Несін жасырамыз, бүгінде әлеуметтік желіде өзін танытып, жақсы контент жасай білген жандарға еліктейтіндер аз емес. Дегенмен барлығы дерлік бірдей сапалы дүние ұсынбайды. Нәтижесінде «құндылығы аз, тәрбиелік мәні жоқ ақпараттық медианың халыққа берер пайдасы қандай?» деген маңызды сауал туындайды. Осы турасында қызылордалық танымал әзілкеш Есқара Бейбітовпен әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті.
– Шығармашылығыңыздағы алғашқы қадамдарыңыз туралы айтып берсеңіз. Домбырада қызықты ән айту идеясы қайдан туды?
– Өнер – Алланың маған берген қасиеті, ол ата-бабамнан дарыған мұра. Атам мен әжем сөзге жүйрік, шешен жандар еді. Әжем атамды айтыста жеңіп, кейін екеуі рухани серік болып, бір-біріне ақ өлеңмен шабыт берген. Бұл өнер әкеме де жұғысты болды. Ол ұяң болғанымен, жүрек түкпірінен шыққан бірнеше авторлық туындысы бар. Ал өнерге деген сүйіспеншілік маған да дарып, Есқара Бейбітов есімімен халыққа танылуыма жол ашты.
Блогерлікке келер болсам, өзімді блогер деп санамаймын. Керісінше, актерлік қырымды ашып, өнерімді әр қырынан көрсету үшін әлеуметтік желіні пайдаланып келемін. Басты мақсатым – халыққа мотивация сыйлау. Ойымды ән арқылы жеткізуді жөн көремін. Мәселен, «Сәл демал», «Рисковать ет», «Жол азығы» секілді әндерім тыңдарманға жігер беру мақсатында жарық көрген туындыларым. Домбырамен ән айту идеясы мектепте басталды.
Домбыра үйірмесіне қатысып, кейін студенттік шақта ескі әндерді жаңғыртуға бел будым. Алғашында терме мен насихат өлеңдерді орындадым, бірақ көпшілік жылы қабылдай қоймады. Кейін 80-90 жылдардың әндерін домбырамен шырқап, оларға заманауи рең беруге тырыстым. Бұл бастамам «TikTok» желісінде кеңінен таралып, ТМД елдеріне дейін танылды.
Ең басты арманым – домбыраны әлемге таныту еді. Қазақтың төл өнерін дәріптеп, ұлттық мұраны келер ұрпаққа жеткізу – менің шығармашылығымның алтын арқауы.
– Жайдармандағы тәжірибеңіз шығармашылығыңызға қандай әсер етті? Университет қабырғасында басталған бұл жол сіздің болашақ бағытыңызды анықтауға ықпал етті ме?
– Шығармашылығымды шыңдаған мектеп деп «Жайдарманды» атар едім. Себебі мұнда еркіндік бар. Бойыңдағы кез келген қасиетті паш етуге мүмкіндік береді. Еш қысылмайсың һәм сені айтқан ойың немесе әзілің үшін ешкім сынамайды. Ал бұл тұлғалық тұрғыда шыңдалу үшін қажетті еркіндік. Бүгінде сахна менің күнделікті өмірімнің бір бөлшегі. Форс-мажор жағдайлар жиі орын алып тұратындықтан, кез келген сәтте жоқтан бар жасауға дайынмын.
Көңілді тапқырлар алаңындағы жолым да мектеп қабырғасында жүрген кезде басталды. Алайда нағыз «Жайдарманды» Қорқыт ата университетіне оқуға түскен кезде көрдім. 2011 жылдан бастап теледидарға шықтық, кейіннен университетке бірнеше жүлде сыйладық. Бұл – менің студенттік шағымның ұмытылмас кезеңдері еді.
«Жайдарман» мен үшін үлкен мектеп болды. Ол маған тек әзілдеуді ғана емес, орынды сөйлеп, ойымды анық жеткізуді үйретті. Кез келген жағдайды алдын ала бағамдап, қиын сәттен тапқырлықпен шығуға баулыды. Бұл өнер алаңы өмірлік тәжірибемді шыңдап, сахна мәдениетін меңгеруге септігін тигізді. Сондықтан да «Жайдарманға» шексіз алғысымды білдіремін. Ол менің өнер жолымдағы берік баспалдақтардың бірі болды.
– «Тәуіп және Шәріп» фильмі көзі қарақты көрерменге не береді?
– Кино түсіру – менің асқақ армандарымның бірі. Міне, сол арманның жүзеге асатын сәті де келіп жетті. Алдағы уақытта көрермен назарына «Тәуіп және Шәріп» атты фильм ұсынылмақ. Атауынан бөлек, киноның түпкі мәні – қоғамдағы өзекті мәселе, яғни алаяқтық жайында болмақ.
