Айдынды Арал өңірінде елге белгілі дара дарындар дүниеге келген Бөген атты берекелі ауыл бар. Бұл елдімекенде қуатты қаламгер Зейнолла Шүкіровтен бастап небір саңлақтар туып-өскен. Талантты жандар ауылдың атын көпке танытып, ел мерейін өсірді. Бүгінде сол ауылдың перзенті, ақын, айтыскер, ұстаз Ержеңіс Әбдінің есімін ел арасында, ауқымды шараларда жиі естиміз. Білімі мен дарыны, пайым-парасаты өзгеше ақын сөз шеберлерінің жалғасы екені анық. Жуырда шығармашылық кешін елге ұсынатын Ержеңіс Тастыбайұлымен мерейтой аясында сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Ержеңіс аға, шығармашылық кешіңіз өтеді дегенді естігенде қуанып қалдық. Кеш өткізу туралы идея қалай туындады? Жаңа кітаптардың тұсауы кесіледі екен. Сол туралы да айтып беріңізші…

– Ниетіңізге рақмет! 30 жасқа толғанымда шығармашылық кеш өткізу туралы алғаш рет ой туындағаны рас. Дегенмен бұл идеяны жүзеге асыруға келгенде бейқамдық таныттық па екен, арада жылдар сырғып өте береді. 35 жасқа толғанда да ойға алғаныммен орайы келмеді. «Бір тойым болатыны сөзсіз менің, Дәл қай күні екенін айта алмаймын» деп жырлаған Төлеген Айбергеновтың өлеңі маған сәйкес келетін сияқты. Бір той жасасақ деп үнемі айта жүрдік. Қырық жастың да туған күнін өткізіп алып, міне енді сол мерейтой аясында ел алдында шығармашылық кеш өткізуге бел будық.

Алла қаласа, сол шарада екі кітаптың тұсауын кескелі жатырмыз. Осыған дейінгі жазған өлеңдерімді жинақтап «Анаға сағыныш» деген атпен кітап дайындадық. Ол да бұрыннан ойда жүрген туынды еді. Сәті енді түскен болар. Сондай-ақ «Батыр балапан» атты балаларға арналған өлеңдер жинағының үшіншісін жарыққа шығарғалы жатырмыз.

Ержеңіс ӘБДІ: Әлі де айтысқа қатысамын деген ойдамын

– Талантты тұлғаларымен танымал Бөгенде туып-өскеніңізден хабардармыз. «Айтыскер ақын атанып, елге танылуыма әсер еткен ұстазым» деп кімдерді айтар едіңіз?

– Расында да Арал ауданындағы Бөген ауылында елге белгілі қаламгер Зейнолла Шүкіров атамыз, бірқатар ақынжазушылар, сөз шеберлері дүниеге келген. Сондықтан ол ауылдан шығып ақын болмау мүмкін емес секілді. Бөгеннің әрбір екі тұрғынының біреуі ақынжанды деп айтсақ та болады.

Иә, кішкентайымнанақ үздік болып, көпшілікке өнерімді көрсетсем деген арманмен ержеттім. Өзім поэзия жанрының бірнеше саласымен айналыстым десем де болады. Ән де айттым, спортқа да құмар болдым, бала кезден өлең жазып, айтысқа да қатыстым. Бірақ сол ұстаздарымның бастауында өзімнің әкем тұрады. Әкем Тастыбай Әбдиев алыс-жақын жұртқа белгілі ақын кісі болды. Мұнан кейін мектепте де пән мұғалімдерін бөліп-жармай, өнегелі істерін ойға түйіп, барынша тәлім алуға тырыстым. Осы кісілердің бастап берген «әліппесінен» бағыт-бағдар алып, талабыммен танылып, үлкен армандарға ұмтылдым деп ойлаймын.

– Гуманитарлық саланы емес математика бағытын таңдауыңызға не себеп болды?

– Оқушы кезімде гуманитарлық, жаратылыстану деген бағыттарды ойлай қоймадым. Мен үшін барлық пән бірдей еді. Барлығына қызықтым. Алла осылай сәтін салған шығар, педагогикадан басқа қай саланы таңдасам да, бел шеше кірісіп, соның майталманы болуға ұмтылар едім.

Математиканы таңдауға да себепкер болған әкем деп ойлаймын. Әйтпесе, алғашында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, филолог болғым келді, музыкант немесе футболшы болсам деп те армандадым. Бірақ «математиканы таңда, арасында өлең де шығара аласың» деп ең соңғы шешімді әкем айтты. Ол кісі де математика пәнінің мұғалімі болып ұзақ жылдар мектепте еңбек еткен болатын. Расында, есеп шығару мен өлең шығарудың қызығы мен қиындығы бірдей екен.

Ержеңіс ӘБДІ: Әлі де айтысқа қатысамын деген ойдамын

– Бірнеше жыл бұрын «Ержеңістің ерекше есептері» атты туындыңыз жарық көрді. Бұл кітап өзге де мектептерде оқу процесінде қолданылды ма? Сабақ барысында өлең есептерді жиі пайдаланасыз ба?

– «Ержеңістің ерекше есептері» атты жинақтағы жұмбақтарды барлық мектептегі мұғалімдер қолданады деп айта алмаймын. Бірақ өзге өңірлерден де хабарласып, ашық сабақтарында қолданып жүрген әріптестерімді білемін. Бұл – оқу процесіне қосымша дидактикалық материал. Жыл бойына, әр сабақты өлең есеппен жүргізу мүмкін емес. Дегенмен ашық сабақтар мен сергіту сәтінде таптырмас құрал деп есептеймін. Кейінгі 3-4 жылда бірыңғай 10-11 сыныптарға сабақ беріп жүргендіктен бұл есептерді қолданбаймын. Оған дейін орта сыныптарға сабақ берген кезімде математиканы түсіну жеңіл болсын, қызықты өтсін деген ниетпен жинақты жиі пайдаландым. Бұл өлең есептер оқушылардың ой-жүйесін тапқырлықққа баулитынын байқадым. Сондай-ақ, бүгінде бастауыш сынып мұғалімдері де сабақ барысында қолданады.

