Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының қазіргі деңгейін спорт сүйер қалың қазақ жақсы білсе керек. Соңғы Ұлттар лигасындағы сәтсіздіктерді есептемегенде «Б» лигасына дейін көтерілу жерлестеріміз үшін үлкен жетістік. Ал ел чемпионатындағы командалардың қаржылық мәселесі мен келімсектерге берілетін ақша да осы күні өзекті болып отыр. Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп ел футболының дамуына еселі еңбек етіп жүрген спорт журналисі, белгілі спорт комментатор, Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәуленмен арнайы сұхбат ұйымдастырдық.

– Ермұхамед Мұратбекұлы, әуелгі әңгімені ұлттық құраманың Ұлттар лигасындағы ойындарынан бастасақ. 6 ойынның біреуін тең ойнап, қалған бесеуінде 1 гол соқпастан жеңіліс таптық. Ал былтыр ғана сауатты өнер көрсетіп жүрген ұлттық құраманың тоқтаусыз жеңілісін құрама бапкері Станислав Черчесовтың келуімен байланыстыратындар көп. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Ашығын айту қажет, өз басым ұлттық құраманың бұлай өнер көрсетуіне, ұпай жоғалтуына Станислав Саламұлының қатысы бар деп есептемеймін. Бұл бапкер болмағанда да біз осылай ұтылатын едік. Біз «Б» лигасында өнер көрсеттік. Ал ондағы биылғы қарсыластардың қандай мықты екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Әзірбайжан, Армения емес, әлемнің атақты әрі маңдай алды ойыншылары өнер көрсететін Норвегия, Аустрия мен Словения сынды алпауыт құрамаларға қарсы тұрдық. Ал мұндай құрамалардан ұпай алу оңайға соқпайды. Сондықтан барлығына бірдей бапкердің кінәсі бар деп айта алмаймын.

Станислав Черчесов барлығын өзгертіп жатыр. Бұрын 5 қорғаушымен өнер көрсеткен құрама, қазір 4 қорғаушымен ойнауға көшті. Ол бірден нәтижесін бере қоймас, бірақ алдағы уақытта ойында өзгеріс болатыны анық.

– Ұлттық құрама капитаны Асхат Тағыберген Аустриямен болған кездесуден соң «Біздің деңгейіміз осы!» деген болатын. Келісесіз бе?

– Әрине, келісемін. Ұлттық құраманың деңгейі сол. Айтып отырмын ғой, біздің құрама үшін «Б» лигасына дейін жетіп, Норвегия сынды алып құрамамен иық тіресуінің өзі үлкен жетістік.

– Өзіңіз жақсы білесіз, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев футбол клубтарына 1 миллиард 200 миллион теңгеден артық қаржы бөлінбесін деген бұйрық шығарды. Аталған бұйрықтың Қазақстан футбол федерациясына қатысы бар ма?

– Иә, Мемлекет басшысы 1 миллиард 200 миллион теңгеден артық бөлінбесін деп айтты. Бұл – өте дұрыс шешім. Оған дейін бюджеттен 3-4 миллиард теңге футбол клубтарына бөлініп келген. Сол ақшаның өзін дұрыс жарата алмай, қарызға кіріп жатқан клубтар бар. Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін 4-5 команданың қарызы бар.

Ал мұның Қазақстан футбол федерациясына ешқандай қатысы жоқ. Ол жергілікті биліктен бөлінетін қаржы және солардың мәселесі. Ол ақша азайсын не көбейсін федерацияға келіп кетер дәнеңе жоқ.

Ендігі мәселе – жастар футболын қолға алу. Қазақстанда футбол жарыстары өте аз, жастар өздерін кәсіби маман ретінде сезіне алмайды. Экипировка киіп бірдей болып жүру менталитеті жоқ, сұхбат бере алмайды, футбол айналасындағы мәдениетті көрмеген. Осыны жасау үшін Әділет Барменқұловтың тұсында, сол азаматтың жобасы – QJ лигасы ашылды. Демеушісі де табыла қойды. Осылай Қазақстан U15 деген команда ашуды қолға алдық. Жанкүйерлер «чемпионатта келісілген ойын көп, футбол былыққа батқан» деп жатады. Яғни, барлығын Қазақстан футбол федерациясы басқарып отыр деп ойлайды. Шынында олай емес. Федерация мемлекеттен бір тиын да алмайды. ҚФФ 13 командаға және балалар футболына жауап береді. Өйткені балалар футболы – Қазақстандағы футболдың идеологиясы, бағыт-бағдары. Ел футболында қаржы бөлінетін жер – клубтар ғана.

