Аспаптық музыка – сөзсіз сөйлей алатын сезімдер тілі һәм жан жарасын жазатын құрал. Ол адамзат тарихында мыңдаған жылдар бойы рухани құндылық ретінде үлкен рөл атқарып келеді. Музыканың сөзсіз әсер ету құпиясы оның ерекше табиғатында жатыр. Әуен адам жүрегіне жол тауып, сезімдерді қозғауға қабілетті. Қай халықтың музыкасын алсақ та, онда бүтін бір ұлттың қайғысы мен қуанышы, тарихы мен мәдениеті, жүріп өткен жолы жатыр. Күй тыңдап, қазақтың кең даласын еріксіз елестетсек, симфония тыңдап, әлемнің ғажайып үйлесімділігін сезінеміз.

Осы орайда сан түрлі аспаптың тілін тауып, музыка әлемінің қыр-сырына қаныққан, таланты мен талабын ұштастырған дарынды жас, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, сырбойылық Ербол Мылтықбаймен сұхбат құрдық.

– Өзіңіз туралы әрі отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз. Музыкаға деген махаббат бала кезден пайда болды ма, әлде бұл қызығушылық кейін қалыптасты ма? Жалпы осы саланы таңдауға не түрткі болды?

– Әкем де, анам да мектепте жұмыс істейді. Қарындасым да өнерден алыс емес, жыршы-термеші. Қазір өз саласын нақты таңдау үстінде. Келіншегім де домбырашы, күйші. Ал мендегі музыкаға деген махаббат бала кезде пайда болды деп айта алмаймын. Бастапқыда, яки бала күнімде ән айтуға қысылатынмын. Ең алғаш бірінші сыныпта «Жаса Қазақстан!» атты ән жарыққа шыққанда сол әнді орындадым. Ал аспаптық өнерге деген аса қызығушылық болған жоқ. Үшінші сыныбымда ата-анам ақылдаса келе музыка мектебіне береміз деп шешкен. Анам жыр-термеде оқығанымды қаласа, әкем баян аспабын үйренгенімді қалады. Шаңырақтың иесі әкемнің дегені болып, үшінші сыныптан бастап баян аспабын серік еттім.

Негізі заңында бұл өнер мектебі балаларды бесінші сыныптан бастап қабылдайды және онда да сынып-сыныпқа бөлінеді. Қабілетімді байқаған болуы керек, қабылдай сала даярлық сыныбынан бірінші сыныпқа ауыстырды. Сонда Талғат Маханбетжанов есімді кісіден алғаш тәлім алдық.

Нағашы атам басшылықта қызмет атқарған кісі. Уақытында анамның әпкесіне Мәскеуден арнайы баян аспабын алдырған екен. Ол пайдаланылмаған, жап-жаңа күйінде сақталған. Сол баянды әкем үйге алдырды. Аспап алғашында өзімнен әлдеқайда үлкен көрінетін. Дене тұрқым да кішкентай болған соң баяннан мұрным мен көздерім ғана көрініп жүріп, ақырында жайлап үйрендім. Біреу мақтады, біреу қызықты, біреу таңқалды… Солай өзімнің де орындаушылық өнерге деген қызығушылығым артып, махаббатым ояна бастады.

Кейін ата-анам ҚТЛ, НЗМ-да оқуға үгіттей бастады. Дегенмен ол оқу орындарына түсе алмай қалдым. Ауылда қалмаймын деп шештім де, Петропавл қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына құжат тапсырып, сонда оқуға түстім. Ұстазым Виталий Андреевич есімді білікті маман болатын. Одан кейін төрт жыл Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінде Әсия Боранғұловадан тәлім алдым. Бұл саланы таңдауға түрткі болған әкем мен анам деп айта алам.

– «Музыкалық слух» деп жатады ғой, осы қабілет кей адамдарға туа бітті дариды деседі. Сіздің ойыңызша қалай? Мұндай қабілеті дамымағандар білікті музыкант бола ала ма?

