алдына келіп тұрған пациенттің кез келген жағдайына қатысты екпеден босату туралы (медотвод) жалған анықтама береді. Негізі шынайы түрде екпеден босатуға себеп өте аз. Мысалы, балада жедел аурулар – температураның қатты көтерілуі, ангина, ЖРВИ болуы мүмкін. Ол уақытша ғана қарсы көрсеткіш. Баланың жағдайы жақсарғаннан кейін екпелеуге болады. Екінші қарсы көрсеткіш, егер балада қандай да бір екпеден анафилактикалық шок болған болса. Мысалы, балаға АбКДС-тің бірінші дозасын жасағаннан кейін 1-2 минут ішінде анафилактикалық шок, яғни қатты аллергиялық реакция болуы мүмкін. Басқа препараттарға немесе тағамдарға туындайтын АШ қарағанда екпелерге дамитын АШ саны әлдеқайда аз, өте сирек кездеседі: 1 млн егілген дозаның ішінде тек 1-2 жағдай ғана кездеседі.
Бұл екпе 4 дозадан тұрады, бала біріншісін еккеннен кейін анафилактикалық шок алса, келесісін алмайды. Басқа екпе егіледі.
Анафилактикалық шок қай екпеге дамыды, тек сол екпеден мәңгіге босатамыз, ал басқа екпелерді бала ала береді.
Екпеге мұндай қарсы көрсетілімдер созылмалы аурулар кезінде де байқалады. Созылмалы аурудың өзі «өршу» және «ремиссия» сатысынан тұрады. Өршу сатысында клиникалық көріністер байқалады. Айталық атопиялық дерматит кезінде балада бөртпелер шығып, денесі қыши бастайды. Бұл – өршу кезеңі. Бірақ денедегі бөртпелер кетіп, клиникалық белгілер жоғалған, яғни ремиссия кезеңінде екпе алуға болады.
Бір жасқа дейін екпені баланың санына, бір жастан кейін иығына жасайды. Атопиялық дерматит кезінде баланың денесінде бөртпе болғанымен, иығында жоқ болса, ондай кезде екпе ала беруге болады.
Бала менингитпен ауырса, ауыр қабынумен жүретін ауру кезінде бала 6 айға дейін екпеден босатылады. Бірақ одан кейін ала беруге болады. Өршуге бейім неврологиялық аурулар кезінде балаға екпе екпейміз. Толықтай ремиссияға түскенін күтеміз.
Онкологиялық ауруы, иммун тапшылығы бар адамдарға тірі екпелерді алуға болмайды. Бірақ біздің елімізде кез келген ауруға бола екпеден босату туралы жалған шешім шығару (медотвод) жиі кездеседі. Гемогиома, аллергиялық аурулар, мысалы тамаққа аллергиясы болса, барлық екпеден бас тартуға рұқсат береді. Кересінше мұндай аллергия болса, екпе алған дұрыс. Себебі, аллергиясы бар балалар көкжөтел, қызылша сияқты ауруды жұқтырып алса, өте ауыр емделеді. Тыныс алу жолдары, иммунды жүйесі бірден қозып кетеді. Аллергиялық ауру, психиатриялық жағдайлар екпелеуге қарсы көрсеткіш емес. Бала мерзімінен бұрын туылса, тілі кеш шығып жатса, екпеден босатуға шешім шығарылады. Сондықтан ата-ана да екпе салдыруға асықпайды. Соның әсерінен кейінгі екі жылда көкжөтелмен ауырған бала көп болды.
Екпелеуге қатысты ең көп таралған мифтің бірі – бала ДЦП, аутизм болып қалады деген түсінік. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшамда да толығырақ жаздым.