Ермұхамед МӘУЛЕН: Мемлекет көмектеспей, Қазақстан футболы ешқашан дамымайды

– Елдегі бір сыпыра стадиондардың бой көтергеніне 60 жылдан асқан. Оның үстіне жақын күндері ағылшындық «Челси» клубын қабылдайтын Алматыдағы стадионның да жағдайын өзіңіз жақсы білесіз. Заман көшінен кеш қалған жоқпыз ба? Бәлкім, ескі стадиондарды жамай бергеннен, жаңасын салғанымыз дұрыс шығар…

– Дұрыс айтасыз. Стадиондарды неге жамай беретінін мен де түсінбеймін. Бізге жаңа стадиондар қажет. Бұл мәселені айтып жүргенімізге талай жыл болғанымен әлі шешілген жоқ. Қазақстанда футбол инфрақұрылымы өте төмен деңгейде. Ол 100 пайыз анық нәрсе. 30 жылдың ішінде 2 стадион салумен ғана шектелдік. Ұят!

Кезінде «Астана» сапында ойнаған серб шабуылшысы Джордже Деспотович сұхбат берді. Сол кезде өзінің «Жетісуда» ойнаған сәтін есіне алды. Ол «Таңғаламын, клубқа қыруар қаржы берді, жан-жақтан ойыншылар шақыртты. Біз керемет жалақы алдық, ал ойнап жүрген жеріміздің сапасы өте ұят жағдайда еді. Сонда олар бір жыл бойы легионерден бас тартып, ақшаны үнемдеп, бірінші инфрақұрылымын жақсартып, ойнайтын жерін жасап алмай ма, логика қайда?» деді. Бұл еуропалық футболшының айтып отырған сөзі. Шынымен ақыл-ойы дұрыс адам үшін қисынға келмейтін нәрсе. Ескі стадиондарымыз көп. Елдер 16 миллион еуроға жаңа стадион соғып жатыр. Стадион салу мәселесі неге қиын екенін әлі күнге дейін түсінбей-ақ қойдық.

Бірінші мемлекет стадион салу қажет, содан кейін ғана футболдың нәтижесін талап етуі керек деп есептеймін. Ақылға қонатыны осы!

– Қазақстандық клубтардың келімсектерге жұмсап жатқан ақшасын жақсы білесіз. Нәтижелері де анау айтарлықтай емес. Басшылық қаржы бөлуде нені ескеру қажет?

– Жалпы бізде футбол менеджменті көптеген клубта ақсап тұр. Яғни, еуропалық футбол менеджментінен мүлдем хабарсыз. Мәселен, бір ортаңқол клубқа 1 миллиард 200 миллон теңге бөлінді. Команда 8-9-шы орынға тұрақтамаса төменгі лигаға түседі. Ал сол кезде бөлінген қаржы игерілгенімен қоймай, клуб тағы қарызға батып кетеді.

Басшылық қаржы бөлу кезінде футбол менеджментін оқыған, мен секілді адамды, яғни футболдан хабары бар, еуропалық ұғымды білетін, ақшаны үнемдей алатын, футбол саласында жұмыс істеп келе жатқан маманды жұмысқа шақыруы қажет. Бізде керісінше кім көрінген келеді де қаражаттың барлығын далаға шашады. Сосын қораға кіреді. Бұл – дұрыс емес.

– Легионер шақыру Қазақстан футбол құрамасына керек пе?

– Бұл енді шет елдік ойыншыларды Қазақстанға жерсіндіру ғой. Яғни, өзге елдің ойыншысына елдің азаматтығын беріп, ұлттық құрама жейдесінде өнер көрсетуі. Өз басым, шет елдің екі ойыншысын қатарға қосса қарсы емеспін. Мысалы кезінде Александр Меркель, Георгий Жуков, Валерий Коробкин, Виктор Дмитренкалар ұлттық құрамада доп тепті. Сол секілді біздің құрамаға қазір «Атырау» клубында ойнайтын Сигневич пен Нойок деген футболшыларды немесе бразилиялық Жоао Пауло мен Жерар Гоу деген сынды африкалық ойыншыларды алуға болады. Қазір ұлттық құрамаға орталық жартылай қорғаушы қатты қажет. Ал қазір Германияда Қазақстанда туып өскен біздің 18 футболшымыз жүр. Солардың кез келгенін шақыртуға болады.

– Қазақстан футбол федерация Президентіне үміткер бірнеше азаматтың пікірі айтылып жатыр. Тағайындалған жаңа басшы нендей мәселелерді назарда ұстауы қажет деп есептейсіз?

– Иә, түрлі әңгімелер айтылып жатыр ғой. Шынында ҚФФ президенті кім болса да Қазақстан футболының даму, дамымауына қатты бір әсер ете қоймайды. Билік, мемлекет көмектеспей Қазақстан футболы ешқашан дамымайды. Оған менің 100 пайыз көзім жеткен. Сондықтан мұның барлығын мемлекет өз қолына алып жатқаны, өзі ұсынған үміткерінің Президент болатыны мені қатты қуантады.

Ермұхамед МӘУЛЕН: Мемлекет көмектеспей, Қазақстан футболы ешқашан дамымайды

– Бокстан көрші Өзбекстан елімен салыстырып жатамыз ғой, ал футболдан қай ел мықты?