– Бұл «слух» деген дүние кез келген адамда туа бітті бар қасиет. Бірақ әртүрлі деңгейде болады. Біреуде жақсы дамыса, біреуде өте төмен болуы мүмкін. Жан-жақты факторлардың әсер етуімен ілгерілей отырып, жоғары деңгейлі музыкант деңгейіне жететін жағдайлар да кездеседі. Бірақ слухтың да түрлері бар, «абсолютті слух», «академиялық слух» деген секілді. Кез келген нотаны естігеннен қай нота екенін таба алатын, тональностті біліп тұратын абсолютті слухқа ие, ерекше талантты адамдар бар айналамызда. Нотаны басқанда түс немесе зат елестейді, сонымен ассоциация жасай алатын қабілет болады. Менде де бар, бірақ оны талант деп айта алмаймын. Себебі абсолютті слух менде туа бітті болған жоқ. Негізі туа бітті даритын қабілет сирек кездесетін жайт. Бірақ менікі академиялық слух деп айтуға болады. Себебі өсе келе, музыкалық білімімді дамыта келе абсолюттік слухқа жақындадым. Көбі «абсолютниксің» деп айтып жатады. Бірақ өзімді ол деңгейде әлі жеткілікті деп санамаймын.

Сондай-ақ музыкалық слухы бар адамдардың барлығын білікті маман деп санау қате тұжырым. Үлкен кәсіби маман болу үшін қабілеттің ғана болуы жеткіліксіз. Ол үлкен табандылықты, шыдамдылықты қажет етеді. Музыкант ол математик, музыкант ол дәрігер де болуы керек. Мәселен, қолдың қойылуы, дұрыс жүруі, бұлшық еттерінің дұрыс қозғалуы, сүйектер бір-біріне кедергі келтірмеуі үшін де анатомиядан хабарың болуы керек. Осындай қыр-сыры, қиындығы мол мамандық. Сондықтан оған слухтың өзі ғана жеткіліксіз. Астарында таудай еңбек жатыр.

– Білуімше, сіз бір ғана баян аспабында емес, түрлі аспапта ойнауды меңгергенсіз. Осы аспаптар жайлы, музыкалық біліміңіз жайлы айтып берсеңіз.

– Иә, баянда ғана емес, көптеген аспапта ойнай аламын. Дегенмен барлығын баян секілді кәсіби деңгейде меңгердім деп айта алмаймын. Бірақ әрбір аспап жайлы өзіме қажетті мәліметтерді білемін. Мәселен, фортепиано, баян, аккордеон, мелодика, гитара, домбыра, сазсырнайды меңгердім және түрік халқының саз деген аспабын үйрендім. Толыққанды емес, бірақ өзіме керекті дүниені ойнай аламын. Балалайка секунда мен колокола аспабын да сол мектеп-интернатта оқып жүргенде игерсем, кейін ансамбльде балалайка прима аспабында ойнадым. Укулелені де шерте аламын. Ксилофон мен барабан да бар. Жалпы осындай музыкалық аспаптардан коллекция жинағанды жақсы көремін. Ақшам болса аспап сатып алып, үйренуге бейіммін. Айта берсем көп…

Музыкалық білімім әлі де жеткіліксіз деп ойлаймын. Музыкалық мектепте 5 жыл оқыдым. Дарынды балалар мектеп-интернатында 2 жыл оқысам, одан кейін Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжін 4 жылда тәмамдадым. Қазіргі уақытта Құманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бірінші курс студентімін. Әлі де білімімді жетілдіруге ниет бар!

– Сізді халықаралық байқаулардың жеңімпазы ретінде есіміңізге қанықпыз. Осындай үлкен байқауларға қатысуға не шабыттандырды? Осы күнге дейінгі республикалық, халықаралық деңгейдегі жетістіктеріңіз жайлы айтып берсеңіз.

– Иә, негізі барлығы республикалық конкурстардан басталады, олардан да жеңімпаз атандық. Ал халықаралық деңгейдегіүлкен байқауларға қатысуыма себепкер болған әуелі Алла, одан кейін өзімнің ұстазым Әсия Боранғұлова. Қазір де консерватория қабырғасында білім алып жатырмын.

Бастапқыда қорқыныш, сенімсіздік болды, әрине. Халықаралық конкурсқа қатысып, орын ала аламыз ба деген секілді. «Вавилондағы ең бай адам» атты кітапта айтады «әр табысыңның оннан бір бөлігін жинап қой және ол ешқашан болмаған секілді ұмыт» дейді. Сол секілді мен де Латвия мемлекетінде өтіп жатқан байқауға видео түсіріп, құжаттарыммен бірге жолдадым да ойымнан шығарып тастадым. Ешкімге айтпадым. Байқау нәтижесі шығып, қолыма дипломым келгенде сенбей, тексерістен өткізіп, ұйымдастырушыларға хабарластық. Расында да осы жарыстан бірінші орын алғаныма көзіміз жетті. Сол кітапта жазылғандай, менің бұл конкурстағы сенімім болашақтағы конкурсымның барлығына рухани инвестиция болды деп айта аламын.