Бала дүниеге келгесін аутизм, ДЦП бірден көрініс бермейді. Ол 1 жасқа толған кезде байқалады. Ал ол уақытқа дейін бала екпе алады. Ата-ана баласынан осындай ауру анықталса, кінәлі адамды, жағдайды іздей бастайды. Әр адам өзінен кінә іздемейді. Мысалы, жүкті кезде дәрумен жетіспеуі, жүктілікке, босануға дайындалмау, бала туылғасын сарғыштықпен ұзақ жатып қалуы, генетикалық аурулар себебінен, 5-6 айлық кезінде құлап, жарақат алуы салдарынан да осындай ауру дамуы мүмкін. Бірақ ата-аналар бұны ескермей, басқа себеп іздей бастайды. Екпелеу ДЦП-ға алып келе алмайды. Себебі екпе құрамында тірі екпе болса да, толыққанды қоздырушы жоқ. Ал өлі екпенің құрамында антиген бар. Екпе ауру тудырмайды. Аутизм диагнозы 2 жастан кейін қойылады. Оған дейін белгілер байқалмайды. Ал оның дамуына әкелетін себеп өте көп.
Байқайтын болсақ, Tiktok, Instagram желісінде биологиялық белсенді қоспалар (БАД) сатушы блогерлер екпелеуді жамандап, қате көзқарас қалыптастыруда. Олар өздерін «интегративті дәрігерміз» деп атайды. Оларға вакцинацияны жамандау қаржылық тұрғыда тиімдірек. Себебі олар екпеге қатысты ойға кіріп-шықпайтын жалған ақпарат береді. Тіпті бір акушер-гинеколог «ВПЧ екпесі бедеулікке алып келеді» деп айтып, келесі сторисінде бедеуліктен сақтайтын өнімдерін жарнамалап, жазып қойғанын өз көзіммен көрдім. Әр «бадолог» үшін екпені тиімсіз ету ұтымды тәсіл. Елде вакцинаға қарсы пікір қалыптастырғаны үшін ақша алатын топ бар. Аттарын нақты айтпаймын. Олар тіпті бір-бірін әлеуметтік желіде қолдап отырады.
– Бала туылғаннан бастап оны қымтап, үйді өте жоғары температурада ұстайтындар, бірнеше ай бойы далаға шығармайтындар аз емес. Мұны «қамқорлық» дегенмен, зияны көп екенін жазбаларыңыздан білдік. Жас ата-аналар қандай қателікті көп жібереді?
– Бізде, қазақта салт-дәстүрге айналып, әбден қалыптасып қалған әдеттер бар. Мысалы, баланы тұзды суға шомылдыру, қойдың майын жағу, баланы шыңғыртып, «жабысқан» жауырын ашу, мойнын созу. Олардан жайлап арылып жатырмыз. Неге? Себебі баланың денесіне қойдың майын не басқа майларды жағуға болмайды. Өйткені, майлар арқылы аллергендер, вирустар теріге өтіп кетеді. Нәрестенің терісі ересек адамға қарағанда өте жұқа. Ол қолымыздағы аллергендерді тез сіңіріп, бара-бара аллергенді реакция тудыруы мүмкін. Шөпті, тұзды суға да түсіруге болмайды. Неге? Бұл бала терісінің аса жоғары өткізгіштігімен байланысты. Тұз, шөп, антисептикалық заттар баланың терісін зақымдайды.
Сонымен қатар балада «жауырыны жабысу» деген дүние жоқ. Ата-аналарға неге олай көрінеді? Себебі, жауырын астында май (бурый жир) болады. Сол май баланың өкпесін қорғап тұрады. Бұл майдың арқасында үлкен балалардікіндей екі жауырын көрініп тұрмайды. Жабысып тұрған секілді байқалады. Соны көріп, үлкен кісілер жауырынын ашу керек деп өте өрескел түрде массаж жасайды. Мұндайда баланың қолын шығарып, мықын сүйегін сындырып алу қаупі бар. Баланың мойнын созу керек деген де қате түсінік. Себебі баланың мойны ең нәзік, ең әлсіз жер. Бала 3 айға дейін мойнын дұрыс ұстай алмайды. Былқ-сылқ етіп тұрғандықтан, мойнын абайла дейтініміз сондықтан. Ал кейбір адамдар қырқынан шықпаған баланың мойнын созады, бұл оның омыртқа жотасын зақымдауы мүмкін.
Тағы бір қателік, баланы салқында шынықтырмау. Баланың үйде жалаңаяқ жүріп үйренуі, үй температурасының 24 градустан жоғары болмауы, бөлмені желдетіп отыру, балаға қанжылым, кейін салқындау су беріп үйрету, салқындау суға жуындыру оның шынығуына, ауырмауына әсер етеді.
