Фото: Мари Фавэроның жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM — Алтын орда — орта ғасырлардағы қуатты мемлекеттердің бірі. Оның мұрасы әлі күнге дейін Еуразия халықтарының генінде бар. Осынау орасан алып империяның негізін қалаушы Жошы хан мен оның ұрпақтары бірегей генетикалық әрі мәдени коктейльді қалай жасағаны, еуропалық патшалықтармен дипломатиялық қарым-қатынасы және Алтын орданың неге қайта қарауға лайық екені туралы Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында Париж-Нантер университеті тарих кафедрасының доценті, Алтын орда туралы кітаптардың авторы, доктор Мари Фавэро айтып берді.

— Алтын орда Еуразиядағы популяциялардың генетикалық әртүрлілігіне қалай әсер етті?

— Алтын орда XIII ғасырдың ортасында Моңғол империясының солтүстік-батыс бөлігінде қалыптасты. Біздің карталарымызда Алтын орда қазіргі Орталық Азияның, Ресейдің және Еуропаның бөліктерін қамтитын саяси бірлігі жоқ аймақ арқылы таралады. Осылайша, Жошы хандығының тарихы ортақ мұра саналады. Көптеген империя сияқты ол алуантүрлі мәдениетті және көп этникалық болды, ал оның әлеуметтік әртүрлілігі барынша ерекше.

Араласу тек ақсүйектер деңгейінде ғана емес (мысалы, жошылық «ханшайымдар» орыс князьдеріне тұрмысқа шықы), сонымен қатар Еділдің төменгі ағысында орналасқан Сарай сияқты жаңа қалаларда да орын алды. Біз шыңғыстықтардың өз империясын құру үшін жергілікті халықты, әсіресе жұмысшыларды, қолөнершілерді және ғалымдарды көшіргенін білеміз. Олар қытай отбасыларын Орталық Азияға, ал мұсылман отбасыларын Моңғолияға жіберді. Сол арқылы олар жергілікті қоғамдарды түбегейлі өзгертті. Ең бастысы, шыңғыстықтар өз құзырындағы адамдарды бірігуге мәжбүрлемеді және оларға өздерінің діни рәсімдерінің болуына мүмкіндік берді. Олар бір-біріне және билікке адал болып қалғанға дейін халықтар арасында, ы айрымашылыққа төзімділікпен қарады. Осы тұрғыда Еуразияның генетикалық әртүрлілігі негізінен Алтын Орда саясатының нәтижесі саналады.

— Осы тарихи субъектілердің аймақтағы ұзақмерзімді мәдени, әлеуметтік және саяси әсері қандай?

— Алтын орда Еуразия тарихына қатты әсер етті. Жошылықтар Ресейдің тарихи дамуына, Орталық Азиядағы исламның таралуына және Еуразияның экономикалық интеграциясына үлкен әсер етті. Беделді тарихшылар моңғол шапқыншылығынан кейін Солтүстік Ресей тез экономикалық өрлеуді бастан өткергенін және өміршеңдіктің бұрын-соңды болмаған деңгейіне жеткенін мойындайды.

Жаңа қалалар салынды, қолөнер өндірісі мен сауда кеңінен дамыды, нәтижесінде Балтық жағалауы, Қиыр Солтүстік және Мәскеу сияқты шағын қалалар бай ортаазиялық алыс саудамен біріктірілді. Мұндай жандану жошылықтардың саяси бағдарламасының арқасында орын алды. Сонымен қатар, Орталық Азия қауымдастықтарының көпшілігінің шығу тарихы Берке мен Өзбек хандар исламды қабылдаған кезден басталады. Қазіргі уақытта Орталық Еуразияда тұратын мұсылман халықтары мұны өз тарихының қалыптасу кезеңі ретінде қарастырады. Шынында да, еуразиялық даланы, Қырым және Шығыс Еуропаны исламдандыру — Алтын орданың маңызды мұраларының бірі. Ғалымдар исламның Орталық Азияны біріктіріп, әлеуметтік интеграциялаудың, қоғамдық өмір мен ұжымдық жадыны қалыптастырудың, сонымен бірге шамандық тәжірибелер мен жергілікті сопылықты біріктірудің ерекше әдісін ашты.

— Алтын орда Батыс Еуропа патшалықтарымен дипломатиялық байланыста болды ма?