Сегізінші сыныптан бастап түпкі мақсатымды қоя бастадым. Әлі күнге дейін жылдарға, айларға, апталарға бөліп, қойын дәптеріме жасауым тиіс жұмыстарды тізіп қоямын. Күніне кемінде бес жұмысты өзіме міндеттеймін. Оның біреуі орындалмай, қалған төртеуі орындалса да сол күнді «х» белгісімен таңбалап қоямын. Осылай отыз күнді толық жоспарлаймын. Адам өз бойына жақсы жағынан әдет қалыптастырса, ол түптің түбінде мақсатына жеткізеді.

Бір жекпе-жекте жеңсең, екіншісіне де құлшынысың артып, өзіңе сенімді бола түсетінің секілді бір мақсатқа жеткен соң келесі конкурстарда да жеңе аламын деген сенімділік пайда бола бастады. Келесі қатысқан ауқымды конкурс Италияда өткен «Italia Award» байқауы болатын. Жеке орындауымда «Classical junior», «Virtuoso junior», ал дуэттік орындауда «Junior ensemble» деп аталатын үш түрлі категория бойынша қатысып, үшеуінен де 95-тен аса ұпаймен абсолютті жеңімпаз атандық.

Қандай байқау болмасын қолдауын аямайтын ата-анам мен келіншегім, ұстаздарым. Осы кісілердің амандығын тілеймін.

– Қай байқау сіз үшін ең маңызды әрі ерекше есте қалды?

– Мен үшін әрбір байқаудың орны ерекше. Бір қызықты оқиғаммен бөлісейін. Студенттік шағымфда Таразда өтетін байқау жайлы естідім. Естідім де дуэт болып қатысуға бір дос жігітке ұсыныс айта бастадым. Ол бірден құптай қоймады. Себебі жол, жатын орын барлық шығын өз мойнымызда еді. Мен ондай тұста ешқашан қашқан емеспін. Сөйтіп ол жігітті ақыры көндірдім. Апайымыз рұқсат бермейтінін іштей білген соң бірден оқу орнымыздың басшылығына тарттық. Қолымыздағы шақырту, қатынас қағазын көріп басшылық та біраз қарсылық танытты, бірақ қол қойып берді. Жасымыз он сегізгетолмағандықтан рұқсат алу қиын еді. Апайымыз біліп қойған соң, байқауға әкем алып баратынын жеткіздім. Бірақ мұным өтірік еді. Досыммен бірге Тараз қаласына жеткенде ғана апайымызға досымыз екеуміз келгенімізді айтып сурет жібергеніміз бар. Әлі күнге дейін есімізге түссе күліп аламыз. Сол конкурстан бірінші орынды иемденіп қайтқан едік.

Одан кейін ең ерекше есте қалғаны Ресейге барған байқауым. Ол кезде жалғыз өнер көрсеттім. Жүгімді жиыстырып жүргенде пойыз Астана уақытымен ерте жүріп кеткен екен. Мен жаңылып, кешігіп қалған едім. Дастан, Нұртуған ағаларымның көмегімен пойыздың ізінен қуып жетіп, шығарып салды. Семей арқылы келесі пойызды 9 сағат күтіп, шекарадан өтіп, Ресейдің Алтай өлкесіндегі Барнаул қаласына жеттім. Ол жаққа түн ішінде жеткен соң интернет роумингті қоса алмай, амалсыз вокзалдың полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгіндім. Қызығы таксистің жеткізген мекен-жайы дұрыс болмай шықты. Қолымда киім-кешек толы чемодан, арқамда жиырма келі баяным бар, түн ортасында бейтаныс бір көшеде қалып қойдым. Ұйқыдағы тұрғындарды оятып, сұрастыра келе межелі мекен-жайды да таптым. Орналасқан жатақханам өте көне әрі қорқынышты еді. Ертеңіне конкурстың ашылуы өтеді, екінші күні байқауда өнер көрсетемін. Осы орналасқаннан бастап екі-үш күн бойы ұйқы қашып, қызу дайындыққа кірістім, кейде сүре қосып көз шырымын аламын. Нәтижесінде екінші орынды иелендім. Сондай қиындығы да, қызығы да мол конкурс ретінде есте қалды. Байқауға қатысатынымды көп адамға айта бермеймін, барынша құпия ұстауға тырысамын. Кейде аяқ асты шешім қабылдап, кенеттен жолға шығып кететінім де бар. Сол себепті жақындарым да білмей қап жатады.