Мұндай шынықтыруды 8-9 айында бастаймыз. Бұл айларда тым қымтап ұстаудың қажеті жоқ. Бөлмені монша секілді ысытып, қабат-қабат киім кигізіп қоюдың да қажеті жоқ.
Жас ата-аналардың тағы бір білместігі – баланың қызуы көтерілгенде қабат-қабат киіндіру, препарат бермеу. Баланың қызуы түсу үшін ибупрофен, парацетамол беру қажет. Бірақ байқағаным, кейбір ата-аналар баланың температурасының көтерілуі балаға пайдалы деп ойлайды екен. Бірақ олай күтіп отыруға болмайды. Ал кейбірі мұндай препаратты өте жиі береді. Өкпесі сырылдады, тамағы қызарды деп өте көп антибиотик тағайындайды. Ата-аналар өз бетінше баланы емдемеуі қажет. Бала ауырғанда артық іс-әрекет жасауға болмайды, тек білікті дәрігермен ақылдасу керек.
– Балабақша, мектептердегі тағамның қант нормасын төмендету туралы петиция жасалды. Бұған не себеп болды? Бала күніне қанша мөлшерде қант тұтынуы қажет?
– Бала 2 жасқа дейін мүлде қант тұтынбауы қажет. 3 жасқа дейін тамақ рационында тәулігіне 15 грамм, 3-7 жас аралығында – 20 грамм, 7 жастан кейін 25 граммнан аспайтын мөлшерде болуы керек. Бірақ біздегі мектеп, балабақшаларда балалардың тұтынатын қант мөлшері 2-3 есе жоғары. Бала қантты әр тамақтанған сайын жейді. Ыстық тамақ, сүт, нан өнімдері, салаттарға да қосады. Оның бәріндегі қантты есептейтін болсақ, тәуліктік дозадан асып кетеді. Бала таңертең ғана емес, түсте де, түстен кейін де ас ішеді. Тағы да сол мөлшерде қант тұтынады. Балабақшадан қайтарда ата-аналар баласына тәтті әперіп үйреткен. Ол да дұрыс емес. Қант – қалыпты мөлшерде қажетті өнім. Бірақ өз мөлшерінен асып кетсе, бала ағзасына зиян келтіреді.
– Жуырда танысым 4 айлық баласы ана сүтін ембегендіктен, тамақ ішуге үйреткенін айтты. Бұл жалпы дұрыс па? 1 жасқа дейінгі балаларға қандай тамақтар беруге болады?
– Баланы 4-6 айдан бастап тамақтандыра беруге болады. Сәби ең бастысы тамақтануға қызығып, мойнын ұстап, аузына ас салғанда жұтуға бейімделген болуы қажет. Аузына тамақ салғанда түкірмеуі керек. Осы 3 белгі тамақтануға дайын дегенді білдіреді. Бала аллергияға бейім болса, тамақтануды ерте бастау керек. 6 айға толғанын күтудің қажеті жоқ. 4-6 ай аралығы «толерант терезесі» деп аталады. Ол уақытта жеген тамаққа болашақта аллергия туындамайды. Сондықтан балаға неғұрлым ертерек тамақ беріп бастаса, соғұрлым тамаққа деген аллергияның алдын алады. Жұмыртқа аллергенді тамаққа жатады ғой. Сондықтан алдымен ағын, кейін сарысын жайлап 6 айдан кейін беруге болады.
1 жасқа дейін барлық тамақтарды беріп үйретеміз. Қолдан жасалған ас, дәнді дақыл, жарма, ботқаларға үйрету қажет. Тек қатты жаңғақтар мен дөңгелек пішінді жүзім секілді жемістерді беруге болмайды.
Айта кетерлігі, 1 жастан кіші балаларға бал беруге болмайды. Америкалық педиатрия академиясы балды 1 жасқа толмаған балаға беруге тыйым салған. Неге? Clostridium botulinum – жылы, оттегі жоқ жерлерді жақсы көретін қауіпті бактерия. Ол ботулизм ауруын тудыратын токсиндер шығарады. Міне осы бактерияның ұрығы (споры) балда бар.
