Геймдев немесе ойын әзірлеу индустриясы кейінгі жылдары ерекше дамып, сұранысы артқан бағыттардың біріне айналып үлгірді. Қазір gamedev тек ойын-сауық ғана емес, креативті өнер, технологиялық инновация және іскерлік сала ретінде де қарастырылады.
Бұл туралы азды-көпті мәлімет білу үшін GameLab ойын әзірлеу зертханасының маманы, UMAI Gaming қыздар тобының мүшесі Назым Жұмабаевамен сұхбаттастық. Жерлесіміз қаладағы №15 мектеп-лицейдің түлегі, Қазақстан-Британ техникалық университетінде ақпараттық технологиялар факультетін тәмамдаған. ІТ салада білімін шыңдау мақсатында ҚБТУ университетінде магистратурада оқып жатыр.
− Бүгінде GameLab ойын әзірлеу зертханасында кіші ғылыми маман ретінде жұмыс істейсіз. Жұмыс процесі туралы толық айтып берсеңіз.
− Иә, қазір мен GameLab құрамында кіші ғылыми қызметкермін. Жұмысым ойын және геймификацияны зерттеумен байланысты. Зертханада ойын жасаумен байланысты түрлі іс-шаралар, лекция, хакатон ұйымдастырамыз. Ал менторинг бағдарламамызда зертхана маманы ретінде студенттерге ойын жобаларын әзірлеуге көмектесемін.
Осы жылы өзімнің алғашқы ғылыми мақаламды жаздым. Сол мақала аясында геймификацияның оқу процесіне қалай әсер ететінін зерттедік. Сондай-ақ түрлі оқу бағдарламаларын жасаймыз. Мәселен соңғы оқу бағдарламаларының бірі − ЮНИСЕФ Балалар Қорымен бірге әзірленген «сандық қоғамдық игіліктер жасау» бойынша онлайн курс, ойын және квесттен тұратын DPG Lab бағдарламасы. Осы жобада мен квестке жауапты болдым.
− ІТ саласына қалай және қашан келдіңіз? Неге Gamedev?
− Менің оқиғам қызық көрінуі мүмкін. IT саласына университетке түскеннен кейін қызыға бастадым. Студенттік кезеңнің екі жылында бағдарламалау, математика секілді жалпы пәндерді оқыдық.
Кейін 3-курста таңдау пәндері басталды. Осылайша өзіме ұнайтын әрі қызықты салаларды қарастыра бастадым. Таңдауым компьютерлік графика және ойын әзірлеумен байланысты пәндерге түсті.
Дәл сол кезде университет жанынан GameLab ойын әзірлеу зертханасы ашылды. Олар ойын жасау бойынша жазғы мектеп ұйымдастырды. Әрине, мен бұл мүмкіндікті пайдаланып, жазғы мектепке қатыстым. Sperasoft, Garena, Wargaming компанияларынан, Абертей университетінен ойын саласындағы эксперттерден дәріс алдым, ойын ойлап табу, концептілеу және әзірлеу туралы воркшоптардан қалмадым. Осылайша жазғы мектептің арқасында геймдевпен жақын танысып, осы салада білікті маман ретінде қалыптасқым келетінін түсіндім.
− Алғашқы тәжірибе туралы сөз қозғасақ. Ал Ең сәтті жүзеге асқан жобаңыз қандай?
− 1-курста бағдарламалау пәнінде Python тілін меңгердік. Пән аясында ойын жасауға тапсырма берілді. Сол кезде барлығына таныс «змейканы» әзірледім. Алғашқы тәжірибемді осылайша тапсырма барысында жасадым.
Қазір UMAI Gaming-пен бірге түркі мифологиясы туралы қазақ стиліндегі «Із» ойынын әзірлеудеміз. Қазір Steam халықаралық платформасында ойынның жеке парақшасы бар. Платформадан оны ағылшынша «Iz» деп табуға болады. Осы жылдың соңында ойынның бірінші бөлімін шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл жоба қазақстандық және халықаралық іс-шараларда таныстырылды. Осы ойын арқылы қазақ мәдениетін әлемге танытсақ дейміз.
Ойын оқиғасы 15 ғасырдағы қазақ далаларында орын алады. Баян есімді батыр қыз туралы. Ол зұлымның қақпанына түскен сіңлісін құтқаруы керек. Баян өз жолында қазақ/түркі миф, аңыз, ертегілеріндегі түрлі кейіпкерлерімен әрекеттеседі. Біреуі дос, біреуі қас болады. Дұшпандардан шаңқобыз аспабының көмегімен күреседі. Себебі ертеде шаңқобыз зұлымдарды қорқытады деп сенген. Осындай сюжет арқылы біз ойыншыны қазақ мифологиясы, мәдениетімен таныстырамыз.
− Жас мамандарға немесе бұл салаға енді қадам басып жатқандарға қандай кеңес бересіз?
− Теориямен қатар практиканы қатар алып жүру қажет. Яғни, барлығына атсалысып көре білу және көріне білу керек. Ал нақты ойын жасағыңыз келсе, көбірек ойын ойнаңыз. Бұл әзіл емес. Осы жерге орыс тіліндегі «насмотренность» деген сөз күшті келеді. Көбірек білсеңіз, кейбір сәттерде өзіңізге әлдеқайда оңай болады.
− Ойын әзірлеуші ең алдымен нені білуі қажет?
− Өнімді әзірлеп, оны шығару үшін көп нәрсе керек. Код жазу, сюжет ойлап табу, сурет салу, музыка жасау, дизайн істеу, ойынды сата білу, анализ жасау, келісе білу. Тізбектеп айта берсек, өте көп. Өз бетіңізше жасайтын болсаңыз, осынын бәрін білу керек. Ал топта жасайтын болсаңыз, сіз тек бірнеше нақты бөлімдерге ғана жауапты боласыз, бірақ оған қоса топта жұмыс істеу қабілетіңіз болу қажет.
− Сіздің ойыңызша Қазақстандағы ойындардың болашағы қандай?
− Қазақстандық геймдев даму жолының басында десек болады. Облыстарда әртүрлі геймдев орталықтары мен зертханалар ашылып, университеттерде ойын жасау бойынша жаңадан пәндер қосылуда. Жыл сайын геймджемдер, ойын жасау бойынша хакатондар ұйымдастырылуда. Ең қуантарлығы, адамдардың қызығушылығы артуда. Мысалы, GameLab-та 8 студенттік топ өз ойындарын жасап жүр.
− Сұхбатыңызға рақмет!
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!