– Аранжыршылық қырыңыздан да таныдық. Қандай әншілермен жұмыс істедіңіз? Студиядағы жұмысты жалғастыру ойда бар ма?

– Әнші, сазгерлермен жұмыс жасадық. Оның ішінде Нұртуған Жаңабай, Айдын Сәндібай, Тәуекел Айбатыр, Азамат Мырзабай секілді жігіттер бар. Әзір аса танымал әншілермен жұмыстас болмадық. Себебі олар өздерінің үйреншікті адамдарына жасатады. Менде бірақ соларға дейінгі бастапқы жұмыстарын жасап беретін кездер болады.

Студиядағы жұмысты жалғастыру ойда бар. Оны әлі кеңінен дамытамын алдағы уақытта. Классикалық музыкадан алған барлық тәжірибемді осы аранжировкаға салғым келеді.

– Әлемдік деңгейдегі музыканттардан, композиторлардан кімдерді жаныңызға жақын тұтып, туындыларын сүйіп тыңдайсыз?

– Бізге классикалық музыканы көбірек тыңдаған пайдалы. Оны сезініп орындау үшін үлкен рухани байлық керек. Дегенмен студиялық жұмыстарға келгенде таным көкжиегіңді кеңейту үшін және ән әлеміндегі жаңалықтардан хабар алып отыру үшін эстраданы да, басқаны да тыңдауға тиіссің. Ал классикалық музыкаға келсек, әрине Моцарт, Гендель, Бах міндетті түрде, Бетховен, Гайдн. Осылай жалғаса береді… Шындығында мен музыканы мүлде тыңдамаймын деп айтуға болады. Кейде қызығушылық оянатын уақыттар болады. Ал көлікте немесе жаяу жүргенде, жалпы қолым қалт етсе көбіне көп аудиокітаптар, подкасттар тыңдаймын. Тіпті кейде жай ғана тыныштықты ұнатамын. Себебі «тыныштық – ең керемет әуен» деген сөз бар.

– Орындайтын репертуарыңызды қалай таңдайсыз? Көбіне классикалық немесе заманауи шығармаларды орындайсыз ба?

– Негізінен біз концкурстарға дайындалатын болғандықтан, емтихан тапсырарда байқауға сай келетін шығарманы таңдауға тырысамыз. Себебі әр шығарманы толыққанды үйреніп, жоғары деңгейде орындап шығу үшін кемінде жарты жылдай уақыт керек. Ал идеалды күйге жеткізіп, мінсіз шығару үшін екі-үш жыл уақыт кетеді. Бұл қазіргі тәжірибемен айтқанда. Ал бұрынғы, енді бастап келе жатқан тәжірибеге салсақ кемінде бес жыл керек шығар.

Конкурс ережелеріне сай көбіне классиканы таңдаймыз. Заманауи шығарманы таңдағым келеді, репертуарыма қосып отыруға тырысамын. Себебі ауқымды кештерге шығып жүрмін, жеке кешімді бердім, алдағы уақытта ойда жүрген жобалар да бар. Осының бәрін жасау үшін міндетті түрде заманауи шығармалар қажет.

«Концерттік репертуар» және «конкурстық репертуар» деген болады. Мәселен, конкурстық репертуардағы шығармаларды ол жердегі қазылар алқасының өзі әзер түсінеді. Сондықтан оны қарапайым халықтың алдына әкеп орындай алмайсың. Халықты классикалық музыкаға қызықтыру үшін, жастарды баулу үшін оларға үйреншікті, құлағына жақын замануи музыкаларды ойнауға тура келеді. Оның өзінде классикадан алыстап кетпейтіндей шығарма болуы қажет.

– Шығармашылық шабытты қайдан аласыз? Мүмкін, белгілі бір композиторлар сізге ерекше әсер ете ме?

– Мақсат қойған адамға шабыт деген дүние қажет емес деп ойлаймын. Нақты мақсат қоя білсең «қазір менде шабыт жоқ, мотивация жоқ, көңіл-күйім жоқ» деп отыра алмайсың. Сол мақсатқа жетуге әрекет ету керек. Әсіресе ер адам жасағысы келгенді емес, жасауға міндетті нәрсені істеуі керек. Сондықтан шабытты аса қажет ете бермеймін. Бірақ оны осы музыкадан ғана аламын.

