Біржан Ділманов – танымал шебер, ұста. «Жетіген Саз аспаптары» серіктестігінің директоры. Жас болғанмен бүгінде бұл кәсіпті жете меңгеріп, облыс көлемінде ғана емес, республика төңірегінде тапсырыс қабылдап келеді. Бос уақытының аз болуы содан. Кейіпкерімізге телефон шалғанда да осыны байқадық. Алайда екінің бірінің қолынан келе бермейтін ұсталық өнерді серік еткен Біржан барлық сауалымызға жауап берді.
– Біржан, домбыра жасауды қайдан үйрендіңіз?
– Бірі білер, бірі білмес, менің әкем де ұста. Домбыра жасауды ол кісі бұрыннан жанына серік еткен. Негізгі жұмысы да, кәсібі де, табысы да сол. Мен де әке жолын қудым. Жалпы мен үшін домбыра жасау кәсіп емес. Өзіме ұнаған, өзім ұнатқан іске адалдық таныту деп білемін. Соның нәтижесінде арнайы шеберхана аштым.
– Дана Абай «Жан аямай кәсіп қыл» деп үндеген. Шеберхана жұмысы, жалпы кәсібіңіз жайлы тарқатсаңыз.Қазір ұлттық аспабымызға деген сұраныс қандай?
– «Нәтижелі жұмыспен қамту жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 14 млн теңге несие алдым. Бүгінде «Жетіген Саз аспаптары» ЖШС аштым. Шиелі ауданында бастаған кәсіпті облыс көлемінде дамытып келемін. Идеямды игілікке айналдырғаныма ризамын. Сұранысқа келер болсақ, тұтынушы көп. Облыстан жиі түседі. Өзге қалалардан да сұраныс айтарлықтай. Мәселен, Ақтау қаласы, Қостанай, Қарағанды облыстарынан тапсырыс берушілер бар. «Әр шаңырақта бір домбыра ілулі тұру керек» деген қазақпыз. Сұраныстың көп болуы, ұлттық аспапқа деген құштарлықтың ортаймауы осыған айғақ.
– Домбырадан басқа қандай аспап жасайсыз? Құны қалтаға қонымды шығар…
– Шеберханада 30-дан астам ұлттық аспаптың түрін жасаймыз. Облыстағы 5 ауданның ансамбльдеріне аспаптар жасадық. Оның ішіне қыл қобыз, жетіген, прима қобыз, оркестрдегі басқа аспаптар, жетіген, бас домбыра бар.Бізде “арзанның сорпасы татымайды” деген ұстаным қалыптасқан. Тұтынушыдан шағым түспеуін, қолдан жасалған дүниенің ұзаққа жарауын, сапасын қадағалаймыз. Ең қымбат домбыра 450 мың теңге тұрады. Оны бастан-аяқ өзім жасадым. Қымбат сұрыптағы «қара ағаш» деп аталатын африкалық ағаштан жасалған.
– Домбыра жасау үшін қанша уақыт керек?
– Киім тігу оңай шығар. Оны белгілі бір уақытта аяқтауға болады. Есік-терезе жасауға да айтарлықтай көп уақыт кете қоймас. Бірақ бәрі өзі ісінің маманына, яки тігінші мен шебердің жұмысына байланысты. Сосын жоғарыда атап өткенімдей, сапаға байланысты. Мәселен, менің 450 мың теңге тұрады деген домбыраны жасауыма 6 ай уақыт кетті. Бұл оңай шаруа емес. Бүгін бастап, ертең аяқтай алмаймыз. Қанша энергия, қаншама көз майы кетеді. Бірақ қазір шеберханада мүмкіндік көп, алтынқолды шеберлер де бар. Егер қажетті деген заттардың барлығы болса, бір апта отырып, толық аяқтауға болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!