«Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан» деген француз философы Дени Дидро. Бұл пікірге волонтер Серік Ерімбетов сүйенеді. Негізгі мамандығы – электрик. Маңызды мамандықты серік етсе де, қолы қалт еткенде тұрғындарға жәрдемдесіп, көмектесуге даяр. Смартфон ұстап, көгілдір экранға телміргеннен гөрі уақытты игі іске жұмсауға асығатын кейіпкеріміздің еңбегі елге белгілі. Себебі, қоғамдық шараларда белсенді тұрғын бұған дейін бірнеше адамға қуаныш сыйлап, ертеңге деген үмітін оятты. Өзі таңдаған еріктілік қызметтің арқасында.

– Соңғы жылдары біз волонтерліктің не екенін шын мәнінде ұғындық. Ең бастысы, еріктілер мейірімсіз қоғам болмайтынын байқатты. Әсіресе, Сыр волонтерлары вирус өршіген уақыттары, төтенше жағдай кезінде түрлі бағыттағы жобаларға атсалысып, елмен бірге екенін көрсетті. Мен де қалыс қалмадым. Облыстық «Жастар ресурстық орталығының» жанынан ашылған «Волонтерлердің фронт-офисіне» мүше болдым, оның ішінде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза әлем» бағытына жетекшілік еттім. Тек осы бағытпен шектеліп қалмадым, іздестіру ісіне үлес қостық, тазалық рейдтеріне атсалыстық, қамкөңіл жандарға мүмкіндігінше қолдау таныттық. Аз уақытта атқарылған істердің бір парасы осы. Жалпы, еріктілердің мақсаты – алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай, ортақ игілікке жұмылуын жалғастыру, кең пейілі және жомарттығымен өзгелерге үлгі болу. Арамызда волонтерлік қызметке кейде мойын бұрып қарамайтындар кездесіп жатады. Бірақ, волонтер болу бұл – құрметті қызмет, ар-намыс кодексін қатаң ұстанатын өмір салты дер едім. Өзінің көкейде жүрген кей арманын қалай орындарын білмей жүрген жастар волонтерлік арқылы қалаған ниетіне қадам баса алады, – дейді С.Ерімбетов.
Бұл ретте ерікті өзінің жастық шағында волонтер деген атау таңсық болғанын, ол тұста «Тимур және оның командасы» қайырымдылықтың бастауы ретінде есте қалғанын айтты. Ол қарттарға қолғабыс етуге, мұқтажға демеу болуға және жақынға жанашырлық танытуға үндеген бұл команданың қазір волонтерлікпен үндесіп, қайта оралғанына қуанышты. Бүгінде кейіпкеріміз Шәкәрім айтқан «адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл» тәмсілін тұмар етіп, ізгі ісін жалғастырып келеді. Бұл волонтерліктің жас талғамайтынын көрсетіп отыр.
– Волонтер десек, көпшілік онымен қолы бос адам айналысады деп ойлайды. Мұндай стереотип волонтерліктің ұлттық қозғалыс ретінде дамуын тежеп отыр. Ерікті болу үшін тек мейірімді жүрек, таза ниет, жақсылыққа ұмтылыс ғана керек және ол атаулы жыл аясында ғана айналысатын іс емес. Менің де күнделікті атқаратын қызметім бар, жұмыс қауырт. Дегенмен, «Қалауын тапсаң, қар жанады» деп бекер айтылмаған. Барлығына уақыт табу керек. Әлеуметтік желіден немесе ақпарат көздерінен көмекке мұқтаж жан жайлы оқысам, сол ой маған маза бермейді. Қалайда қол ұшын созу керек деп бір адамның, тұтас отбасының аяққа тұруына себепші болуға асығамын. Бұл – маған берілген сый, – дейді ол.
Кейіпкерімізбен аралас-құралас жандар «Менен қандай да көмек қажет болса, көмектесуге дайынмын!» дейтін жанашыр азаматтың бір сәт бос отырғанын байқамаған. Абзал істерімен әлемді нұрландырып жүрген жан өзі құрған «Сұлу жүректер» қоры арқылы қайырымды істерге ұйытқы болуда. Пандемия өршіген тұста алдыңғы шептен көрінді, Мақтарал ауданындағы тосыннан келген су апатынан зардап шеккен ағайындарға да алғашқылардың бірі болып қол созды. Сонымен қатар «Хикмет» қорымен бірлесіп, қомақты қаржы жинақтап, қалада өрттен зардап шеккен отбасыға көптен күткен баспана бақытын сыйлады. Бұдан бөлек, Серік Ерімбетов бұрын Ішкі істер органдарында қызмет еткен Нұрлан Келаманов есімді досының еміне де қаржы құрап, көршілес Қырғыз елінде ота жасатуына ықпал жасаған еді.
– Қайырымдылықтың басы-қасында жүру оңай шаруа емес. Көпшілік өз аузынан жырып, барымен бөліседі. Алаяқтардан абай болу керек, басқа шотты көрсетіп, олардың алдымызды орап кетуі де ғажап емес. Әр тиынға жауапкершілікпен қарау, сенімге селкеу түсірмеу маңызды. «Көп түкірсе, көл болар» деген. Біздің қоғамда қайырымды, мейірімді жан көп. Үмітін үкілеп отырған отбасыларға көрсетілген қолдау соның дәлелі, –дейді кейіпкеріміз.
«Екінші ұстаз» атанған Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары көзқарастары туралы» атты еңбегі бар. Онда бақытты өмір сүру үшін халықты қалай басқару керек, тұрғындардың қалай өмір сүру керек екені жайында қамтылады. Ол қайырымды қалаға бiрге тұратын, мақсаты ортақ қауымды жатқызған. Ойшыл мұндай жұрттың баянды бақытқа жететінін де айтады. Кезекті кейіпкеріміздің қолға алған істері туралы естігенде, осы еңбек еске түсті. Себебі, қайырымды жандар бар ел бақытқа бір қадам болса да жақындары анық.

М.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!