Белгілі бір композиторлар әрине әсер етеді. Мысалы Пьяццолланың «Либертанго» атты туындысы бар. Көпшілікке таныс деп ойлаймын. Бұл «еркіндік» деген мағынаны білдіреді. Сол кісінің көзін көрген досы Ришар Гальяно есімді композитордың да атақты шығармалары бар. Осы қос кісінің шығармашылығынан шабыт аламын.

Тек композиторлардан ғана емес, кәсіби орындаушылардан да шабыт алуға болады. Мысалы, Айдар Гайнуллин, өзімнің ұстазым Ғалымжан Нарымбетов.

– Өзіңізді композиторлық қырыңыздан сынап көрдіңіз бе?

– Иә, композиторлық қырымды мектеп қабырғасында жүргенде байқадым. Тіпті бір адамға арнап қырықтан аса ән жазған кездерім болды. Кейін қысылдым ба, әйтеуір ән жазуды қойдым. Бірақ әлі күнге дейін бойымды әлдебір эмоция билегенде ішімдегіні әнмен, әуенмен шығаруға тырысамын. Оларды бірақ ешкімге көрсете бермеймін. Жазып жүрген, жарыққа шығарғым келетін әндер бар. Мысалы келіншегіме арнап жазған «Дана» атты шығармам осы уақытқа дейін төрт-бес сахнада орындалды. Мен ғана емес, басқалар да орындап жүр. Ол туындыға қызығушылық танытып, нотасын сұрап жатқан кісілер де бар екен естуімше. Бұйырса сол шығарманы ұстазымның ансамбліне лайықтап түсіргелі жатырмын.

– Алдағы уақытта қандай жобаларды қолға алып немесе қандай байқауларды бағындырғыңыз келеді? Он жылдан кейінгі Ерболды қалай елестетесіз?

– Қатысу керек конкурстар көп. Германияда өтетін «Клингенталь », Италияда өтетін «Кастельфидардо» және «әлем кубогы», «Ресей кубогы, чемпионаты», «әлем трофейі» деген конкурстар бар. Әркім статусына қарай қатысады. Бұған дейінгі байқаулардан жиған тәжірибелерге сүйене отырып осындай жоғары деңгейлі байқауларға қатысып, алдағы бес жылдықта конкурстық карьераға нүкте қойғым келеді. Содан кейін жеке орындаушы ретінде концерт беріп, байқауларға қазылық етуге дейін өскім келеді бұйырса. Ойда жүрген жобалар бар. Жаңа айтқан ұстазым секілді септет немесе квартет құрғым келеді. Бұдан басқа да жобалар бар ойда жүрген. Келіншегіммен бірге кеш бергенбіз. Сол репертуарды кеңейткім келеді.

Он жылдан кейінгі Ерболды консерваторияны, магистратураны тәмамдаған кәсіби һәм білікті маман ретінде елестетемін. Әлгінде айтқан конкурстардың барлығының лауреаты атанған, тіпті сол байқауларға қазылық етіп жүрген, елде классикалық музыканы дамытушы, Қазақстанда ғана емес, шетелдерде концерт беріп жүрген тұлға ретінде елестетемін.

Шығармашылық, өнер адамдарында рухани дамуға ұмытылыс болған соң материалдық тұрғыда қызығушылық бола бермейді. Шаңырақ көтеріп, отбасылы болған соң пайда болып жатады. Бірақ бұл қызығушылықтан емес, қажеттіліктен деп ойлаймын. Өз болашағымды сондай қажеттеліктерім толыққанды өтелген, бар назарымды отбасылық дуэтке, яки осы шығармашылық жолына аударған адам ретінде елестетемін. Арман көп қой адам баласында. Бір кісі қойған мақсатыңды құпия ұста дейді. Біреу айналаңа айтып жүр дейді. Себебі америкалық бір кісі «Мен Обамамен баскетбол ойнаймын» деп таныстарына жиі айтады екен. Оны бәрі күлкі ететін көрінеді. Ел құлағы елу емес пе? Әңгіме тарап, әзіл мен кекетуге ұласып кетіпті. Күндердің күнінде бұл әңгіме министрлердің, одан Обаманың құлағына жеткен екен. Сөйтіп ел президенті ол кісіні іздеп, шынымен де баскетбол ойнаған деседі. Сол секілді айта жүріп, мақсатыма әйтеуір бір күні жететін шығармын деп үміттенемін. Түпкі арман-мақсатым бір жобада тұрғанымен, ой- пікірім, көзқарасым өзгеріп отырады.

– Әсерлі әңгіме үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!