Ересектердің ішектерінде қорғаныс фунциялар жақсы дамыған, сондықтан ол бактерияларды тез залалсыздандырады. Ал 1 жасқа толмаған балалардың ішектерінде ондай функция жоқ. 1 жасқа толмаған балалар бал жесе, ағзаға бактерияның ұрығы түсіп, өсіп-өніп, токсин (у) шығарады.
Бактерияның дамуына ұзақ уақыт керек, сол себепті аурудың белгілері бірнеше күннен кейін көріне бастайды. Балаларда симптомдар тіпті бір айға дейін болмауы мүмкін.
Ботулотокиннің ерекшелігі – жүйке жүйесін зақымдайды, паралич (бұлшықеттер жиырылмай қалады) дамиды, бала тыныс алмай қалады.
1 жасқа дейінгі нәрестелерге бұдан басқа барлық тамақты рационға қосуға болады. Тек қауіпсіздік шараларын ұстану қажет. Көкөніс, жемістерді баланың жасына сай турау қажет. 4-6 айлық балаға пюре етіп, 6-7,5 айда өте жұмсақ күйде ұзыншалап, слайс түрінде турап, 7,5-10 айда кубик тәрізді беруге болады. Уайымдап, үреймен жүретін аналар бар. Олардың балалары 1 жастан кейін де пюре секілді тамақтар тұтынады. 10 айлық бала тамақты сол күйінше қасықпен не қолымен ұстап жей алуы керек.
– Қазіргі бүлдіршіндер «Агуша», иогуртпен өседі. Иогурттің құрамына қарасақ, тіпті көбі халал емес. Мұндай дайын өнімдердің пайдасы бар ма?
– Ең дұрысы тамақты анасының өзі пісіріп бергені. Алғашқы уақытта дәрумендердің бәрі сақталуы үшін баланың асын буда пісіру керек. Асқабақ, сәбіз, брокколи, түсті орамжапырақ бәрін бір ыдысқа салып, буда пісіруге болады. Ал дайын өнімдерді басқа қалаға сапарға шыққанда, үйден алыс бір жерге барғанда ғана тұтынуға кеңес беремін. Өзіме судан басқа артық қопасы жоқ Gerber өнімдері ұнайды. Иогураттарға келсек, құрамын оқып, кармині жоқ түрлерін таңдауға болады.
– Балалар арасында кең таралған аурудың бірі – ангина. Тіпті мұнымен есейгенде де күресуіне тура келеді. Ангина неден пайда болады және оның созылмалы болуына не әсер етеді?
– Ангина дегеніміз – бадамша бездердің қабынуы. Жедел түрде өтетін патологиялық ауру. Тонзиллит, фарингит деп те аталады. ЖРВИ кезінде тамақ қызарады, сәл ауырсыну болады, бірақ қатты емес. Жөтел және мұрыннан маңқа ағады. Бұл – вирусты инфекция. Емді қажет етпейді, өзі бірнеше күннен соң кетіп қалады. Тек қызу түсіретін, ауырсынуды басатын ибупрофен беруге болады, жиі сұйықтық беріп отыру керек.
Бактериалды (стрептакоккты) тонзиллит кезінде белгілер сәл өзгеше болады, сондықтан шатаспау үшін Стрептатест қолданған дұрыс. 5 минут ішінде бактериалды ма, жоқ па анықтап береді. Тезірек ем бастамаса, ревматизмге әкелуі мүмкін. Ревматизм кезінде жүрек, буындар, бүйрек және жүйке жүйесі зақымдалады. Бактериалды тонзиллиттің емі дұрыс дозада, дұрыс жиілікте, дұрыс ұзақтықта тағайындалған антибиотик.
Сондай-ақ зеңді тонзиллит деген болады. Бактериалды тонзиллитпен белгілері өте ұқсас, бірақ антибиотиктен ешқандай жақсару болмайды. Өйткені зеңге қарсы препараттар ғана әсер етеді.
Құрметті ата-ана, өз бетіңізше ешқашан баланы емдеуге тырыспаңыз. Артық қыламын деп, тыртық қылып алуыңыз мүмкін. Міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгініңіз! Бір дәрігердің айтқандарына күмәндандыңыз ба, екіншісіне барыңыз, үшіншісіне барыңыз, бірақ өз бетіңізше ем қабылдамаңыз.
– Сұхбат үшін көп рақмет!
Сұхбаттасқан Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!