Бүгінде алаяқтық әртүрлі сипатта кең таралып, үлкен әлеуметтік дертке айналып отыр. Оның сан алуан түрі бар, ал адамдардың көпшілігі оған психологиялық тұрғыда төтеп бере алмай жатады. Біз тәуіптерді де алаяқтықтың бір түрі деп қарастырамыз, себебі адам өз тілегін өзге адамнан емес, тек Алладан сұрауы керек. Осы фильм арқылы көрерменді сенімсіз жандардан сақтануға, алаяқтардың арбауына түспеуге шақырамыз.
Бұған дейін Мұхтар Шахановтың «Бақсы» атты поэмасының желісі бойынша қойылған спектакльде бақсының рөлін сомдап, өнер байқауында Бас жүлдені иеленген едім. Сол сәттен бастап тәуіптің образын кино тілінде жеткізгім келді. Әзіл мен кино әлеміндегі әріптестеріммен бірлесіп, осы идеяны толықтырып, фильмнің сұлбасын жасадық.
Алла қаласа, 27 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында «Тәуіп және Шәріп» көрерменге жол тартады. Бұл кино – қоғамға ой салатын туынды. Фильм көрерменді ойландырып, қоғамдағы өзекті мәселеге назар аудартуға септігін тигізеді деп сенемін.
– Шабыт – шығармашыл тұлға үшін маңызды құндылық. Шығармашылық процесте сіз үшін ең маңыздысы не? Ән, вайн немесе кино түсіру кезінде ең қиын, қызықты сәттер туралы айтып беріңізші…
– Шығармашылық процессте белгілі бір дүниені ең маңызды деп нақты айту қиын. Өнер – шексіз әлем, оны жан- жақты дамытып, әр қырынан көрсету қажет. Мысалы, асаба бір сценариймен барлық тойды өткізсе, көрерменін жалықтырады. Сол сияқты әртіс те өз өнерін түрлі бағытта шыңдап, жаңа қырынан танылуға ұмтылғаны жөн. Бүгінде стиль қалыптастыру, ерекшелену аса маңызды. Қазір креатив жоғары бағаланады.
Менің контентім – өнердің бірнеше саласын қамтитын ерекше кеңістік. Бейнетаспаларымда ән де, актерлік шеберлік те, жарнама да бар. Бұл менің шығармашылығымды кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, әр туындыда сапа мен креатив үйлесуі керек. Сонда ғана өнер халықтың жүрегіне жол табады.
Ән өмірге келген сәби секілді. Ол да мың құбылып, сан өзгеріске түсіп, түрлі эмоцияны бастан кешіргеннен кейін ғана жарыққа шығады. Ал вайн – көпшілік түсіре алатын дүние, бірақ мен үшін ол аса маңызды емес. Вайнды қажеттілік туындағанда ғана, жан рахаты үшін түсіремін.
Кино – тұңғиық әлем. Онда сөзбен айтып жеткізе алмайтын сырлар жатыр. «Тәуіп және Шәріп» фильмін түсіру барысында түрлі қиындықпен бетпе-бет келуге тура келді. Солардың бірі – басты кейіпкеріміз Бағлан Шәріптің сырқаттанып, шұғыл ота жасатуға мәжбүр болуы. Бұл түсірілім процесіне үлкен әсер етті: уақыт тығыз, қаржылық шығын да айтарлықтай. Дегенмен осы қиындықтарға қарамастан, фильм көрерменге жол тартпақ.
Өнер адамына сын айтатын жандар әрдайым табылады. Баршаға бірдей ұнай беру мүмкін емес. Бірақ ең бастысы – сынбау, жігеріңді жоғалтпау. Жолыңдыкесе беретін қиындықтарға қарамастан, діттеген межеге жетуге ұмтылу керек. Мен осыны дәріптеймін. «Оқ болып ұшып, шоқ болып жану» – нағыз өнер адамының мақсаты деп білемін.
– Алдағы уақытта қандай жобаны немесе идеяны жүзеге асыруды жоспарлап отырсыз? Ізіңізден ерген іні-қарындастарыңызға жылы лебізіңізді жеткізсеңіз…
– Құдай сәтін салып, егер «Тәуіп және Шәріп» фильмі жақсы касса жинап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленсе, алдағы уақытта жаңа кинотуындыларды жарыққа шығару ойымызда бар. Бірақ бәрін уақыт көрсетеді.
Ал жастарға келер болсақ, бүгінде бізге қарап бой түзейтін іні-қарындастарымыз аз емес. Жоғарыда арман-мақсаттарым жайлы айтып өттім. Сол армандарымның бірі – жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беру, дұрыс бағыт көрсету. Біздің міндетіміз – жастарды «ызалы жерден» сақтау, олардың болашағына жарқын жол салу. Оларға мотивация беріп, алға жетелеу – әрбір саналы адамның парызы.
Адам жүрген жерінде жақсы ниет танытып, ізгі сөз айтса, соның өзі – кейінгіге қалдырған ізі. Өкінішке қарай, бүгінде жанашырлық пен қамқорлық әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан ең болмағанда өзімізді жөндеп, үлгі боларлық тұлғаға айналуымыз керек.
Ал біз халыққа қуаныш сыйлаудан, оларға дем беруден ешқашан шаршамаймыз!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!