Қоғам дамыған сайын алаяқтық пен қылмыстың да жаңаша сипат алып жатқаны анық. Бүгінде интернет алаяқтық өршіп тұр. Құзырлы органдар түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, халыққа сақтану керегін қанша айтқанымен, алаяқтар айласын асырып барады. Таяуда ғана халыққа «көп мөлшерде несие рәсімдеп беремін» деп алдап, талайдың қаржысын қалтасына сүңгіткен 20 жастағы қыз бала ұсталды. Әрине, қынжылтатын жағдай.

Биыл – криминалдық полицияның құрылғанына 107 жыл. Құқық қорғап, халықтың қауіпсіздігіне жауап беретін орган ретінде Қызылорда қалалық Полиция басқармасы криминалды полиция бөлімі бастығының орынбасары Еркін Аяповпен сұхбаттасып, бүгінгі ахуалдың жай-жапсарын біліп қайтқан едік.

– Еркін Сағындықұлы, қоғамда өршіп тұрған қандай қылмыс? Алдын алуда не істеп жатсыздар?

– Қылмыстың аты – қылмыс. Оның үлкен-кішісі, ауыр-жеңілі болғанымен, ұғым – бір. Ол – қылмыскер. Қоғамның дертіне айналған нәрсе. Қазір өткен жылға қарағанда қылмыстың ашылу пайызы да өскен. Мәселен, ұрлықтың ашылуы 57,1 пайызға, интернет алаяқтықтың ашылуы 49,2 пайызға өскен. Бұл – мамандардың жоғары кәсіби шеберлігінің арқасында қол жеткізіп отырған жетістігіміз. Ал осы күні интернет алаяқтыққа душар болғандар көптеп келіп жатады. Көш бастап тұрған да осы қылмыс түрі.

– Оның алдын алу жағы қалай?

– Әрине, біз барлық қылмыстың алдын алуда еңбек етеміз. Халық көп жүретін жерлерде, лэд экрандарда, кинотеатрларда алаяқтықтан сақ болу туралы бейнематериалдар жарияланады. Әйтсе де, алаяқтардың айласының көптігі ме, әйтеуір, сол бейнематериалдарды көріп тұрып, алданып қалатындар бар.

Еркін АЯПОВ: Лудомандар мақсатына жету жолында ешнәрседен тайынбайды

– Мәселен, олар қандай амалдарды пайдаланады?

– «Қазпоштада затыңыз келіп тұр, смс келеді, сондағы кодты айтыңыз» дейді. Ал ол кодты айттыңыз екен, сан соғып қалдыңыз деп есептей беріңіз. Одан бөлек, whatsapp желісін бұзып, сол арқылы сіздің контактіңіздегі адамдардан қарыз сұрайды. Бірқатар әлеуметтік желілерде «сіздің ақшаңызды аз уақытта айналдырып, көбейтіп береміз» деген де амалдары бар. Бұл қылмыспен тек киберполиция ғана емес, әрқайсысымыз айналысамыз. Мүдде – ортақ.

Таяуда Қазақстан бойынша жұмыс істеп, әр өңірдің халқын алдап, тақырға отырғызып келген алаяқты ұстадық. Бұл істе осы күні 131 жәбірленуші тіркеліп тұр. Ал «көп мөлшерде несие алып беремін» деп алдаған 20 жастағы қыздың ісінде 90 жәбірленуші бар. Біз қайда бара жатырмыз? Әрине, қорқынышты. Ел дамып жатқанда мұндай істердің де қоса көбейіп жатқаны қынжылтады.

– Мамандардың кәсібилігіне байланысты айта кетсеңіз. Мұндай қылмыстарда тек қана көзге көрінетін күштік қабілеттер ғана емес, айла мен амал, әдіс-тәсіл де басты орында тұратын шығар…

– Оны тарқатып айтпай-ақ қояйық. Бір ғана мысал, жақында ғана үлкен даңғыл жолдың бойында терминал кассасын ұрланғаны туралы хабарлама тіркелді. Біздің қызметкерлеріміз ізін суытпай, бір жарым сағаттың ішінде күдіктілерді ұстап, істі ашты. Мамандардың кәсіби шеберлігін осындай әрекеттері арқылы-ақ тануға болады. Негізінде тонап кетті, ұрып кетті деген оқиғаларда жәбірленуші бар. Ол күдіктіні көрді. Ал ұрлап кетті деген жерде кім екені, қашан екені белгісіз. Осындай қылмыстың өзін тез арада ашып үлгерсе, кәсіби шеберлік тұрғысында мәселе жоқ деген сөз.

– Интернет алаяқтықтың жастар арасында басым екенін байқадық. Бүгінгі жастардың басқа қандай қылмыс түрлеріне қатысы бар? Олардың тура жолдан таюына себеп қандай?

– Қазіргінің қорқынышты дертінің бірі – лудомания. Жастар арасында осы үрдіс кең тараған. Лудоман адам өзінің ойындағы мақсатын жүзеге асыру жолында неден болса да тайынбайды. Біз бұған тосқауыл болмасақ, ертеңгі күні қандай қоғам қалыптасарын елестете де алмаймын. Біз қылмыссыз, бейбіт, жайлы қоғам қалыптастырғымыз келеді.

– Рахмет.

Сұхбаттасқан Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!