– «Күміс домбыра» иегері, жас та болса елге белгілі айтыскер Бексұлтан Орынбасаров сіздің шәкіртіңіз екен. Одан өзге қандай шәкірттеріңіз бар?

– Математика саласына баулитын оқушыларымнан өзге, айтысқа қызығатын шәкірттерім де бар. Біразы аламанды шаңдатып, айтыстың көрігін қыздырып жүр. Ерасыл, екі Еркебұлан, Зере, Нұржігіт сынды шәкірттерімді тізбектеп айта беруге болады. Арасында мектеп қабырғасында жүргендері бар, дайындық үшін бір-екі күнге келіп кететіндері, үйімде біраз уақыт қонақ болып, толық айтысқа дайындалатындары бар. Олардың бәрін шәкіртім деп есептеймін.

Ержеңіс ӘБДІ: Әлі де айтысқа қатысамын деген ойдамын

– Білім саласында көп жылдан бері еңбек етіп келесіз. Баланың қабілетін ашу кімге байланысты? Бүгінде айтыс өнеріне қызығатын балалар көп пе?

– Бірінші кезекте атаанасынан қолдау болуы қажет. Әрине, одан кейін баланың жарқырай көрінуі ортасына, ұстаздарына, өлеңге, айтысқа қызықтыратын әдебиет пәнінің мұғалімдеріне байланысты деп айтар едім. Әдебиет пәнінің мұғалімі көп баланың ішінен жауһарды бірден танып, жігерін жани алса, мұндай мектептерден дарынды жастар шығады. Немесе айтыс, жыр үйірмелеріне жетекшілік ететін өнер иелері мұндай мектептермен байланыс орнатса, жас ақындарды тауып, айтысқа дайындауға болады.

Осы орайда мына бір мысалды айта кету керек секілді. Қазалы ауданына қарасты Майдакөл деген ауылда Ағыраев Ермекбай есімді ағамыз болды. Қазір Қызылорда қаласына көшіп келді. Ермекбай ағамыз мұғалім болған кезде сол ауылдағы мектептің бір сыныбының өзінен бірнеше айтыскер бала шығып, көптеген оқушы жыр додаларында таныла түсті. Мұның өзі кездейсоқтық емес. Бұған мектептің оқушыларымен тікелей жұмыс істейтін айтыскер ұстаздың қолдауы себеп деп ойлаймын. Айтыскер ұстаздар барлық мектепке жетпейді ғой, бірақ әдебиет пәнінің мұғалімдері талантты жасты дер кезінде танып, көзіндегі отты байқай алса, кез келген білім ордаларынан мықты айтыскерлер шығады.

Ержеңіс ӘБДІ: Әлі де айтысқа қатысамын деген ойдамын

– Ақындар мен журналистер сіздің кішіпейіл мінезіңізді, мәдениеттілігіңізді жиі айтады. Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Рухани тұрғыда даму үшін қандай кітаптарды оқисыз?

– Көтермелеп жатқаныңызға рақмет! Елден ерекше кішіпейіл, өзгелерден бөлек болайын деген ой жоқ. Керісінше қажет жерде ғана сөйлеп, қажетсіз кезде көзге көріне қоюды қаламайтындығымнан шығар, бәлкім. Егер менің сөзім бір жерге пайдалы болатын болса, сол жерде сөйлеуім керек, ал егер басқаларға айтқан кезде намысына тиетін жағдай болса, үндемей-ақ қоюым керек деген ұстанымым бар. Осы мінезім мені қарапайым қылып көрсететін шығар. Жалпы кез келген жағдайды бағдарлап, ханмен де қарамен де бірдей деңгейде сөйлесуге тырысамын.

Арнайы «мына кітаптарды оқысам рухани дамимын» деген оймен кітап таңдаған емеспін. Бірақ өмірде өз орнын қалыптастырған тұлғалар туралы білуге тырысып, солар туралы еңбектерге назар аударамын. Осы жақында ғана Ұларбек Дәлейұлы деген замандасымыздың «Жошы хан» аталатын кітабын бітіріп жатырмын. Бұған дейін білетін тарихымыз. Бірақ сонда да көркем түрде жазылған шығарманы арнайы оқығым келді.

Ержеңіс ӘБДІ: Әлі де айтысқа қатысамын деген ойдамын

– Сізді айтыстардан жиі байқай бермейміз. Алдағы уақытта айтыстарға қатысуыңыз мүмкін бе?

– Иә, дұрыс айтасыз. Кейінгі кездері айтыстарға жиі қатысып жүрген жоқпын. Оны ойлап кейбір кісілер айтысты мүлде қойып кетіпті деп те айтып жатыр. Мектепте жүргеннен кейін оқушылардың, атааналардың маңызды өтініштері, оқу орнының мәселелері болады. Сондықтан ұзақ жол жүретін, алыстағы айтыстарға бара алмай жатырмын. Облыстың маңайындағы айтыстарға өзімнің бабымды жоғалтып алмайын деп қатысып жүрмін. Алла қаласа, сәті болса әлі де айтысқа қатысамын деген ойдамын.

– Сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!