— Көптеген держава мәмлүктерті, византиялықтарды, Генуя мен Венецияны қоса алғанда Алтын ордамен дипломатиялық алыс-беріс жүргізді. Бұл жошылықтардың күрделі кеңсесінің болғандығын көрсетеді. Бұл кеңсе мыңдаған құжатты құрады, өйткені хандар сыртқы әлеммен маңызды дипломатиялық хат алмасуды жүргізді. Бұл құжаттардың едәуір бөлігі Ресей мұрағаттарында, сондай-ақ Венецияда, Генуяда, Римде, Венада, Симферопольде, Варшавада және Ыстанбұлда сақталған. Еуропамен байланысқа келетін болсақ, жошылықтардың әсіресе Рим папаларымен арадағы қарым-қатынасы туралы жазбалар қызықты. Оның үстіне, сол кезде Алтын ордамен және оның ішінде қарым-қатынастың барлық түрін жеңілдету үшін итальяндық көпестер, францискандық және доминикандық монахтар жазған сауда-саттық анықтамалықтары мен көптілді глоссарийлер таратылды.

— Алтын орданы зерттеудің жаһандық және салыстырмалы тәсілі ортағасырлық тарих туралы дәстүрлі еуроцентристік түсініктерге қалай қарсы тұрады?

— Алтын ордаға арналған зерттеулерде бірнеше басым архетип тарихшылардың жұмысын бұрмалады: ұлтшылдық тәсілдер; адамзаттың экономикалық дамуының регрессивті кезеңі ретінде қарастырылатын көшпелі феодализм тұжырымдамасы; және де көшпенділер өздерінің жетістіктерінің негізгі факторлары емес, «мәдени импорттаушылар» болды деген болжам. Алайда, жошылықтардың экономикалық жетістігі көшпенділердің күрделі саяси құрылымдарды қалай құра алатындығын және олардың менмендігі басқыншылық мен тонаулардан қалай асып түсетіндігін көрсетеді.

Шынында да, XIV ғасырдың басында экономикалық алыс-беріс күшейіп, бүкіл Еуразияны біріктірді. Тарихшылар осынау теңдессіз сауда-саттық бумын «моңғол әлемі» (Pax Mongolica) деп атайды. Іс жүзінде бұл процесте Алтын орда жетекші рөл атқарды. Жошылықтардың либералды және интеграциялық саясаты сауда байланыстарының күшеюіне әкелді. Бұл саясат мемлекеттік бақылауды (келісімшарттар, валюта эмиссиясы, салықтар, жолдарды қадағалау) және либералды айырбастауды (серіктестіктің икемділігі, этникалық немесе діни емес, ортақ мүдделерге негізделген альянстар, төмен салық режимі) қамтыды.

Олардың мәмлүктермен, византиялықтармен, итальяндықтармен және басқа да елдермен жасаған келісімдері сауда, шығармашылық және интеллектуалды желілердің трансформациялануына алып келді. Жошылықтар нарықтың өркендеуі үшін қолайлы жағдай жасады. Бірақ олар одан да маңызды нәрсе жасады: олар бұрыннан бар сауда жолдарын кеңейтіп, саудагерлерді тартты. Осылайша бүкіл құрлық ауқымында бұрын-соңды болмаған әлеуметтік және экономикалық тәртіп құрды. Адамдар мен керуендер Алтын орданы қауіпсіз кесіп өтіп, Еуропадан Қытайға бара алады. Демек, Алтын орданы жаһандық перспективада зерттеу әлемдік тарихтың негізгі кезеңі мен құбылысы туралы жаңа түсінік береді.

— Алтын Орда жайлы мардымсыз фактілер немесе аспектілер бар ма? Сізді ойыңызша, олар көбірек назар аударуға немесе зерттеуге лайық па?

— Жаңа зерттеулерге әрқашан орын бар. Ең бастысы, бұл салада тарихшылар археологтармен, нумизматтармен, антропологтармен, биологтармен және басқаларымен ынтымақтаса жұмыс істеуі тиіс. Алтын орда Моңғол империясының құрамына кірді және шыңғыстықтардың аумағындағы қазба жұмыстарының нәтижесі бізге көшпелі ақсүйектерге және мүмкіндігінше қоғамның қарапайым мүшелеріне жақын келуге көмектеседі. Олардың руханиятынан, табиғатпен қарым-қатынасынан, өмірді түсінуінен және әлемді ерекше қабылдауынан және ондағы біздің орнымыз туралы түсінігіне негізделген көзқарасынан әлі көп нәрсені білуіміз керек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!