– Өзбекстан елінің бокстан қандай деңгейде екенін өздеріңіз жақсы білесіздер, өте мықты. Сондай-ақ футбол тұрғысынан да мықты екенін мойындауымыз қажет. Өзбекстан осы 1-2 айдың ішінде Әлем чемпионатына жолдаманы жеңіп алғалы отыр. Салыстырудың «көкесі» сонда болады. Біздің мемлекет, біздің биліктегілер жерге қарап, ұят болғалы тұр. Олардағы футболдың дамуына бір септігін тигізген жаңа стадиондар көптеп салынуы. Инфрақұрылымдарын жақсартқан. Барлық жағдай жасалған. Ал жағдай жасалса, ол нәрсе нәтиже бермей қоймайды. Бізде мұндай жоқ. Осы жағы да мені қынжылтады.

– Елдегі клубтарға тоқталсақ. Өткен жылы «Конференция» лигасына жолдама алған «Астана» футбол клубы өз тобында әлі жеңілістің дәмін тата қойған жоқ. Ал келесі қарсыласты өзіңіз жақсы білесіз. Тең ойын көрсете аламыз ба?

– «Астана» командасы «Конференция» лигасындағы бұл жолғы кездесуінде тең ойын өткізе алмайды. Өйткені ағылшындық «Челси» клубының деңгейі әлдеқайда жоғары, тіпті салыстыруға келмейді. Ал оларға «Астана» ойыншылары қандай жаттығу жасаса да шамасы жетпейді, мүмкіндік жоқ. Өкінішке қарай «Астана» командасы жеңіліп қалады. Шындыққа тура қарау қажет.

– Қызылордалық «Қайсар» футбол клубы ойыншыларының жалақы мәселесі жиі қозғалып жүр. Бұл Сыр елінде ғана емес, бірнеше клубта да осындай қаржылық мәселе болып отыр. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Иә, елде «Қайсар» клубынан бөлек, дәл сондай жағдайда жүрген бірнеше клуб бар. Ал олардың неге ондай қарызға кіретіндігінің бір ғана себебі бар, ол – клуб ұжымының ақшаны дұрыс бөлмеуі. Яғни, олар қолдағы бар қаражатты орынды жұмсамайды. Футбол көп шығынды талап етеді. Жоғары да айттым ғой, клуб биыл қарызға кірді ме, келесі жылы да қарызға кіреді. Біріншісінен құтыла алмай отырған клуб, келесі жылы тағы да үстіне қосады. Айналып келгенде қарыздан шығу үшін облыстағы әкімдіктер қаржы бөлуі керек болды.

– Бір сұхбатыңызда «ҚазСпорт» арнасының директорлық қызметін ұсынса қарсы емеспін» деген екенсіз. Егер телеарнаның директорлығына келсеңіз, басшы Ермұхамед Маулен ең бірінші нендей түйткілдің түйінін тарқатар еді?

– Әрине, «Қазспорт» арнасына шақыру келсе бас тарпайтыным анық. Ал өзгертетін дүние өте көп. Менде тың жобалар бар. Жалпы, телеарна мен «You Тube» арасында жүргеніме біраз жыл болды ғой. Сондықтан әлемдік телеарналар мен әлемдік спортты жақсы білемін. Біразына жұмыс істеп те жүрміз… Сондықтан көп дүниені өзгертіп, жаңа идеяларымды жүзеге асырар едім. Әрине мүмкіндік болса…

– Комментаторлық қызметті қойғаныңызға біраз уақыт болды. Оған бірден-бір себеп – төленетін қаражаттың аздығы. Расын айтсақ, елде сіз секілді футболдың жілігін шағып, майын ішетін тәжірибелі комментаторлар саусақпен санарлық. Алдағы уақытта футбол сүйер көрерменді көгілдір экранның арғы жағынан қуанту жоспарыңызда бар ма?

– Несін жасырайын, комментаторлық қызметті жаным сүйеді. Ел мені сол арқылы таныды. Сондықтан Әлем, Еуропа чемпионаты секілді әлемдік додаларға шақырып жатса барып, комментаторлық етуге дайынмын. Қазір басқа да телеарналардан шақырту түсіп жатыр. «You Тube» арналар да ойын жүргізуге ұсыныс тастап отыр. Олардың кез келгеніне баруыма болады.

– Қазір көптеген спорт журналисті бухмекерлік кеңселерді жарнамалау арқылы қосымша қаржы табады. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Бұл өте дұрыс. Спорт журналистерінің бухмекерліккеңеселерді жарнамалауы орынды және толықтай құқығы бар. Ал басқа әнші, актерлердің жарнамалауына мен қарсымын. Тек спорт журналистері ғана жарнамалауы қажет. Өйткені олардың жұмысы, наны сол. Сол арқылы қаржы табады. Ал неліктен қосымша қаржыға ұмтылады? Себебі, мемлекеттен төленетін айлық мүлдем нашар. Комментаторға төленетін ақша мардымсыз. Ал бухмекерлік кеңселерді жарнамалау қосымша бала-шағасының нәпақасы ғой.

– Сүбелі сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!